Монополия жол сапасын тексеру саласына да жетті

Елімізде жол құрылысы сапасын тексеретін компаниялардың ішіндегі ең ірісі «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК.
Бұрындары бұл орталық тек республикалық маңызы бар жол құрылысының сапасына қатысты қызметтерді алса, енді қала, аудан, ауылішілік жол сапасына сараптама жүргізетін қызметті де өзге кәсіпкерлерге бермей өздері алатын болған.
Осы мәселеге шағымданған жол саласында қызмет көрсететін өзге кәсіпкерлер «Автомобиль жолдары туралы» заңды қайта қарап, олқылықтарды түзетіп берсе дейді. Өйткені кәсіпкерлер «Автомобиль жолдары туралы» Заңның 13-бабына сай құрылыс, реконструкция, жөндеу және жөндеу кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу жөніндегі қызметтердің «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК арқылы жүргізілуі бұл саладағы кәсіпкерлердің құқығын шектеп отыр деп санайды.
– Бұрын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық маңызы бар жол құрылысының сапасына қатысты қызметті алатын. Жергілікті жердегі осы саладағы өзге кәсіпкерлер қала, аудан, ауылішілік жол сапасына сараптама жүргізетінбіз. Соңғы үш жылда жағдай өзгерді. Біздің облыстың өзінде жол құрылысының сапасына сараптама жасай алатын, арнайы зертханасы бар ең азы 5 компания бар. Соның бірі мен, 11 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Бірақ қазір жауапты мекемелер барлық тапсырысты аталған орталыққа ғана беріп отыр, – дейді «СтандартСтройСервис LTD» ЖШС директоры Асылбек Қалышев.
Кәсіпкер заң талаптарының бұрмаланып қолданылып жатқанына наразы.
– Мәселе тек заңда ғана емес, сол заң талабының бұрмаланып, пайдаланылып отырғанында. Мысалы, сол талапта құрылыс дегенде «автомобиль жолдары» деген сөз жоқ. Десе де біздің бұл салада жұмыс істеуіміз күн сайын қиындап бара жатыр. Бізге көмек керек, – деді кәсіпкер.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Еркін Қазығұлов заңнамада көрсетілген ереженің жеке кәсіпкерлерге нарыққа кіруге кедергі келтіріп жатқанынан хабардар екенін айтты.
– Біз бұл мәселені кедергілер жөніндегі кеңеске шығардық. Оның қорытындысымен «Автомобиль жолдары туралы» Заңға өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс берілетін болды. Қазір автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу жөніндегі қызметтер нарығына талдау жүргізіп жатырмыз, – деді Е.Қазығұлов.
Облыстық Кәсіпкерлер палатасы да аталған мәселеге қатысты «Атамекеннің» Орталық аппаратымен бірге шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.