Моншаға түспейтін, бау-бақша екпейтін ауыл
Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Ақшатау кентіндегі кен-байыту комбинаты тоқырауға ұшырағаннан бері, тұрғындардың ауыз суға жарыған күні болған емес.
Мыңдаған тонна молибден мен вольфрамның қорына бай өлкенің кейпі қашан оңалатынын ешкім тап басып айта алмайды.
— Кенттегі кез келген жерге отыра қалып, құдық қазу мүмкін емес. Себебі, біздің өңірде су қоры тапшы. Комбинат бұрын елді мекенге суды 35 шақырым жерден тартып берген. Ол халық пен өндірістің күнделікті қолданысына толық жеткілікті болатын. Ақшатаудың келісті тұрмысы комбинатпен бірге келмеске кеткендей. 1997 жылы әкімдік кенттен 7-8 шақырым қашық жатқан жерден скважина қазды. Одан қайран болмады. 2005 жылы жергілікті бюджеттен 25 миллион теңге бөлініп, ауыл ішіне 23 шүмек орнатты. Алайда, ол шүмектен де пайда болмады. Екі айдан кейін қондырғы істен шықты. Халық қазір тіршілік нәрін қайдан алып отыр дегенге келсек, кенттің орталығында сыйымдылығы мың және бес жүз текшелік метрлік екі су сақтау қоймасы бар. Оған Ақжалдан күнара водовозбен су әкеп құйылады. Халық күні бүгінге дейін тасымал сумен күн көріп отыр, – дейді Ақшатаудың тұрғыны Бүркітбай Жалықпасов.
«Халық монша таппай сабылады»
Жұрттың айтуына қарағанда, кенттегі су көзі жаңбыр мен қар суымен толығады. Оның мөлшері жауын-шашынның мөлшеріне байланысты көтеріледі. Былтыр қуаңшылық кезінде су қоры сарқылып қалған. Жазда елдің малы осы арадан су ішеді. «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, осы күні ақшатаулықтар армансыз шомылуға зар болып отыр. Ілгеріде халық аудан басшыларына монша салып беруді сұраған. Бірақ шенеуніктер кентке монша тұрғызылмайтын кесіп айтқан.
— Ақшатаулықтардың үміттен гөрі, күдігіміз басым. Ұзынқұлақ бұл арадан аса бағалы ренни металының қоры табылғанын айтып жүр. Келешекте ашық карьер жүргізіледі, сондықтан су тарту сиырқұйымшақтала бермек екен. Ол жағы әлі нақты белгісіз. Бүгінде халық қол жуатын суды үнемдеп отыр. Кейбіреулер суды жақын ауылдан көлікпен тасып әкеледі. Бау-бақша өсіруді ұмытқалы қанша? Оны қойшы, шомылуға зар боп қалдық. Қайбір жылдары тұрғындар аудан басшыларынан монша салып беруді сұрады. Аудандағылар су тапшылығына байланысты өтінішімізді қанағаттандырмады. Кенттен қазір жол бойындағы моншаға барып суға түседі. «Кісідегінің кілті аспанда» дегендей, ондағылар жұрттың бәріне рұқсат бермейді, жалынып-жалпайып кіреміз. Шынын айтқанда, Ақшатауда айлап емес, жылдап монша бетін көрмегендер бар, – деді кент тұрғыны Қанат.
Ниет болса, шешім бар
– Ақшатаудан қарға адым жердегі «Қарғалы» және «Жыландыкөлдің» маңайы суға мол. Демек, тұйыққа тірелген мекенде тіршілік нәрін шешудің тетігі бар деген сөз. Солай бола тұра, аудан әкімдігі суға жұтаң сайға соқпақ салудан әрі аса алмай отыр, – дейді қарағандылық қоғам белсендісі Ниқан Омарханов. – Облыста жер қойнауын игеретін және барлау жасайтын бірнеше жекеменшік компаниялар бар. Өзгесін былай қойғанда, «Орталық Қазжер қойнауы» ӨД РММ Қарағандыда отыр. Ондағы мамандардың қолында облыстың барлық елдімекендеріндегі су қорының кескіні салынған карта бар. Мұндағы мамандар қай арадан су көзін тарту тиімді екенін көрсетіп, кеңес бере алады. Әкім соларға неге қайырылмайды? Кәсіби мекеменің қолданысындағы заманауи техникалары мың метр тереңдіктен су қазуға қауқарлы. Ендеше, бұл істі тиянақтау тікелей әкімдердің табандылығына байланысты дер едім, – деп пікірін түйіндеді ол.
Әкім не айтқысы келді: Ақталу ма, даттау ма?
Ұрты суға жарымаған Ақшатаудың бар шындығы – осы. Халық мұңы айтылса, кейбір әкімдердің шамданатыны жасырын емес. Олай деуімізге «Жас Алаш» газетінің өткен санында «Жұмысымыз сөзбұйдадан аспайды» деген мақала негіз. Басылымға сұхбат берген облыстық қоғамдық кеңестің белді мүшесі Ниқан Омарханов аталған аймаққа арнайы сапары барысында көрген-түйгенін айта келіп, судан титықтап отырған қарашаның жай-күйін баяндаған болатын. Арада бір апта өткен соң, Шет ауданының әкімі Мұхит Мұқтаров редакцияға жауап хат жолдаған екен. Онда әкім:
«Мақалада жазылғандай, тұрғындар 30 шақырым жерден су тасып жүр деген сөз шындыққа жанаспайды. 2021 жылдың сәуір айынан бері, аудандық бюджеттен қаржы қарастырылып, 38 шақырым жердегі Ақжал кентінен Ақшатау кентіне ауыз су жалдамалы автокөлікпен тасымалдануда. Арнайы су жеткізетін көлікті ауданның кәсіпкерлері сатып алып, қазіргі күнге дейін үзіліссіз қызмет көрсетуде. Бүгінгі таңда кент тұрғындары ауыз сусыз қалып отырған жоқ», — деп, жаймашуақтай келіп: «Оларды сумен қамту мәселесін түпкілікті шешу жолдары әлі де жан-жақты қарастырылу үстінде», — деп тағы да нақтылықтан аттап кетеді.
Аудан әкімінің сөзінің астарында кімнің мүддесі жатқанын ашып айту қиын. Бүгінде Ақшатау ауыз суды Ақжал ауылынан алып отырғаны жасырын емес. Егер әкімге халыққа суды кім тасымалдап отырғанын айту маңызды болса, жоғарыда тұрғындар баяндағандай кентке басты қажеттілік автокөлікпен жеткізеді. Ал көлікті кім сатып алды, ол кімнің бұйрығымен орындалғаны бұқараны қызықтырмайды. Ең бастысы атқарушы билікке елдің қажеттілігін өтеу парыз. Су жетпеген жағдайда кейбір тұрғындар Ақжалдан суды өз көліктерімен алып келетінін жергілікті азамат растады. Әрбірден соң, әкім де, басқа да, әр тұрғынның күнделікті тірлігін майшаммен бақылап отырмайтыны кәдік.
Түптеп келгенде, біздің міндет – әлдекімнің шамына тиіп, оған кінә тағу, яки біреуді қаралау емес, қоғамдағы кемшіліктерді айтып, мүмкіндігінше халыққа көмек көрсету. Ақшатауға су тарту барысында ауданның бұдан бұрын еңсерген міндетін жоққа шығаруға болмас, бірақ тұрғындарды су тапшылығынан біржола арылту одан да биік мұрат екенін ескерген ләзім.