Moody’s: Қытай экономикасын Жапония жолы күтіп тұр

Халықаралық рейтингтік Moody’s агенттігі Қытай экономикасына қатысты жағымсыз болжам жасаған. Негізінен агенттік мемлекеттердің қаржылық мүмкіндіктерін бағалап, инвесторлар бағыт-бағдар береді. Алайда бұл жолы Қытай экономикасын «тұрақты» көрсеткішінен «төменгі деңгей» көрсеткішіне түсірген.
Агенттіктің бұлай болжам жасауына басты себеп Қытайдың үздіксіз өсіп отырған ішкі және сыртқы қарызы болған. Пандемиямен күрестен соң Қытай билігі жергілікті кәсіпкерлерді ынталандыру үшін жаппай несие таратып, мемлекеттік кәсіпорындарға берілетін шексіз несие санын арттырған, бұл сәйкесінше экономикалық өсімге тікелей әсер еткен. Әсіресе ішкі нарықтағы жылжымалы мүлік саласына салынған қаржы өзін ақтамаған. Жылжымайтын мүлік салуға көп несие берілген, әрі елде сатып алу азайған.
Moody’s агенттігінің мәліметінше, 2024-2025 жылдары Қытайдың ЖІӨ-і 4%-ға өседі. Ал кейін 2030 жылға дейін ол көрсеткіш 3,5-3,8% аралығында болады деп болжануда. Алайда Қытай билігі кемі жыл сайынғы өсім 5%-дан төмен болмайды дейді. Экономика саласының сарапшылары 70-жылдардан бастап арзан жұмыс күші және сырттан құйылған орасан инвестиция Қытайдың экономикасын өсіргенін, ендігі таңда бұл артықшылықтар Қытайдан кете бастағанын айтты.
Си Цзиньпин қазан айында экономиканың өсімі бірден тоқтамау керектігін айтып, тапсырма берген болатын. Сол сәтте бюджеттің дефициті рекордтық негізде артты. Қытай бюджетінің тапшылығы соңғы 30 жылдағы ең рекордтық көрсеткішке жетті дейді мамандар. 2023 жылы Қытай билігі мемлекеттік облигацияларды қосымша саудаға шығарып, триллион юаньға сатқан. Бұл бюджеттегі тапшылықты еңсеру үшін жасалған-ды.
Дей-тұра Moody’s агенттігі Қытайдың ұзақмерзімді суверенді облигацияларын А1 дейгейінде қалдырып, оң бағалады. Fitch Ratings Ltd. пен S&P Global Ratings агенттіктері де бұл көрсеткішті оң бағалап отыр. Сарапшылар Қытай экономикасы әлемдегі үздік экономикалардың бірі болып қалатынын, алайда ендігі өсімі баяулай беретінін, Қытайды Жапония экономикасының жолы күтіп тұрғанын айтуда.
Қытай билігі Moody's шешіміне жауап ретінде олардан көңілі қалғанын және олардың пікірінше, ел экономикасы «өте тұрақты және үлкен әлеуетке ие болады» деп жазған. Қытайдың Қаржы министрлігі жылжымайтын мүлік құлдырауының әсері бақылауда екенін айтты.
Moody's соңғы рет Қытайдың несие рейтингін 2017 жылы Aа3-тен A1-ге дейін төмендетті. Одан кейін агенттік мұны бүкіл экономика бойынша қарыздың айтарлықтай өсу ықтималдығымен және оның мемлекеттік бюджетке тигізетін әсерімен түсіндірді. Бұл Қытайдың қарыз рейтингін 1989 жылдан бері бірінші рет төмендету болды. Fitch Ratings бұған дейін Қытайдың тәуелсіз несие рейтингін тұрақты болжаммен A+ деңгейінде растады. S&P Global Ratings Қытай рейтингін 2017 жылы соңғы рет төмендеткеннен бері A+ деңгейінде сақтап қалды.