Мопедті көлік деп білмейтін солақай заң өзгергенше...
Елімізде мопед саны көбейіп, олар қатысатын жол апаты жиілеп барады. Бұған қолданыстағы заң мен ережедегі олқылықтар себеп болып отыр.
Біріншіден, қос дөңгелегі мен моторы бар әрі өзіндік қаупі мен қатері бола тұра техника елге қарапайым тауар ретінде еркін кіріп, саудаланып жатыр. Қажет еткен адам кез келген базардан сатып ала алады. Екіншіден, мопед мінгендер жаяу жүргінші саналып, жазадан жалтарып жүр. Мысалы, мас болып мопед жүргізген адам қоғамдық жерде алкоголь ішкені үшін ғана жазаланады. Ал жол ережесін бұзса, «жол жүрісіне өзге қатысушы» ретінде 2 АЕК (2024 жылы – 7 384 теңге) қана айыппұл төлеп, құтылады.
Осындай жеңілдіктерге байланысты елде скутерлер жылдам көбейіп келеді. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың есебінше, қазір Қазақстан жолдарында 70 мыңнан аса мопед жүр. Оның үстіне бұл техникалардың бәрі тіркелмеген, кімнің атында, кім мініп жүр, кім жол ережесін бұзды, кім жол апатын жасады – білу қиын.
Екі дөңгелекті техниканың көбі Алматы тұрғындарына тиесілі. Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, мегаполисте 50 мыңнан аса мопед бар. Биыл жыл басынан бері қалада мопед қатысқан 743 жол апаты тіркеліп, 757 адам жараланып, 14 адам қаза тапқан. Салыстыру үшін айтсақ, былтыр осы кезеңде мопедшілер 293 мәрте апатқа ұшыраған. Яғни бір жылда мұндай оқиғаның саны 2,5 есе өсіп кеткен.
Алматы полициясы мұнша көп мопедті бақылауда ұстауға мүмкіндік таппай отыр. Биыл жыл басынан бері полицейлер мопед жүргізушілеріне 31 мың хаттама толтырып, 1 700 скутерді айыптұраққа қамаған. Соған қарамастан, мопедшілер ойына келгенін істеп жүр. Әу баста тізгінді бос жіберіп алған ел билігі әр қалада жүйткіп жүрген мопед мәселесін тез арада шеше алмайтын сияқты.
«Еш кінәм болмаса да, айып арқаладым»
Жақында редакциямызға Алматы облысының тұрғыны хабарласты. Онда көлік жүргізушісі өз жолымен келе жатқанда мопед соғып кеткені жазылған. Мопедті жазалаудың жолын таппаған полиция бар кінәні машина рөліндегі азаматқа артқан көрінеді.
«19-қазан күні Алматы облысы Тұздыбастау ауылы маңында Үлкен Алматы каналы жолымен (әр бағытта бір жолақ) келе жатып, ережеде рұқсат етілген үзік сызықтан солға бұрылмақ болдым, бұрылыс шамын қосып, қарсы бағыттағы машиналарды өткіздім, содан кейін ақырындап бұрыла бергенімде арт жақта келе жатқан мопедші қарсы бетке шыға отырып, сол жағымнан келіп, менің машинама (есігіне) соғылды. Оның жоғары жылдамдықпен келгені анық, өйткені өзі құлап, иығы шықты, ал машинаның бүйірі бүлініп қалды.
21 жастағы мопед жүргізушісінің жеке куәлігінен басқа ешқандай құжаты жоқ екен. Оқиға орнына жедел жәрдем келіп, мопедшіні емханаға алып кетті. Ал жол полициясы мопедке ештеңе істей алмайтынын айтты. Өйткені ол жаяу адам ретінде қаралады екен, қос дөңгелекті көлік құралына қатысты жол ережесі әлі қабылданбапты. Сол үшін мопед қай жағыңыздан қақса да, жол апатына автомобиль жүргізушісі кінәлі деп, атыма хаттама толтырып, менің көлігім мен мопедті айыптұраққа қамады. Осылайша, оқиғаға мен кінәлі болып, барлық шығынды арқаладым», – дейді Марат (сұрауы бойынша атын өзгертіп, ұсынып отырмыз).
Мұндай жағдай жиі кездеседі. Жеңіл болғанда біздің кейіпкеріміз айтқандай, айыппұл және материалдық шығынмен іс бітеді. Өкініштісі, кісі өлімімен аяқталатын ауыр жағдайлар да бар. Алматының өзінде 9 айда 14 адам мопедтен қайтыс болғанын айттық. Өткен аптада ғана 16 жастағы мопед мінген жасөспірімді экскаватор басып кетті. Мұндай қайғылы жағдайларды тоқтату үшін ішкі істер министрлігі қолға алғанмен, әлі күнге созбақтап келе жатқан мопед тіркеуді және жүргізуші куәлігін алуды міндеттейтін заңды тез арада іске асыру қажет.
«Билік неге мопедке құжат жасатып, заңды түрде көлік құралы ретінде бақылауға алмайтынына таңғалып отырмын. Қала ішінде де, қаладан тыс жолдарда да мопед қаптап жүр. Олар тіпті адам мен машинаны «қуып» жүріп соғады. Мопедшілер жауапқа тартылмайтынын білгендіктен, ешбір ережеге бағынбай, бағдаршамның қызыл түсіне де қарамай, шапқылап жүр. Бір-бірімен жарысып жүргенін де талай көрдік. Ешқандай құжаты болмағандықтан, бақылау камерасына түспейді, айыппұл да төлемейді. Соның салдарынан қаншама жазықсыз адам жапа шегіп отыр. Одан да маңыздысы, мопед мінген жастарымыз жол апатына түсіп, өлім құшып жатыр. Осының бәріне заңның осалдығы, биліктің адам өміріне деген бейқамдығы кінәлі», – дейді біздің кейіпкер.
Мопедші жол апатында жауапкершілік арқаламай ма?
Мопед мінген азаматтар шынымен жол ережесін бұзса да жауапқа тартылмай ма? Біз мұны сала мамандарынан сұрап көрдік. Олардың айтуынша, мопедшілер де заң алдында жауап береді. Бірақ көлік жүргізушісімен салыстырғанда өте жеңіл. Өйткені ережеде оларға қатысты жүргізуші куәлігінен айыру немесе түрмеге қамау сияқты баптар жоқ.
«Жол ережесінде жол жүрісіне қатысушысы деген түсінік бар. Ол – көлік жүргізушісі, жаяу жүргінші, көлік құралдарының жолаушысы. Мұның әрқайсысының заңда белгіленген өз жауапкершілігі болады. Олардың бәрі жол ережесін білуі керек. Мопедшіні жаяу жүргінші деп санаған күннің өзінде ол жолда білгенін істеуге болады деген сөз емес.
Мысалы, жаяу жүргінші Алматыдағы Абай даңғылын рұқсат етілмеген жерден кесіп өтсе, жүргізуші оны көрмей қалып, тоқтай алмай соғып кетсе, апатқа ол өзі кінәлі болады. Жүргізуші кінәсіз екенін дәлелдей алса, ешқандай жауапкершілік арқаламайды. Жаяу адам қайтыс болып кеткеннің өзінде жүргізуші қылмыстық жауапқа тартылмайды. Әрине, мұндайда ішкі істер қызметкерлері оқиғаны жіті тексеріп, істі сотқа жібереді, шешімді сот шығарады. Ең маңыздысы, көлік жүргізушісі тоқтауға мүмкіндігі болса, тоқтап, апаттың алдын алуға тырысуы қажет. Бірақ адам жолға аяқастынан шықса, тоқтай алмауы мүмкін. Өйткені машинаның тежеу жолы деген болады, көлік 40 км/сағ жылдамдықпен жүргеннің өзінде тежеу жолы кем дегенде 15 метр болады. Ал 60 км/сағ қарқынмен келе жатса, тежеу жолы екі есе өсуі мүмкін. Демек жүргізуші үлгере алмай қалуы мүмкін. Тергеуде осы жағдай да ескеріледі.
Осы ережені мопедке қатысты да қолдануға болады. Сондықтан жол апатына мопед кінәлі бола тұра, бар жауапкершілікті автомобиль жүргізушісіне арта салу дұрыс емес. Мұндай жағдай болса, заңгердің көмегіне жүгініп, наразылық білдірген жөн. Мопедші, велосипедші, тіпті арба айдаған адамның өзін жүргізуші ретінде қарастыру қажет деп санаймын. Оларды жаяу жүргіншімен теңестіру дұрыс емес», – дейді 25 жыл бойы автомектеп мұғалімі болып жұмыс істеп жүрген Қонысбай Жақсыбайұлы.
Біздің елде заң бойынша көлік жаяу жүргіншіні соғып кетсе, зардаптың ауыр-жеңілдігіне қарай жүргізуші жауапкершілік арқалайды. Адам денсаулығына аса үлкен зиян келмесе, кінәлі жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылады. Егер зиян ауыр немесе орташа болса, адам қайтыс болса – қылмыстық іс қозғалады. Ал жүргізуші кінәлі болмаса, жол ережесін бұзбаса, алайда жаяу жүргіншінің өмірі мен денсаулығына зиян келсе, онда ол әкімшілік немесе қылмыстық жауаптан босатылып, тек азаматтық жауапқа тартылады. Яғни зардап шегушіге материалдық және моральдық зиянды өтейді. Ал өтемақы мөлшері зардап шеккен адамның апат кезіндегі жүріс-тұрысына байланысты болады. Мысалы, ол мас болса, өтемақы мөлшері аз болады.
Жаңа заң мопедшілерді тәртіпке сала ма?
3-қазанда «Жол жүрісі туралы» заң мен әкімшілік кодекске өзгеріс енгізу туралы бұйрыққа президент қол қойды. Жаңа ереже 6 айдан кейін, 2025-жылдың 4-сәуірінде күшіне енеді. Сол күннен бастап елде мопедті тіркеу, техпаспорт пен мемлекеттік нөмір беру міндетті болады. Сондай-ақ мопед жүргізу үшін А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алу қажет. А және В санатындағы куәлікпен де жүргізуге болады. Оның үстіне мопедті машина сияқты жыл сайын техникалық тексерістен өткізу керек.
ІІМ жаңа ереже жүзеге аспай жатып, мопедшілерге қандай айыппұл салатынын да есептеп қойыпты. Келер жылы сәуірден бастап куәліксіз мопед жүргізгендер әкімшілік кодекстің 612-бабына сәйкес 5 АЕК (2025 жылы – 19 660 теңге), тіркелмеген немесе мемлекеттік нөмірі жоқ мопед мінгені үшін – 10 АЕК (39 320 теңге) айыппұл төлейді. Айыппұлдың түрі көп, мопедшілер шлем тақпағаны үшін, техбайқаудан өтпегені үшін, жол ережесін бұзғаны үшін жазаланады. Ал мас болып, мопед мінгендер 7 жылға куәлігінен айырылып, 15 тәулікке қамалады.
Әрине, қағаз жүзінде бәрі әдемі. Бірақ осы уақытқа дейін «әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмай», әбден еркімен кеткен мопедшілер келер көктемнен бастап тәртіпке бағына қояды дегенге сену қиын. Оның үстіне жазылған заңды шып-шырғасын шығармай орындауға үкіметтің өзі дайын емес. Мұны ішкі істер министрлігі де мойындайды. Вице-министр Игорь Лепеханың өзі «барлық жұмысты бірер айда аяқтап үлгермейміз, тіпті үлкен ажиотаж тууы мүмкін» деген қаупін жасырмады. Сондай-ақ заң талаптарында қайшылықтар бар. Мопедті көлік құралы ретінде тіркеу үшін техпаспорт керек болады, ал елге тауар ретінде келгендіктен, оның көбінде мұндай құжат жоқ. Осыны ескеріп, ІІМ мопед тіркеу барысында үлкен жеңілдік жасауға дайын отыр. Біз мопед тіркеуге дайындық қалай жүріп жатқанын сұрап, ІІМ-ге сауал жолдадық. Министрліктен қандай жауап келерін күтеміз.
Қуаныш Қаппас