Мосгорсуд КазТАГ сайтын тағы да бұғаттауды талап етті
Мәскеу қалалық соты (Мосгорсуд) Роскомнадзорға қазақстандық ҚазТАГ агенттігінің сайтын Тимур Турловқа қатысты тағы бір материалға байланысты бұғаттауды талап етті.
Бұл туралы ҚазТАГ басылымы жазды.
Сот шешімі ресейлік заңгер Дорина Данилованың «авторлық құқықты қорғау» жөніндегі өтініші негізінде қабылданған. Ол бірқатар мақалалардың авторы өзі екенін мәлімдеген. Алайда ҚазТАГ редакциясы аталған материалдардың агенттікке тиесілі екенін және Данилованың авторлықты өзіне заңсыз телігенін айтады.
Қандай материалдар?
Даулы материалдардың қатарында Турлов пен Freedom Finance-ке қатысты жарияланымдар бар. ҚазТАГ мәліметінше, сот шешімі нақты авторлық құқық бұзушылыққа емес, формалды негізге сүйенген.
Бұған дейін не болған?
6 ақпанда Роскомнадзор ҚазТАГ сайтын бұғаттауды талап еткен.
16 ақпанда Мосгорсуд Турлов туралы мақалаларға байланысты тағы екі қазақстандық сайтты – Ulysmedia.kz және Cmn.kz – бұғаттауды сұраған.
Алматыдағы Медеу аудандық соты Freedom Finance-тің КазТАГ-қа қарсы азаматтық ісін жабық форматта қарауға шешім шығарған.