«Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінен соң туған ой
Жалпы Алаш тақырыбы – ауыр ойға жетелейтін тақырып.
Мұндай тұжырым қоғамда қалыптасқан жағдайдан туындайды. Соңғы жетілерде еліміздің кинотеатрларында «Міржақып. Оян, қазақ!» көркем фильм көрсетілді. Қоғамның бұл қойылымға деген ықыласы ерекше екендігі байқалды. Әсіресе жастар жағы бұл тақырыппен енді ғана табысқандай күй кешуде. Орысшасы әлсіздеу бір бойжеткен баланың «енді мен қазақшамды жөндемесем болмайды екен!» дегенін, екінші бір жастың «біз өз тарихымызды білмейді екенбіз ғой!» деген пікірін, үшінші біреудің «осы көргеніміз рас болса, оқулықтарда ол неге айтылмайды?» сияқты сөздерін кинотеатрдан шығып бара жатып, өз құлағыммен естідім. Фильмді соңына дейін көруге дәті шыдамай шығып кеткендер де байқалды. Бұл айтылғандар, әрине, көп пікірдің бір ұшығы ғана болса керек.
Бұл фильмге қоғам тарапынан көрсетілген ықыластан қандай тұжырым жасауға болады? Алаш тақырыбымен қазақ қоғамы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері танысып, тіптен табысып келеді. Дегенмен Алаш тақырыбы халық санасына, әсіресе жас буынның жүрегіне, сезіміне жетті деп айтуға тым ерте. Мәселемен таныстыру бар да, ал оның өзекті жібін, негізгі түйінін санаға сіңіру бар. Осы тұрғыдан Алаш тақырыбын өнер тілі арқылы жастарға жеткізудің орны ерекше.
Бұл істе өнер мен ғылымның арасында өзара байланыс болғаны жөн. Өнер шығармасының астарында іргетас есебінде ғалымдардың негізді жасаған тұжырымдары, бүгінгі сұранысқа лайық ойлары жатқанда ғана өнер туындысы әсерлі, ықпалды болып шықпақ. Осы орайда мынаны айтқанды жөн санаймын. Алаш тақырыбына жазылған зерттеу еңбектері жоқ деп айтуға болмайды, олар бар, бірақ олардың таралымы аз, қоғамға, тіптен мектептерге, білім жүйесіне жетпей жатады. Мәселен, алыс ауданда тұратын мұғалім досым маған тарихшы М.Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» аталатын екі кітаптан тұратын зерттеу еңбегін тауып бер деп қолқа салды. Қимас досымның өтінішін орындайын деп әлгі кітаптарды іздеп біраз әуре болдым. Ақыры бірінші кітабын «Мектеп» баспасының кітап дүкенінен әрең таптым, екінші кітабын автордың өзін тауып, сұрап алдым. Осы бүгінгі өмірімізге жарасатын іс пе? Кітаптың тиражы өте аз (біріншісі – 3000, екіншісі – 1000).
Жақында бір газеттен оқыдым, ғалымның еңбегі беделді сыйлыққа ұсынылған екен. Ішімнен «жол болсын!» айттым.
Жалпы көп оқырманның, көрерменнің бірі ретінде мынадай жағдайды айтқаным артық емес деп білемін. Елімізде Алаш тақырыбын, бұл тақырып көтерген жүкті насихаттау өте әлсіз, баяу, тіптен сылбыр. Айтылады, бірақ, дүкендерден Алаш тақырыбына жазылған тартымды да сәнді басылымдарды шам алып жүріп таба алмайсың. Бірлі-жарым кітаптар бар көрінді. Бағасы қымбат. Бұл тақырыпқа деген салқындық бұрынғы советтік шындықтан жеткен сарқыт-ау деген ой келеді санаға. Өкінішті, әрине!
Қуаныш Мұхитұлы
Музей қызметкері
Талғар қаласы