Мүбәрак Ағыбаев: Полигонның зардабын әлі тартып келеміз
1953 жылы тамыз айында «1953 жылы августе Совет Одағында алғаш рет сутегі бомбасы сынақтан өтті» деген қысқа хабарлама Совет үкіметі шегіндегі газеттерде жарыса жарияланды.
Қарапайым ғана бұл хабарлама берісі – тұтас Совет үкіметін, арысы – әлемнің түкпір-түкпірін сол сәтте-ақ шарлап кетті. Ал оның азабын, тауқыметін жергілікті халық, яғни тұрғылықты қазақтар тартты. Өздеріңізге мәлім, 1989 жылы Семей полигоны жабылды. Одан бері де 35 жыл уақыт өтті. Бірақ атом сынағына айналған Дегелең өңірі әлі де болса оның зардабынан толық айығып болған жоқ. Сізбен біз жарылыстың тозақ отына оранып, әбден мүжілген Дегелең тауын ұмытқанымызбен, ондағы қарапайым тіршілік етіп жатқан адамдар жойқын жарылыстарды күні кеше болғандай, шошына еске алады. Жақында Абай облысы Жаңа Семей ауданына (бұрынғы Абыралы ауданы) жолымыз түсті. Сапар барысында Абыралы ауылында тұратын 88 жастағы Мүбәрак қариямен сұхбаттастық. Әңгіменің арқауы, әрине, Семей ядролық полигоны және оның зардабы, адамдардың қазіргі жағдайы, ауылдың тіршілігі төңірегінде өрбіді.
– Мүбәрак ата, алдымен өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз?
– Мен – Мүбәрак Ағыбаев, Абыралы ауданының Алғабас колхозында өмірге келіппін. Міне, содан бергі өмірім осы Қайнар маңайында, Абыралы төңірегінде өтіп жатыр. Негізі Абыралы ауданы 1928 жылы құрылыпты, кейіннен 1954 жылы бұл өңір атом бомбасының сынақ алаңына айналды да, ауданды таратып жіберді. Ол кез совет өкіметі заманы, ешкімнен рұқсат сұрап, аудан халқына мұның себебін түсіндірген жоқ. Өздері шешім қабылдап, таратты да жіберді.
– Ауданды таратқан кез сіздің есіңізде ме?
– Әрине, есімде. Бәрі көкірегімде сайрап тұр. Әуелі 1953 жылы «сутегі бомбасын тексереміз» деп, Абыралы ауданының халқын көшірді. Әскери көліктер түндіз-түні аудан халқын жан-жаққа тасыды. Бізді Арқалық дейтін жердің арғы жағындағы бір бастаудың басына қоныстандырды. 42 адамды күзетке қалдырды, қалған елді бір жұма тасыды. Тұрар жай, жатын орын, ештеңе болмады, тіпті шатыр да тігіп бермеді. Ашық далаға төкті де тастады. Бұлақтың суын ішіп, ас әзірлеп, халық өз күнін өзі көрді. Ол кезде халықтың жағдайы да мәз емес еді. Бала-шаға, соғыстан қайтқан мүгедектер бәрі – үйсіз-күйсіз күн кешті. Аудан халықын түгел көшіріп болғаннан кейін 7-8 сағат өткенде сутегі бомбасының сынағы өтті.
Түс кезі болатын. Аспан көз қарықтыратындай болып жарқырап кетті. Одан соң қатты дүмпу естілді. Іле-шала құшақ-құшақ бұлт іспетті саңырауқұлақ пайда болды. Ертеңінде радиодан естідік, «бәленбай тонна сутегі бомбасы сәтті сынақтан өтті» деп мақтанып, сүйінші сұрап, айтып жатты. Ол кезде сынақты жердің бетіне жасады, сол үшін жер жарылғандай қатты дауыс естілген жоқ. Бұрын мұндайды көрмеген халық не істерін білмей, улап-шулап, абдырап қалды. Бірақ өкімет оған қараған жоқ, жұртты қайтадан жинап-теріп, ауданға әкеліп тастады. Кейін, 1955 жылы ауданды таратып жіберді. Сөйтіп аудан халқының тоз-тозы шығып, жан-жаққа тарап кетті. Үлкендердің бір-бірін қимай, құшақтасып, көрісіп жылағаны әлі есімде. Содан не керек, арада 36 жыл өткенде, яғни 1990 жылы Абыралы ауданы қайтадан құрылды. Бірақ ұзақ өмір сүрген жоқ, 1997 жылы Назарбаев облысты таратты, соған қоса аудан да таратылды. Етек-жеңімізді енді жинап қалған кез еді, «аудан таратылады» деген хабарды естіген соң, әркім әркімге арыз айттық, бірақ оны елеген ешкім болмады. Тіпті президент Н.Назарбаевқа ұжымдық хат та жаздық, бірақ ол да жауапсыз қалды.
– Семей ядролық полигонына 18 миллион гектар жер бөлініп, сынақ алаңы жасалды. Алайда осы жерлерді кейіннен жергілікті халық шөбін шауып, пайдаланған екен. Осы туралы айтыңызшы?
– Біз ол кезде Абай ауданына қарайтынбыз. 1973 жылы мал азығына шабатын шөп тапшы болып, полигонның жерінен шөп шабуға рұқсат алдық. Ол кезде мен ферма меңгерушісі болатынмын. Сөйтіп шөп шабуға бардық, 40 мың гектар жерді қоршап тастапты. Ешкім жоқ, бәрі иен қалған екен. Техника деген шашылып жатыр. 1987 жылға дейін сонда шөп шаптық. Одан бері де қанша уақыт өтті. Сынақ алаңын тексергелі де отыз жылдан асты, бірақ соның «мынадай болды» деген нақты бір нәтижесін естіген жоқпын. «Дегелең тауына 22 ғасыр жолауға болмайды» дейді. Қазір оны күзетіп тұр. Мұндай төрт учаске бар. Темірқақпа, Сарыөзек, Молдабайдың Құрыш шоқысы енді біреуі – Дегелең. 1976 жылы Қайнарда директордың орынбасары болып жұмыс істедім, сонда арнайы әскерилер келіп, бір құжатқа қол қойдырып, мөр бастырып әкетті. Әрі «бұл жерлерге мал кіргізбейсіңдер, адам жібермейсіңдер» деп қатаң ескертті.
Кейіннен атом бомбасының сынағын жердің астына жасап жүрді. Бірақ кейде атомның күштілігі сондай, жерді жарып, бетіне шығып кететін, оны да көзіммен көрдім. Шөп шабатын жер іздеп, осы төңіректің бәрін шарлаймын, сөйтіп жүргенімде бірде жазықтау жерден төмпешік көзіме шалынды. Трубалар жылан құсап иіріліп жатыр, үлкен троспен үш жағынан тартып, байлап тастапты. Жерастында сынақ өткізгенде жер бетіне шығып кеткен бір бөлігі болса керек. Ал жарылыс болған кезде жердің сілкінгеніне біртіндеп бойымыз үйренді. Үй дір-дір етіп қозғалады. Есік алдында тұрған көлік арлы-берлі ырғалады. Біз «жарылыс болып жатыр» деп қоямыз да, шаруамызды істеп жүре береміз. Бізге өкімет «мұның адам баласына, малға ешқандай да зияны жоқ» деп түсіндірді. Біз бұған иландық, сөйтсек, мұның бәрі зиян екен.
– Полигонның зардабын тартқан жақын туыстарыңыз бар ма?
– Әрине, бес туысымнан айырылдым. Екі ағам қайтыс болды, бірі – жүрек талмасынан, енді бірі – өкпе ауруынан. Шешем асқазан обырынан қайтыс болды. Ал бәйбішем, Жаңыл Оразғалиқызы саркома дейтін дерттен көз жұмды. Мұндай дертке шалдыққан адамның сүйегі босап кетеді екен. Аяғын сәл күштеп қозғасаң, жіліктері бөлініп кетеді. Ондай кеселді де көзіміз көрді. Міне, осының бәрін полигонның кесірі дейді. Айта берсең, аурудан өлгендер көп балам. Мен тек есіме түскендерін ғана айтып отырмын. Қазір мен құралыпты үлкен кісілердің көбісі осы полигонның кесірінен қайтыс болып кетті.
Абыралы ауданының көрмегені жоқ. Әуелі аштыққа ұрынды. Кейін қуғын-сүргінге ұшырады, атылды, айдалды. Одан қалғаны екінші дүниежүзілік соғысқа аттанды, майдан даласында қанша адам опат болды, кейбірінің қайда қалғанын ешкім білмейді. Ең соңында «бәрінен құтылдық, енді тыныштық орнайды» деп отырғанда полигонды салды. Негізі біздің Дегелең аумағы өте қауіпті аймаққа жатады. Бұған қатысты жоғары жақта не істеліп жатқанынан бейхабармыз. Әйтеуір жылда 30 тамызда тиіп-қашып айтқан болады. Ертеректе теледидардан соның бәрін көретінмін, қазір көзім көрмейді, сенің бұлдыраған сұлбаңды ғана көріп отырмын, бұл да полигонның әсері болса керек.
Дегелеңнің тау-тасының бәрін араладым. Курчатовтағы үңгірлерге дейін кірдік. Қабырғасын берік етіп, қорғасынмен құйған үлкен-үлкен үңгірлер еді. Кейіннен соның бәрі бос қалды, техника дегеніңіз жусап жататын. Бәрін тастап кетіп қалды. Мен кейде жарылмай қалған бомбалар әлі де Дегелең тауының астында бар ма деп ойлаймын. Мысалы, 2014 жылы 20 қаңтар күні сағат 15:20 да жер сілкінді. Кейіннен ақпараттарда нақты эпидцентрі туралы айтқан жоқ, тек «Шығыс Қазақстанда жер сілкінді» деді. Бұдан ертерек, Дегелеңнің жанындағы Ақтанберді деген жерде «бәленбей үңғыны мықтап бекітіп тастадық» деп, «Семей таңы» газетіне жазған еді. Сол ұңғылардың біреуінде қалып қалған, әлдеқандай жарылғыш атылды ма деп ойлаймын. Демек, бұл төңіректен әлі де қауіп арыла қоймады.
Бізді алдамаған адам жоқ. Баяғыда Лукашенко деген біреу келе қалды. Ол осы Дегелеңнің жеріне бақша ектіртті. Бақшаға шыққан қызанақтың «жапырағында радиация бар, ал өзінде жоқ» деп алдады. Соның бәріне сендік. Сөйтсек, мұның бәрі өтірік екен. Міне, осының бәрін көрдік. Сол кездегі шөп шабу науқанына қатысқан трактористер, аспаздар, есепшілер, бригадир болған жігіттердің көбісі 30 бен 50 жастың арасында қайтыс болды.
– Полигон зардабын шеккен азамат ретінде қандай да бір көмек беріле ме?
– Жоқ, ешқандай көмек көрсетілмейді. Осы полигонды біздің билік Совет өкіметіне жаба салатын көрінеді, тіпті «бұған біз кінәлі емеспіз» деген де сыңай танытады. Совет өкіметі кезінде әйелдерді 45 жаста, ерлерді 55 жаста зейнетке шығаратын, қазір ол да жоқ.
– Медициналық тұрғыдан көмек бола ма?
– Жоқ. Мен өзім екінші топ мүгедекпін. Балаларымның бәрі осы полигонда туылды. Бірақ ешқандай тексеріс, медициналық көмек көргенім жоқ. Тіпті «полигоннан зардап шектіңдер ғой, жәрдемдесейік» деп айтқан ешкім жоқ. Көзім көрмейді дедім ғой. Сондықтан теледидардың дауысын қаттырақ шығарып қойып естимін, «полигон туралы бірдеңе айтама» деп, құлағымды түріп жатамын. Бірақ жарытып ештеңе айтпайды.
– Полигонның зардабынан мүгедек адам, екі басты қозы туылғаны туралы айтылады. Ондайды өзіңіз көрдіңіз бе?
– Оның бәрін көрдік. Осы ауылдың өзінде кейбір балалар туғаннан арбада отырып, отыз қанша жасында қайтыс болды. Менің бір жиенім мүгедек болып туылды, ақыры 15-16 жасында қайтыс болды. Туабітті тілі шықпайтын балалар да көп. Сосын неше түрлі аурулар бар. Басынан ісік шығады. Буыны қабынып, аяғын баса алмай қалатын адамдар да аз емес. Осының бәрін полигонның зардабы деп ойлаймын. Ал қырылған малда есеп жоқ. Полигоннан қырылып жатыр ма, басқа бір аурудан өліп жатыр ма, оны ешкім анықтамайтын. Екі басты, үш-төрт мүйізді қозылар да туылды. Кейбірі буынын бас алмайтын. Сөйтеді де, өліп қалады.
– Ең алғаш сутегі бомбасы жарылғанын көрген кезіңіз есіңізде ме?
– Әрине. 1953 жылы саңырауқұлақты (грибокты) алғаш көрдім. Бізді әскерилер күзетіп тұрды. Алдымен дүрсіл естілді, сонда күзетіп тұрған әскерилер: «Қарамаңдар, көздерің ауырады» деп айғайлады. Біз қызық көріп, әскерлердің көзі тая бергенде қарап үлгердік. Айнала жарқырап кетті, содан соң көкке саңырауқұлақ тәрізді болып көтерілді. Бірер минуттан соң үстімізден ұшақ ұшып өткендей болып, гуілдеген дауыс естілді. Біразға дейін Дегелең жақ жалынға оранып тұрды.
– Бәйбішем саркомадан қайтыс болды дедіңіз, сонда о кісінің ауруы ақырындап білінді ме, емдеу мүмкін болмады ма?
– Алдымен жамбасынан баса алмай қалды. Ол кезде Семей дамымаған, Павлодарға апарып, аппаратқа түсірдік. Содан «саркома деген ауру» деп қорытынды шығарды. Содан Семейдегі ұлымның қолына алып келдік. 4-5 ай төсек тартып жатты. Жаны қатты қиналды. Ауруды басатын уколь салады, оның күші қайтқанға дейін аз уақыт тынышталады, кейін қайта қиналады. Сүйек босап кетеді екен. Балалар орнынан көтергенде соған шыдамай, жіліншіктері үгітіліп кетті. Сөйтіп талай адам жан төзгісіз азаппен қайтыс болды.
Жасым 88-ге келді. Қарттық та жеңе бастады, оның үстіне осы жасқа дейін полигонның жерінде жүру де оңай дейсің бе? (күлді). Көп дүниені ұмытып та қалдым. Есіме түскенін айтып жатырмын, балам. Қажетіңді аларсың. Ертеректе де бір журналистер іздеп келіп, камераға түсірді, көшеге шығартып, ары-бері жүргізді. Біраз дүние айттым. Содан телеарнаға шыққанда балалар көрді, мен естіп жаттым. Айтқанымның көбісін қиып тастапты. Кейбір сөздерім үкіметтің айтқанына қайшы келген сияқты.
– Ауылдың қазіргі жағдайы қалай, адам аз сияқты?
– Азайғанда қандай. Абыралы 1977 жылы Қайнардан бөлініп жеке совхоз болды. Онда бұл иен дала болатын. Кейіннен үй салына бастады. Мен 1978 жылы инженер болып, осы үйге көшіп келдім. Ол кезде 250 үй бар еді, қазір 50-60 үй қалды. Совхоз тараған соң мұнда жұмыс болмады. Ауылдағылар амалсыз Семейге, Қарағандыға кетті. Қалған аз ел мал бағып, күнін көріп отыр.
– Сөз басында 1953 жылы ауылды көшіргенде «42 адамды күзетке алып қалды» дедіңіз ғой. Кейіннен осы кісілердің көбісі түрлі дерттен қайтыс болыпты. Осы туралы айтып беріңізші?
– Иә, «күзетке» деп 42 адамды алып қалыпты, оны біз кейіннен естідік. Соның көбісі ерте көз жұмды. Ең соңғысы – Елеуғазы деген азамат алдыңғы жылы Теміртауда қайтыс болды. Әртүрлі ауруға шалдықты, көбісі жаман аурудан кетті. Жүрек талмасына, сүйек ауруына шалдықты. Ол жігіттердің біразы осы Қайнарда қайтыс болды. Бәріне топырақ салдық. Одан басқа да қайтыс болған адамдар көп. Мынау ауылдың іргесіндегі зираттың көлемі Абыралыдан үлкен. Бала кезімізден бірге өскен небір азаматтар ерте қайтты. Көбісі қиналып қайтыс болды. Әрине, туған адам өмірден өтеді. Бірақ жастайынан кеткен кісілерді осы полигонның зардабынан ба деп ойлаймын. Менімен бірге оқыған бес сыныптасым – Төкен, Мәкен, Тұрсынғали, Рахметолла, Сайлау деген азаматтар да осы ауылдың шетіндегі зиратта жатыр. Мен де бәйбішемнің жанынан орнымды дайындап қойып отырмын. Дәм-тұзым қай күні таусылады, сол сәтте жантаямын. Бізді қойшы балам, асарымызды асадық, жасарымызды жасадық. Қыршын кеткен жастарды ойлайсың. «Асылып қалу» дейтін жұмбақ өлім де көп. Бір ғалымның айтқанын естіп едім: «Орталық нерв жүйесінде ауытқу болады, соның әсерінен адам не істеп, не қойғанын білмейді» деп. Әлгі асылып қалатындарды сондай бір ауруға шалдықты ма деп ойлаймын.
P.S. Мүбәрак атамен қоштасып, жолға шықтық. Тау етегінде қарайып, үркердей ауыл Абыралы қалды. Қиыс сол жақта зират қарауытады. Тыныш, бұйғы зират. Онда полигонның азабын тартқан небір азаматтардың жаны мәңгілік тыныштық тапқан болар. Ауылдан ұзаған сайын біздің есімізге жазушы Бекежан Тілегеновтің Семей ядролық полигоны туралы жазған атақты «Қара жел» романы оралды. Шығарма: «ТАСС хабары: 1989 жылы 12 февральда Москва уақыты бойынша 7 сағат 15 минутта Совет Одағында Семей ауданындағы полигонда жерастында қуаты 20 килотоннадан 150 килотоннаға жуық ядролық жарылыс жасалды.
Аталған сынақ әскери техниканы жетілдіру мақсатымен жасалды.
Сынақ аумағындағы және полигоннан сырт жерлердегі радиациялық жағдай қалыпты» деп аяқталады.
Сұхбаттасқан Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ