Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 18 Тамыз 2021

Мүдделер қақтығысы: Тәліптер Орталық Азияға кіре ме?

None
None

     Тәліптер билік басына келді. Жағдай шын мәнінде шиеленісіп тұр. Расы керек, Ауғанстанның көптеген  қалалары қарсылықсыз берілді.

Неге?

     «АҚШ әскері соңғы жиырма жылдың  ішінде Ауғанстанда бейбіт келісім орнатып, елді тығырықтан шығарды. Халықтың көкірек көзін ашты» деу сенімсіз. Аталған мерзім ішінде 1 триллион доллардан астам қаржы жұмсаған АҚШ-қа енді неге Ауғанстан керек болмай қалды? Алдағы уақытта геосаяси жағдай қалай өзгереді? Тәліптер жақтан қандай қауіп бар? Ақиқатын айту керек, бұл жерде әзірге белгілі бола алмайтындай бір саяси ойын жүріп жатыр.  Елдің бұрынғы президенті Ашраф Ғани елден кетті. Қазір Тәжікстанда деген дерек бар. Бірақ қашқын президент тәжік жерінде мәңгіге қала алмайды. Ол енді ақиқат. Батысқа немесе АҚШ құрлығына қоныс аударуы мүмкін. Өйткені Орталық Азия республикаларының бірінде қалса, тәліптер тыныштық бермейді.

        Қазір ауған билігі тәліптердің өтпелі үкіметіне берілді. Билік сарайына келген басында сәлдесі бар сақалдылар  Ауғанстан ислам әмірлігінің құрылатынын жария етпек.  Кеше ұлты өзбек генерал Дустымның кең сарайындағы алтын жалатылған орындықта бір топ сәлделінің шай ішіп, беймарал отырғанын ескерсек, бір нәрсені түсінуге болады. Енді әлем ауған тәліптерімен ресми қатынас жасай бастайды.

        Ауғанстанмен Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан территориялық жағынан шектесетінін ескерсек, жағдай қиын. Қауіп бар. Қазақстан қайтпек?

Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы жағдай бойынша осыдан екі-үш күн бұрын күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткізді.

«Ауғанстандағы жағдай бойынша күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткіздім. Ауғандағы  азаматтарымыз бен дипломаттарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Ахуал мұқият бақылауда. Президент әкімшілігі мен сыртқы істер министрлігіне Ауғанстанға қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру тапсырылды. Кабулдағы Қазақстан елшілігі шағын құрамда жұмыс істеуде. Қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр», – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.  

      Кеше «Қазақстан тарапы 2000 ауған босқынын қабылдайды» деген дерек тарады. Министрлік артынан бұл деректі жоққа шығарды. СІМ сайтында да бұған қатысты ақпарат жоқ.

      Қазір интернеттегі видеолар көп нәрсені айқындап тұр. Банктің алды кезек. Ақшасын алуға ұмтылған жұрт. Әуежайлар лық толы. Ең алдымен әскерилер мен жоғары білімді азаматтар елден кетуге тырысуда.  Ертең уақыты келгенде әскери қақтығысқа қатысқандарды ұстап, дарға асуы мүмкін. «Генерал Достум өзбек жеріне қарай аяқ басты» деген дерек айтылуда. Бірақ бұған қатысты ресми Ташкент нақты ақпаратты айтқан жоқ. Бірақ Катар елінде Өзбекстан, Түрікменстан, Ресейдің ресми өкілдері  тәліптермен Ауғанстандағы жағдайға қатысты келіссөз өткізіп жатыр деген ақпар бар.

       Қалай айтқанда да, ауған билігіне тәліптер келді. Қазіргі болжамға қарағанда және Alarabiya телеарнасы таратқан хабарға сенсек,  Ауғанстан өтпелі үкіметінің басшысы Али Ахмад Джалали болады деген болжам бар. Оның жасы 80-де, Кабулда туған. «Америка даусы» радиостансасында 1982-2003 жылдары журналист болып жұмыс істеген. 2003-05 жылдары Ауғанстанның сыртқы істер министрі,  Ауғанстанның Германиядағы елшісі болған. 2005 жылдан бастап  АҚШ-тағы Ұлттық қорғаныс университетінде Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия орталығы стратегиялық институтының сарапшысы болып істеген. Профессор. Ол Ауғанстанның үш томдық әскери тарихын жазған адам. 1987 жылдан бастап АҚШ-та тұрады.

       Өмір бойы елінде тұрақтылық болмай, соғыстан көз ашпаған халықтың басына тәліптер келгеннен кейінгі ендігі жағдай қалай болады? ХІХ ғасырда ағылшындар, ХХ ғасырда   Кеңес Одағы, ХХІ ғасырда АҚШ тізе бүктіре алмаған ауғандарды енді тәліптер өркениетке жеткізе ала ма? Күмән көп, сену қиын. Қазірдің өзінде тәліп билігі әйелдерге жұмыс істеуге, оқуға тыйым салды деген ақпар бар. Енді маңдайының соры бес есе қалың болған ауған әйелі қайтадан пәренжі киеді. Көшеге шықпайды, үйде отырады. Қиын. Ал біз үшін қандай болжам ақиқатқа айналуы мүмкін? Бұл аймақта кімнің мүддесі бар? АҚШ болса  біржолата кетті. Ресей ме, Қытай ма?

      – «Талибанның» жеңісі бір қырынан Қытайға өте тиімді. Неге? Картаны ашып қарасақ, Ауғанстан мен Иран шекаралас. Бұған дейін НАТО әскері тұрғандықтан, Ауғанстан арқылы Тегеранмен Бейжің қатынас ұстауға сескенетін. Ендігі таңда Қытай елдегі бір ғана күшпен, яғни тәліптермен келіссөз жүргізіп-ақ Ауғанстан арқылы Иранға шығуға мүмкіндігі бар. Иранға соңғы үш жылда 25 млрд доллар инвестиция құйған Бейжің үшін бұл қажет маршрут. Ауғанстандағы қауіпсіздікті тәліптер толық қамтамасыз етеді, есесіне Қытай оларға да тиын-тебенін береді.

Екіншіден,Қытайдың бас ауруына айналған Ауғанстандағы ұйғыр қарулы топтарының мәселесін шешіп алмақ. Оны реттеуді тәліптер өз мойнына алып отыр. Үшіншіден,Қытайдың тура бүйірінде АҚШ-тың да, НАТО-ның да құжынаған әскері болмайды. Барлығы дерлік Ауғанстаннан шығып кетті. Төртіншіден,Ауғанстандағы тәліпбилігі арқылы Орталық Азияға деген ықпалын да арттыруға мүмкіндік алады. Ауғанстанның түрікмен-өзбек-тәжікпен шекараласатынын ескерсек, бұл Бейжің үшін мүмкіндік.

Қытай тәліптермен Пәкістан арқылы қатынас орнатуы мүмкін.

         Исламабад қой, тәліптерді  жасап шыққан. Пәкістан үшін Қытай басты одақтас екенін ескерсек, логикаға келіп-ақ тұр. Егер бұл қорқынышты болжаміске асса, онда Таяу Шығыс пен Орталық Азияның бүйірінде Қытай мықты коалиция құра алды деген сөз. Иранмен энергетика арқылы, Пәкістанмен әскери негізде (екеуінің ортақ жауы Үндістан), Ауғанстанмен логистика негізінде әрекет етеді. Бұл шындық деп қабылдамаңыз, бір болжам ғана. Бірақ Қытайдың сыртқы істер министрі тәліптерді Бейжіңдеқұрметті қонақ етуі жайдан-жай емес-ау.

Ауғанстандағы жағдайды пайдаланып, Ресей де Орталық Азиядағы ықпалын арттырады. Тәжікстанда әскери потенциалын қазірдің өзінде күшейтті. Өзбекстанға ОДКБ-ға кір деп отыр. Саяси-әскери ықпалын осы аймақта Кремль арттырмақ. «Біз болмасақ,тәліптер ауғанды қалай жылдам алса, сендерді де солай жылдам басып алады» деген инфошабуыл басталып та кетті.

        Қазақстан билігі не істемек? Бізде «Талибан» террорлық топ деп табылған. 2005жылданбері солай. Бірақ Ауғанстанда қазір билікте  соларотыр. Демек,ресми болмаса да,жабық форматта қандай да бір келіссөздер өткізіп жатқан болар. Тым болмағанда дипмиссияны алып шығу үшін де солармен қатынас жасауға тиіспіз ғой. Өзбектер мен түрікмендер бірнеше келіссөз жасап үлгерді.

       Тәліптердің басып алуы бізге тікелей қауіпті болмаса да, идеологиялық орасан зор қауіпке ие. «Әне, көрдің бе, ауғанда қолына билікті алды ғой, біздің де қолдан келеді» деп,радикалдардыңжелпініп кетпеуіне кепілдік жоқ. Ал егер «Талибан» билігі халықаралық аренада мойындала бастаса, онда тіпті арқаланып кетеді. Ондай қауіп жоқ емес, бар. Сондықтан ҰҚК қазір идеологиялық бағытта, дін басқармалары да жұмысты күшейтуі тиіс сияқты, – дейді саясаттанушы Асхат Қасенғали.

        Рас, саясаттанушы айтқандай, елде қауіпсіздік шараларын күшейтпесе болмайды. Қазақстанда әртүрлі діни ағымның өкілдері бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бір ғана мысал, 13 тамыз күні ҰҚК «Терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру күдігімен Атырау, Жаңаөзен және Шымкент қалаларының төрт тұрғыны қамауға алынды. Аталған адамдар шетелдік радикалды уағызшылардың ұстанымындағы дәстүрлі емес діни ағымның өкілдері болып табылады. Өзге мәлімет тергеу мүддесінде жария етілмейді» деген ақпарат таратты. Сондықтан тікелей болмаса да, осындай жанама түрде қауіп бар. Сақ болайық!

Тегтер: