Мүфтият бір жылда 17 156 іс-шара ұйымдастырған

Қазіргі қоғам мен діннің байланысы алуан түрлі кейіпте дамып, қалыптасып, түрленіп жатыр. Оған алдымен дінді ұстанушы халықтың мәдениеті әсер етсе, екіншіден мемлекеттегі режимдер мен даму қарқыны да ықпал етеді.
Жалпы, дін мен қоғамның өзара қатынасы тарихи, әлеуметтік және мәдени факторларға байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, кейбір елдерде дін өмір салтын қалыптастырушы негізгі фактор күйі сақталса, екінші бір жерлерде дін мен саясаттың байланысы шимай-шатпақ, шым-шытырық, тығыз. Мәселен, Иран сияқты елдерде ислам діні саясатқа әсер етеді. АҚШ-та да, конституцияда дін мен мемлекеттің бөлінуіне қарамастан, христиандықтың саяси процестерге ықпалы байқалады. Ал Еуропада, көптеген дамыған елдерде, діннің саясатқа әсері әлсіреген.
Расында көптеген жаһан елдерінде діннің әсері мен ықпалы азайып келеді. Ондай ортада дін көбінесе жеке мәселе ретінде қарастырылады да, ғылыми және рационалды көзқарастар басымдық алады. Оған қоса, жаһандану үдерісінің жылдамдап кетуіне байланысты түрлі діндер мен мәдениеттер арасында өзара қарым-қатынас дамуда. Бұл орайда зайырлы саналатын, бірнеше дін өкілдері өмір сүретін біздің елімізде де дін тақырыбы актуалды. Мысалы, өткен жыл діни қызмет аясында «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жарияланған. Осы себептен мүфтият та аянып қалмапты. Олар қоғамды, дінді, салт-дәстүр мен мәдениетті ұштастыратын бірқатар іс-шаралар ұйымдастырған. Бұл жайлы мүфтияттағы жауапты бөлім басшысы Нұрбек Әуесханұлы 2025 жылдың басында баяндап берді:
«Дін мен дәстүр бөлімі жыл бойы мүфтият жанындағы «Ақсақалдар кеңесінің», «Сарапшылар кеңесінің» және биыл құрылған «Жастар кеңесінің» мәжілістерін ұйымдастырып отырды. Жалпы 2024 жылы бөлімнің ұйытқы болуымен 12 мыңнан астам, Қоғаммен байланыс секторының ұйымдастыруымен 11 мыңға жуық іс-шара жүзеге асты. Бөлімге қарасты жастар ісі секторы республика бойынша насихат және сауаттылық, қоғамдық жұмыстар және спорт бағытында 17 156 іс-шара ұйымдастырып, оған 835 093 жас буын өкілі қатысты. Сондай-ақ Арқалық, Орал қаласында су тасқынынан зардап шеккен жанұяларға 10 миллион теңге қаржылай және 55 тонна гуманитарлық көмек жасалды».
Әрине, тек діни өкілдер мен ұйымдардың жұмысына ерік беріп, қарап отыру да жөн болмас. Бұл сала әрдайым бақылауды қажет етеді. Себебі дін – өте нәзік әрі маңызды сала. Ал зайырлылық – көпконфессиялы және полиэтносты қоғамда бейбітшілікті сақтаудың жолы. Сол себептен де өткен жылдан бері елімізде мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен Дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Онда қазіргі заманғы сын-қатерлер назарға алынған. Тұжырымдама жасалмас бұрын үкімет деңгейінде талқылаулар жүргізіліп, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен, белгілі теологтармен және өңірлік сарапшылармен диалог орнатылды. Сол кездесулерде айтылған ұсыныстардың нәтижесі бойынша дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың тұжырымдамасы жасалды.
Балауса ДІЛДӘБЕК