Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:51, 07 Сәуір 2023

Мұғалімдердің біліктілігі қайтсе күшеймек?

None
None

Білім берудің жаңа мүмкіндіктерін құру үшін елімізде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.

Осы орайда Қазақстандағы бірқатар жоғары оқу орындарының көбі шетелдік оқу орындарымен өзара келісімге келіп, білімді нығайта түсуге күш салуда.

Айта кетсек, жыл басында Қазақ мемлекеттік қыздар университеті Сассекс университетімен тарихи келісімге қол қойған болатын. Бұл трансұлттық білім беру саласындағы ынтымақтастық тақырыбына арналған болатын. Қазақстан – Ұлыбритания үкіметаралық комиссиясының 9-отырысында Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Сассекс университетіне қоса «Халықаралық білім беру орталығы. Бағдарламалар», «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы АҚ арасында үш жақты келісімге қол қойды. Соған сәйкес, жоғары оқу орындардың профессорлық –оқытушылар құрамы, магистранттар мен докторанттары үшін Ұлыбритания мен Сассекс университеттерінің білім беру бағдарламалары бойынша біліктіліктерін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр.

Бұдан бөлек, Қызылорда облысындағы Қорқыт ата университеті Өзбекстанның жетекші университеттерімен ортақ меморандумға қол қойды. Оған дейін былтыр шетелдегі қазақ жастарына арнап, 10 білім гранты бөлінген болатын. Биыл 100-ге жуық білім гранты бөлініп, Қорқыт ата атындағы университет Өзбекстан Республикасындағы университеттер мен ұйымдардың инфрақұрылымымен, ғылым мен инновациядағы жетістіктерімен, университеттердің академиялық саясатының ерекшеліктерімен таныса отырып, шетелдік мықты университеттермен байланысты нығайтуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар еліміздегі жоғары оқу орындарындағы білімді жан-жақты дамыту мақсатында филология институты да Өзбекстан Республикасындағы Шыршық педагогикалық университеті, Әжінияз атындағы Нөкіс педагогикалық институты, Низами атындағы мемлекеттік университеті, Гүлістан атындағы мемлекеттік университеттерімен ынтымақтастық орната отырып, профессор-оқытушылардың қатысуымен өзара тәжірибе алмасты.

Бұл туралы университет оқытушысы Алуа Таңжарық: «Университетті жан-жақты дамыту мақсатында оқу орнымыздың халықаралық ғылым-білім беру кеңістігіндегі өз ұстанымы бекіп, шетелдердегі жоғары оқу орындарымен, соның ішінде түбі бір түркі елдерімен ынтымақтастық аясы кеңейе түсті. Сондай істердің бір нәтижесі – Өзбекстан Республикасындағы бірқатар жоғары оқу орындарының ұстаз-ғалымдары қатысқан біліктілік арттыру курсы. Ондағы мақсат – қазақ тілі мен әдебиетін оқып үйрету әдістерін, кредиттік технология жүйесінің ерекшеліктерін игеру, оқытудың жаңа технологияларымен бөлісу, ел болашағы үшін білікті де білімді мамандар дайындау жолында тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік», – дейді.

Қысқасын айтқанда, жоғары оқу орындары арасындағы өзара байланыс ұстаздардың біліктілігін арттыруға ықпал етеді. Әрі осындай ынтымақтастық аясында екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты нығайтуға себеп болады.

Тегтер: