Мұғалімдер енді мектептен тыс болған жағдайларға жауап бермейді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің жауапкершілік аясын нақтылау жөнінде ұсыныс айтты. Мемлекет басшысы педагогтарды мектептен тыс жерлерде балалармен болған оқиғалар үшін жазалауға жол бермеу қажеттігін атап өтті.
Оның айтуынша, қазіргі кезде кей жағдайларда мұғалімдер өз бақылауынан тыс болған оқиғалар үшін жауапқа тартылып жатады. Бұл, бір жағынан, білім беру жүйесінде кадр тапшылығын күшейтіп, мұғалім мамандығының беделін түсіруі мүмкін.
Президент Үкімет пен Білім министрлігіне тиісті заңнаманы жетілдіріп, мұғалімдердің құқығын қорғау тетіктерін күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, оқушылардың қауіпсіздігі үшін ата-аналардың да жауапкершілігін арттыру қажеттігін айтты.
Тоқаев бұл бастаманың басты мақсаты – педагогтарды орынсыз қысымнан қорғау және олардың негізгі міндеті – сапалы білім беруге толық көңіл бөлуіне мүмкіндік жасау екенін жеткізді.