Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:44, 17 Тамыз 2023

Мүгедек жандарды Ұлт жоспары қорғай ма?

None
None

Біздің еліміз 2020  жылдан бастап мүгедек жандардың құқығын қорғайтын Ұлт жоспары аясында жұмыс істеп келеді.

Ондағы мақсат елдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін басты назарда ұстау.   

Қазақстанда бүгінде 705 мыңнан астам мүгедек бар, оның ішінде 430 мың адам еңбекке қабілетті жаста, 181 мыңы – зейнеткерлік жаста және 94 мыңы – балалар.

Елімізде мүгедек адамдардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар іске асырылуда.

Аталмыш ұлттық жоспар 7 бағытты қамтитын 64 іс-шарадан тұрады.

Жеті бағыттың ішінде мүгедектік профилактикасы мен алдын алу, білім алуға қолжетімділік, кедергісіз орта, жұмыспен қамту, тиімді оңалту, әлеуметтік қызметтер және қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері қамтылған. 

Жалпы, байыптап қарасақ, қазірде көптеген елдерде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы жобалар бар. Мысалы, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан тәрізді көршілес елдерде мүгедектердің құқын қорғайтын, оларды жұмыспен қамтитын, оқуына мүмкіндік туғызатын арнайы орталықтар бар. Ол орталықтарда жарымжандарға көмектесетін заңгерлер, педагогтар, белгілі бір курстарды оқытатын арнайы мастерлер де бар. Ал бізде қалай?

Бұған қатысты біздің елімізде де арнайы жобалар жұмыс істеп жатыр.  Мәселен, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарына сәйкес мүгедек жандар мен қоғамның пікірлерін ескере отырып, бізде мүгедектік мерзімін бекіту ережелері де өзгертілді. Оңалту болжамы қолайсыз адамдар үшін мүгедектік мерзімі 5 жылға дейін ұзартылды, бала 5 жылға немесе ол 16 жасқа толғанға дейін мүгедек деп танылатын көрсетілімдер кеңейтілді.  Сондай-ақ елімізде алғаш рет электр жетегі бар отандық кресло-арбаларды өндіру бойынша жоба іске қосылды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 1381 кресло-арба шығарды, олардың 817-сі өңірлерге жеткізілді. Amazon және Alibaba сияқты сервистердің қағидаты бойынша мүгедек адамдар үшін aleumet.egov.kz әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды.

Сондай-ақ аталмыш цифрлық жобада келесі мүмкіндіктер де қолжетімді; оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдау құқығы; оларды алу мерзімін 6 айдан 15 күнге дейін қысқарту; бизнес-процестердің ашықтығы, делдалдық қызметтерді жою; бағаны біріздендіру, бюджет қаражатын тиімді пайдалану;  оңалтудың техникалық құралдарын және қызметтерін жеткізушілердің тең қолжетімділігі.

Бүгінгі таңда порталда оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерінің 1157 жеткізушісі тіркелген және 24 мыңнан астам техникалық оңалту құралы берілді.

Бұдан бөлек еңбекке қабілетті мүгедек адамдарға қатысты да жобалар іске аса бастады.  Бүгінде елімізде мұндай топтағы мүгедектердің  100 мың адамы немесе 23,3 пайызы жұмысқа тартылған. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 30 пайызға дейін ұлғайту жоспарланған.  Осы орайда «Еңбек» бағдарламасы белсенді іске асырылуда.

Бұған қатысты бізге деректер ұсынған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебінше, биыл 13 мың мүгедек адам жұмысқа орналастырылды, 626 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, 830 өтеусіз грант және 350 шағын несие берілді.

 Қазіргі уақытта мүгедек адамдарға арналған Кәсіптер атласын әзірлеу аяқталуда. Бұл шараның негізінде мүмкіндігі шектеулі жандарды сұранысқа ие мамандықтарға, оның ішінде ІТ дағдылары бойынша оқыту жүргізіледі. Жергілікті және орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп мүгедек адамдарды мемлекеттік қызметшілер қатарына тарту бойынша да  жұмыстар жүргізілуде. Осылайша Қазақстан мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттілігін ұлт жоспары аясында өтеуге бекініп отыр. Бұл Ұлт жоспарынан халықтың күтері үміті мол. Ендеше, аталмыш жоспар үмітті ақтасын делік...

Тегтер: