Мүгедектер қоғамының төрағасы өзін өртеп жібермек болды

Қарағанды қаласындағы Полиция департаментінің алдына барған мүгедектер қоғамының төрағасы жолды жауып тастап, наразылық шарасын жасаған.
Ол ғимаратқа қарама-қарсы жерге «Полковник Бадженов мүгедектерге ақшаны қайтар» деген жазуды іліп қойған. Өзі жолдың ортасына бензин құйылған канистрларды алып шығып, қолына газ жылытқыш құралын ұстап тұрып, полковниктің келіссөзге шығуын талап етті. Оқиға орнына полиция қызметі, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем келіп, сол маңды қоршап тастады. Шамалы уақыт өткен соң ер адам өрт қойған. Алайда өрт сөндірушілер тілсіз жауды сөндіріп үлгерді. Полиция қызметкерлері мүгедектер қоғамы төрағасын ұстап алып кетті.
Полицияның хабарлауынша «Жан Дос» қоғамдық ұйымының төрағасымен департамент бастығының орынбасары келіссөз жүргізген.
— Заңсыз әрекеттерін тоқтату талаптарына қала тұрғыны көнбей, өзіне және айналасындағыларға қауіп-қатер тудырды. Азаматтың өзіне және айналасындағыларға зиян келтірмеу мақсатында ол ұсталып, полицияға жеткізілді. Ол заңсыз әрекеттері арқылы сотта қаралып жатқан азаматтық істі шешу мақсатында әрекет еткен, – деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Биылғы жылдың ақпан айында «Жан Дос» қоғамдық ұйымы Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімдерінің айналасын қоршау бойынша тендер ұтып алған. Алайда, олардың жұмысы сапасыз жасалғандығын, Қарағанды облыстық полиция департаментінің мамандары «Жан Дос» қоғамдық ұйымдары өкілдеріне жұмыс жасалған жерге шығу арқылы көрсеткен. Аталған дерек бойынша полиция департаментінің заң бөлімі сотқа арыз беріп, сот оларға 30 қарашаға дейін кемшіліктердің орнын толтыруға уақыт берген. Десе де жауап беруші тарап, ол кемшіліктерді мүлде орындамаған. Осыған орай, 6 желтоқсан күні мемлекеттік сатып алу порталында мемлекеттік сатып алу маңының 12-бабы 4-тармағы 3-тармақшасына сәйкес жіберілген кемшіліктерге байланысты бұрын жасалған келісімшарт біржақты бұзылды.
Атқарылмаған жұмыстар бойынша іс материалдарын сот қарап жатыр. Сот отырысы 14 желтоқсанға белгіленген. Енді қоғамдық ұйым басшысына бүгінгі теріс іс әрекеті үшін де сот алдында жауап беруге тура келеді.