Мүгедектерге қызмет. Инватакси және жәрдемақы

Қазақстанда 2024–2025 жылдары халықты әлеуметтік қорғау жүйесі күшейтілді. Зейнетақылар мен жәрдемақылар бірнеше пайызға өсті.
Базалық зейнетақы мөлшері артты, ал әлеуметтік төлемдердің көлемі кезең-кезеңімен ұлғая бермек. Соның ішінде ана мен балаға берілетін көмектер көбейіп, бала күтімі үшін төлем мерзімі ұзартылды. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне енді келісімшартпен жұмыс істейтіндер де қатысады. Мүгедектерге арналған қолдау шаралары кеңейіп, жаңа сараптау жүйесі енгізілді. Жұмыс орындары құрылып, кәсіптік курстар ұйымдастырылды. Осал топтарға гранттар беріліп, әлеуметтік инфрақұрылым жақсартылуда.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау мақсатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі инватаксиді дамытуға ерекше көңіл бөліп жатыр. Жақында ведомствоның бастамасымен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инватакси қызметін көрсету кезінде такси агрегаторларын пайдалану жөніндегі пилоттық жоба іске кірісті. Сөйтіп 2025 жылдың басынан бастап Астана мен Алматы қалаларында аталған қызмет 221,7 мың рет көрсетілді. Ал былтыр мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметі 207,2 мың рет көрсетілген.
Инватакси қызметін көрсету жылдамдығы мен сапасын арттыру мақсатында еңбекмин әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істеуде. Қазіргі таңда азаматтарға қызмет алудан бір күн бұрын телефон арқылы жазылу қажет және инватакси қызметтерін атқаратын көлік құралдары аз. Бірқатар мәселе бойынша жүргізіліп жатыр. Аталған пилоттық жоба да осыны мақсат етеді. Өзгерістерге сәйкес, көлік қызметінің төлемақысы пайызсыз болады. Тағы азаматтар «Яндекс Go» мобильді қосымшасы арқылы инватакси қызметін қолдана алады. Бұл ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін уақыт жағынан тиімді. Көлікті тез табуға, таңдауға, онлайн тапсырысты қадағалауға, тапсырыстарды мониторинг арқылы бақылауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде жүргізушілер адамды көлікке отырғызу және одан түсуде қалай көмек көрсетуге болатын секілді арнайы нұсқаулар алады.
Биыл Астана және Алматы қалаларынан мүгедектігі бар адамдар қатарынан фокус-топтың қатысуымен жобаны пилоттық режимде іске асыру жалғасып жатыр. Алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде масштабын ұлғайту жоспарлануда.
Жалпы Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін көмек 2024–2025 жылдары кеңейтілді. Жәрдемақылар көлемі артты, қосымша төлемдер қарастырылған. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан азаматтарға ай сайын төлем жасалады. Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы техникалық оңалту құралдары, жеке көмекші, ымдау тілі маманы сияқты қызметтер ұсынылады. Оңалту қызметтерінің қолжетімділігі артты. Арнайы қозғалыс құралдары, инватакси, протездік-ортопедиялық заттармен қамту жалғасуда. Әлеуметтік кодекс пен инклюзивті саясат негізінде мүгедек жандардың құқықтарын қорғау, еңбек етуіне жағдай жасау, қоғамдық нысандарға қолжетімді орта қалыптастыру шаралары жүргізілуде. Білім, мәдениет, спорт мекемелерінде бейімдеу жұмыстары басталды. Заң бойынша бірінші және екінші топтағы мүгедектерге жеңілдіктер мен арнайы еңбек шарттары қарастырылған. Құқықтық көмек пен ақпарат алу да жеңілдетілді.
Б.МЕЙІРБЕК