Мұхамедиұлы Қазақстандағы мектептердің бірін өзіне меншіктеуге тырысқан – Антикор

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұрынғы мәдениет және спорт министрі, сондай-ақ Ұлттық музейдің экс-басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тергеу аясында жаңа күдікті істерді анықталды, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
"Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты бюджет қаражатын ұрлау эпизоды бойынша 221 миллион теңге сомасында үкім шығарылды. Қазіргі уақытта бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау және жоғары спорт шеберлігі мектебін заңсыз жекешелендіру бойынша қосымша эпизодтар бар.
Келесі эпизод - "Дипломат" қонақ үйін рейдерлік басып алу және пара беруге әрекет жасау. Осы істердің барлығы бойынша материалдар қазір соттың қарауында", - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Арман Тілеукенов.
Бұған дейін экс-мәдениет және спорт министрі, Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы басқа қылмыстық іс бойынша сотқа қайта келген болатын. Бұл жолы шенеунік астаналық «Дипломат» қонақүйін рейдерлік жолмен басып алды деп айыпталып отыр.
Еске сала кетейік, Астана қаласының ауданаралық сотының үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.