Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 20 Тамыз 2024

Мұхаммедсәлі Тасқынбаев: «Мүмкіндігі шектеулі жанмын» деп ешкімге масыл болғым келмейді

Мүгедектер
Фото: из открытых источников

Адам баласының аз ғұмырында тағдырдың беретін сыйы мен сынағы мол. Алайда алдына қандай қиындық пен қасірет келсе де, сағын сындырмай, қайратты рухының арқасында өз арманына адалдық танытатындар кемде-кем.

 Қоғамның қай саласына көз салсақ та, тағдыр талқысына түсіп, өмір мүмкіндігін шектеген кезде де, жанын кірлетпеген, рухын қүлатпаған жандарды кездестіріп қаламыз.

Жігері жығылмаған қайратты жандар қоғамның дамуына, елдің әлеуетіне араласып жүргені талай жанға үлгі болары анық. Біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз де қандай қиындыққа тап болса да, жақсылық жолынан таймай, арманына адалдық танытқан жан. «Қалауын тапсаң, қар да жанады» дегендей идеясымен табысқа кенеліп, мүмкіндігі шектелсе де ел қатарлы еңбек қылып жүр. Түркістандық кәсіпкер Мұхаммедсәлі Тасқынбаев өзімен тағдырлас екі серіктесімен бірге облыс орталығынан компьютерлік қызмет көрсету орталығын ашқан. Оның айтуынша, осыдан үш жыл бұрын іске қосылған орталыққа қажетті құрал-жабдықтардың біразын несиеге, қалғанын ағайын-жолдастың қолдауымен сатып алған. Бастапқы жылдары кәсібін құжат көшірмесін жасау, фото шығару сынды қарапайым қызметтен бастаған олар уақыт өте келе электронды портал ашу, анықтама алу, бейнемонтаж жасау қызметтерін де меңгеріп алған. Ал табыс көзі жайлы сұрағанымызға кейіпкер «асып-тасып жатпаса да, өзімізге жетеді, өз қажеттілігімізді өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз» деп қысқа қайырды.

«Ғимаратты жалға алып, ай сайын қырық мың теңге төлеп отырмыз. Коммуналдық қызметке бөлек төлейміз. Біраз уақыт бұрын бірнеше жобаға қатыспақ болған едік. Бірақ көптеген кедергілер пайда бола кетті. Мысалы, бір кездері мен бірінші топтағы мүгедек болғаным үшін 500 мың теңгелік, 3 миллион теңгелік жүлде қоры бар сайыстарға қатыса алмадым. Тіркелу үшін жұмыспен қамту орталығынан «жұмысқа жарамды» деген құжат алып келу керек екен. Ал ондай құжатқа мүгедек адамның қол жеткізуі қиын ғой. Түрлі жобаларға өтініш жіберіп, жауап ала алмадық», – дейді Мұхаммедсәлі.

Бұл орталықты ашып, жұмысын дөңгелетіп келе жатқан Мұхаммедсәлі, Еркебұлан, Анарбай есімді азаматтардың үшеуі де бірінші және екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарында екен. Кәсіпкердің ойынша, мүмкіндігі шектеулі жандардың мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекпен ғана күн көруі қиындау. «Мысалы, біз дені сау адамдар сияқты автобуспен жүріп, жалпыға ортақ арзан моншаға түсе алмаймыз. Бір жерден екінші жерге бару үшін такси жалдап, көлік шақыртуға тура келеді. Ал оның бағасы арзан емес. Оның үстіне, кім болса да төрт қабырғаға қамалып отырғаны дұрыс емес қой. Ондай жағдайда өмірге деген құлшыныс та, денсаулық та кірбің тартып, нашарлай бермек. Әрі «мен мүмкіндігі шектеулі жанмын» деп ешкімге масыл болғым келмейді. Сондықтан өзіміз би, өзіміз қожа болуды қалап, өз кәсібіміздің қамына кірісіп кеттік» дейді ол. Адамның мүмкіндігі шектелсе де, оның ойы мен санасын, қабілетін шектей алмайсың. Адам құқығының ішіне кіретін бұл мәселені шешу, реттеу әлемнің көптеген елдерінде іске асуда. Айтуынша, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тактильді жолақ, дәретхана, пандустар мемлекеттік стандарттар мен талаптарға сай емес. Осы салаға қанша көлемді қаржы құйылса да, алға қойылған жұмыстардың ешқайсысы толық атқарылмайды екен. Ерекше күтімді қажет ететін, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсету бойынша Еуропа елдері алда келеді. Қазақстан бұл елдерден тәжірибе жинап, үйренуде. Бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі жандар Еуропаның кинотеатрларына, кафелері мен мейрамханаларына еркін бара алады, өйткені бұл орындар арнайы пандустармен, автоматты есіктермен, лифттермен және мүмкіндігі шектеулі адамдардың қолайсыздықты сезінбеуіне көмектесетін басқа да пайдалы техникалық шешімдермен жабдықталған. Бұл заң деңгейіндегі бизнеске қойылатын талап.

Сондай-ақ біздің кейіпкеріміз қызу тірлікпен қарбалас бола жүріп «замандастарымызға амандық тілейміз, тағдырластарға мақсатқа жету жолында ешқашан мойымай, білім алыңыздар деп айтқым келеді», – деп кеңестерін айтты.

Сәруар БАҚБЕРГЕН

Түркістан облысы