Мұхтар МАҒАУИН. Әбдірашид Ахметов
Адамның кісілік қасиетінің ең басты белгілерінің бірі – мейір, шапқат болса, осыған орай, жақсылықты білу де өзгеше бір сыпат.
Керек десеңіз, айқындаушы белгі санаймын. Бұрнада айтқам, жазғам, менің ұзақ ғұмырымда, әсіресе оның шешуші, бастау кезеңінде қол ұшын берген, қолтықтан демеген, риясыз ықылас-пейілін аямаған алдыңғы ағалар көп болды: Бейсенбай Кенжебаев, Мәлік Ғабдуллин, Нығмет Ғабдуллин, Ғабит Мүсірепов, Әлкей Марғұлан, Ілияс Есенберлин, Олжас Сүлейменов… Осы қатарда, үлкен жақсылық қана емес, азды-көпті себесін, кейде зәредей көмек жасаған адам атаулы түгел есімде. Кейінде елеусіз көрінуі мүмкін, шындығы – сіздің болашақ тағдырыңызда шешуші болмаса да, дәп сол сәттегі аса мәнді шаруа. Мен өткен күндегі мұндай жағдаяттардың ешқайсын да ұмытқан емеспін. Мәселен, әуелгі бір әңгімемнің журналға өтуіне септескен Қадыр Мырзалиев, мен туралы баспасөз бетінде алғаш рет сүйінішті пікір білдірген Қалижан Бекхожин, Қазақ Ордасы дәуіріндегі ұлттық әдебиетті дәйектеген монографиямның бастауынан шағын екі мақаламды «Лениншіл жас» газетіне шығарған Жұмекен Нәжімеденов, менің өмірімдегі бетбұрыс оқиға – Ғабит аға Мүсіреповпен жалғастығыма себепкер болған Қабдыкәрім Ыдырысов...
Енді осы орай, басқа бір тұрғыда жәрдемдескен Әбдірәшит Ахметов туралы азғана естелік.
Әбекең ақсақалдың есім-жөні маған бұрнадан таныс еді. Мектеп жылдары, шамасы алтыншы, жетінші кластардан. Кітапқа әбден құныққан, және қажетіңді түгел таппай, үнемі шөліркеп жүрген кез. Бір күні аудандық кітапханадан «Горио әкей» дейтін ерекше роман ұшырасқан. Француз Бальзак. Тұрпаты бөлек шығарманы айрықша тамашалап, қайран қалып оқыдым. Ол заманда шет тілдік кітаптың аудармашылары көп назарға іліне бермейді, бірақ мен үнемі ежіктеп, қадағалап отырар едім. Бұл ретте – Әбдірәшит Ахметов. Арада бірер жыл өткенде қайыра ұшырастым. Орыс жазушысы А.Степанов – «Порт-Артур». Бұл да басқаша бір өмір және танымдық мазмұны бірталай. Қиыр Шығыстағы Орыс-Жапон соғысы ғой. Қызыға оқып едім. Арада он-он екі жыл өтсін. Жазушылар одағында, «тірі қалпында» көрдім. Бұл кезде мен «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарам, ортақ ұйым шегі, алыс-жақын жұртпен таныспай, біліспей тұрмайсың, оның ішінде бір ғимарат аясындағы қауым, күнделікті болмаса да жиі көрісіп тұрмақ. Әбекеңмен тікелей таныстығымыз да үлкен дәлізде кездесіп қалған жағдайда сәлем беруден аспап еді. Елудің жуан ортасындағы, орта бойлы, тығыз денелі кісі екен, басы үлкен, шашын тықыр-таза алғызған. Бұл кезде ССРО Жазушылар одағы, Қазақ әдеби қорының бастығы. Литфонд. Айтқанымдай, ол үлкен кісі, ал біз жаңадан, шұғыл көтерілсек те, жиырманың ішіндегі жас жігітпіз.
Хош. 1967 жылы, май айының әуелгі бір күні, «Жазушы» баспасы, Ілияс Есенберлиннің ғұзырына көшейін. Арада үш ай өтпей, маған қазыналық пәтер берілетін болды. Ол кезде жазушылар ұйымының қарымы кең, мен қатарлас, әйтсе де бұрынырақ орналасқан бірнеше жігіт үйлі болып үлгерген. Осының алдында ғана, газетте жүрген кезімде, әлдебір, орта дәрежелі жазушының босаған қонысына іліне жаздап, жетпей қалғам. Енді жаңа құрылым, жаңа пәтер. Әрине, баспана – жазарман ғана емес, жалпы жұрт үшін тұрмыстық ең негізгі мәселе. Ілекең кәсіподақ кеңесінде мағлұм қылып, Баспакомнан мен үшін арнайы сұрап алғанын айтып, ресми мақұл тапқан. Енді қажетті документтерін өткізу керек. Бұл тараптағы ең басты куәлік – үйі жоқ дейтін анықтама болып шықты. БТИ дейтін, тұрмыстық жағдаяттарды тіркейтін атаулы мекемеге барасың да аласың. Бардық. Қалың кезекте жарым күн тұрып, алақандай терезе-қуысқа жеттік. Соншама күрделі мәселе. Енді бұдан да үлкен кезекте тұрасың, егер ешқандай көлденең шатағың болмаса, екі-үш айдан соң, қайткенде жарым жылға жетпей, қажетті бір жапырақ қағаз қолыңа тимек.
Пұшайман болып, кері қайттым. Баспаның кәсіподақ жетекшісі – Балайым деген апай еді. Өтембаева. Орта жастан асқан, биязы, кісілікті әйел, корректорлар бюросының бастығы. Келдім, айттым, үш айсыз болмайды екен, деп. Алдында ескерткен, жиырма күн ішінде барлық құжатты тапсыру керек деп. Одан қалса, төтесінен шығарып тастамас, бірақ әжептәуір қатер. Баспаком жаңа үйге қатысты арнайы шешім қабылдауға тиіс. Заңды түрде жаппай бөліске салғанда, бір кісі үшін бәрін тежеп, қаңтарып қоя алмайды ғой. Мүмкін, басқаларды жайлап, сені күте тұруы да. Әйткенмен, кәдікті жағдай. Енді қайттік? «Әбекеңе бар, – деді Балайым апай. – Әбдірәшит ағаңа. Бәлкім, сол кісі бір жөнін табар...»
Салбырамасам да, екідай көңілмен Әбекең ағама келдім. Біз – бірінші қабат. Әдеби қор – екінші қабатта, оң жақ түкпір. Жеке кабинет екен. Сәлемдестім. Істің мән-жайын айттым. Әбекең бар, иә жоқ демей, бірнеше ауыз сөзге тартқан. Менің үй-жайым емес, жазуым тарабында. Ежелгі жыраулар жөнінен хабардар екен. Енді баспаға келдің, кітабыңды дайындап жатқан шығарсың. Жақсы болды. Біз Ілекеңмен ауылдас боламыз. Атбасар, деді. Яғни менің мұндағы жағдайымды да нақты біліп отыр. Содан соң, әлдебір анықтама кітапшаны алды. Жалпылама справочник емес, астанадағы әрқилы министрліктер мен елеулі мекемелердің тізбесі сияқты.
Арғы жақтан қолма-қол көтерілген. Әбекең алдымен өзінің мансап-дәрежесін айтқан. Содан соң бізге қажетті мекеменің анау деген бастығының есімі мен әке-тегін сұрап алды. (Анықтамада нақты мағлұматы болуға тиіс, сірә Әбекең, соның өзі ме, ауысып кеткен жоқ па дегендей дүдәмалын бекітсе керек.) Пәленбай Түгенбаевич. Арғы жақтағы хатшы қыз өзіне қосайын ба деп сұраса керек. «Жоқ, рақмет, өкіметтік телефоннан тікелей соғамын», деді. Содан соң, «вертушка» аталатын, шынында да өкіметтік, қайткенде бірінші бастықтарға тиесілі телефонның тұтқасын көтерді. «Пәленбай Түгенбаевич… Қайырлы күн… Мен – ССРО Жазушылар одағы Әдеби қорының Қазақстандағы директоры Әбдірәшит Ахметов боламын...» таныстыққа септес, азғана қыстырма сөз. «Бұдан әрі – сізге үлкен өтінішім болып тұрғаны… Біздің Жазушылар одағына жаңадан келген Мұхтар Мағауин дейтін дарынды жас жазушыға Орталық Партия комитеті тарабынан арнайы пәтер бөлінген еді. Осыған орай, басында жекеменшік, немесе қазыналық үйі жоқ деген анықтама керек екен. Жаңадан көтерілген һәм үлкен кісілер тарабынан қолдау тауып отырған жас жігіт қой, үй қайдан болсын. Енді сол пәтерді алу үшін Сіздің мекеменің куәлігі қажет болып тұр… Арғы жақтағы үлкен бастық одан арыға сілтесе керек. Кезекке тұрсын, ретімен алсын… Әбекең күлді. Пәленбай Түгенбаевич… Кезек кемі екі-үш ай екен. Мұншама күту мүмкін емес. Сізге сол үшін де өтініш жасап тұрмын ғой. Ең ақырғы, шешуші инстанция деп. Басқа, көлденең біреулерді араға салмай, тікелей өз атымнан және Сіздің өзіңізге… Арғы жақ та күлсе керек. Енді Әбекең де жадырай сөйледі. Рақмет. Жас жігітіміз осы қазір өзіңізге барады… Содан соң менің қолымды алды. Тезінен жетуге машина керек пе?» Ілекең өзінің «Волгасын» менің иелігіме берген дедім.
Сонымен, бір жапырақ, ақиқат анықтама алу үшін екі айдан астам кезек күту қажет ғаламат мекемеге әп-сәтте жеттім. Ауызғы бөлмедегі хатшы келіншекке Пәленше-екең күтіп отыр, қабылдауға тиіс, дедім. Қырықтың ішіндегі жалпақ орыс екен. Сізге Әбдірәшит Ахметовичтен келіп тұрмын, деймін. Қолын созды. Паспорт. Содан соң ішкі телефон арқылы тиесілі қызметкеріне соққан. Үш күн? Жоқ, болмайды, екі сағат ішінде жасап бересіз. Қазір маған келіңіз. Бәденді орыс әйел. Бастығынан менің паспортымды алды. Бір сағаттан соң түскі үзіліс, екі жарымда келіңіз...
Болды, бітті. Сағат екі жарымда сиқырлы күші бар бір жапырақ анықтама қағазға қолым жеткен. Сол беті тезінен қайтып, өзіміздің кәсіподақ – Балайым апайдың қолына ұстаттым. Сізге рақмет, дегем. Қапиядан жол тауып бердіңіз...
Содан соң бөгелместен, екінші қабатқа көтерілдім. Әбдірәшит ағам жадырай күліп қарсы алды. Отыр, деген содан соң. Осы сен анада диссертация қорғадың ғой… Жас ғалым, қағаз бар, мәшіңке шығыны, қаншама қаражат. Енді қазір өтініш жазасың. Мен осындай жас әдебиетші, жаңа кітабымды баспаға тапсырмақ едім, осыған сеп, бір реттік ақшалай көмек сұраймын. Жаздық. Әбекең парақ қағаздың шекесіне қол қойды да, хатшы, әрі бухгалтер Фарида апайды шақырды. Бұл кісінің де жүзі таныс, қазақтанған татар, жұғымды, мәдениетті кісі еді. Фарида, мына Мұхтар деген бауырыңа бір жүз елу сом бер, тым көп емес, сейфіңнің түбінен табылып қалар, деген. Жаңадан қазыналық пәтер алып жатыр екен. Бізден байғазы.
Бұл кезде менің жағдайым тәуір, Ілекеңнің шарапатымен жоспарға төтеден қосылған «Қобыз сарыны» өндіріске өтіп жатыр, алғашқы, құнды кітап өз алдына, әуелгі кезектегі, біршама мол дүниеге тақап тұрмын, алайда ақшаның артығы болмайды. Және менің айлық жалақыма тақау, әжептәуір қаражат. Ең бастысы – Әбекеңнің қамқор, ақ-адал ниеті. Одан да мәндісі – бірер жүз емес, нешеме жүз, менің қолымда жоқ мыңдаған сом ақшаға парапар – атаулы анықтама қағаз болатын. Қалай ұмытарсың.
Қыс түсіп, алғашқы қар жауғаннан соң, 9-микроаудандағы жаңа үйден сыңғыраған, үш бөлмелі пәтер алдық. Жалдама, қанша ақша төлесең де тынышы жоқ, тұрмыс-жайы да төмен, жайдақ, жат үйден құтылып, өзімізге ғана тиесілі кең дүниеге шығыппыз. Бұл құтты мекенде көңілім жайланды, қаншама бейнеттен құтылған әйелің риза, кішкентай балаларың улап-шулап ойнап жүр. Ал өзің… мойның міндетті қызметтен босамаса да, жазуыңа көлденең бөгесін жоқ. «Тазының өлімі» хикаяты мен бірнеше әңгіме, ең бастысы – «Көк мұнар» романы осы, Ілияс аға Есенберлин алып берген, Әбдірәшит Ахметов ақсақал да өз үлесін қосқан құтты пәтерде жазылып еді.
Арада төрт жыл өткенде Жазушылардың жаңа бір ауылы – Жамбыл көшесіндегі әйгілі Сары үйге көштік. Енді Әбдірәшит ағамен көрші шығып едік. Менің ықыласым қашанда түзу. Әбекең де, жасының үлкеніне қарамастан, үнемі құрмет тұтады. Бәйбішесі де кең, көрші-қолаң, келін-кепшікке оңымен қарайтын, етжеңді, байсалды кісі. Біздің балалар Дәу-апа дейтін.
Әбекеңнің жақсылығын ұмытпағам. Ортақ ауламызда ұшырасқан кезімізде жылы амандасып, еркін әңгімелесіп жүрдік. Алайда, үй-аралық жақындық орнамап еді. Жас айырымынан ғана емес. Менің жалпыға ортақ салқындығымнан болса керек. Әйтпесе, іргелес екі даланда тұрамыз, үлкен аға ретінде дастарқанға шақырмаппыз. Әлде әуелгі ізет ағадан деп уақытынан ұзатып алдық па. Шынында ең басқы ілтипат – ініден болуға тиіс-ті. Қарбалас, қысталаң өмірдегі ғапыл бір жағдай.
Ең соңғы рет – біз Құрманғазы даңғылындағы жазушылар ауылына көшер қарсаң, 1984 жылдың ақыры, ортақ ауламызда көрдім. Осыдан біраз бұрын инсульт алған. Әжептәуір оңалып қалыпты, бірақ таяқ ұстаған, әрлі-берілі, жайлап жүр екен. Сәлемнен соң, міне, жазылып та кеттіңіз деп көңіл делбедім. Тілі аз-маз мүкіс екен. Менің жазуым мен жұмысымның жайын, кішкентай балаларымыздың амандығын сұрады. Азғана ілесіп жүрдім. Көп ұзамай, анадайдан бақылап, далан алдындағы орындықта отырған бәйбішесі үйге ертіп әкетті.
ХХ ғасырдың орта шенінде қазақтың үздік дәстүрлі көркем аударма мектебін бекемдеуші алғы лек өкілдерінің бірі, менің өткен өмірімнен үлкен орын алмаса да, бір сәтте қажетті түйінімізді шешіп берген абзал аға туралы «Естеліктер кітабында» таңба қалдыруды парыз санадым.