07:47, 07 Тамыз 2019
Мұхтар Мағауин. Аңыз адам журналына берген сұхбаты

– Қазақтың жаңа әліпби нұсқасы туралы не айтасыз?–Осыдан біраз жыл бұрын мемлекет басшысы: «Қазақта мемлекет те болмаған, шекара да болмаған.
..», – деді. Соған бір тарихшы бір ауыз қарсы уәж айта алмады. Бәрі үндемей отырды, тіпті мақұлдағандай сыңай білдірді. Қазір мына жаңа әліпбидің арты да жаман болады-ау деп отырмын. Осыдан қайтып ауылыма барған соң (тұрған жерімді ауылым деймін), ол туралы да жазамын. Егер ең жаман әліпбиге бәйге жарияланса, осылардың ұсынып отырғаны өтер еді, өйткені бұдан жаман болуы мүмкін емес. Бір ойланбаған нәрсе, 1930–1940 жылдар аралығында латын әліпбиін қолдандық, бірақ соған қараған бір адам жоқ. Ол бұрынғы А.Байтұрсыновтың арабша төте жазуы үлгісінде жасалған болатын. Мен жоғарыдағы нашар нұсқа өтіп кетер ме екен деп қатты алаңдаймын, өйткені, жалдамалы жандайшаптар пайда болды, солар «осы нұсқа жақсы екен, кейін үйреніп кетеміз» дейді, соған қарағанда жоғарыдан нұсқау берілген сияқты, «компьютердің перне тақтасындағы 26 әріпке сыйдырыңдар» деп, сонан кейін мәртебелі тіл мамандарының бәрі де жалтақтап отыр. Бұл қазақтың руханиятына ғана емес, бүкіл болашағына қатысты нәрсе. Осындай дүниелерге өз пікірін ашық айта алмаса, ондай академик, доктор, профессорлар бізге көк тиынға керегі жоқ. Әрине, бірлі-жарым көлденең зиялылар мен қарапайым адамдар айтып жатыр, ал мамандарың үнсіз, тартынып отыр, «әй мынау болмайды, жарамайды» деп айтса басын кесіп ала ма, айдап жібере ме?! Жоғарыдан нұсқау берілді, болды, соны орындайтын құл болып кеткенбіз. Ертең «мынадай әліпбиді мойындамаймыз» деп жұрт балаларын орысша мектепке бере бастайды әлі. – Дініміз туралы не айтасыз?– «Мұсылман діні күшейіп келе жатыр» деп қуанып едік, бұл жаңа ағым қазаққа жау болып шықты. Өйткені олар қазақтың салт-дәстүріне қарсы, тіпті Құран қалыптастырған діни терминдерді бұзды. Қазақ бұрын «шариғат» дейтін еді бұлар «шарият» деді, Алланы – Аллах дейді, арабшаның өзінде Аллах емес екен. Олар айтса керек еді: «Ұлттың тілін сақтаңдар, әдепті болыңдар, ата-ананы сыйлаңдар», – деп. Бұларда ол жоқ, барлық насихат қазаққа қарсы: «Келін ата-енеге иіліп сәлем салмауы керек, Аллаға ғана иілуі керек», – дейді. Келін ата-енеге ғана емес, жасы үлкеннің бәріне иіліп сәлем береді. Аруақ жоқ дейді, аруақ жоқ болса, қазақ та жоқ. Айта берсек, әңгіме көп.Содан кейін мың жыл тұрған әулие ағашты өртеді, ол – табиғаттың өзгеше құбылысы. Германияда сондай бір ағаш бар екен, олар оған тимеген, фотосын қиып алып сақтап қойдым. «Бейіт салуға болмайды, ас беруге болмайды», – дейді. Бұл – қазаққа қарсы шыққан нәрсе, ал қазаққа қарсы шыққан нәрсе жойылуы керек, оған қарсы күресуіміз керек. Бұған жол беруге болмайды, кейінгі жастарды аздырып барады. Мұсылман діні ешқашан жергілікті жердің салт-дәстүріне қарсы шықпаған, сол себепті де бейбіт түрде әлемді жаулаған. – Оралмандардың жағдайымен де таныс шығарсыз?– Ойлай берсең бәрі уайым. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап қазақтардың отанына оралуына үкімет тарапынан қарсылық болып келе жатыр. Мен бұрын «Жас алаш» газетінде жазғам, «антиқазақ саясат» деп. Мұны істеу оп-оңай еді, келіп жатқан қазақтардың құжаттарын уақытында дұрыстап беруге болар еді, бірақ берілмеді. Мысал үшін айтайық, біздің жоғары билік орыстардан именеді десек, арнайы қаулы шығармай-ақ қойсын, елбасы лидеріміз оралмандар көшіп келген облыстың әкіміне хабарласып «қандастарымызға көмектесіңдер» десе, олар ауданның әкіміне тапсырма береді, сөйтіп бар қиыншылық шешілер еді. Ал бізде келгеннен бастап қудалау, қорлық, мазақ. Бірақ бәрібір тоқтата алмай қойды, жұрт аздап болса да келіп жатты, келіп жатты, бір уақытта Жаңа-Өзендегі оқиға шықты, осыдан кейін мүлдем тыйым салып: «Бәрін бүлдіріп жатқан осылар», – деді. Қытайдан келген қазақты айтпағанда, Өзбекстан, Ресей, Түрікменстаннан келген қазақтар басқа бір әлемнен келген сияқты, біз бәрінен озып кеткен сияқтымыз, кеше бәрі де Советтік болды, бәріміздің жағдайымыз бірдей. Өкіметтің көзқарасы дұрыс болмаған соң, жергілікті жердегі қазақтардың көзқарасы да дұрыс болған жоқ, әрине, барлық жерде емес, бірақ көбіне-көп.Әнеугүні шекарада бір жесір әйелді тонап, 50 мың долларын тартып алды. Басында ол ақшаны өздері қымқырып қалғысы келген, артынан әңгіме шыққаннан кейін барып кассаға өткізген, ақыры қайтарып беретін болды деп естідім. Ал енді сол адамдарға «шара қолданылды» дегенді естімедім. Сонан кейін Ұзынағашта оралман үш жігіттің қырық сиырын тартып алып, өздерін өлтіріп кетті. «Сұраушысы болмайды» деп ойлаған. Артынан ел шулаған соң, біреулерді соттаған болды, бірақ олар меніңше бір-екі адам емес, ұйымдасқан топ. Оңтүстікте екі жүз елу қазақты «құжаттары дұрыс емес, Қытайға қайтарамыз» дейді. Осының бәрі сырттағы елдің атажұртына келуіне бөгесін болып жатыр. Жаңа-Өзеннен кейін азаматтық беруді бес жылға шегерді, сонан соң жұрт жабылып жазып еді, төрт жыл деді, енді рас болса бір жылға түсірді дейді, бірақ оның өзі де белгісіз. Осының бәрі – қазаққа жасалып жатқан қысас. Қазақтың келешегі – көптігінде, шетелдегі қазақтардың бәрі келуі керек, енді жиырма-отыз жылда Қытайда қазақ қалмауы мүмкін. – «Мен»-ді ғұмырбаяндық хамса болады» деп едіңіз. Екі кітабын ғана жаздыңыз, қалғаны қайда?– «Хамса» деген – Шығыс әдебиетінде бес кітап деген сөз. Тақырып, идея жағынан үндес, бірақ дербес бес кітап. Мен өзімнің өмірбаянымнан бес кітап жазамын деп ойлағам. Бірінші кітап – балалық шақ, екінші кітап – оқу, іздену жылдары, содан бүгінгі уақытқа дейінгі қоғамдық қызметтер, басқа дүниелер туралы. Жалпы мемуар дегеніңіз қырық жастан кейін жазыла береді екен, «Мен»-ді елу алты жасымда жаздым, бірақ онан кейін басқа дүниелер иектеп кетті. Енді, жаңағы айтқан үш кітабыңыздың екеуі – соңғы кезде жазып жүрген естеліктерім есебінде. Әбіш туралы жазғанда менің студенттік жылдарым жазылды, Ілияс Есенберлин туралы жазғанымда менің алғашқы қызметім, жазушылығым туралы жазылды. Басқа естеліктер де осыны толықтырады. Енді балалық шағым туралы «Балақан» деген сексен-тоқсан беттен тұратын дүние жазамын деп ойлаймын. Алдағы бірер жылдың ішінде. Сонда хамсаңыз түгенделеді және естеліктер болғандықтан бұрынғыдан толық, әрі мазмұндырақ шығуға тиіс. Жазатын нәрсе өте көп, осы уақытқа дейін өзім ойлап жазам деген дүниенің оннан бірін десем кемшін болар, бестен бірін жазып біткем жоқ. Өте үлкен романдар, мәнді нәрселер жазылмай қалды. Аттила жөнінде повесть жазуым керек еді. Алтын Орданың ханы Таудай-Мөңке туралы жазуым керек еді. Еділден шыққан торғауыттың көші жөнінде де дайын тұрған жақсы роман бар еді. Содан кейін Абылай хан туралы үлкен роман бар еді. Ресей, Қытай, Қазақ елі, олардың қилы заманы туралы, Қалмақ ордасының қалай қирағаны жөнінде. Әуел баста жеті-сегіз тарихи роман жазамын деп жоспарлағамын. «Аласапыран» солардың ең соңғысы болатын. Бірақ сол кезде «Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығы» деген ұран көтерілді де, сол айғайдың астымен өтіп кету керек болды. «Аласапыранның» бірінші кітабы – қазақтардың қандай болғаны, екінші кітабы – қазақтардың қандай болатыны жөнінде. Менің бір айтқан сөзім бар: «Құдайға шүкір, бізде цензорлардың білімі де, ақылы да төмен еді, содан өтіп кеттік», – деп. Бірінші кітаптың аяғында: «Ораз Мұхаммед өзінің халқының алдына енді екі жүз-үш жүз жылдан кейін келетін заманның табалдырығын аттады» деген сөйлем бар. Сонда Ресейдің қарамағындағы отарлық жағдайдың қалай болатыны көрсетілді. Сондықтан кезінде «Аласапыранға» тәуба айттық. «Аласапыранды» жазып отырғанымда сүтті қою шайды көп іштім, бұған бәйбішем: «Шайды көп ішесің, асқазаныңнан не қалады?» – деді, сонда мен: «Аласапыранды» жазып бітсем, маған асқазанның керегі болмайды», – дедім. Жазылмаған осындай дүниелер көп, оған енді өмірім жетпес, үлгермеспін. Бірақ мына «Шыңғыс ханның» төрт кітабын бітіргеннен соң, менің өмірге кеткен, жазуға кеткен есемнің бәрі толды деп ойлаймын. «Шыңғыс хан» шыққаннан кейін Тәңір тағала жер бетіне жібергендегі міндетімді толық орындадым деп ойлаймын, болмай қалған, толмай қалған нәрселерімнің есесі осымен толықты деп ойлаймын. Өйткені Совет заманында «Шыңғыс ханды» жазам деп үміт ету мүмкін емес еді. – «Жармақ» ше? – «Жармақ» та содан он бес-жиырма жыл бұрын ойластырылған нәрсе болатын, бірақ басқа мазмұнда. Мұнда бір адамның екі түрлі тағдыры баяндалады, бұл «Мың бір түнде» бар, Абайдың «Әзімнің әңгімесінде» де айтылады, бір қақпадан өтеді немесе құдықтың түбіне түседі, содан басқа бір әлемге кіреді. Мұнда да сол сияқты. Бұл былай болды, мен бір күні үйде бәйбішеммен шай ішіп отыр едім, жарық сөнді де қалды, төңірек түгел көрдей қараңғы болды, сонан кейін мен кабинетіме барып шырағдан алып келейін деп ойладым. Жүріп келем, жүріп келем, сөйтсем ас бөлмесінен шығып, жатын бөлмесіне келіппін. Қайта айналып қармаланып жүріп есігімді әрең таптым… Содан осыны жазу керек деп ойладым. Адасып жүріп басқа есіктен өтіп кеткен басқа бір өмір туралы. Адам мұндайда өзінің бөтен бір, болмай қалған өмірін көреді. Бір адамның екіге жарылуы деген де ежелден әдебиетте бар нәрсе. Эдгар По, Достоевский, Стивенсонда бар. Мені жақсы көрмейтін шаласауат біреулер «плагиат жасады» депті, егер ондай қисынға сүйенсек «Қозы Көрпеш – Баян сұлудан» бастап плагиат болып шығады. Шекспирден ауысты дейміз ғой. Бізде – бір белгілі сюжет те емес, әдеби тәсіл ғана, мәселе осыны қалай талдап, қалай алып шығуда. – «Үш тұғырлы тіл» туралы ойыңызды білсек...– Бұл – негізі дұрыс нәрсе. Бірақ басқа тілді бірінші сыныптан емес, үшінші сыныптан бастап енгізу керек. Мысалы, Лев Толстой, Тургенев, Набоковтар бәрі де дворянның балалары ғой, соларға бір күні – неміс тілін, келесі күні – француз тілін, одан ағылшын, аптаның қалған күндері орыс тілін, яки өз тілдерін оқытатын болған, сөйтіп олар көзін ашқаннан бірнеше тілді еркін меңгерді. Менің шет елде туған немерелерім де төрт жасынан ағылшын мектебінде, кейінірек американ мектебінде оқыды, ештеңе білмей барып төрт-бес айда ағылшынша сөйлеп кетті. Жұрттың қарсылығын тудырып жатқан мәселе мынада. Біздің қазақ мектептеріне балалар қазақша үйрену үшін емес, қазақша білім алу үшін баруы керек. Ал біздің ата-аналар өздері қазақша сөйлеспейді де, тілі орысша шыққан балаларын қазақ мектебіне береді. Ал баланың қазақша білуінің шарты оп-оңай, үйде қазақша сөйлесіңіз. Біздің балалардың бәрінің тілі солай шықты. – Ұлттық мүддеге қатысты не дейсіз?– Біздің билік қазақтың мүддесімен санасып отырған жоқ. Қазақтық сана атымен жоқ. Бұлар отырған орындарын тек жем жейтін астау деп қарайды. Содан соң қазақпен санасып қайтсін?! Біздің билік орыстан, шешеннен, ұйғырдан, күрдтен қорқады, тек қазақтан ғана қорықпайды. Қазақтың арқасында министр, президент болып отырғанын ойламайды да. Екіншіден, неге әу бастан Қазақстанда оппозиция әлсіз болды? Өйткені мемлекет қазақтікі болғанымен, қазақтар 40-ақ пайыз еді, ал орыстілді басылымдар қазақты күн сайын жерге тығып жатты, тіпті мемлекеттен қаржы алып отырған, тіркеуде тұрған «Казахстанская правда» қазақты жамандай бастады. Осы кезде біз де билікті жамандай бастасақ, мемлекеттің іргесі шайқалар еді. Бірақ, оны билік ұққан жоқ, қазақтың қорқақтығы, ездігі, нашарлығы деп білді. Содан артынан оппозиция шықты, бірақ олар ұлттық мүддені емес, өздерінің атағы мен дабырасын ғана ойлады. Сөйтіп жүргенде уақыт өтіп кетті. Алдыңғы үлкен кісілеріміздің біразы о дүниеге кетіп қалды, кейінгі қалған біздер шаршадық, ал жастарда қауқар жоқ, сөйтіп билік қазақты басынып, ойына келгенін істеп отыр. Бірақ мұның ақыры жақсы болмайды. Соңғы кездері «қазақтарды қалаға келтірмеу» деген саясат басталды, оның бірінші басқышы – «қазақтар барған жеріне тіркелу керек» дейді. Сөйтіп ауылдан қалаға жұмыс іздеп келген қаншама қазақты қуды, тоталитарлық мемлекеттегі сияқты, еркін жүріп-тұруына тыйым салды. Неге? Өйткені қаланың халқы қазақтанып барады, егер кешегі Желтоқсандағы сияқты бүлік шығатын болса, қаладағы қазақтың балалары көтеріледі, мақсат – солардың басы құралмауы керек. Бұл – қазаққа қарсы саясат, ауылда жұмыс жоқ, сонда қазақ күнін қалай көреді? Билік о бастан қазақтың көбеюіне қарсы болды, қазақ тілінің аясын шектеді. Мемлекеттік қызметкерлерге талап қоймағанның өзінде «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқитындарға қазақ тілін білуді міндеттеу керек еді, олар бұған «жақсы балалардан айырылып қаламыз» деп сылтау айтты. Ана тілін білмеген бала – жақсы бала емес. Егер сондай талап қойсақ, жер түбіндегі ағылшыннан қиын емес, бәрі бір-ақ жылда үйреніп алатын еді. Осыны өз балалары қазақша білмейтін билікте отырғандар созып келді... Жазда Астанада үндінің жұмысшыларымен төбелес болды, оған да қазақтың жастарын жазықты етіп шығарғысы келіп еді, жұрт көтерілген соң іске аспады... – 1936 жылы Мұстафа Шоқай шетелде жүріп сұхбат беріпті. Сонда ол: «Ылғи да отаныма қайтуды ойлаймын да жүремін» депті...– Сіз қайтасыз ба дейсің ғой? (күлді) Менің шетелге кеткенімді де сан-саққа жүгіртеді. Мұстафа Шоқай қайта алмайтын еді, қуғында жүрген, ал мені ешкім көкірегімнен итеріп қуған жоқ. Солженицын сияқты шекарадан ұшаққа мінгізіп айдап салған жоқ. Мен өзім кеттім, бірақ соның алдында бес жыл бойы маған қарсы науқан жүрді. Осындайды халық ұмытып қалады екен. Айтылмаған сөгіс қалмады, бір күнде бес-алты газетке шыққан жағдай болды. Маған ол әсер еткен жоқ, жазуым тоқталмады, маған әсер еткені – қазақтың бір зиялы азаматы: «мынау бәленбай деген жазушымыз еді, неге осыған жала жабылып, қудаланып жатыр?» деп ара түсуге жараған жоқ. Содан осындай, жау болмаса да жат ортадан түңіліп, шет елде қызмет жасайтын баламды паналап кеттім... Прагада алты жылға тақау, содан соң үш жыл Карловы Варыда тұрдым. Балам Америкаға жұмыс бабымен кетіп еді, сонда бардым. Және өсиет айттым: «мен ешқашан елге қайтып оралмаймын» деп. Балама да айттым «өлмейтін адам жоқ, өле қалсам сүйегімді елге сүйреп әуре болмаңдар, қай жерде өлсем, сол жерге қойыңдар» деп. Мұсылман зираттары Америкада да бар. Тіпті былай деп те айттым, бірақ оған бәйбішем рұқсат бермес, әдетте әйелің артта қалады ғой: «мүмкін менің сүйегімді өртерсіңдер» деп. Өйткені, біздің арғы бабаларымызда мұндай дәстүр болған, кейін Смағұл Сәдуақасовтың сүйегін өртеді. Беларусьтың үлкен жазушысы Василь Быковты да елінен ешкім қуған жоқ, келісе алмай кетіп қалды, бес жылдан кейін бір рет келіп кетіп, келесі жолы келгенде қайтыс болып, Беларусьте жерленді. Мен өйтіп өле қоймайын (күлді), Алматыда өлгім келмейді. Жұрттың ойында жүрсін, кейін «баласы әкелмей сол жаққа көміпті» деп сөкпесін, сол үшін айтып отырмын бұл әңгімені. Чехияда тұрдық, олар – момын халық, азиаттарды жақсы көрмейтін әдеттері де бар. Чехияда түрің білініп, ерекшеленіп тұратынбыз, ал Америкада қарала, торала, құбақандардың ортасына кіріп кетесің және сенің нәсіл-тегіңе ешкім де назар аудармайды. – Сіз кезінде қаламақы туралы мәселе көтеріп едіңіз... – Қаламақы туралы айта қалсақ, «кітап өзін-өзі ақтамайды» дейді. Мысал үшін айтайық, мұғалімге ақша төленеді, өтеуіне бала оқытады. Көшедегі полицейлерге ақша төленеді, өйткені тәртіп үшін керек. Сол сияқты, халқының рухани жетекшісі болып отырған, рухани бағыт-бағдар беретін ақын-жазушыларына да ақша төленуі керек. Бұрнағы заман, 1950 жылдардың ішінде Әуезов, Мұқановтар қаптап ақша алады екен. Ол кезде кітаптардың таралымы аз, алайда пайда әкелмей отыр деген әңгіме шыққан жоқ. Біздің тұсымызда бұрнағы қаламақы азайды, бірақ әжептәуір төлем болды. Сол сияқты, мемлекет өзінің ұстынын бекітем, идеологияны берік ұстаймын, ұлттық сананы көтеремін десе, қаламақы төленуі керек. Бізге Англия, Франциялар бұл ретте үлгі бола алмайды, өйткені оларда халық көп, оқырман көп, әрбір жазушы өз күнін өзі көреді, жақсы жазушы болса бір кітап жазып, сонымен байып та кетеді. Ал бізде әдебиетті қолдау керек. Осыған біздің биліктің мыйы жетпей-ақ қойды. Бәлкім, әдейі істеп отыр ма деп ойлаймын кейде. – Жазушылар одағы қоғамдық ұйым ғана боп қалды... – Совет өкіметі орнаған кезде патша министрлерінің ешқайсысы орнында қалған жоқ, бәрі өзгерді, сол сияқты, кеше тәуелсіздік алып, Совет өкіметі құлаған кезде бұрынғы биліктегілердің бәрін ығыстыру керек еді. Ал бізде бұрынғы советшілдер орындарында қалды, оның есесіне халықтың көсемі болып жүрген өнер, білім қайраткерлері түгелдей шеттетілді. Өйткені шексіз билеу үшін, ойындағысын жүргізу үшін жазушыларды, ғалымдарды, бүткіл зиялы қауымды беделден айыру керек болды. Сондықтан Ғылым Академиясы жабылды, Жазушылар одағы дәрменсіз күйге түсті. Содан соң біржолата жерлеп, құрту үшін «зиялылар дегеніміз – зияндылар» деген сөз шығарды. Оған далбақай көпшілік пен жалаңаяқ журналистер қосылды. Сөйтіп неше түрлі жалалы мақалалар басылды. Сол кезде бір журналист қыз мақала жазды, мақаласы «зиялылардың өздері зиянкес, балаларының бәрі наркоман» деген сыңайда. Он шақты отбасынан мысал келтіреді, соның ішінде бір артистің баласы ғана наркоман екен. Сөйтіп, қазақтың зиялыларына, қазақтың ең саналы қауымына қарсы ашық күрес жүрді. Қаламақы төлемеу – соның бір тармағы ғана. – Балаларыңыз туралы айтыңызшы?– Мен бәленбай деген жазушы, Алаштың азаматы болып жүрген кезімде, заман өзгергенде бір балама зәредей жақсылық жасай алмадым, қолымнан ештеңе келмеді, ең аяғы, университетте үздік оқитын соңғы екі баланың біреуі «Болашақ» бағдарламасына маңайлай алмады, енді әрқайсысы өзінің жолын тауып, тіршілігін жасап, бейнетпен, еңбегімен күндерін көріп жатыр. Мен ойлайтынмын: «Кейін Мағауиннің балаларының алдынан жол ашылып тұратын болар» деп. Олай емес, керісінше өшпенділік байқалады. Төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Жиырма шақты немере, бес-алты шөбере бар. Мен ұлдың баласы, қыздың баласы деп бөлмеймін, бәрін бірдей көремін. Жойыт, яғни еврей деген ақылды халық тұқымын қыздан санаған, оның екінші себебі, қыздың тұқымымен қосылып еселеп көбейесің. Немерелердің алды жоғарғы мектепте оқып жатыр, бірақ жалпы қазаққа ортақ қиындық менің балаларымның басында да болды. Балаларыма кейде жаным ашиды, тағы екі балам шетелде жүріп жатыр, Чехияда, Польшада, «қалай болады, не болады?» деп ойлаймын. Америкада еңбек еткен адам далада қалмайды екен, көлденең зорлық-зомбылық жоқ. Ал мына бізде көшеде бейсауат кетіп бара жатқан жеріңнен ұстап әкетуі мүмкін. Айшешек деген немерем Лондонда университет бітірді. «Жазушы боламын» дейді. – Ғаламторды жиі пайдаланасыз ба?– Ретіне қарай. Әнеугүні Шерхан Мұртаза сексен бес жасқа толды. «Қазақ үні» дейтін газеттің сайты ол кісінің қажып отырған бірнеше суретін басыпты. Ауырған, тозған. Адам танығысыз. Ал жұрт білетін, біз көрген бет бейнесі басқаша еді, сонда осы суреттерді жариялау қаншалықты қажет болды? Тіпті қазір Алашорда қайраткерлерінің (бұл қатарда коммунистер, басқалар да бар) түрмедегі соңғы суреттерін беру – әдетке айналып кеткендей. Мен, мысалы, Сәкен Сейфуллинді жақсы көрмеймін, өйткені ол – бүкіл Алаш арыстарының үстінен донос жазған адам. Әрине, бір-екі жақсы өлеңі бар, дарыны болған, бірақ трагедиялық тұлға. Сол Сәкеннің түрмедегі суретін басты. Сәбит Мұқановтың бәйбішесі Мәриям апайдың айтқаны бар: «Бір күні Сәбең келді, өң-түсі жоқ. «Ойпыр-ай, осындай да болады екен», – деді, мен: «Не болды?» – деп едім, «Сәкеннің түрмедегі суретін көрдім, сұмдық болыпты, қинаған ғой...», – деді». Сол суреттер қазір барлық жерде басылып жүр. Мен Сәкенді жақсы көрмесем де, мұны дұрыс емес деймін. Жалғыз Сәкен емес, Аймауытов, Майлин, Досмұхамедов… бәрі де. Тіпті, негізгі суреттері есебінде. Мұндай тозақи рәсімдер Алаш қайраткерлерінің түрмедегі өмірі, немесе қазақ зиялыларының қалай қудаланғаны туралы кітап болып, соның ішіне берсе ғана құба-құп. Ал енді оны ретсіз тықпалай беру, Алаш азаматтарын кетеуі кеткен сорлы етіп көрсету – құлдардың тірлігі. Қортық сананың белгісі. Анығы – табалау, қорлап қалу. Жаудың ісі.Қазір интернетті ғаламтор деп жүр, мен қазақ интернетін «өсектор» деймін. Әсіресе, Абайдың атын жамылған бір сайт пен «Қазақ үні» газетінің сайты шектен шыққан. Түгел боқтық, балағат, өсек. Осы сайттарды ақтарып қарасаң, қазақта жақсы адам қалмаған. Мен өзім жөніндегіні айтпай-ақ қояйын. Мейлі сені қабылдамасын, жазушы, адам деп есептемесін, бірақ аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып балағаттаудың мәнісі түсінікті. Сырқат санадан туған тексіздік деп қана танимын. Мысалы, Жасарал Қуанышалин деген азамат бар, өзі ұлтшыл жігіт, бір кездері депутат болғанда да өте жақсы жұмыс жасады. Ең бастысы, 1990-жылдары Оралдағы казактардың бетімен кеткеніне тоқтау салды. «Қазақ үні» деген сайтта міне, бес-алты жылдан бері екі мақала тұр, біреуі «Жасарал қазақты қалай сатты?» дейді, екіншісі «Адамды алдарсың Жасарал, Алланы қалай алдайсың?» деген мақала. Біріншісін – сексен бір мың, екіншісін – жетпіс тоғыз мың адам көріпті. Енді жұрт осыған сенеді. Жасаралдың мұны сотқа беруіне де болар еді, бірақ намысы жібермеген сияқты. Мен де жаңағы екі сайттан өзімді боқтаған былғаныш лепесті көп оқыдым. Баяғыда Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов сөзге келісіп қалыпты, содан Сәбит балағат сөздерді жіберген ғой. Мұхаң үндемей тыңдап болып: «Сәбит, осының бәрін өзіңе қайтардым» депті. Ал мен өйтіп те айтпаймын. Тым татымсыз кісілер. Бұл – Жасарал мен маған ғана емес, талайға жасап жатқан қысасы. Сайт басқарып отырған Қазыбек Иса, Дәурен Қуат дейтін сабаздар дүниенің тұтқасын ұстап отырмын деп ойлайтын болуы керек. Осындай жағдай жеке бір сайт, атаулы бір журналистердің мәдениетсіз топастығын ғана емес, бүткіл қазақ баспасөзінің деңгейінің өте төмен екенін көрсетеді. Өйткені, осыған жақын ахуал – жалпыға ортақ, мынауың қалай деп реніш білдіріп жатқан және ешкім жоқ.Ал маған бәрібір, ондайдың талайын көргем, мені алғаш «Көк мұнар» шыққаннан, «Алдаспан» туралған кезден бастап жамандап келе жатыр, бірақ мынадай кенеусіз балағат Совет тұсында да болған жоқ. Мұны айтып қажеті жоқ еді, бірақ со беті үнсіз кетуге де болмайтын сияқты. Менің тағы бір ренішім, біраз жұрт осы айтаққа қосылып кетті. Мәселен, Жанболат Мамай деген баламды өмірі көрмегем, газеті, сайты бар екен. Сол бала жаңағыдай жалалы мақаланың біреуін көшіріп басты. Құдай-ау, оған не жоқ?! Бәлкім, әлдекімге жағынғысы келген шығар. Ал енді сол Жанболат кеше сотты болғанда жағынған ағаларының біреуі келіп қорғаған жоқ, көлденеңнен Қабдеш Жұмаділов барып араша түсті. Бізде де алдымыздағыларды мойындамаған жағдайлар болды, бірақ адамдық әдептен озбаушы едік. Қанша елемейін десең де, ақыр түбі анығын айтуға тура келеді. Сенің жетпіс жеті атаңнан бергің түгел кетті, Хауа-Анадан кейінгі әже, шешелерің тегіс ианатталды. Жалаң өздері ғана емес. Он үш мүшесі түгел. Және екі ретте де жай ғана балағат емес, ең былғаныш, баспа түгілі, ауызекі тіл көтермейтін боқтық пен жала. Сонысымен құрттық, кеміттік деп ойлайды. Жаңағы, аты аталған, әлде өкіметке, әлде өздері көсем тұтқан сілімтіктерге жағынбақ ҚИса мен ДҚу. Шындығында, мені емес, өздерін әшкерелеп отыр. Нәсіл-тегі мен шыққан ортасын, туған әкесі мен анасын, өсіп, тәрбие алған шаңырағы, тақау төңірек, ағайын-жұрағат, келешек зәузатын. Өйткені, мұншама бейпілауыз ыбырсық қоқыр осындай ерекше жаралмыш некестердің ғана көкірегінде қалыптасып, сыртқа жайылса керек. Ақсақал қартайған шағында қатты кетті деп отырсыз. Шындығында, соңғы бес-он жыл бойғы осы екі сайт бетінде менің атыма арналған боғауыз балағат, нәжіс, несеп анықтамалармен салыстыра қарағанда, бұл бергі жағындағы сөзіміз тым сыпайы көрінбек. Бір ғана айырма бар. Манағы кенеусіз балағат осы ержүрек екеумен бірге кетеді, ал біздің бір сәттік реніш үстінде сыздықтап шыққан сөзіміз – бұлардан гөрі ұзағырақ жасаса керек. Яғни, Қазыбек Иса мен Дәурен Қуат әлдебір қиғаш бағанаға берік байланды деген сөз...– «Сырт көз – сыншы», сіз Қазақстанға қазір сырттан келіп отырсыз ғой, не байқадыңыз?– Қазақ бір замандары кеудесі ең жоғары халық еді, қазір басылып қалған. Жетпіс жылдық Совет өз алдына, қазіргі өкіметіміз де төбеден тынымсыз ұрып отыр. Әлденендей ұлтаралық жанжал шықса, міндетті түрде қазақ кінәлі болады. Қазақты өте төмен дәрежеге түсіріп, бәріне құл қылып қойды. Бірақ ақыр түбі дүние оңалып, орнына келетін шығар деп ойлаймын. Мен бұл тақырыпта бірталай жаздым, алайда түгелін қамтып бітіре алмайсың, екіншіден, жазғаныңнан ешқандай нәтиже жоқ. Бірақ Абай атам айтқан ғой: «Әйтеуір кейінгілер айтпады демесін деп аз ғана сөз шығардық», – деп. Айтпақшы, паспортқа ұлтты жазудың қажеті жоқ. Бүкіл дүниежүзінде паспортқа ұлты жазылмайды, тек Моңғолияда ғана жазылатын болуы керек. Түркияның азаматы – түрік, Францияның азаматы – француз. Бізге де осылай жасау керек. Өйткені оның мынадай себебі бар, бұрын қазақ азшылық болды, сондықтан паспортқа ұлтымыз жазылмаса, өзіміз де жойылып кетеміз деп ойлады. Қазір Қазақстанның өз шегінде анық 70 пайыз бар. Ұлт жазылмайтын болса, одан ештеңе өзгермейді, оның есесіне толып жатқан туыстас халықтардың барлығы қазақтың құрамына қосылып кетеді. Ешқандай шектеу болмайды, бәрі де бірер атадан кейін қазақ болып шығады. Өйткені, 1932 жылы ашаршылықта қырғызға, өзбекке кеткендердің бәрі қырғыз, өзбек болып жүр. 1918 жылы Ресейден қанша миллион адам Францияға, Латын Америкасына кетті, солардың бүгін жұқанасы да жоқ, француз, америкалық болып кетті. Сондықтан біздің көбеюіміздің бір шарты – паспортқа ұлт жазылмауы керек. – Аралас некеден де қорқудың жөні жоқ сияқты...– Иә, ешкім өзіңе жетпес, бірақ аралас некеден де қорқуға болмайды. Бұрын орыстан әйел алсаң балаларың орыс болып шығатын. Қазір орысқа күйеуге тиген қазақтың қызынан туған бала бір-екі ұрпақтан кейін қазақ болып шығады. Бізде отарлық кезеңнен қалған кемшін сана бар, сол кемшін санадан құтылуымыз керек, өйткені ел – біздікі. Әнеугүні ғана «Қазақстан халқының саны 18 миллионға толды» деп жатты. Біріккен Ұлттар Ұйымының есебі бойынша өткен қараша айында толған, оның 12 миллионы – қазақ. 2009 жылы халық санағы болды, бірақ шалағай жүргізілді. Әуелде «қазақ 67 пайыз екен» деді, артынан: «қазақ 65 пайыз», енді бір айдан кейін қорытынды шыққанда қазақ 63 пайызға түсті. Сонда 4 пайыз қайда кетті? 2019 жылы санақ болады, одан әрқилы нәтиже шығуға мүмкін. Мен қазақтың санын кемітумен қатар, республикамыздағы орыстың санын көтеріп көрсетіп отыр ма деп ойлаймын. Өйткені орыстар Қазақстан тұрмақ, Ресейдің өзінен көптеп кетіп жатыр. Қазірге дейін Ресейден 25 миллион орыс кетіпті. Тек Нью-Йорк және оның төңірегінде 10 миллиондай орыс тұрады екен (орысы бар, Ресейлік еврейі бар). Өйткені жақсырақ тіршіліктің жолын қуып кетіп жатыр, сонда Ресейден кеткен орыс Қазақстаннан кетпей жатыр дейсіз бе? Кетіп жатыр, бірақ біз оны нақтылап көрсетпей отырмыз.Ресей Қазақстанға басып кіреді деп ойлауға болмайды. Бұрын ондай қатер болған, онан кейін шешен соғысы басталып кетті, енді міне, Украина, солардан құтыла алмай отырғанда соғыс ашпайды. Бірақ өзіңе өзің сақ болуың керек. Осыдан кейін менің қорқатын бір нәрсем бар, халықтың еңсесі басылды дедім ғой, сонымен қоса біздің халық есі шығып, азып-тоза бастаған. Тұрмыс бар, басқа бар, балалардың өлімі көбейіп барады. Астанада, Алматыда және тағы басқа бір жерлерде осы соңғы бірер ай ішінде жеті-сегіз бала көлденең қазаға ұшырапты. Көпқабатты үйде тұратын қазақтар балаларына қарамайды немесе қадағаламайды, тастап кетеді, содан терезеден құлайды, мен соның бәрін интернеттен қарап отырам, кейде ұлым Едіге ренжиді: «Көке, оның бәрін қайтесіз?» – деп, мен айтам: «Елімде не болып жатқанын білуім керек», – деп. Бұл дегеніңіз сұмдық, баласына қарамайды, бір-екі рет емес, жаппай қайталанады, ресми тіркелгені ғана. Тіркелмегені, айтылмағаны қаншама?! Ең сорақысы, апта сайын жаңа туған бір нәресте қоқыстан табылады. Оны біздің тіл білгіштер «шарана» деп жазып жүр. Шарана деген – шуы. Біреулері машинаның терезесінен лақтырып жіберіпті, ауласына көміп тастапты. Осындай баласын өлтірген қыздарды кәмелетке толсын-толмасын қатаң жазалау керек, соттау керек, ата-анасын жауапқа тарту шарт. Ал бізде «әне-міне» деп қоя салады. Қазақ ежелден балаларын керемет құрметтеген. Өткен ғасырдағы саяхатшылардың барлығы: «қазақтар балаларын кенеусіз жақсы көреді, сұмдық еркелетеді» деп жазған. Ал қазір балаларды ұрады, соғады, былтыр-ау деймін, бір әйел төрт жасар баласын оқтаумен ұрып өлтірді. Бұл – халықтың азғанын, тұрмыстық қана емес, рухани да дағдарысқа ұшырағанын көрсететін нәрсе. Мен осы туралы көп ойланамын... – Әңгімеңізге көп рақмет!Сұхбаттасқандар Әмірхан МЕҢДЕКЕ, Жақсылық ЫРЫСБАЙҚазан, 2017, Алматы.Фото:Ult.kz