Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:21, 07 Тамыз 2019

Мұхтар Мағауин. Аңыз адам журналына сұхбат (I-бөлім)

– Әмірхан, көпке мағлұм, өзің де білесің, мен сұхбат бергенді жақсы көрмеймін, өйткені өзім жазатын адаммын.

Екіншіден, сұхбат алған адамдар сөзді бұрмалап жібереді. 1990 жылы Совет өкіметі құламай тұрып, Мәскеуден жаңадан шығып жатқан орыс газетінің тілшісі арнайы келіп сұхбат алды, бірақ сөзімнің бәрін басқаша бұрмалап жіберіпті, сонан кейін ешқайда «сұхбат бермеймін» деп шештім. Қазақтардан да сұхбат алғандар, менің әңгімемді тыңдағандар басқашалап жатады. Бұдан соң, жиырма бес жылдың ішінде екі-үш рет қана сұхбат беріппін. Саған көңілім түсіп отырғаны – қазаққа пайдалы, әрі танымал басылымға қызметке келіпсің, жақсы көретін, білгір інімсің, меселдең қайтпасын дедім. Оның үстіне, маған көрсетуге «Аңыз адам» журналының бірнеше санын әкеліпсің: Шыңғыс хан, Абылай хан, Абай, Шоқан, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы… қазақтың тағы қаншама қасқасы мен жайсаңы. Солардың соңын ала тұрсақ, теріс емес. Топыр ішінде бірді-екілі татымсыз кісілер де бар сияқты, бірақ маржандай астықтың арасында қарамық та ұшырасатын, уақасы жоқ. Ал енді, сұрақтарыңды қоя бер. Бүгін ұйқым шалалау болып, жайым келіңкіремей отыр, бірақ жөн білесің, артық-ауысты іріктеп, талғай қарарсың.

(Р.S. Бұл – сұхбат басталмай тұрған кездегі сөз. Содан сөйлеп берейік. Екі сағат, екі жарым, бәлкім үш сағат. Түгелдей таспаға жазып әкетті. Ендігісі – Әмірхан бауырымның ғұзырында. Осылай деп малданып қала бердік. Сөйтсек, аз-мұз басқаша. Әмірхан – «Жұлдыздар отбасы» журналының бас редакторы. Ал біздің сұхбат – осы журналдың серіктес қосымшасы саналатын «Аңыз адам» журналына тиесілі, мұнда басқа бір жігіттер отыр… Сұхбаттың мәтін жазбасы қолдарына түскен соң, қазіргі қазақ баспасөзінде өзгермей келе жатқан аурулы ғадет бойынша, түзеп, өңдеп, жақсарта бастайды. Әлбетте, мен соншама ұзақ толғамымды сөзбе-сөз қайталап бере алмаймын, бірақ не айтпағанымды жақсы білем және жас кезімнен қалыптасқан және ешқашан айнымаған өзіндік көзқарасым, өзіндік сөйлеу мәнері, жазу стилі бар. Тұтас тіркестер тұрыпты, бір сөз, кейде бір әріп өзгерсе, андағайлап, бірден көзге шалынар еді. Тіпті, мені жақсы білетін әдебиетші, оқырман атаулы қапысыз танымақ. Ал сұхбаттың журнал басылымында мұндай сорақы жағдаяттар біршама шығыпты. Бәрін бірдей түгендеп жатпайын. Әйткенмен, кейбірі арнап айтуға лайық. Мәселен, мен тәуелсіздіктен соңғы дәуірдегі қазақ зиялыларына қарсы, жекелеген жалбағай журналистер тарабынан ғана емес, мемлекеттік тұрғыда, жоспарлы түрде жүргізіліп келе жатқан қаралау, кемісіту науқанын талай рет айыптадым. «Зиялы» деген анықтаманың өзінде қасиет тұр. Ал мұнда менің белгілі тіл мамандарының дәрменсіз жалтақтығы туралы айтқан сөздерім «біздің зиялы қауымымыз тобыр болып кетті» деп «күшейтілген». Сондай-ақ, бұрнағы Алаш қайраткерлерінің, тіпті, советшіл, атақты балшабектердің жан қинаған тергеу үстіндегі, азып-тозған, адамшылық кейіп-тұлғасынан айрылған суреттерін насихаттау туралы айтқанда, бұл дәстүр жаппай сыпат алғанына кейіс білдіріп едім, мәселен, Шерхан Мұртазаевтың сырқат дендеген, әбден жүдеген бірнеше суреті басылғанына. Осы лепеске мен өзім әуелден-ақ онша ұнатпайтын, кейінде парламентте қазақ жерін сату туралы ұсынысқа екі қолын бірдей көтерген жалпош опасыздығынан соң мүлде жек көріп кеткен Шерханды көтермелейтін мадақ сөздер қосылыпты, ал мен кімді болса да мұншама қорлауға болмайтынын ғана айтқам. Осыған керісінше, менің ренішімді туғызған ерекше бір жағдаят – қазақ тілді, танымал екі сайттың маған қарсы нешеме жылдық былғаныш науқанына назар аударған едім. Сынау емес, мінеу емес, ешқандай баспасөз, тіпті, ауызекі ұрыс-жанжал көтермейтін балағат пен боқтық. Және бізден басқа да жұртқа қатысты кеп. Әрине, қатқыл, бірақ әдеп шегінде айттық. Түгел сыпырып тастапты. Яғни, солардікі жөн. Бұл екі сайтты басқарып отырған бейпіл екі журналистің есімдерін бүркеген, тіпті, бір сайттың атына дейін өзгертіп жіберіпті. Көңілдеріне жақпаса, мұндай бұрма, жарымжан қалыпқа түсірмей, тұтасымен қысқартып тастау керек еді.Біз бұл сұхбатта елдегі әлеуметтік жағдаят, ағымдағы саясат және бүгінгі қазақ проблемасы сияқты, «шатақ» тақырыптарға барғамыз жоқ. Рухани өмірдегі, өз басымыздағы әрқилы мәселелер. Айта кетейік, мен үшін аса сорақы көрінген әлгіндей кілтипандарға қарамастан, біз сөйлеген сөздің ұзын-ырғасы сақталған екен. Тек біз қайыра қарап үлгермеген оқыс ахуалға байланысты, бірлі-жарым емле, тыныс қателері, жекелеген жаңсақ сөздер ұшырасады. Сондай-ақ, бұрында қалыптасқан еуропаша ай аттарын бүгінгі айтылымына түсіргені бар. Енді бір тұста мен Шыңғыс ханды «қазақ» деп айтыппын. Өзіндік басылымда мұның бәрі де түзетілді. Өйткені… Мен – Мұхтар Мағауин, қандай да бір лепесіміз қазақ ортасында ескерусіз қалмайды және ұзақ сақталады деп білеміз. Сондықтан бұл сұхбат та кейінгі заманға бұрмасыз, әуелгі қалпында жетсін дедік. Ешқандай төтенше қоспа жасалған жоқ. Дәп сол ретте қажетсіз санаған, айтып үлгермеген, немесе ойға оралмаған басқа бір толғамдар болса, тәуба, шүкір, жаңа бір жазуымызда көрініс табар еді. Әзірше осыған риза боласыз. Күміс Бұлақ, АҚШ,31.Х.2018.)– Мұхтар аға, «Жұлдыз» журналынан сіздің соңғы кездері жазған Әбіш Кекілбаев туралы естелік жазбаларыңызды оқыдық. Естуімізше, бұдан кейін Ілияс Есенберлин туралы естелік жазыпсыз... – Иә, Ілияс Есенберлин туралы естелігімнің көлемі сегіз баспа табақ болды. Кішігірім кітап. Мен әр сөзіме айрықша жауапкершілікпен қарайтын адаммын. Кейінгі кездері баспаға, басқа жақтарға жазғандарымды беруге тартынатын болдым. Өйткені сөзімді өзгертіп қояды. Сұмдық қой! Бұрынғы уақытта да саясатқа сай қарайтын, бірақ, жазушының өзімен ақылдаспай өзгертпейтін. Бір мысал айтайын, «Көкбалақ» деген шағын романымда домбырашы шал ескі күйлерді жаздыру үшін ауылдан қалаға келеді. «Орыстың музыкасын тыңдасам» дегеннен кейін оны бір таныс әнші қыз операға апарады. Чайковскийдің «Аққу көліне». Операны тамашалағаннан кейін шал: «Бұл Айтанның күйлеріндей екен, қазақтың күйлері сияқты өте әдемі екен. Орыс та үлкен халық қой», – дейді риза болып. Сонда «орыс та» дегендегі «та» дегенді редакциядан өткізе алмадым. Шалдың ойынша, қазақтан үлкен халық жоқ. Ақыры «та» дегенді алып тастады. «Орыс – үлкен халық» деген ақымақшылық болып шығады екен. Бірақ оны екінші басылымдарында қалпына келтірдім. Айтайын дегенім, бұрындары жазушының сыртынан түзетпейтін. Қазір сыртыңнан түзете салады. Бүкіл «совет» дегенді «кеңес», «колхозды» – «ұжымшар» дей ме, әйтеуір...Ілияс Есенберлин туралы естелігімді биылғы мамыр айында жазып бітірдім. Ол кісімен өте жақсы қарым-қатынаста болдық. Алғаш танысқанда мен жиырма жетіде, Ілекең елу екі жаста болатын. «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеп жүрген кезім. Жазғандарымды оқып, біліп жүреді екен.Ілекең алғашында филармонияда директор болып, кейін айдауда жүріп, одан соң серілік құрып, біраз уақытын өткізіп алған. Елу жасқа жақындағанда, нақтырақ айтсақ, қырық сегіз-қырық тоғыз жасында, кенеттен «Айқас» деген роман жазады. Ол басылып шыққан соң жұрт бірден сынай бастайды ғой. «Жұлдыз» журналында бұл еңбектің түкке тұрмайтыны айтылып, мақала басылған. Ілекең осыған біраз ашуланады. «Айқас» – әдемі роман. «Қазақ әдебиеті» газеті бұл романды мақтап, бас редактор Нығмет Ғабдулиннің тапсырмасы бойынша Қабдеш Жұмаділов мақала жазды. Осы мақала шыққаннан кейін  Есенберлин Димекеңе барған. Димекең бұл кісіден үнемі: «Саған қандай қызмет керек?» – деп сұрайды екен. Бұл кісі: «Ешқандай жұмыс керек емес, киностудияда коллегия мүшесімін», – дейді екен. Енді ол жақта екі жүз сом ақша алады, қолы бос, уақыты көп. – Димекеңді бұрыннан танитын болып тұр ғой?– Иә, бұрыннан біледі, екеуінің қарым-қатынасы жақсы болған. Ілекеңнің Дінмұхамед Қонаевпен ежелден жақындығы бар еді. Сөйтіп, «Айқас» романы туралы талас-тартыстан кейін бұл кісі Димекеңе барып, баспаға директор болғысы келетінін айтыпты. Бұл уақытта баспада директордың орны босап тұрған. Кісі ұсынылып, бірақ әлі бекімеген екен. Қысқасы, бір-екі ай күтіп, Ілекең баспаға директор болды. Сол екі ортада араға кісілер салып, мені бас редактордың орынбасарлығына шақырды. Сөйтіп, Ілекең екеуміз төрт жарым жыл қызметтес болдық. Көп мәселелерді шешуге тура келді. Кем дегенде бірер жүз жаңа адамның, жас толқынның кітаптарын шығардық. Кейінгі жастарды Ілекең біле бермейді. Әлбетте, мен бәрін жақсы білемін. Мен өз естелігімде ол кісінің жазушылығы, қайраткерлігі туралы айтқан жоқпын. Адамшылық қасиеттері мен өзім білетін мінездері жайлы айттым. Расында, ғажайып адам еді. Орыстарда «Хочешь нажить себе врага – сделай человеку добро» деген мақал бар екен. «Жау тапқың келсе, жақсылық жаса» деп аудардым оны. Жақсылық жасаған адамдардың ішінде бірлі-жарымы болмаса, көпшілігі Есенберлинге жау болды. Бұл енді пендешілік. Өзін біреуге борыштар деп есептегісі келмейді. Борыштар екенін білгендіктен, сол адамнан құтылуға тырысады. – Қадыр Мырза-Әлі Есенберлин туралы мақала жазды. Сонда Есенберлинді шыр-пыр болып қорғадыңыз ғой. Есенберлинді өте жақсы көретініңізді сол кезде білдік.– Бір адам жөнінде әртүрлі пікір бола береді. Өйткені әр адамның бойында жақсы мінез де, жағымсыз мінез де болады. Кемшіліксіз кісі жоқ. Бірақ өтірік айтпау керек. Қадырдың мақаласын «Жас Алаш» газетінен оқыдым да, қатты ренжідім. Оған жауапты кезекті кітабы шыққаннан кейін жазамын деп шештім. Кітабы шықты, оны дүкеннен сатып алдым, қарасам «Жазмыш» деген тағы бір кітабы тұр екен, оны да алдым. Бір кеш отырып, кітабын оқып едім, қаным көтеріліп кетті, ыза болдым. Ұмытпасам, Есенберлинге тоғыз айып таққан. Тоғызы да өтірік, ойдан шығарылған жала. Содан ертеңіне жауап жазуға отырдым. Бұл жердегі мәселе Қадырдың Есенберлинді жамандағанында емес, мәселе оның жазғанының түгел өтірік екендігінде. Қадырдың мақсаты Есенберлинді сорлы, айныма, алдамшы, жалтақ, қорқақ етіп көрсету болды. Ал сол Мырза-Әлі Есенберлин баспада директор болып отырғанда өзінің жеті кітабын шығарды. Алты кітабын сол «Жазушы» баспасынан, бір кітабын Мәскеуден шығарды. «Советский писатель» баспасынан. Ілекең бұл баспаның коллегия мүшесі, ол кісінің жолдамасынсыз ешбір кітап басылмайтын еді.Енді көзі жоқта осыншама сұмдық. Ілияс Есенберлин ешкімнің мазағына көнбейтін. Өмірімде ештеңеден қорықпайтын екі адам көрсем, соның біреуі – Есенберлин болатын.  – Намысқой кісі ме еді?– Иә. Ол өзгеше адам болатын. Өзі – Кенесарының Жеке батырының ұрпағы.– Төлебай батырдың ба?  – Иә, Төлебай батырдың.– Есенберлин ұлтшыл адам еді ғой. Сіз де ұлтшылсыз. Осы жағынан екеуіңіз жақынсыздар ма деп ойлаушы едік...– Есенберлин «Жазушы» баспасына 1967 жылдың 30 апрель күні директор болып келді. Мен ол кісінің келетінін алдын ала білемін, келісім беріп, дайындалып отырғанмын. Таңертең жұрт абыр-сабыр болып жатты. Ешкім күтпеген жағдай. Жұрттың бәрі кабинетіне барып, құттықтап жатса керек. Ол кезде бұл жалғыз баспа, бүкіл қазақ әдебиетінің тағдыры Жазушылар одағында да, басқа жерде де емес, сол баспада шешіледі. Сағат он бір жарымда мен де төменгі қабатқа түстім. Бірінші қабатта түгел «Жазушы» баспасының қызметкерлері отыратын. Ілекең баспаны аралап келе жатыр екен. Екеуіміз бетпе-бет кездестік. Амандасып едім, иығымнан құшақтады да: «Бүгін үлгермейміз, май мейрамынан кейін отырасың», – деді. Бар  әңгімеміз сол болды. Мейрам күндеріндегі демалыстан соң таңертең мені кабинетіне шақырды. Бас редактордың орынбасары етіп тағайындады. Қысқасы,  Есенберлин баспаға директор боп келгеннен бастап, қазақ әдебиетінің жаңа дәуірі басталды. Өйткені бұрын қамалып жатқан, тіреліп тұрған, жол таппаған қолжазбалардың бәрінің жолы ашылды. Өз естелігімде ол кісінің кімдердің алғашқы кітаптарын шығарғанын, кімдерді қандай дәрежеге жеткізгенін бәрін жаздым. Ол кісі төңкеріс жасады. Жұрттың бәрі Ілекеңнің тарихи романдарын айта береді. Бұл кісінің баспагерлік қызметі де ерекше, бүкіл қазақ әдебиетінің тағдырын басқа арнаға бұрды. – Әлкей Марғұлан туралы да естелік жазып жатыр деп естідік...– Әлекең ғажайып, мінезі өзгеше адам еді. Мен жақсы адамдардың алдын көп көрдім. Жас кезімнен олармен теңдей болып жүрдім. Менің кеудем өте жоғары еді. Үлкен ағалар осының бәрін көтерді. 1967 жылы диссертация қорғағанымда Әлекең маған бірінші оппонент болды. Еңбегімді оқығаннан кейін мені өте жақсы көрді. Үнемі үйіне барып тұратынмын. Ескі тарих, әдебиет тарихы жөнінде әңгімелесетінбіз. Өте көп білетін ақсақал еді. Мен де білгішпін. Кейде ескі құжаттарды, қолжазбаларды көрсетеді. Денсаулығы өте күшті еді, тәбеті де жақсы. Бір өкінішім бар. 1969, әлде 1970 жылы Әлекең мені өзімен бірге бүкіл Сары-Арқаны аралап шығуға шақырды. «Ұлытауды, Жезқазғанды аралап, Жошы ханның басына барып, одан ары Қызыларай тауы, қысқасы, бүкіл Арқадағы бұрынғы тарихи жерлерді адақтап қайтамыз. Бір айға жуық менің қасымда жүресің», – деді. Ол кезде үш балам бар, бәрі кішкентай болатын. Мен ары-бері ойланып, бара алмайтынымды айттым. Баруым керек еді. Осы үлкен өкініш болды. Екеуміз көп әңгімелесетінбіз, елді бірге аралағандағы әсер мүлде басқаша болар еді. Кейін ол жерлердің бәрін көрдім, бірақ Әлекеңсіз. – Сіздің «Архив хикаясы» деген әңгімеңіз бар ғой. Сондағы басты кейіпкер прототипі Әлкей Марғұлан деседі кейбіреулер?– Бұл әңгіменің басты кейіпкері – өзіммін. Жалпы, архив – адамды тартып кететін бір шыңырау нәрсе. Оған бір түскеннен кейін шығу қиын. Бір жаңалық тапсаң, оның арты қазбаланып кете береді. Уақытында тоқтай білу керек. Әлекең бірталай жерге кетіп қалған. Мен де біраз жерге барып, әрең тоқтадым. Өмір бойы архивте отырған адамды білемін. Ғылым академиясында қызметтес бір жігіт болды. Ол кезде мен аспирантурада оқимын, Ленин мен Комсомол көшелерінің қиылысындағы Пушкин атындағы кітапханада (бұрын Ұлттық кітапхана сол жерде орналасқан болатын) он алты-он сегіз орны ғана бар ғалымдар залы болды. Тек ғалымдар ғана кіре алатын. Сонда үнемі бір жігіт отыратын еді. Тұлғасы тіп-тік, ұзын бойлы, аққұба, құсмұрын, шашы бұйра, әдемі киінетін. Кейін білдім, біздің академияның кіші ғылыми қызметкері екен. Өмірі ештеңе жазбаған адам. Өзі жаза алмайды, не жазғысы келмейді. Бірақ білмейтіні жоқ. Ешкім білмейтін нәрселерді, ескі газет-журналдарды қарайды. Кейін Мағжанның біраз өлеңдерінің түпнұсқасын мен осы кісіден алып жарияладым. Мағжанның бір томдығын мәшіңкеге бастырып, түптеткен екен. Соны шетінен журналға жариялап жүрдім. Әпенділеу адам еді, бір күні кітабын қайтаруымды сұрап келіп тұр. «Оқжетпестің қиясында» толғауын енді баспақшы едік», – десем де, бой бермей алып кетті. Кейіннен естідім, оған біреулер: «Мағауин сенің еңбегіңді пайдаланғалы жүр, кітабыңды қайтарып ал», – депті. Мен оны қалай пайдаланамын? Мағжанның өлеңдері ғой. Редакцияға тапсырған пәленбай деп, өз атынан жарияланып жатыр. Осындай адамдар болады... Мағжан барлық уақытта да ұмытылмады. Басқалар ұмытылған шығар, Мағжан ұмытылған жоқ. «Қазақ әдебиетіне» жаңадан келген кезім, бірер айдан кейін Қапан Сатыбалдин деген ақсақал (мінезі қызық, тұзы жеңіл кісі еді) түптелген, қалың, кітап есепті қолжазба көрсетіп, латынша жазылған екен, «мынау Мағжанның өлеңдері» деді, содан «маған бір күнге бере тұрыңызшы» деп едім, «жоқ, болмайды, өзім біреуден сұрап алдым» деді, сондай қолжазба жинақтар жұрттың қолында жүрді. – Сыртта жүріп жазған шығармаларыңыз да аз емес...– 2006 жылы 28 желтоқсан күні Прагаға барып түстім, эмиграцияның басы осы. Бір аптадай демалып алып, бір әңгіме жаздым. Содан кейін «Жармаққа» отырдым, небәрі он сегіз күнде жаздым, сонан соң бір күн демалып алып, он тоғыз күнде көшіріп біттім. Ондай тез жазулар болады, Стендаль «Қызыл мен қара» деген романын елу күнде жазған, Достоевский атақты «Құмарпаз» романын жиырма үш күнде жазған. Бірақ шығарманың құны оның тез немесе ұзақ жазылғанымен өлшенбейді.«Шыңғыс ханның» екінші кітабын бітірген соң, үшінші кітабына дейінгі аралықта «Құждың қу жілігі» деген әңгіме жаздым. Мен оны үздік әңгімелерімнің бірі деп есептеймін. Мен бұрын ең тәуір әңгімем «Салах-ад-Диннің үкімі» деп санайтын едім, бұл бір өзгеше, мағынасы мол әңгіме. Онан кейін «Құмырсқа қырғынды» бірінші орынға шығардым. «Құждың жілігі» таңдама он-он бес әңгіменің тобында. Менің әңгімелерім толық үш том болды. Әрқайсысы жиырма бес баспа табақтан. Қазақта менен көп әңгіме жазған адам жоқ. – Бейімбет Майлиндікі екі том болады...– Мәселе көлемде де емес, жалпы мен Бейімбетті мықты жазушы деп есептемеймін, өте қарабайыр және советтендіру, колхоздастыру ұраншысы.  Әлем әдебиетінде төрт ұлы әңгімеші бар. Уақыт жөнінен алғанда, біріншісі – Мопассан, екінші – Чехов, үшінші – Акутагава, төртінші – Сомерсет Моэм. Осы төрт ұлы әңгімешінің қатарында мен де бармын. Әлбетте, біріншісі емес, соңы да емес. Әңгімеші ретінде бәрінен де Мопассанды жоғары бағалаймын, оны француздардың өзі жете танымаған. Мопассанды Чеховпен салыстыруға болмайды. Француздың бір зерттеушісі Мопассан мен Чехов туралы монография жазып, «Чехов жоғары» депті, ол енді өзіне тартпай әділ айтқысы келгені. Ал енді неге салыстыруға болмайтынын айтайын. Чеховтың көпшілік әңгімелері мінезге құрылған. Ал Мопассан әңгімелері тағдырға құрылған. Әдебиеттің басты объектісі – тағдыр. Бұл тарапта менің ең үлкен ұстазым – Мопассан. Үнемі оқимын, әрі таңғаламын, онда мінез де, тағдыр да, табиғат та бар. Моэм – осы екі жазушының қосындысы, ол – ағылшын жазушысы емес, француз бен орыстың арасынан шыққан жазушы. Моэм Францияда туған, ұзақ тұрған, француз әдебиеті мен орыс әдебиетінің ықпалында қалыптасқан. Акутагаваның әңгімесі мүлде басқа тұрғыда, мен Акутагаваға жете алмаймын, қалғандарымен таласуыма болады. Мопассанның екі ұстазы – Флобер мен Тургенев болды. Тургенев орыс әдебиетінде бірінші болып шетелге танылды да, Толстойдан тартып орыс әдебиетін насихаттады. Өйткені ұлы адамдарда бәсеке, қызғаныш деген болмайды. – Қазірге дейін жазғандарыңыз қанша томға жетті?– Жиырма төрт том болды. Бәрін жинақтап, дайындап қойдым. Оның алғашқы үш томы – жаңа айтқанымдай, әңгімелер. Онан кейінгі жеті томы – роман-повестер, онан кейінгі төрт том – «Шыңғыс хан», 15-томнан «Қобыз сарыны» басталады, онан соң «Қазақ тарихының әліппесі». Кейінгі кездерде жазылған көсемсөздердің өзі екі томға толды. Ал естеліктер бір томдай болады, бәлкім онан да асып кетер, әлі жазылып жатыр. Араға біраз уақыт салып есімді жиып алған соң, жетпіс сегіз жасымды білмеймін, жетпіс тоғыз жасымда «Алтын Ордаға» кірісемін. Тәңірім қуат беріп, Аруақ демесе, екі том «Алтын Орданы» жазуым керек. Оны да «Шыңғыс хан» сияқты тарихи баян етіп жазбақшымын.     – «Шыңғыс ханға» аттай жеті жылыңызды арнадыңыз...– Мен «Шыңғыс деген хан болыпты» деген әңгімені көзімді ашқаннан естігемін. Анық есімде, тоғыз жастағы кезім, екінші класты жаңа бітіргем, ағам (шалдың қолында өскендіктен әкемді «аға» деймін) Семейге барғанда, Янның «Шыңғыс хан» деген кітабын алып келді, соны оқыдым. Сол жылы бесінші класта оқитын Мұратқан дейтін шөбере ағамнан Мишулинның «Ерте дүние тарихы» деген кітабын алып оқыдым, ескі грек, Римның тарихын содан білдім. «Шыңғыс ханды» оқығанымда, мен оны қазақ деп ұқтым, өйткені тұрмыстарының бәрі қазақтікі, оның үстіне үлкен әкем «Шыңғыс хан болды» деп айтып отыратын. Сонымен қоса: Шыңғыс хан қатарынан асып туған, Кеудесін дұшпанының басып туған. Туғанда уысына қан шеңгелдеп, Қызартып екі көзін ашып туған, – деген өлеңді кішкене кезімде жадыма тұтқам. Ол заманда қазақтар бір-бірін қонаққа шақырса арақ ішпейді, ет желініп болғаннан кейін әңгіме айтады. Үлкен әкем Мағауия ақсақал «Мың бір түннен» бастап, түрлі ертегілер айтатын. Бір жолы ағам (әкем) Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романын әңгімелеп берді. Мен де ертегіші болдым, мектепте бастауыш кластарда оқып жүргенімде балалардың басын қосып ертегі айтамын. Ең қызығы, сол ертегілердің біреуін-біреуіне жалғап өзгертіп, дамытып айта беретінмін. Осындай ескіге құмарлықтан тіл байыды, көзқарас қалыптасты...Совет заманында Шыңғыс ханға қалам тарту мүмкін болмады, мен алғаш Шыңғыс хан тақырыбына «Көк мұнар» романында бардым. Бас кейіпкер Едіге дағдарысқа түсіп жол таба алмайды, содан ескі әдебиетті зерттей жүріп Алтын Орданың құлау дәуірі туралы роман жазады. Білген адамның танып алуы оңай, онда ежелгі түрік жұртының қалай күшейгені, бүкіл дүниені жаулағаны, ақырында үлкен Орда құрғаны, ол мемлекеттің іргесі түбінде берік болмай шыққаны туралы айтылады. Бұл Алтын Орданы жоқтау, Шыңғыс ханды жоқтау болатын. Сөйтіп, отыз жасымда Шыңғыс ханға ойқастап бардым. Оны біреулер ойлапты «тарихи роман жазып, «Көк мұнардың» ішіне кіріктіріп жіберді» деп. Жоқ, оны бірден жаздым. Жалпы менде жазғаннан кейін қайта құрау деген болмайды, басынан түскенімде аяғы көз алдымда тұрады. Үлкен екі кітаптан тұратын «Аласапыранның» өзі алғашқы сөйлемін бастап жазғанымда соңы немен аяқталатыны көз алдымда тұрды. Алып прожектор төбеден түскенде жарым дүниені жарық қылады ғой, сол сияқты ол кезде санам ашық болатын. «Кесік бас, тірі тұлып хикаяты» романында композиция күрделі, оқиға шым-шытырық, соны да қолдан құраған жоқпын, басынан түскен кезде ойымда тұрды, аяғына бір-ақ шықтым. Өз тұрғымнан алғанда «Кесік бас, тірі тұлып хикаяты» – менің мінсіз шығармаларымның бірі.– «Шыңғыс ханды» жазу әу баста жоспарыңызда болған жоқ қой?– «Шыңғыс ханды» жазу әу баста жоспарда болған жоқ, өйткені жарияланбайтын еді. Жарияланбайтын шығарманы «үстелдің астына жасырып жазу» деген орыстарда болды, себебі олардың шетелде газет-журналдары, баспалары бар еді. Ал бізде ондай ештеңе жоқ, жазған дүниең өзіңмен бірге кетуі мүмкін. Сондықтан жарияға шығатын, қажетті нәрсені жазу керек болды. Тәуелсіздік алып, цензура жойылғаннан кейін «Шыңғыс ханды» жазу ойымда болды, бірақ ол кезде бүгінгі күннің тақырыбына арналған ең зәру, қажетті дүниелер анталап тұрды, соларды дендеп барып, үш-төрт ай дайындық жасадым да, 2008 жылы «Шыңғыс ханға» кірістім. Бірінші кітапты екі жарым жыл жаздым, қалған кітаптар бір жылдан жазылды. Бұл жерде менің өмір бойы жинақтаған тарихи танымым, ұлттың тарихына көзқарасым көрініс тапты. Төртінші кітапты 2015 жылы қараша айының соңында бітірдім, шаршап-шалдығып, сіңіріме ілініп әрең бітірдім. Сонан кейін теңізге түсіп демалып, тынығып келдім де, бір айдай үстінен қарап баспаға бердім. «Шыңғыс ханның» төрт кітабына тура жеті жыл уақыт кетті. – «Шыңғыс ханды» оқығанда бір байқағанымыз, сіз «Қастерлі шежіредегі» («Моңғолдың құпия шежіресі») деректер мен мәліметтердің  біразын жоққа шығарасыз...– Егер ежелгі неміс тарихының тұтас бір кезеңі – Нибелунгтар, француз тарихы – Роланд, испан тарихы – Сид, ағылшын тарихы – король Артур жөніндегі аңыз-жырлармен айғақталса, қазақ тарихы «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырлары арқылы белгіленсе не болар еді? «Қастерлі шежіре» – ғажайып мұра, бірақ нақты, тарихи деректі жәдігер емес. Бұл – Бартольдтың бағалауынша, қаһармандық эпос. Біз өз тарапымыздан айтар болсақ, шежіре-эпос дер едік. Яғни, ата-баба шежіресі. Шыңғыс хан тарихының халықтық ұғым, ауыз әдебиеті үлгісімен қайыра қалыптанған жаңа бір нұсқасы. Ақиқат пен әсіре, шындық пен лақап, даналық таным мен балаңқы ұғым астасып, араласып жатқан әдеби-көркем туынды дер едік. Сондықтан да «Шыңғыс ханда» мен көп нәрсені басқаша жаздым. Абайдың айтатын сөзі бар емес пе: «Білгенге маржан, білмеске арзан» деген. Сол сияқты, мұның бәрі білмегенге арзан болып көрінеді. Мәселен, «Қастерлі шежіреде» айтылатын дерек бойынша, Шыңғыс ханның әкесі Есугей бахадұрға татарлар у беріп өлтіреді. Есугей жолай той үстіне түсіп, татарларға қонақ болады. Осы кезде олар сусынға у қосып береді. Біз бұл деректі мақұлдай алмадық. Жарайды, Есугей бахадұр ен далада мереке, сауық құрып жатқан азды-көпті татардың үстінен шықсын-ақ делік. Дала рәсімі бойынша Есугей – мейман. Ал мейманға у беру мүмкін емес. Оған қоса, қандай жағдайда да ас иесі ортақ дастарқан үстінде қонағына құйылған сусынды (қымызды) ең алдымен өзі дәмін татып қана ұсынуға тиіс. Баяғыда менің тәтем (шешем) қымыз құйып бергенде өзі үнемі шетінен ұрттайтын. Бұл – Шыңғыс хан заманынан, көне түрік заманынан қалған дәстүр. Бұл – «асым адал» деген сөз. Енді таза тарих, нақты дерек, мағлұматқа құрылған Жувәйни мен Рәшид-әд-Дин еңбектеріне жүгінейік. Мұнда Есугейдің төтенше өліміне қатысты ешқандай емеурін жоқ. Есугейдің жастай кеткені айтылады, мезгілсіз болса да өз ажалымен өлгені аңдалады.– Жошыға қатысты деректерді де пысықтап, қайсысының шын, қайсысының өтірік екеніне тоқтала кетіпсіз...– Жошыға қатысты жала, өсек қайдан туған? Бұл – Батыс тарихшыларының қайткенде де Шыңғыс ханға көлеңке түсіру ниетінің кезекті бір көрінісі. Жауыз Шыңғыс ханның алғашқы, үлкен ұлы Жошы өзінен тумапты! Көлденеңнен жабысқан жолдыбай екен! Атының өзі айтып тұр! – деседі. Ал жолда тусын. Көшпенді жұртта аттың жалы, түйенің қомында кім тумаған?! Рәшид-әд-Дин атап көрсеткендей, ол кезде сапар, көш үстінде туған баланы Жошы деп атайтын ырым болған. Темужіннің туған інісінің толық аты – Жошы-Қасар. Кейінгі Жошы ханмен шатастырмас үшін көбіне-көп, үнемі дерлік есімнің екінші жартысы қабылданған. Рәшид-әд-Диннің еңбегін ақтарыстап қарасаңыз, тағы қаншама Жошы алдыңыздан шығады. Бұл – таңбалы қағазға түскен Жошылар ғана, соның бәрі некесіз туған ба сонда? Үлкен ұл Жошыны аз көрсеңіз, Шыңғыс ханның кенже ұлы Төлені де шалағай-шата қылып қояды. Керек десеңіз, Шыңғыс ханның өзі күмәнді – Өгелін Есугей бахадұрдан бұрын ұрықтанып үлгерген… Әрине, мұндай қисынсыз, жолдан қосылған, ойдан шығарылған жалалы өсек-аяңға көп назар аудармай, нақты тарихи деректерді алдыға шығардық.– Орыс тарихшыларының «моңғол-татар шапқыншылығына» байланысты асыра, өсіре айтқандары туралы да мол дерек келтіресіз...– Өзінікін асыра бағалау, ақылға сыйымсыз ғаламат ерлік туралы хикаялар жеңілген және жеңген барлық халықтың ауызекі тарихында көптеп ұшырасады. Эпикалық жырлар, шежірелі хикаялар, аңыз бен қауесет. Мұндай ертегілік оқиғаның бізге жақын ең көрнекті нұсқасы – Салқам Жәңгір ханның небәрі алты жүз кісімен ойраттың елу мыңдық қалың қолын талқандауы туралы хикая. Мүмкін емесі ешкімнің қаперіне келмеген, отаншылдық ұранымен барлық тарихқа еніп кетіпті. Біз кезінде жазғанбыз, Салқам Жәңгірдің қол астында Дүрбін-Ойрат қосындарына қарайлас, соған жақын, бәлкім, одан да артық жауынгер шерік болған. Атаулы алты жүз – ол заманда Орталық Азияда қолданысқа түсе қоймаған от қару – мылтықпен жасақталған екпінді, арнайы топ. Қалмақтар үшін мүлде тосын, қорқынышты қару бастапқыда оларды дүрбелеңге салады да, ақыры бүкіл қазақ әскерінің жаппай шабуылынан соң, түбегейлі жеңіске жол ашады. Ғалдан-Бошұқты қоңтажы он мың шерігінен айрылыпты. Біздің түйсіксіз ертегішілер небәрі алты жүз қазақ қалмақтың елу мыңдық қолын қиратып, оның ішінде он мыңын қырып салды деп жүр. (Қисынсыз қиял үстіне, майданға жетіп үлгермеген, сондықтан ғаламат ұрыстың әуелгі де, екінші де кезегіне мүлде қатынаспаған Жалаңтөс әмірді әкеліп қосады.) Қанша мәрте айтсаң да, санаға кірер емес, барлық тарихта солай жазылып жатыр және шегі көрінбейді. Орыс ағайындардың «Козельск қорғанысы» да – осы қатардағы құбылыс. Тек «Козельск қорғанысы» ғана емес, Смоленск қорғанысы туралы да өсіре жазады. Мұның бәрінің шындығын айттық. Орыстың бірталай қаласы «моңғол-татарларға» қарсылық көрсетпей, қақпаларын бірден ашады. Осыған орай малы бүтін, жаны түгел, ешқандай бүліншілікке ұшырамай, аман шығады. Арғы-бергі орыс тарихшылары осыны бүркемелеп, елеусіз қалдырады. Тек Л. Гумилев қана назар аударған.  – Сонымен, Шыңғыс хан түрік тайпасының қай руынан шыққан?  – Қият руынан шыққан. Қияттар уақыт оза келе қарасыны молығып, жеке-жеке атаға бөлінеді, әйткенмен, қият түбірін сақтайды: қият-жұрқын, қият-шаншығұт, қият-жасар, қият-қоралас, қият-бөржіген. Шыңғыс хан қият-бөржіген ұрқына жатады. Бөржіген сөзінің мағынасы – «бөрі нәсілі, бөрі текті ханзада», таратып айтсақ, «бөрі» және «тегін» атауынан туындаған: бөрітегін немесе бөржіген (түрік нәсілі, тіпті берідегі Қабұл-хан әулетінде шаңырақ иесі кенже ұл «отшыген» – от тегін, яғни от иесі, шаңырақ иесі ханзада атанғаны белгілі).Шыңғыс ханның билігі және оған жалғас заманда күрт көбейген қият тайпасы бүкіл империя шегіне таралады. Әсіресе Алтын Ордада айрықша күшке жетеді. Ұлыс бектері, қолбасылар шығарады, хандық өкіметтің сенімді тіректерінің біріне айналады. Тоқты ханнан соңғы бұлғыр кезеңде төңкеріс жасап, заңды мұрагер, Бату хан нәсілі Өзбекті таққа отырғызған – осы қият бектері болатын. Алтын Орда ыдырағаннан соңғы кезеңде де қарашы қият өз орнын табады. ХV-ХVІ ғасырларға қатысты жазба тауарихта қият – «тоқсан екі баулы өзбек», яғни киіз туырлықты көшпенді түрік тайпаларының бел ортасында көрінеді. Уақыт оза келе тілі бір, қонысы орайлас туысқан халықтардың арасына сіңісіп кеткені байқалады. Ал қият-бөржіген, яғни Шыңғыс ханның тікелей тұқымы билік басында қала берген. И. Березин, Н. Аристов сияқты зерделі орыс ғалымдары қазақтағы қазіргі шанышқылы руын сол кездегі шаншығұттың (қият-шаншығұттың) тікелей жалғасы деп есептейді. Қазақ ұғымы, қазақ халық әдебиетінде ежелгі қият – қыпшақпен туыстас және одақтас ру ретінде жүреді. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов өзінің тарихи шығарма, әдеби зерттеулерінде «қият-қыпшақ елі» деп жазады. Қазақ арасында қият өзінің жалпы атымен шанышқылы руының құрамына енген. Бүгінгі шанышқылы – бағзыдағы қият-шаншығұттың тікелей жалғасы деп білсек, мұндай ауыс – азайған үлкен ата мен өскен кіші атаның орын алмасуы – түсінікті жағдай. Сондай-ақ адай келімберді мұңал ішіндегі бір бұтақ – ежелгі қият есімінде. Мұндағы «мұңал» – «моғұл», «мұғал» атауының басқашарақ дыбысталған нұсқасы. Яғни, бүкіл мұңал осы қияттың төңірегінен табылады деген сөз.Сондай-ақ жалайыр ішінде де қият бұтағы бар екен.Қият-бөржіген (бөржегін, бөржігіт) яғни Шыңғыс хан әулеті «төре» атанды, Алтын Ордаға жалғас Қазақ Ордасының барлық ханы – Жәнібек пен Керейден бастап, Кенесарыға дейінгі аралықтағы, Алаш жұртының аруағын көтерген ұлы тұлғалар түгелімен осы тұқымнан. Ел қорғаған, қол бастаған атақты батыр сұлтандар өз алдына бір төбе. Беріге келсек, ХІХ ғасырдағы ұлы ғалым Шоқан, күйші Дәулеткерей, әнші Мұхит, ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлттық көсем Әлихан Бөкейхан, күні кешегі, қазақ тарихы үшін жапа шеккен Сәнжар Аспандияров пен Ермұхан Бекмаханов, бүгінгі белгілі архитектор Шота Уәлихановқа дейінгі қаншама ірілер түгелдей осы қият-бөржігіт әулетінен тарайды.– Шыңғыс ханды түрік деп таныған зерттеушілер бар ма?– Шыңғыс хан әу баста зерттеле бастағанда Дегин деген француз оқымыстысы және бүгінгі кейбір тарихшылар Шыңғыс ханды түрік деп жазған. Алайда орыстың империялық саясаты үшін түрік болмау керек еді және Еуропа да түріктерді жақсы көрмейді, сонымен момын, мал бағып жатқан моңғолдарға тели салған. Ал қазіргі халха моңғолдары бұл жерге Шыңғыс хан өлгеннен көп кейін, 1450 жылдары ғана келе бастаған. –  Осы еңбегіңізге моңғол ғалымдары қалай қарады?– Олардың оқыған-оқымағанын білмеймін. Біреулер айтады: «Моңғолдар Шыңғыс ханды бермейді» деп. Бермейтін ол мүлік емес, жер емес. Бірақ, моңғолдарға риза болуымыз керек, олар өздерінің тарихын Шыңғыс хан негізінде түгендеді. Олар: «осы далада біздің бабамыз Шыңғыс хан өмір сүрді» деді. Бір ғана мысал айтайын, қазақта екінің біреуінің аты – Шыңғыс. Ал моңғолдарда ондай ат мүлде болмаған, бәлкім, енді ғана қойып жатыр. Сонан кейін ХІХ ғасырдың соңында орыстар Моңғолияға өте ауқымды зерттеу жасаған. Орыстың ол кездегі империялық саясаты күшті болды. Моңғолияға Ресей үнемі саяхатшыларын жіберді, олар жер танып қайтады. Сол зерттеушілердің бәрі жазған: «моңғолда ру жоқ, қосын, аймақ қана бар» деп. Енді қазір баяғы рулар атын жаңғыртып жатыр. Бірақ, не десек те моңғолдар  Шыңғыс ханнан айныған жоқ. «Шыңғыс ханның 800 жылдығын тойлаймыз» деп Моңғолияның сол кездегі екінші хатшысы өлімге ұшырады, басында орнынан түсірілді, кейіннен балталап өлтірілді. Ақыры олардың тарихшылары қисынын былай тапты: «Шыңғыс ханның әуел бастағы ісі дұрыс, өйткені ол моңғол мемлекетін құрды, ұлтты ұйыстырды, онан кейінгісі – қате, өйткені басқа жерлерді жауламақ болды» деп (күлді). Ал біздің қазақтарға таңғаламын, жүз рет «Шыңғыс хан – түрік, Шыңғыс хан – қазаққа жақын» деп айтсаң да мыйына қонбайды. Шыңғыс хан қазақта асыл нұрдан жаралған әулие саналды. Алтын Орданы есептемегенде, қазақты неше жүз жыл Шыңғыс ханның ұрпақтары биледі. «Алтын шежіренің» бір нұсқалары қазақтың арасында да сақталған. Оны кейін Г.И.Потанин жазып алған. Арыдан бастасақ, Мұрат ақынның, Қашаған ақынның, Мағжанның, Шәкәрімнің өлеңдері, Абайдың айтқандары бар. Ғұмар Қараш айтады: «Шыңғыс, Бату хандық құрып тұрған ел, Қарақыпшақ Қобыландылар туған ел» дейді. Ал Мұратта: «Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз, – Қайран саланың жатқан аңғары-ай, – Ақ сәлделі пірлердің мешітке жаққан шамдары-ай, – Кәпірден теңдік алуға, – Қайтып та туар деймісің, – Мұсылманның баласы Шыңғыстан туған хандар-ай», – дейді. Осылардың ішінде «Шыңғыс хан жаман» деген бір ауыз сөз жоқ. Совет өкіметі жамандап еді, сол әлі мыйларынан шықпай отыр. –  «Шыңғыс ханды» өзге тілге аудару ойыңызда бар ма?

– «Шыңғыс ханды» басқа тілге аударуға менің уақытым да, жағдайым да жоқ. Едіге ұлым айтып еді: «Төрт томнан бір том жасасаңыз, соны аудартайық», – деп, байқап қарасам болмайды екен. Енді қағазға түсті, ешқайда жоғалып кетпейді, жиырма-отыз жылдан кейін осының біразын басқалар да аша бастайды. Бірақ мен айтқан дүниелерге жете алмайды деп ойлаймын. Ең бастысы, мен қазақ үшін жаздым. 

(жалғасы бар)

Сұхбаттасқандар Әмірхан МЕҢДЕКЕ, Жақсылық ЫРЫСБАЙҚазан, 2017, Алматы.

 Жазушының рұқсатымен жарияланып отыр. 

Көшіріп басуға болмайды.

Фото: Ult.kz

Тегтер: