Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:35, 30 Қаңтар 2024

Мұхтар Мағауиннің үйінде

Мағауин
Фото: из открытых источников

Ел аяғы саябырсығанда қылаулап жауған қар түн ортасына қарай іріленіп, үдей түсті. Ауық-ауық терезеден тысқа қараймын. Айнала жым-жырт, төңірек тыныш, тыста ептеп жел тұра бастапты, ірі қар ұшқындары терезенің сыртын тынымсыз ұрғылайды. Түн енді орталаған шақ, «жолға шығамыз» деген көңілдің желігі ме, әлде алдағы сапардың жүрекке түсірген салмағы ма, әйтеуір қарадай елегізіп, бұл түні ұйқымыз қашты. Ақыры сол елегізген, алабұртқан күйі жолға шықтық. Алда 9-10 сағатқа созылатын алыс жол, әуелгі бағытымыз Алматы – Ыстамбұл, одан ары Анталия – Кемер, ат байлар тұрағымыз – аса көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің Кемердегі құтты шаңырағы.

Түн енді орталаған шақ, «жолға шығамыз» деген көңілдің желігі ме, әлде алдағы сапардың жүрекке түсірген салмағы ма, әйтеуір қарадай елегізіп, бұл түні ұйқымыз қашты. Ақыры сол елегізген, алабұртқан күйі жолға шықтық. Алда 9-10 сағатқа созылатын алыс жол, әуелгі бағытымыз Алматы – Ыстамбұл, одан ары Анталия – Кемер, ат байлар тұрағымыз – аса көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің Кемердегі құтты шаңырағы.

Алматы әуежайына таң бозынан жеттік. Үйден едәуір ерте қозғалып едік, түнімен жауған қардан әлі тазаланбаған қала көшелері адымымызды аштырмады. Әуежайдың төңірегі ығы-жығы көлік, қайшылысқан адам. Әуелде уәделескендей ақ сапарға бірге ниеттенген ақын Талапбек Тынысбекұлы, жазушы Мейіржан Әуелханұлы, баспагер Ғалымбек Оралхан қатарлы мен жігіттер әуежайда жолықтық. Алдымен классик қаламгерге апара жатқан ерулігімізді, ауылдың дәмін реттеп жөнелттік, одан соң кедендік бақылаудан өтіп, күту залында аз аялдап, ұшаққа міндік. Қар әлі қылаулап жауып тұр, аспан түнеріп, аласарып алған. Ұшақтың гүрілі күшейіп барып кілт ақырындады, одан соң сәл қарлығыңқы дыбыс шығарып аз кідірді де даусы мүлде өшті. Дәл осылай бірнеше рет қозғалатындай ыңғай танытып, дауысы жер жарып гүрілдей беріп кілт үзіледі, сөйтіп қанатын қомдап, тынымсыз қаққылаған, бірақ ұшып кете алмаған ырғақтағы бүркіттей ұшағымыз гүрілдеп, өшіп, төрт сағат тұрды. Ұшақ қызметкерлері: «Ұшуға бұйрық күттік» деді.

Ыстамбұлға түс қайта қондық. Ат шаптырым әуежайда Анталияға ұшатын рейсімізді таппай жарты сағаттай сабылдық. Кенет жеделсатының қасында тұрған қызметші жігіт көзімізге жылы көрінді, кес­кін-келбеті қазаққа ұқсайды. Мұнда төңіректің төрт бұрышынан келген турист сабылып жүр, ішінде ақ құбасы да, қара қоңыры да, бадырақ көзі де, қысық көзі де кездеседі, сонша адамның арасынан әлгі жігітті дөп басып айту қиын, әрине. Дегенмен іштей қазақ деп топшыладық. Қасында аялдап аз тұрдық, бірақ бізге зер салып қараған да жоқ, өз шаруасымен әбігер, ақыры «әй жігіт, қазақсың ба?» деп дауыстадық, басын жөнсал изеді, біз елпең ете қалдық. «Қайдан келдің, атың кім?» деп жан-жақтан жамырап жатырмыз, «атым – Мұстафа Алтай, Ыстамбұлда туып өскенмін, Қазақ­станға бармағанмын, ол жақты мүлде білмеймін» деді. Мұстафаның өң әлпетінен онша жылы шырай байқалмайды, тіпті бізден құтылғысы, тездеп бұл жерден кеткісі келетіндей, іштей асығып, әбіржіп тұрғаны сезіледі. Дегенмен біз оның ырқына көне қоймадық, мана атын сұрағанымызда әлде фамилиясы, әлде атына тіркеме Алтай дегенді қосып айтты, демек түп көркіні Алтайдың қазағы. 1930-1950 жылдары Қытайға қарасты Алтайдан, Құмыл, Баркөл өңірлерінен қызыл үкіметтің қырғынынан қашып бір қауым елдің, Гималай асып, Такла-Макан шөлін басып өтіп ақыры Түркияға жеткені тарихтан мәлім. Мұстафа солардың ұрпағы болуы мүмкін, біз оған осы қанды тарихты айттық, тағы да жөнсал басын изеді, қазақшаны да қиналып сөйлейді екен. Ары қарай қыстамадық. «Атажұртыңа, Қазақстанға кел» деп, жылы қоштасып, жолымызға түстік. Артыма бұрылып едім, Мұстафа біздің соңымыздан қаздиып қарап тұр екен, түрік арасында, Ыстамбұлда өссе де Мұстафа қазақтың баласы, бізді көріп елпілдемегенімен, сыр бермегенімен, кім біледі, ішінде бір ой бүлк ете түскен шығар...

Сонымен, Анталияға да жеттік. Артта 13 сағатқа созылған, күтумен, кешігумен, ұшақта ұзақ сарылумен өткен мыңдаған шақырым жол қалды. Кеш кіріп, көз байланған шақ. Тыстағы көктемнің жылы шуағы ма, әлде теңіз жақтан ескен майда желдің әсері ме, шаршауымыз лезде басылып, ширап сала бердік. Ендігі бағыт – Кемер. Алматыдан шығарда Бақытжамал апамыздан үйдің мекенжайын сұрап білгенбіз, енді түнделетіп болса да Кемерге жетіп, Мағауин шаңырағына жақын төңіректен қоныс табуды жөн көрдік.

Кемер – Анталияның іргесіндегі шағын қала. 40 шақырымдай аралықты таспадай тартылған, тақтайдай тегіс жолда тез еңсердік. Мұнда бұрын болғанбыз, қазір түн мезгілі, жолай көп ештеңе көзге шалынбайды, ал күндіз жүрсеңіз жол бойы табиғаттың сұлулығына көз суарасыз. Бара жатқанда сол жағыңыз Жер орта теңізі, жол бірде теңізді жиектеп жүреді де, енді бірде толқыннан үріккендей жалт беріп, тауды сағалай жөнеледі. Жап-жасыл ағаш, көкпеңбек теңіз, беті тегіс жасыл желекпен әдіптелген бұрдырмақ тау. Кейде теңіз бетіне қалқып шыға келгендей алақандай арал ұшырасады, аз-кем қатарласып келеді де ақырындап көз ұшында қала береді. Мұның бәрі ертеректе Кемерге келе жатқан жолда күндіз көрген, көңілімізге түйген суреттер, ал қазір меңіреу қара түн, қарсы бағыттағы көліктердің жарқыраған шырағы болмаса, аса ештеңе көзге ілінбейді. Жолай екі тауды туннель арқылы кесіп өтіп Кемерге жеттік. Әуелгі мекенжайға жақын жерден қонақ үй тауып орналастық. Карта Бақытжамал апамыз берген адресті осыдан тым алыста емес деп көрсетіп тұр. Біз «ақсақалдың үйі осы төңіректе сияқты» деп бір-бірімізге жымыңдап қоямыз. Қонақ үйдің шаруашылық ұйымдастырушысы әзербайжан азаматы екен. Бізбен келген бойда сөйлесіп ала жөнелді, ерулігімізді оңтайлы жерге орналастырып, өзімізге жайлы екі бөлме берді. Сөз арасында «сендер осы великий қазақты іздеп келген жоқсыңдар ма?» деді, алғаш естігенде құлаққа тосаңдау сезілді, аңтарылып тұрып қалдық, ол да мұны сезсе керек: «жақында Кемерге қазақтың үлкен жазушысы көшіп келді деп естідім, қонақ үйге қонған қазақтар айтты, жазушыға келетін кісілердің көбі осында тоқтайды, кеше де екі-үш жігіт түнеп кетті, «великий жазушы» дегенді солардың біреуі айтты деді жылы жымиып. Сөз соңын «ақсақалдың үйі алыс емес, жаяу жетіп аласыңдар, таңертең көрсетіп жіберем» деп тәмамдады.

Кемердің таңғажайып табиғатына ертесі қанықтық. Түріктің жеңіл, дәмді таңғы асынан кейін едәуір уақыт айналаны шарлап бой жаздық. Төңіректі тегіс аласалау тау қоршаған, таудың ұшар басына дейін көмкерілген көк жасыл ағаш, тек үшкірленген ең ұшы жалаңаш, қожыр-қожыр ақсұр жартас. Таңғы желемікпен баяу ырғалған пальма ағашы, аулада өсіп тұрған мандарин бәрі-бәрі Кемердің көркіне көрік қосып тұрғандай. Кейін білдік, осы төңірек сабылған туристерден шеткері, сырттан көп ешкім келе бермейтін, тұрғылықты тұрғындардың мекені екен. Теңізге де тым алыс емес, көлікпен 5-10 минуттық аралық.

Сиыр түс әлетінде ақсақалдың үйіне қарай беттедік. Еңістеп сәл жүрдік, сосын сол қапталдағы төбесі хан ордасы пішінді дөңгелек, сырты қоңыр, қара торы, ақ мрамормен қапталған екі қабатты үйдің алдына келіп тоқтадық. Алтындай сары түсті қақпаның қоңырауын жүрексіне бастық. Іштен ешкім шыққан жоқ. Кенет үйдің жол жаққа қараған үлкен терезесіне көзіміз түсті. Ақсақал төр алдындағы диванда жантайып жатыр. Кірсіз әйнектен ап-анық көрініп тұр. Сол қырымен жамбастап, асық үйіріп жатыр, арагідік қимылсыз тоқтап қалады, сосын қайта асығын үйіреді.

Ашық қақпадан өтіп үйдің қоңырауын бастық, көп кешікпей Бақытжамал апамыз есік ашты, емен-жарқын амандасып ішке кірдік. Манада сырттан көрген, оң жақтағы кабинетінен кеудесін тік ұстап атамыз шығып келе жатты. Жамырап амандастық. Әдепкі амандық жөнімен денсаулығын сұрадық. «Тәубе, жазуға жараған денсаулық – ең жақсы денсаулық» деді. Ары қарай жайғасып отырдық, бірден әңгіменің тиегі ағытылды. Содан тоқтаусыз, толассыз 7-8 сағат сөйледі. Арғы-бергі тарих, жазудың жайы, Қазақстанның жағдайы, біз ат шалдырмаған төңірек қалмады. Ұзақ-ұзақ айтылған, аса мәнді әңгіменің арасында бірлі-жарым сұрағымызды да сыналап кіргізіп отырдық. Ақсақал бізді көңіл қойып тыңдайды, сосын кең молынан жауап береді. Сондай бір қазақы кеңестің үстінде жазушының «Шыңғыс ханды», «Алтын орданы» жазғандағы күнделікті жазу тәртібін сұрадық.

Мұхтар Мағауин
Фото: из открытых источников

 

«Шыңғысханды» мәшинкеге жаздым, күн сайын 5-7 бет, кейде 8 бет тоқтаусыз бір қалыпты жазылды. Естеріңде болсын, адамның басының жұмыс істейтін мөлшері болады, төрт жарым, бес сағат ең шегі, толық жұмыс жасағанда. Мен әдетте төрт жарым сағат, төрт сағат, 45 минут отыратынмын, күнделікті, бір қалыпты. «Алтын орданы» сәл баяулау жаздым, 16 сентябрьден бастап (2022 жыл) келесі жылы 6 сентябрь біттім, мұнда да бірқалыпты, асықпай жаздым. Мұның бәрі есеп. Біздің кейбір тәжірибесіз жазушыларымыз құлап түскенге дейін жазады екен. Тіпті өліп-өшіп түні бойы, тоқтау­сыз жазатындарды да көрдік. Ондай жұмыста сапа болмайды. «Мен күзді күні жақсы жазам» дейтіндер де бар. Бұл профессионалдықтың кемдігі, жазушы үшін жаз, қыс деген уақыт жоқ. Денсаулық жарамаса, егер көкірек ауруы болса, күзді күні жұмыс жасай алмауы мүмкін.

«Шыңғыс ханнан» зорығып, шаршап шықтым. Аяқтаған соң бәйбішем, Едіге және келінім мен Флоридаға бардық. Онда Хемингуэйдің мұражай үйі бар. Бұл ноябрьдің аяғы, декабрьдің бас кезі еді. Су жылы, он екі күн сонда демалдық. Қайтып келген соң «Шыңғыс ханның» алғысөзін жаздым. Сонан кейін бірер ай тынықтым.

«Менді» неге ешкім қабылдамады, өйткені милары жетпейді. Себебі өлшемнен тыс болды. Күн айналмай жер айналады деген ұғым алғаш шыққан кезде миға қонбай қойды ғой. Жазудың мәселелері де сол сияқты нәрсе.

Жазудың ең қиыны – адамның сезімтал құбылыстарын беру. Қуанды, ренжіді, қайғырды, әрқайсысының өз ерекшелігі бар.

Таңғаларлық жағдай. «Тазының өлімін» жазып жатырмын. 1969 жыл. «Жазушы» баспасында жұмыс істеймін. І.Есенберлиннің қарамағында. Күндіз жұмыс көп, өте ауыр, бір-ақ күн демалыс бар. Ілекең жарықтық маған машинасын беріп қойған. Таңертең 5:00-де тұрам, шайымды ішіп алам жақсылап, сосын 5:30-дан 8:30-ға дейін жұмыс істеймін. Жұмыс баяу жүрді. Елу күнде жаздым. Өте қиын болды, кей күндері жазылмады. Хикаятты оқысаңдар иттің қақпанға түсетін жері бар. Соның алдында ажалдың елесін сезеді. Тура сол жеріне келгенде Едіге жылады, емшекте еді, біздің әжеміздің ұйқысы қатты, ояна қоймады. Қарама-қарсы екі бөлме. Біреуі менің кабинетім. Шар-шар етіп жылайды. Мен иттің ажалын жазып отырған кезде Едігеге берілген ғой. Атып тұрып: «балаға қара» деп бәйбішені ояттым. Баланы уатып, қайтып келіп отырдым. Ары қарай ойдағыдай жалғаспады, бұзылып кетті. Іштей «қап, әттеген-ай» дедім. Кейін екінші қайтара тазалай көшірілген кезде межесіне жеткіздім.

Ал «Оңғақ» дейтін хикаятты бес күнде жаздым. Демалысқа шығамыз деп дайындалып жатқанбыз, арада жеті күндей үзіліс болды, сол екі арада жазып тастадым.

Жазушының «Алтын дәптері» туралы көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Ол – қаламгердің болашақ шығармасының нобайын, қысқа сюжеттерін, бірлі-жарым негізгі сөз сөйлемін түсіріп отыратын дәптері. Өзі жазбасында «1996 жылы ғұмыры отыз бес жыл болды, 49 бет» деп таңбалайды, енді осы дәптердің бұдан арғы тағдырын сұрадық, одан кейінгі әңгіме жазушының шығармашылық лаборатиясына қарай ауысты.

 

«Алтын дәптерге» 2003 жылға дейін сюжеттерді жазып отырдым, кейін басқа бір блокнотқа түскені бар. Мен қанағатшыл адам емеспін, дегенмен осыған тәубе деймін. Біраз нәрсе жазылды. 1970 жылдары заман кеңір болғанда ойдағы дүниенің көбісі жазылар еді.

Әлем әдебиетінің жетістіктерін түгел пайдаланамын. Өзім ашқан жаңалығым да өте көп. Менде бәрі берік жасалады, бас-аяғы бар бүтін шынжыр. Бірде-бір орынсыз, артық ауыс нәрсе жоқ. Алғаш жазып жүрген кезден-ақ кім не айтады деп есептесіп көргем жоқ. Бастапқы жолым өте ауыр болды. 18 жасымда «Абай және шығыс әдебиеті» деген мақала жаздым. Ол кезде бұл жаңалық болатын. Екінші курс студентімін. Сонда Самарқанға барып Евразия университтерінің конференциясында сөйледім. Содан кейін Бейсенбай Кенжебаев деген ұстазым журналға бағыттап жіберді, «Қазақ тілі мен әдебиеті» деген журнал болды, оның редакторы Төлеутай Ақшолақов екен. Бейсекең қағазға жазып жібергенін апарып бердім, ол апарып бөлімге тапсырды. Бөлімде екі жігіт отыр екен, біреуі – тілші, біреуі – әдебиетші. Әдебиетшісі ұзын бойлы, ақсұр, көзінің астында тыртығы бар жігіт еді. Содан он ай ұстап, ақыры баспады. Егер ол басылғанда, екінші курстың студентіне үлкен атақ әкелер еді. Кейіннен бастыруға мүмкіндік болды, бірақ уақыт өтіп кетті. Ол кезде менің өрісім басқа еді. Қолжазбасы сақтаулы тұрған болуы тиіс.

Бірқалыпты, баппен айтылған әңгіменің арасындағы аз кідірісте көкейімізде жүрген тағы бір сұрақты қоюға тырыстық. «Ахат Шәкерімұлын көрдіңіз бе?».

 

Ахат Шәкерімұлы біздің үлкен әкемізбен бірге өсті. Мен о кісіні көргем жоқ. Біздің үйге келіп-кетіп тұрыпты. Бізде айтылатын Шәкерім­нің қалай өлгені туралы әңгіме мүлде басқаша. Кейінгі деректердің бәрі КГБ-ның айтуымен бұрмаланған. Қарасартовтар түнімен жүріп барып таңертең ерте тошаланы басқан.
Шәкерім атқа мінгелі жатқанда атқан. Кімнің оғы тигені белгісіз, жапырлай атқан. Кейін бұлар «Керегетас жақтан келе жатыр екен» деп айтты. Октябрь айы, күн суық, қартаң кісі. Ол неменеге бандымен бірге барады, неге далаға қонады, ешқандай қисыны жоқ. Шәкерімді өз қорасында өлтірген. Кейін «бандыға қосылып, бүйтіп жүр» деп айту үшін ойдан шығарған, оны со күйінше қабылдай салды. Анау Бердеш деген болған, өте қаныпезер, өтірікші. Тәкежанның ұлы Әзімбай, Ә
зімбайдың ұлы Бердеш. Кейін Қытайға кеткен, содан қайтып келгенде Әуезов көріп шошыпты: «Сен әлі тірі ме едің?» деп өң-түсі қашып. Жаңағы өтірік деректер осы Бердештің айтуы бойынша болған. Оның айтқаны түгел өтірік.

 

М.Мағауин «Мен» атты мемуар хамсасының бірінші томында әдебиетке әуес, жазуға ынталы жастарға оқуға тиіс авторлардың, кітаптардың тізімін айтады, одан бері де ширек ғасырдан артық уақыт өтті, енді «сол тізім жаңарды ма? Тыңнан қосылған авторлар бар ма?» деп сұрадық.

Одан кейін әлі үлкен әдебиет жасалған жоқ. Француз әдебиеті 1940 жылдары, Америка әдебиеті 1970-80 жылдары, жапон әдебиеті 1980-90 жылдары, Латын Америка әдебиеті де сол кезде дағдарысқа ұшырады. Болды, шегіне жетті, ары қарай дамыған жоқ.

Әңгіменің ендігі өрісі – жазушының атасы Мағауия ақсақалға қарай ауысты. Дені бұған дейін жазған, айтылған әңгімелер, бірақ соның бәрін аса бір тебіреніспен, іркіліссіз айтып шықты.

Төрт жасымда атам маған ашаршылық туралы әңгімелер айтатын. 1944 жыл июнь айында көштік. Жезқазғанмен шекаралас Қарқаралы жаққа. 1932 жылы халық қырылып қалған. 200 шақырым жол жүрдік. Сол кезде «мал басын көбейту керек» деген саясат болса керек, он мың қой, жиырма шаңырақ үй болды. Үлкен әкем ферма бастығы болатын, көшті алып жүрді. 14 күн көштік. Жан жоқ, түнде қасқырлардың ұлығанын естиміз, мыңдаған киіктің өргенін көреміз. Сонда атам төрт жастағы маған үлкен кісі сияқты әңгіме айтады. «Мынау Жобалай деген атаң, анау Шүршіт деген атаң» деп бәрінің басына Құран оқитын, әсіре діншілдігі жоқ, бірақ аруаққа сенетін. Содан көшіп, жаз ортасында Қараүңгір деген жерге келдік. Қара­үңгір дейтіні оңтүстік, солтүстік төңірегі түгелдей тау, боран соқпайтын тыныш жер. Әзімбай дейтін байдың (өзі жақсы ақын болған) қыстауын жөндеп қондық. Әлі есімде, пештің мойны бұзылып қалған екен, атам соны жөндеді. Сосын қара қи қалап, от қойып еді тартып, жанып кетті. Атам көңілденіп ән айтты. Балуан Шолақтың «Ғалиясын». Сонда «Ғалияның қолында бұйда пышақ» дегенді мен «бидай пышақ» деп естіп, «Бидай пышақ» дегені қалай болады екен деп ойлағаным есімде. Тағы бірде жазғытұрым «ана бір жер отты екен, тобылғының арғы жағына ат арқанда» деді. Сонда қалай от болады деп ойладым, түсіндім «шөбі мол» деген сөз екенін, бірақ тобылғының арғы жағына жүгіріп барып от жоқ па екен деп қарап келдім.

Атам жолымның ашық болатынын білді, соншалық сенді маған. Соның бәрі миға қонған, менің қаныммен бірге, тумысыммен бірге жаратылған. Совет өкіметіне деген өшпенділік, жеккөрушілік, қазақшылық осының бәрі тәрбиеден емес, туған кезде адаммен бірге болатын болуы керек. Кейін өзгермейді, ал жолай алғандар айнып, сатып кетеді.

«Аласапыранға» дейін менің жазғандарымды бірде-бір әдебиетші, сыншы, жазушы мойындаған жоқ. Мен ортадан төмен, есепте жоқ адам болдым. «Аласапыран» шыққан соң тоқтату мүмкін болмай қалды. Оның тілі, суреттеуі бәрі де басқаша. Қазір енді жұрт жаппай оқып, оған да үйренді. Сондықтан жазатын адам ешкімге қарамау керек, ешкіммен есептеспеу керек.

Әңгіме сәл саябырсыған бір тұста, жазушының кабинетіне кіріп шықтық. Мана айтқанымыздай, жол жақ қабырға тұтасымен шыны әйнек, төр жаққа шағын, жинақы диван қойылған. Кабинетті көрсетіп жүрген апамыз «диванды жинап тастайық, бөлмені тарылтып тұр» деп едік қарсы болды, «шаршағанда Тоқай Темірді (немересі) ойнатып, осында жантайып тынығамын» депті. Кемерге келгеннен кейін арнайы жазу үстелін, шағын кітап сөресін сатып алыпты. Үстел де, сөре де бетінде ақшыл сызығы бар қоңыр ағаштан жасалыпты. Үстелдің үстінде бірнеше кітап, ақ парақ, бұрышта беті қара сызықты ақ матамен жабылған жазу мәшенкасы тұр. Бұл, бәлкім, 1963 жылы сатып алған тоқтаусыз жұмыс жасап келе жатқан «Олимпиа» деген әдемі ықшам мәшіңкесі болар! Жазушы Кемерге көшіп келгелі көп уақыт болған жоқ. «Алтын ордадан» кейін тынықты, демалды, әзірге біз білетін осында жазылған шығармасы «Бауырсақ». Көкірегінде қаншама сюжет, қаншама шығарма – самсып тұр, Құдай қуат берсе, әлі талай шығарма осы кабинетте дүниеге келер.

Сөз арасында екі рет ас әзірленіп, табақ тартылды. Екі қайыра шай құйылды. Ақыры қас қарайғанда жазушымен қимай қоштасып, жолға шығуға қамдандық. Дастарқан үстінде елдің, жердің амандығын, саулығын тілеп бата жасады. Әрқайсымыздың маңдайымыздан иіскеп қоштасты. Сыртқа беттеп бара жатып артыма қарадым. Ол қолын әлі бұлғап, бізге қарап тұр екен, жүзі сондай жылы, жұмсақ жымиыс, ал көзі алакеуімде анық көрінбеді. Ең соңында қолын бұлғаған күйі «елге, жұртқа сәлем айтыңдар» деді, дауысы сәл қарлығыңқы естілді.

P.S. Кеше М.Мағауин 84 жасқа толды. (Негізі құжат бойынша туған күні 2 ақпан. Алайда өзінің айтуынша, 29 қаңтар). Өзі жазуын үлгі тұтқан атақты Толстой мен Гөтенің жасынан да асты. Тәңірі қаламгерге ұзақ ғұмыр берсін. Жазушының «Шипалы арасан» дейтін хикаяты бар. Гөте өмірінің соңындағы Мариенбадта өткен мәнді бір тұсын бейнелейтін. Сонда айтады: «Гөтеге күш берген, қайта жасартып, қуат құйған – Мариенбад емес, – дедім. – Шипалы Арасан – алыптың өз көкірегінде. Тәңірден бастау алған. Иә. Сарқылмас қайнар бұлақ. Уақыт озған сайын шалқып, молыға береді. Өмірінің ортаңғы кезеңінде айдынды дарияға айналады. Ақыры, адамзат мәдениетінің мұхитына құйып, тыным табады...» деп. Дәл осы сөзді жазушының өзіне қарата айтқымыз келеді. Қаламгер осы уақытқа шейін Прагада тұрды, Америкада өмір сүрді. Енді, міне, Түрік еліне, Кемерге келді. Мағауин қайда жүрсе де көкірегінде қазақ дейтін ұлттың арман-мұраты қайнап жатты. Қайда жүрсе де алашқа сөзі жетті.

Анталиядан аттанарда жүрегіміз шым етті. Ұшақ баяу жорғалап келіп, тік шаншыла көкке көтерілді. Астыда қарауытып Жер орта теңізі, мұнартып түрік топырағы қалды. Біз іштей дұға етіп, қаламгерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледік.

Анталиядан аттанарда жүрегіміз шым етті. Ұшақ баяу жорғалап келіп, тік шаншыла көкке көтерілді. Астыда қарауытып, Жер орта теңізі, мұнартып түрік топырағы қалды. Біз іштей дұға етіп, «Тәңірі төбесіне тұтып, жоғары көтерсін» деп тіледік.

Жақсылық Қазымұратұлы

Алматы – Анталия – Кемер – Алматы