Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 21 Наурыз 2024

Мұхтардың ағасы Қасымбек

Әуезов
Фото:

Жақсы бол, ұл бол, ел сүйетін азамат бол. Құр бос күнгөргіш пысқай бірдеңе болам десең ата-анаңның үмітін жер ет­тің...Қ.Әуезов

Соңғы күндер Қаске түсіме енді – аппақ киімі бар, бірақ ренішті халде көрінеді.
М.Әуезов

Жазушы Мұхтар Әуезов «Менің өмірбаяным» дейтін өз ғұмырынан қысқа қайырым ақпар беретін шағын жазбасында: «Он бір жасқа келгенде әкеден  айрылдым да, мені Қасымбек ағай өз қолына алды. Ол кісі жас кезінде Камалетдин хазірет­тің теріс бата бергеніне қарамастан, мұсылман медресесін тастап, орыс мектебіне ауысады. Сол ағай мені де Семейдегі бес кластық қалалық училищеге түсірді. Шыңғыс болысынан тағайындалған стипендияны алып тұрдым» дейді.

М.Әуезов бұл шағын жазбасында өмірінің ең бір елеулі тұстарын, тағдыр шешті маңызды кез­дерін сығымдап, ықшамдап айтады. Сонда Қасымбек ағайын үлкен ілтипатпен, айрықша құрметпен еске алады. Мұндағы «Қасымбек ағайым» деп отырғаны жазушының немере ағасы – Қасымбек Әуезов. Жазушы өзін алғаш рет Семейге әкеліп орысша оқытқан, бала көкірегіне білімнің отын жаққан, талабын ұштап, өнерге баулыған ағасы Қасымбекті үнемі құрметпен айтып отыратын болған. Тіпті бірде: «Ойласам – мен өзімді соншалық жақсы көрген, соншалық сүйген, мендей жаман баладан көп-көп үміт еткен жақсы жандар ортасында туып өскен екем» деп, Қасымбек ағасын емірене еске алады. Ал Валентина Әуезова өз естелігінде М.Әуезовтің Қасымбек туралы жиі айтатынын, оның өзін ауылдан алып келіп орыс мектебіне бергенін, 

Мұхтарды Қасымбек екі-үш қазақ оқушысымен бірге жесір орыс әйелдің пәтеріне орналастырғанын жазады. Сол күндерді еске алғанда Мұхаң әлгі орыс әйел пісірген құймағы мен шөшіресінің дәмін тамсана әңгіме ететін көрінеді. Сондай-ақ В.Әуезова: «Мұхтар Омарханұлы ағасы Қасымбек пен жеңгесі екеуінің бір-бірін сондай жақсы көргенін тебірене әңгімелейтін. Ағасы жастай қыршынынан қиылып кетіпті, әйелі­нің де өмірі ұзаққа бармай, бірнеше айдан соң құсадан өліпті» дейді. Енді әңгімені сәл арыдан бастайдық.

Мұхтардың үлкен атасы Бердіқожа Құнанбаймен замандас, сыйлас кісі болған. Құнанбай Бердіқожаны қадір тұтып, құрмет­теген екен. Естеріңізде болса, «Абай жолында» мынадай бір сюжет бар. Құнанбаймен Бөжей араздасып, ақыры Бөжей Қарқаралыға арыз жазуға ат­танады. Мұны естіген Құнанбай да Бөжейдің соңынан Қарқаралыға жолға шығады, сонда қасына ерткен сенімді серіктерінің арасында Бердіқожа да болады.

Құнанбай ке­йін қартайғанда осы Бердіқожаның кенже қызы Нұрғанымды алады. Ал Бердіқожа­ның ұлы Әуез Абаймен дәмдес, дастарқандас, пікірлес, сырлас болған. Абай ауылында бала оқытқан. Ке­йіннен өз үйінде немере-шөберелеріне дәріс берген. Ескіше оқумен қоса Абай өлеңдерін, ғақлияларын ұрпағының көңіліне тоқытып, бойына сіңіріп отырған.
Әуез екі әйел алған кісі. Үлкені – Дінәсіл, кішісі – Сақыш.
М.Әуезовтің немере інісі Ахмет
Әуезов (негізі Ахмет пен Мұхтар бір жылдың төлі, бірақ Ахмет Мұхтарды аға тұтып, сыйлап өткен) «Бала Мұхтар» деген еңбегінде: «...Біз атадан бесеу, анадан төрт ағайындымыз. Атамның үлкен әйелі Дінәсілден Омарханның бір өзі.
Кәрі апам – Дінәсіл атамнан он жас үлкен болған. Берегірек келген соң кәрі апам үй жұмысы, баладан бір жола қалады... Нұрғанымның көмегімен атам Сақышқа үйленген.

Атамның кіші әйелі Сақыштан төрт бала бар. Олар – Арынбек, Қасымбек, Ағзам және мен» деп жазады. Ал М.Әуезовтің жиені Мәжит Диқанбаевтың «Мен білетін өмірбаян» дейтін естелігінде айтылған деректер негізінен Ахмет­тің айт­қандарымен ұқсас, тек онда Дінәсілдің найман руынан шыққан, өз елінде абыройы бар Оспан деген адамның қызы екенін айтады. Сондай-ақ Дінәсіл қайтыс болған соң Әуез Абайдың айтуымен Сақышты алғанын сөз ете келіп: «Бұл кісінің әке-шешесі Құнанбайдың үлкен үйінің шаруасын істеп күн көрген адамдар екен. Сол Сақыштан бес еркек бала, бір қыз туады. Оның ең үлкені – Арымбек. Одан ке­йінгілері: Қасымбек, Ағзам, Ахмет, Ғазиз, қыздан Райхан» дейді. Бір қызығы Ахмет­тің жазбасында үлкен шешелері Дінәсіл «үй шаруасынан шет­теп, баладан қалған соң Әуез екінші әйел алды» десе, М.Диқанбаев мұны сәл басқаша өрбітіп, Дінәсіл қайтыс болған соң Сақышты алғанын айтады. Сондай-ақ Ахмет атасының кіші әйелінен төрт бала бар екенін жазса, Мәжит бұған Ғазиз деген ұлды және Райхан деген қызды қосады. 

Валентина Николаевнаның Мұхтардың өзі айтуы бо­йын­ша жазып алған шежіресінде: «Сақыштың әке-шешесі Кенесары­ның төлеңгіті. Шыңғыстауға келгенде Құнанбайға күтушілікке қалдырыпты. Нұрғанымды алғаннан соң «қарымта» есебінде Сақышты Әуезге ұзатқан екен» деген дерек бар.
Әуез балаларын оқытуға, оларға білім беріп, зе­йінін ашуға барын салады. Балаларын қара таныту үшін Абайдың өлеңдер жинағын кітап қып көшіртіп алып, оларға жаздырады. Сөйтіп, ұлы ақынның өнегесін ұрпағының бо­йына сіңіруге ниет етеді.

Бірде Әуез Абайға арнайы келіп, қазіргі отырған жері Қызылшоқы Семейден 250 шақырым, қашық екенін айтып, бала оқыту үшін Бөріліге барып қоныстанғысы келетінін жеткізіп, рұқсат сұрайды. Сөйтіп, Бөріліге көшіп келеді. Дәл осы Бөріліде 1897 жылдың қара күзінде Мұхтар дүниеге келеді. 

Мұхтар да атасы Әуезден қара танып, алғашқы сауатын ашады. Сахараға тән, исламмен тамырласқан арғы-бергі ілімнің біразын бо­йына дарыт­ты. Абайдың өлеңдерін, ғақлияларын оқыды, бала қиялы жеткен жерге ше­йін оның астарына үңілді. Бұл кез­де Мұхтардың жасы онға да толмаған, әлі буыны бекімеген уыздай жас бала. Бұдан ке­йінгі ізденістің өрісі, ғылым іздеудің бет алысы қалай болатынын дүп басып білмейді. 

Т.Жұртбай бала Мұхтардың ендігі білім жолы туралы былай дейді: «Парасат сапарына ат­танған шәкірт­ті білім танудың екі арнасы күтіп тұрады. Бірі, қыр елінде қалыптасқан ислам оқуы. Екіншісі, Абай уағыздаған еуропалық таным арнасы. Бұл рет­те Мұхтардың жол таңдауға ерік-күші келмейтін. Діни мағлұматы мол, мұғалім Әуез немересіне өзі ұстанған соқпақпен жүруді үйрет­ті». Демек, бұл кез­де Мұхтарда өзі таңдау жасайтындай мүмкіндік бола қойған жоқ. Есесіне, таңдауды болашақ жазушы үшін ағасы Қасымбек жасады. 

«...Атамның өз балаларының ішіндегі зор үміт ететін жақсы баласы Қасымбек еді» дейді А.Әуезов. Әуез ақсақалдың Абайдың ризалығын алып, Бөріліге көшіп келіп, Семейде бала оқытсам деген үмітінің басы да осы – Қасымбек. 

Қасымбек 1886 жылы туған. Әуелі сауатын атасынан ашып, ауылда хат таныған. Ке­йін Семейге Камалетдин хазірет медресесіне ескіше оқуға берген. Сонда 16 жасына де­йін медреседе оқып білім алған. Осы тұста талапты жас ескіше оқумен шектеліп қалмай, өз бетінше орысша да үйренеді. Сөйте жүріп ғылымның, білімнің ендігі соны өрісі жаңаша оқуда екеніне көз жеткізеді. Ақырында Камалетдин хазірет­тің: «Орысша оқысаң теріс батамды берем» деген қарсылығына қарамастан, 1903 жылы Семейдегі 5 кластық орыс училищесіне оқуға түседі. Ке­йіннен училищені үздік бітіріп, Семейдегі мұғалімдік семинарияға қабылданады. Дәл осы кез­ден бастап білімге, өнерге құштар бала Мұхтардың көңіліне жарық сәуле түсіретін терезе ашылады.
Қасымбек ауылға келген сайын інілері Мұхтар мен Ахмет­ті қасына алып, ұзақ-ұзақ әңгіме айтады. Көбінесе сөздің ауаны өнер, әдебиет төңірегінде болады. Оның қолынан көнетоз бір кітап түспейді екен. Бірде Қасымбек: «Орыс жазушыларының ең алдыңғысы Лев Толстой» дейді. Мұны алғаш рет естіген қос інісі аңтарылып қалады. Сөйтсе, оның қолындағы әлгі кітап Л.Толстойдың «Севастополь туралы әңгімелері» деген кітабы екен. Қасымбек осыдан соң бұл кітаптан үзінділерді Мұхтар мен Ахметке үнемі оқып береді.

Сахара оқуынан басқа, атасы Әуезден игерген ілімнен өзгерек мына бір сырты тозыңқы кітаптағы әңгімелер бала шәкірт Мұхтар мен Ахмет­тің санасында өзгеше жалын тұтандырып, жанын баурай түскені анық. 

Қасымбек енді інілерін Семейге алдырудың қамына кіріседі. Алдымен ағасы Омарханға барып, Мұхтарды қаладан оқыту туралы ойын айтады. Бірақ Омархан: «Өзің оқығаныңмен қоймай енді орыстың оқуымен балалардың миын уламақсың ба?» деп, ат-тонын ала қашады. Ағадан үміт болмаған соң Қасымбек енді Әуез атаға жүгінеді. Көкірегі даңғыл, көреген қарт ұлының бұл ойын табан астында қолдайды. Сөйтіп, Мұхтар Семейдің 5 кластық қалалық орыс училищесіне түседі. Енді осындағы бір көлеңкелі жайт Мұхтардың училищеге оқуға түскен жылына қатысты. А.Әуезов мұны «1907 жыл» деп көрсетеді. Негізі осыған қатысты естелік деректерде Мұхтар әкесі Омархан қайтыс болғаннан соң Қасымбектің қамқорлығына толық өтіп, қалаға оқуға келгені айтылады. Ал Омархан 1909 жылы қайтыс болды. Сондай-ақ М.Әуезовтің өзі: «1915 жылы городское училищені бітіріп, күзде семинарияға түстім» дейді. Демек, Ахмет айт­қан «1907 жыл» дегені жаңсақ болуы мүмкін. Осы түйіннің шешімін Т.Жұртбай абайтанушы Қ.Мұхамедханов тапқан архив деректеріне сүйене отырып айтады. Қ.Мұхамедхановтың зернттеуінше, Мұхтар 1911-1912 жылдары училищенің дайындық курсында оқыған. 

Екі жылдан соң Ахмет Қасымбек­тің жетегімен Семейге келіп, екі кластық орыс-қырғыз училищесіне түседі. Ол жаңа Семейде пансионда жатады, ал Қасымбек пен Мұхтар үлкен Семейде пәтер жалдап тұрады. Демалыс күндері, әрине, сағынысып жолығып, арқа-жарқа болып әңгіме айтысады. Ағайынды Әуезовтар аз уақыт осылайша Ертістің кілкіп аққан суындай тыныш, қамсыз, білімге бас қойған баяшат ғұмыр кешеді.

Қасымбек Семейдің мұғалімдер семинариясын тәмамдаған соң Мәскеуге барып, жоғары оқу орнына түседі де ауылға оралады. Осы кез­де іш сүзегіне шалдығып, қайтыс болады.
Қасымбектің қайтыс болған жылы туралы да әртүрлі айтылады. Бір деректерде 1913 жылы делінсе, кейбір деректерде 1914 жылы деп көрсетілген. Т.Жұртбай зерт­теуші Бейсенбай Байғалиевтің Жүсіпбек Аймауытовқа қатысты архив деректерін ақтарыстырып отырып, Мұхтар мен Қасымбектің Семейдегі ер балаларға арналған бес кластық училищені бітіргендігі жөніндегі ат­тестат­ты тауып алғанын жазады. Онда «Қасымбектің ат­тестатының шетіне «1914 жылы өлді» деп белгі соғылыпты» дейді. Ал Мәжит Диқанбаев «Қасымбек 1915 жылы аурудан қайтыс болған» деп жазады. Қасымбек бес кластық училищеде 1907-1912 жылдары оқыған, жаратылыстану мен геометриядан басқа пәндерді «беске тапсырыпты». 

Мұхтар училищені 1915 жылы 22 маусымда бітіреді. Төрт сабағынан төрт, төрт сабағынан бес алып, «үлгілі» деген бағаға лайық болады. Өзін жеткізген, жетілдірген, мұраты асқақ алыс сапарға бағыт­таған қамқор аға Қасымбек те осылайша қапияда көз жұмды. Енді Мұхтардың сенері де, сүйенері де бір өзі. Ендігі бар мақсат-мұраты – атасы Әуез үміт еткен, ағасы Қасымбек бірге жетпек болған оқу, білім игеру. Бо­йдағы күш те осы жолда сарпылуға тиіс, ақиқатында солай болды да. Көп ұзамай Мұхтар Қасымбектің ізін жалғады, ағасының жүрегінде маздап жанған білімге, өнерге деген жалын от­ты өшірмеді. Бала кезіндегі Каскедей ауыл балаларына үлгі-өнеге болды. Демалысқа келгенде ауылдағы балаларды жинап алып, «дене шынықтыру» деген қызықты ойын ұйымдастырды. Балаларды бір-бірімен жарыстырып, қарғытып, тіпті баспен тік тұрғызып, кеуделерін жерге тигізіп жат­тықтырды.

Сондай-ақ балаларға Абайдың өлеңдерін жат­татқызып, әндерін айт­тырып, хор үйрет­ті. Онымен қоса, ол демалыс кез­дерінде оқудан қол үзбеді. Кей күндері таңертеңнен кешке ше­йін тапжылмай кітап оқып, жазу жазып отырады екен. 
М.Диқанбаев бірде Мұхтардың ағасы Разаққа оқу басталғанша кітапханаға барып дайындалатынын айт­ып, екі-үш күннен ке­йін Семейге жүріп кеткенін жазады. Сөйтеді де сөзін: «Мұхтардың бұл кетісі енді қаңтар айындағы қысқы каникулға де­йін келмейтін кетіс еді» деп тұжырады. 

Демек, Қасымбек пен Мұхтардың Семейден оқуы ауыл жастарына, өнерге жаны үйір қатарластарына үлкен әсер еткен. Тіпті қаладағы Мұхтар мен Қасымбекті сағынған қожаның қыздары ішкі сырын өлеңге қосып айтатын болған. Осындай өлеңдерден М.Диқанбаевтың есінде қалған шумақтар мынадай:
«Жыл құсындай жазда келіп,
Ойын-сауық жасайтын.
Мұхтар ағам, Қасеке ағам,
Алтын менің қанатым.

Жаз шығады жайнаған,
Білімге ол бо­йлаған.
«Қара жонқа» қашан келер,
Бауырларын ойлаған».

***
Болашағынан үлкен үміт күткен інісінің ке­йіннен әйдік жазушы болғанын Қасымбек көзі тірісінде көре алмады. Дегенмен Бөрілі мен Семейдің арасын жалғаған бала күніндегі білім, ғылым, оқу іздеген сапары жазушының көкірегінде сақталып, жанының түкпірінде қат­талып қалғаны анық. Осы күндердің кейбір үзіктері, жанының тұңғиығына тұнған сурет­тері ке­йіннен жазушының қаламына оралғаны шүбәсіз. Алғашқы әңгімесі «Қорғансыздың күніндегі» Күшікбай асуын сурет­тейтіні осындай бір сапарларда ойына түйген, көңіліне сақтаған бейнелер болуы мүмкін ғой. Ал атақты «Абай жолы» роман-эпопеясының бірінші кітабындағы «үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне барын салатын» шәкірт бала Абай екеніне иланасыз. Алайда мұнда дәл осы жолды бала кезінде ағасы Қасымбекпен бірге де, ке­йін өзі де сан шиырлаған бала Мұхтардың әсер, елесі жоқ деп қалай айта аласыз?! Тіпті осы сапарға ұқсайтын нақты деректер де бар.

Бірде ағасы Разақтың тапсырмасымен Біләл өзі көк бестіні мініп, бозбала Мұхтарды жарау жирен жорғамен алып қайтады. Ке­йіннен мұндай сапар бірнеше рет қайталанады. Бала күнінің белгісі болып санасына орнаған осындай сурет­тер жазушы шығармасына арқау болуы заңдылық та.

Қазірге де­йін біз білетін Қасымбек­тің бір ғана суреті сақталған. Ол Семейдегі 5 кластық қалалық училищеде оқып жүрген кезінде немере інісі Мұхтармен бірге түскен фотосы. Мұнда Қасымбектің түр-келбетінен, киім киісінен білімдарлықтың, жаңашылдықтың лебі еседі. Қысқа шаш үлгісі, қияқ мұрты, ақ жейдесі, өзіне шақ кәстөм-шалбары – бәрі-бәрі оның ішкі мәдениетін, оқыған-тоқыған зиялылығын айғақтап тұрғандай әсер қалдырады. Бұдан сырт бірлі-жарым естеліктерде де Қасымбектің өң-түсі туралы нақты мағлұмат­тар сақталған. Бұл туралы В.Әуезова: «Әуездің тоқалдан туған балаларының бәрі қазаққа ұқсамайтын, ұзын бо­йлы, арықша келген, қоңқақ мұрынды болып келетін» десе, А. Әуезов: «Қаске – семинарист. Орысша киім орта бо­йлы, ат жақты, ақ сұр ашық мінезді Қаскеге жараса қалған» дейді. Осы сурет­теулердің бәрі әлгі фотодағы Қасымбектің түр келбетін айғақтап тұрғандай. 

Қарт Шыңғыстаудың қойнауынан алғашқылардың бірі болып Семейге білім іздеп келген, соңынан ерген інілері Мұхтар мен Ахмет­ті де осы ізі жолға бағыт­таған, өзі одан ары ғылым жолын қуып Мәскеуге барып оқуға түскен Қасымбек Әуезов небәрі 27 жасында жарық дүниемен қоштасты. Ішінде үлкен арманы, көп өкініші кеткені анық. Соңында қалған халқының бар жұбанышы – өзі жетелеп, оқудың жолына салған «қоңыр қозысы» Мұхтардың қиыс, күдір жол басып, небір өткелектерден өтіп, ақыры ұлы жазушы болғаны. Қайран Қасымбек, тым құрыса мұның ұшығын да көре алмай кет­ті.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

Тегтер: