Мұқаев жолы: Миллионмен түрмеге

Жақында Ақтөбеде екі бухгалтер «миллионмен декретке шығару» схемасы бойынша 6 жылға сотталды.
Іс материалдарында олардың бірі бұрынғы блогер, қазіргі депутат Дәулет Мұқаевтың «Декретке миллионмен» атты курсын оқығанын айтты. Түркістан облысында да осыған ұқсас іс бойынша әйел сотталып, мемлекетке айтарлықтай шығын келтіргені белгілі болды. Осы оқиғалардан кейін қоғамда «қолданушылар сотталып жатыр, бірақ курсты үйреткендер жауапқа тартылмай ма» деген сұрақтар жиі қойыла бастады. БАҚ-та тіпті Мұқаевтың депутаттық мандатына қатысты мәселе Мәжілісте қаралуы мүмкін деген ақпарат тарады.
Мұқаевтың курсынан сотқа дейін
Ақтөбеде екі бухгалтер бірнеше әйелді декреттік демалысқа шығар алдында жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, сол арқылы оларға мемлекеттік әлеуметтік төлемдерді миллиондап алдыртқан. Нәтижесінде, әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы заңсыз төленген жәрдемақылардың жалпы сомасы 98 миллион теңгеге жеткен. Аталған іс бойынша 39 жастағы және 28 жастағы екі есепші алаяқтық жасағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімімен олардың мүлкі тәркіленді және 5 жыл есепші кәсібімен айналысу құқығынан айырылды. Алайда кәмелетке толмаған балалары болуына байланысты жазаларын өтеу 5 жылға шегерілді.
Тергеу барысында анықталғандай, сотталушылардың бірі Гауһар әлеуметтік желі арқылы өткізілген «Декретке миллионмен» атты онлайн курсқа қатысып, әйелдерді декретке шығар алдында жеке кәсіпкер (ЖК) ашып, өзіне-өзі жоғары жалақы тағайындап, мемлекеттен ірі көлемде бір реттік төлем алу әдістерін үйренген. Кейін ол Instagram желісінде дәл осындай қызмет ұсынатын жарнама жариялап, жүкті әйелдерге «миллион теңге жәрдемақы алып берем» деп уәде еткен. Осы жолмен екі бухгалтер бірнеше клиенттің әрқайсысына оннан аса ЖК ашып, олар арқылы есеп-қисапта жалған жалақы көрсетіп отырған. Соның арқасында әр клиент шамамен 4 миллион теңге көлемінде бір реттік жөргекпұл және 1,5 жыл бойы ай сайын 170–200 мың теңгеден жәрдемақы алып отырған. Әйелдер алынған ақша түскен соң, оның 500 мың теңгеден астамын «делдал» бухгалтерлерге сыйақы етіп төлеген. Екі есепші бұл «бизнеспен» бірнеше жыл бойы айналысқан.
Шымкент қаласында да дәл осындай жағдай орын алды. 29 жастағы Жанат Дүйсенова есімді тұрғын 21 жүкті әйелдің жөргекпұлы мен бала күтімі төлемдерін қолдан көбейтіп, заңсыз ақша алғаны үшін сотталды. Ол 2024 жылдың сәуірінен желтоқсанына дейін жұмыс істемеген бірнеше әйелді түрлі ЖК-ге жалған жұмысқа тұрғызған. Тергеу деректерінде Дүйсенова 40 кәсіпкердің электронды цифрлық қолтаңбасын заңсыз пайдаланып, 21 әйелді қағаз жүзінде жұмысқа орналасқан етіп көрсеткені айтылады. Соның нәтижесінде іс жүзінде еңбек етпеген бұл аналар мемлекеттен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналарын заңсыз алып отырған. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты айыпталушыны алаяқтық жасағаны және қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастырғаны үшін кінәлі деп тауып, 5 жылға бас бостандығынан айырды. Дүйсенова мемлекетке келтірілген 22 миллион теңге зиянды өтеуге міндеттелді. Оның кәмелетке толмаған балалары барын ескерген сот жаза өтеу мерзімін 3 жылға кейінге қалдырған.
Біз дерек ретінде келтіріп отырған екі жағдай ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де осындай заңсыз схемалар әшкере болып жатыр. Мысалы, Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында 187миллион теңге залал келтірілген іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Яғни «миллионмен декретке шығару» айласы бірен-саран емес, тұтас ел көлемінде ұсақ топтар арасында таралғаны байқалады. Қазірдің өзінде осы схемаға қатысты үшін бірнеше әйел сотталды.

«Тақиялы періште» Парламентке барады
Дәулет Мұқаев кейінгі жылдары қазақтілді аудитория арасында ең танымал экономист-блогерлердің бірі ретінде көзге түсті. Ол Instagram желісіндегі «Dauletten» атты парақшасы жалпы қаржылық сауаттылық тақырыптарын қарапайым тілмен түсіндіріп, халықтың ықыласына бөленді. 2020 жылы өзі негізін қалаған қайырымдылық қоры арқылы мұқтаж жандарға үй алып беру акцияларын ұйымдастырып, еріктілік қызметімен де танымал болды (сол қайырымдылық қоры арқылы 80 отбасы баспаналы болды деп хабарланған). Нәтижесінде Мұқаевтың әлеуметтік желідегі оқырмандары миллионнан асып, ол ең көп оқылатын қазақстандық блогерлердің қатарына кірді. 2023 жылы Мәжіліс сайлауында жеке округтен депутат болып сайланған кезде де көптеген жанкүйерлері оған үлкен үміт артты.
Блогерлік қызметінің бір бөлігі ретінде Дәулет Мұқаев түрлі ақылы курстар өткізумен айналысқан. Депутаттың өзі айтқандай, ол мамандығы бойынша экономист және ұзақ уақыт бойы білім беру, ағартушылық бағытта еңбектеніп, қаржылық сауатын көтеру мақсатында сабақ жүргізгенін алға тартады. Мысалы, халық арасында үлкен сұранысқа ие болған «Декретке тиімді шығу» бойынша онлайн курстар ұйымдастырып, консультациялар берген. Яғни блогер Дәулет өз аудиториясына заң аясында байып, әлеуметтік мүмкіндіктерді пайдаланудың жолдарын үйрететін тәлімгер ретінде көрініп келді.
Алайда дәл сол «Декретке миллионмен» деген бейресми атаумен белгілі болған әдіс қазір кері әсерін көрсетуде. Ақтөбедегі сот ісінде айыпталушы «бұл тәсілді әлеуметтік желідегі танымал курстан үйрендік» деп айтқанын жоғарыда жаздық, ал өзге өңірлердегі істерде де күдіктілер осы курсқа сілтеме жасағаны белгілі болған. Депутат Мұқаев бұл жағдайға байланысты бірнеше рет ресми түсініктеме беріп, «Мен ешқашан заң бұзуға шақырған емеспін» деп мәлімдеген. Шынында да, оның өткізген курсында тікелей заңсыз әрекетке үндейтін нұсқау болмауы мүмкін. Мысалы, жеке кәсіпкер болып тіркеліп, әлеуметтік жарналарды өзіңе аудару – заң шеңберінде кәсіпкерлікпен айналысатын азаматқа рұқсат етілген іс. Бірақ мұндай «лайфхактарды» жаппай насихаттаудың салдары күтпеген жерден қауіпті сипат алды: көпшіліктің жеңіл пайданы көздеуі нәтижесінде түрлі жалған схемалар кең таралып, бюджеттің қаржысы талан-таражға түсе бастады.
«Он алаяқ барлық жерде бар»
Телеграм-арналардың дерегіне сенсек, Мәжілісте бұл оқиға қызу талқыға түскенге ұқсайды. Депутаттың бірқатар әріптестері депутаттық этика тұрғысынан Мұқаевтың әрекеті қиын жағдайға қалдырды деп отырған көрінеді. Аталған курс авторы заңды тікелей бұзбаса да, «депутаттың абыройы мен беделін пайдаланып, ондаған әйел алаяқтық әрекеттерге барған. Бұл Парламенттің репутациясына ауыр соққы» деген сөздер айтылып жатқан сияқты. Яғни ресми түрде Мұқаев құқықтық норманы бұзбағанымен, «халықтың сенімін ақтамады» деген сынға қалуы мүмкін. Қазір Мәжіліс ішінде арнайы комиссиялық тексеріс басталып, жақын күндері депутат Мұқаевтың мәселесі этика және мораль тұрғысынан қаралуы мүмкін. Тіпті оның депутаттық мандатын қайтарып алу мәселесі күн тәртібіне шығады деп те жазылып жатыр.
«Жас Алаш» айтылып жатқан сөздердің қаншалықты рас-өтірігін анықтау мақсатында Дәулет Мұқаевтың өзіне хабарласты. Алдымен депутат өзінің мәселесі Мәжілісте қаралады дегенді жоққа шығарды. Оның айтуынша, оның артына Парламентте майшам ұстап түсіп жүрген ешкім жоқ. Бұл жерде әңгіме жалпы аяғы ауыр әйелдердің декретке шығу мәселесі туралы болуы мүмкін.
«Бізде заңды айналып өтіп, «шаш ал десе, бас алатындар» көп. Кәдімгі пышақты алайықшы. Пышақты пайдалы жағына жаратып, нан турауға болады немесе пышақпен мал бауыздап, құрбандық шала аласың. Екіншіден, дәл сол пышақпен адам өлтіріп, қылмыс жасайтын адамдар бар. Мәселе – оны қалай пайдалануда. Өткенде 2 сағаттық бейнесабақты қайта қарап шықтым. Сонда «Өтірік ИП ашпаңдар» деп жеті рет айтыппын. «Алаяқтыққа бармаңдар. Егер барсаңдар, заң алдында жауап бересіңдер!» деп ескерттік. «Бірдеңе сатып, қосымша табыс тауып жүрсің бе? Оны заңдастырыңдар» деймін. Мәселен, кәсібін заңдастырып, торт пісіріп, пиццерия ашқан кәсіпкерлер өте көп. Тігін саласында ақша тауып жүргендер де баршылық. Неге осындай жақсы жағын айтпаймыз? Соның ішінде кәсіп саласына келіп, ісін дөңгелетіп отырған әйелдерді неге көрсетпейміз? Жоқ, біз он алаяқтың кесірінен бүкіл дүниені қаралап шығамыз. Заңды айналып өткісі келетін 10 алаяқ барлық жерде бар. Бұл тек декреттің айналасында ғана емес, «үйдің кезегіне тұрғызып берем», «арзан кәсіп ашуға несие алып берем» дейтін алаяқтар да көп. Міне, ондайлар заңсыз әрекетінің қайтарымын көреді. Түсінген адам түсінеді, түсінбеген адам өзі біледі. Сөйте тұра, «Сенің аудиторияң көп. Сен депутатсың...» деп айналып кеп депутатқа күйе жағады. Иә, ешкімді заң бұзуға үгіттеген жоқпын. Мен бар нәрсені ғана түсіндірдім. Менің сабағымда «20-30 жерде жұмыс істе» деп айтылды ма? Жоқ. «Бір ғана жұмысыңыз болса, ИП ашыңыз. Жұмысыңыз, кәсібіңіз жоқ болса, бұл сабақ сізге қатысты емес» деп талай ескерту берілген», – дейді депутат.
Мұндай мәселенің жалғасып келе жатқанына бірнеше ай болды. Естеріңізде болса, жыл басында 113 әйелдің үстінен декреттік іс бойынша 16 қылмыстық іс қозғалғаны жарияланған. Ол кезде келтірілген шығын 158 млн теңгені құраған. Соның салдарынан әлеуметтік төлемдерді бөлуге жауапты органдар бұл олқылықты түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдады. 2025 жылы сәуірде еңбек министрлігі декреттік төлемдерді есептеу тәртібін қатайтып, енді бірде-бір ана қандай жоғары жалақы алса да, есепке тек ең төменгі жалақының 7 еселенген мөлшері ғана алынатынын бекітті. Бұрын заңды жолмен бірнеше жұмыс орнынан аса жоғары жалақы алып келген әйелдер 9 миллион теңгеге дейін біржолғы төлем алуға мүмкіндік алса, жаңа ережеге сай төлемнің шегі шамамен 1,28 миллион теңгемен шектелетін болды. Бұл өзгерістерге, ресми түсініктемеге сай, осы «декреттік төлемдерді заңсыз көбейту» әрекеттерінің жолын кесу мақсатында барған. Өкінішке қарай, бірнеше алаяқтық фактілері анықталған соң, жалпы барлық аналарға төленетін заңды жәрдемақы мөлшерін қысқарту қажеттігі туған.

Асылбек Қараев, заңгер:
Егер шындап заң жағынан қарайтын болсақ, Дәулет Мұқаев ісінде заңсыздық жоқ. Себебі мұндай курсты үйретіп жатқандарды біздің заң аясында жауапкершілікке тарту мүмкін емес. Жалпы алғанда, қосымша табыс көзін ашу заңсыздыққа жатпайды. Ал оның қаншалықты заңсыздыққа барғанын білу деген басқа мәселе. Себебі жеке кәсіпкерліктің есептерін толықтай тексеретін, оның қаншалықты заң аясында жұмыс істеп жатқанын анықтайтын құрал жоқ. Тек қана оның ИП-сына қарайды, ашылып тұр, төлем түсіп жатыр, болды. Ал оның қайсысы заңды, қайсысы заңсыз жұмыс істеп жатқанын тексеру мүмкін емес.
Мұқаевтың да осындай нәрселерді қандай мақсатта үйреткенін заңдық тұрғыдан дәлелдеу қиын. Мұны білген, бухгалтериядан хабары барлар заң ішіндегі мүмкіндіктерді пайдаланып, осындай әрекетке барады. Мұны қылмыс деп айту да қиындау болып тұр. Қазақы тілмен айтқанда, заң ішіндегі мүмкіндікті пайдаланатын пысықайлар. Ал Ақтөбедегі іс мемлекеттің тапсырмасымен ғана істеліп жатқан болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, алаяқтық жолға тосқауыл қоямыз деген «план» мен «отчет» жабу үшін ұсталып, мәлімет берілген болуы мүмкін. Біздегі заманауи құралдарға заңды сәйкестендіру керек. Біздегі заңда заманауи құралдарға заңды баға берілмеген. Қысқаша айтқанда, құқық қорғау органдарына, заңдарға реформа жасау керек. Біздің заңдар заманауи істерге сәйкес емес. Міне, содан алаяқтыққа қарсы тұру керек деген тапсырмаға байланысты қосымша табыс тауып жүрген әйелдер кейде айып арқалайды. Жалпы, заңдарды айналып өту жолын адамзат іздеп отырған, іздей де береді.
Тағы бір айта кететін жайт, әйелдер декретке шыққанда баспана кезегі келіп, алайын десе банктер «декреттесің, жалақың жетпейді» деп бермей қоятын кездер кездесіп тұрады. Сондықтан әйелдер қосымша табыс көзін іздейді. Мұны дұрыс деп ойлаймын. Бұларды алаяқ деп ойламаймын. Бұлардың заң тұрғысынан мәртебесі анықталмаған деп атар едім. Тек құқық қорғау органдарының жіберіп жатқан олқылықтары. Соның салдарынан қарапайым халық зардап шегеді.
«Декретке миллионмен» курсы жайлы оқиға мұнымен тоқтап қалмасы анық. Оқиғаның мәніне қарасақ, әлі талай әйел сотталатынға ұқсайды. Мұқаев сынды блогерлер өзін бір жағынан, әлеуметтік желі арқылы білім таратушы, көпшілікке пайдалы кеңес беремін деп ойлауы мүмкін. Екінші жағынан, ондай кеңесті дұрыс түсінбеген немесе оңай олжаға құныққан қауым оны теріс мақсатта қолданып, ақыры заң бұзу деңгейіне жетіп отыр. Дәулет Мұқаев көпке үлгі болған белсенді жас ретінде халықтың сенім капиталына ие еді, енді сол сенімді ақтамады деген айыпқа ұшырап отыр. Расында, мұндай жағдайда бухгалтерлер мен делдалдар ғана сотталғанымен, сол әрекеттерге түрткі болған идеяның иесіне де моральдық жауапкершілік жүктеледі.
Тұрсынбек БАШАР