Мұқтаж жандар eGov Mobile арқылы әлеуметтік көмекке өтініш бере алады
eGov Mobile қосымшасында мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау қызметі қолжетімді болды, деп хабарлайды ҚР Электрондық үкіметінің баспасөз қызметі.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар енді әлеуметтік көмек алу үшін eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы өтініш бере алады. Бұған дейін бұл мүмкіндік тек eGov.kz порталы арқылы қолжетімді болатын. Енді өтінішті тікелей смартфоннан рәсімдеуге болады.
Әлеуметтік көмек — бұл өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың жекелеген санаттарына жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілетін ақшалай төлем немесе материалдық қолдау. Қызметтің мобильді форматқа көшуі мұндай көмекті алу процесін анағұрлым жеңіл әрі ыңғайлы етеді. Өтінішті кез келген уақытта және кез келген жерден беруге болады, ал рәсімдеу уақыты едәуір қысқарады.
Мәслихаттардың шешімдері бойынша әлеуметтік көмек қосымша қолдауға мұқтаж азаматтарға, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар аурулары бар адамдарға, өз-өзіне қызмет көрсете алмайтын егде жастағы азаматтарға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тұлғаларға, сондай-ақ табысы төмен отбасыларға көрсетіледі.