Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Мумбайдан да ауасы лас Алматы

алматы
Фото: ЖИ / Жас Алаш

Жыл сайын күн суыта қалса Алматы шаһарының тұрғындары ауаның шектен тыс лас екенін айтып дабыл қағады.

Жыл сайын сөз болатын бұл мәселе шешімін таппай келе жатқанына он шақты жылдың жүзі болды. Жаз айлары байқалмағанымен, қыста қаланың төбесін қалың тұмша басады, мұның тұрғындар денсаулығына қаншалықты зиян екені айтпасақ та түсінікті. Бірі басы ауырғанын, бірі аллергиялық ауруларының қозып кеткенін айтып, желіде шағымданатынын байқап жүрміз. Central Asia Climate Foundation хабарлағандай, қала ауасы 10 жылдың 9 жылында қатты ластанған. Тек 2017 жылы ғана ластану деңгейі салыстырмалы түрде төмен болған. 

Биыл да Алматы аспанын қалың тұмша қаптап, халық қою түтіннен көз аша алмай қалды. Зерттеушілердің пікірінше, ауаның ластануына себеп көп. Лас ауаның тигізер салдары да аз емес. Бір тарап қалада индустриалды өндіріс ошақтарының тығыз орналасуы ауадағы зиянды газдардың шоғырлануына әкеледі десе, енді бірі қыс айларында тұрғындар мен кәсіпорындар көмір мен басқа отын түрлерін көп пайдаланады, бұл қаланы тұмшалайтын түтіннің көбеюіне себеп дейді. Көлік санының көптігі де шаһар ауасының ластануының негізгі факторлардың бірі. AirVisual зерттеу ұйымының дерегінше, ауаның ластану деңгейі бүгінде 179 балға жеткен. Бұл – Пәкістанның Лахор қаласы мен Үндістанның Дели қаласына жақын көрсеткіш. Қазір Алматының ауасы Мумбай ауасынан да лас. Ал мегаполис әкімдігі ауа сапасын жақсарту үшін экологиялық талаптардың жаңа ережелерін әзірледік дейді. Құжатқа сай өндіріс ошақтары, кәсіпкерлік нысандары, сондай-ақ автопарктер қатаң қадағаланады-мыс. Дегенмен бұл заң жобасы туралы айта қалсаң, қала халқының көңілінде үміттен гөрі күмән мен күдік басым тұратыны жасырын емес.

Урбанизацияға инфрақұрылым сай келмейді

Эколог-маман Тыныштық Дастанның айтуынша, Алматыдағы ауа сапасының нашарлауын бір ғана нәрсемен түсіндіру мүмкін емес, аталмыш мәселе көлік, көмір, өндіріс және қаланың географиялық ерекшеліктері сынды сан түрлі мәселенің тоғысынан туып отырған күрделі процесс. Алматыдағы соңғы онжылдықтағы ауа сапасының тіпті нашарлап кетуі тек жергілікті мәселе ғана емес, жаһандық экологиялық тенденциямен тығыз байланысты екенін ұмытпаған жөн дейді.

«Ауа сапасын онлайн-режимде бақылайтын Almaty Air Initiative платформасының дерегінше, бірер күн бұрын ауаның әр текше метрінде 29.6 микрограмға дейін PM2.5 бөлшектері болған. Бұл қалыпты деңгейден 6 есе жоғары көрсеткіш. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы PM2.5-тің тәуліктік нормасы 15 микрограмм деп бекіткен еді. Бүгінде шаһарға қоныстанған 2,3 миллионнан астам адам құрамында зиянды заттар нормадан асқан ауамен тыныс алып жүр деген сөз. Соңғы жылдары Орталық Азияның бірқатар қалаларында ауаның шектен тыс ластануы ақпаратты жиі оқып жүрмін. Тек Алматы қаласында ғана емес, Бішкек пен Ташкент тұрғындары да біздің күйді кешіп жүргенін байқадым. Әсіресе тәуелсіздік жылдарынан кейін ауаның ластану процесі осы посткеңестік елдерде шешілмейтін проблемаға айналды. Соңғы он жылда бұл қалалардың бәрінде урбанизация тым қарқынды әрі жылдам жүрді. Сәйкесінше, қаладағы халық саны қысқа уақыт ішінде күрт өсіп, ал соған лайық инфрақұрылым дер кезінде жаңартылмады. Қоғам мен биліктің қарқыны бір-біріне сәйкес келмей қалды, яғни, халық өзгеріс қарқынынан озып кетті, ал биліктің жоспарлау жүйесі баяулап, артта қалып қойды. Соның салдарынан қалаларда көлік саны артты, жылыту жүйесі ескірді, ескі үйлер мен жекеменшік сектор көмір жағуын жалғастыра берді, өнеркәсіп нысандары қалаға тым жақын орналасып жатты. Алайда Алматы ауасының ластануын тек бір себеппен жауып қоя салу жеткіліксіз. Бұл бірнеше үлкен фактордың қосындысынан туып отырған мәселе. Ең бірінші себеп – көліктердің көбеюі. Қалада ескі машиналардың тым көп екені рас. Суық кезде бәрі моторын ұзақ қыздырады, кептеліс көбейеді, сол уақытта ауаға бөлінетін зиянды газдар жиналып қалады. Әдетте сондай ескі көліктер ауадағы NO₂, СО және ұсақ бөлшек заттар (PM2.5, PM10) мөлшерін едәуір көбейтіп жібереді. Осындай жоғары трафик пен тұрақсыз қозғалыс жағдайында бұл заттар атмосферада жиналып қалады да, ауаның ластануына әкеп соғады. Келесі бір үлкен себеп – жеке үйлердің жылытуы. Алматының шеткі аудандарында көмір жағатын үй өте көп, әсіресе түнде пештерден шығатын түтін қоюланып, қаланың үстінде тұрып қалады. Бұл тұмшаны ешқандай жел тарқата алмайды, ал сол түтіннің ішіндегі ұсақ бөлшектер адам денсаулығына өте зиян. Мәселен, бас ауру, ауыздың құрғауы, жөтел, аллергия, көздің ашуы сияқты белгілердің көбеюі – бәрі соның әсері. Әсіресе қыста, жылу тапшы уақыттарда қаланың айналасындағы шағын аудандарда ескі пештер мен қазандықтар PM2.5 пен күкірт қосылыстарын көп шығаратынын білеміз. Бұған қоса, қаланың қасында тұрған ЖЭС-тар, яғни, жылу электр орталықтары да ауаға едәуір мөлшерде түтін шығарады.

Осының барлығын одан әрі қиындастыратын тағы бір маңызды фактор – Алматының орналасқан табиғи ортасы. Қала таудың етегінде, ойпат жерде ірге тепкендіктен, суық кезде «инверсия» деген құбылыс жиі қайталанатынын білеміз. Төменгі жақта суық ауа тұрып қалады да, ал оның үстін жылы ауа басып тұрады. Осы кезде төменнен шыққан тұмша жоғары көтеріле алмай, қала ішінде қалың қабат болып жиналып қалады. Желдің болмауы, тұманның қоюлана түсуі, күннің ашылмауы сынды құбылыстардың бәрі дерлік осы ластануды күшейтеді. Нәтижесінде, Алматы қыста түсі қоңыр-сұр болып көрінетін тұманға оранып, тұрғындар күн сайын тыныс алудың қиындағанын айтып жүр», – дейді маман.

Сондай-ақ эколог жеке тұрғын үйлерде 1 млн тоннаға жуық Шұбаркөл көмірі жағылатынын айтып қалды. Оның 12 пайызы күлге айналады екен. Маманның сөзінше, бұл түптің-түбінде экологиялық апатқа әкеліп соғатын статистика. 2 млн-нан астам адам тұратын Алматыдағы жағдайды реттеу үшін газға көшу мәселесі басталған. Бірақ қала түгел газға көшсе, елде газ тапшылығы болатыны кейінгі кезде жиі айтылып жүр. Бұдан бөлек, Қазақстандағы ең көп автокөлік тіркелген өңір – Алматы. Қалада 700 мыңнан астам көлік тіркелген. Сарапшылардың дерегінше, олар жыл сайын ауаға 112 мың тоннадан аса зиянды қалдық бөледі. Алматыда шамамен әр жүз адамға 25 көліктен келеді екен. Бұған мегаполиспен шектесетін Алматы облысының 534,7 мың көлігін қосыңыз. Бұл көліктердің біразы күн сайын қалаға келіп кетеді.

«Қаладағы ЖЭС‑2 мен ЖЭС‑3 жыл сайын 3,5 млн тонна Екібастұздың сапасыз көмірін жағады. Сапасыз деуімізге себеп – бұл көмірдің 42 пайызы күлге айналады. Экологтың сөзінше, Қазақстандағы көмір электр станцияның көбі PM2.5 ұсақ бөлшектерін тазартуға күші жетпейтін құрал қолданады. Ал азот оксидінен (NOx) және күкірт диоксидінен (SO2) тазарту технологиялары әлі қолданылмайды. Алматыдағы жылу электр орталығын көмірден газға ауыстыру ауаның ластануын аз да болса азайтатын өте маңызды қадам, дегенмен мұндай шешім бүкіл мәселені толық шешіп тастайды деу де біржақты пікір болар еді. Қазір қалада басып тұрған ауыр түтіннің негізгі бөлігі көмір жаққаннан пайда болады, әсіресе қыста Алматыдағы ЖЭС-2 қатты түтін бөледі. Газға ауысқанда осы қою түтін, адамның көзін ашытатын көмірдің иісі едәуір азаяды. Газ жағылғанда күл шықпайды, түтіннің түсі де әлдеқайда жеңіл болмақ, яғни, ауа құрамында күкірт пен күлдің мөлшері көмірге қарағанда әлдеқайда төмендейді. Сондықтан ЖЭС-тің газға көшуі Алматының қысқы ауасын біраз жеңілдететіні рас. Егер осылай істей алсақ, қала үстіндегі сұп-сұр боп тұрған тұман азаяды, ең ауыр бөлшектердің мөлшері төмендейді. Бірақ мұнымен мәселе толық шешілмейді. Себебі Алматыдағы ауаның ластануы тек ЖЭС-ке ғана байланысты емес. Жеке сектордағы мыңдаған үй әлі де көмір жағады, олардың әрқайсысы кішкентай «шағын ЖЭС» сияқты түтін шығарады. Суықта әсіресе түнде осы үйлердің түтіні төменге жиналып қалады. Егер осы сектор газға өтпесе, ЖЭС-ті газға ауыстырған күннің өзінде қала тұманнан толық арылмайды. Бұдан бөлек, көлік мәселесі бар. Алматыда көліктің саны өте көп, көбінің моторы ескі, қыста ұзақ қыздырады, кептелісте көп уақыт тұрады. Сол себепті газға ауысу ауа сапасын жақсартқанымен, көліктерден шыққан түтін әлі де қала ішінде жинала бермек. Яғни, ЖЭС-ті газға ауыстырған күннің өзінде табиғи жағдай түтінді жинай береді, сондықтан басқа ластау көздерін де қатар азайту керек», – дейді эколог.

Шетел басылымдарына көз салсақ, әлемнің өзге елдері де дәл осындай қиындықты бастан өткергенін байқауға болады. Шет мемлекеттер ұзақ жылдар бойы нақты, оң саясат жүргізіп, халық тұрмысын, ауа сапасын айтарлықтай жақсартқан. Басты ерекшелік – шет елдер мәселені тек бір секторды жақсарту арқылы ғана емес, барлық ластау көздеріне тұтас реформа жасау арқылы шешкен. Мәселен, Еуропаның көптеген қалалары, әсіресе Лондон, Париж, Берлин, Мадрид сияқты мегаполистер осы ғасырдың басында ауаның ластануымен ондаған жыл күресті. Ең әуелі шаруаны автокөліктерден шығатын түтінді азайтудан бастады. Яғни, дизельді көліктерге жоғары салық салып, қалалардың орталық бөліктерінде «төмен эмиссия аймақтарын» енгізген, ескі көліктерді қалаға мүлде кіргізбей қойғандары да кездеседі. Қоғамдық көлік өте ыңғайлы әрі арзан болғандықтан, адамдардың жеке көлікпен жүру қажеттілігі азайған. Сол себепті де қазір Еуропада ауаның ластануы жыл сайын төмендеп келе жатыр. Жапония да ауа мәселесін өте қатаң талаптарға көшу арқылы шешкен. Олар зауыттарды әбден бақылап, фильтрсіз, тазартқышсыз жұмыс істеуге түбегейлі тыйым салған. Тіпті көшедегі көліктердің моторларын да өте қатаң тексеріс жүргізген. Қоғамдық транспорт озық технологиямен жабдықталған, ал қаланың әр бөлігінде ауа сапасы туралы ашық деректер көрсетіліп тұрады. Әрине, шетелдерде нәтиже көрсеткен осындай әдіс-тәсілдерді біздің де қолданғанымыз жөн. Экобелсенді Гүлшат Бекқали бұл тұрғыда Қытайдың кейсі бізге жақын екенін алға тартты.

Ауа ластануынан көз жұматындардың саны көбейді

«Қытай – Алматының бүгінін, осыған ұқсас жағдайды бастан кешкен ел. 2010 жылдардың басында Бейжің мен Шанхай түтін мен тұмшаның астында қалды. Бірақ Қытай үкіметі проблемаға білек сыбана кірісіп, мыңдаған зауытты жапты, жылу орталықтарын толығымен газға немесе электрге ауыстырды, көмірді қала ішінде жағуға тыйым салды, жеке сектордағы пештер мен плиталарды жаппай газға қосты. Осыдан кейін электр көліктерін шығарып, көшедегі ескі автопаркті жаппай жаңартты. Соның нәтижесінде Бейжіңнің ауасы 7-8 жыл ішінде айтарлықтай тазарып қалды. Америка Құрама Штаттарында да 1970 жылдардан бері ауа сапасын қорғайтын заң өте қатал жұмыс істейді. EPA деп аталатын агенттік әр зауытқа, әр өңдеу орнына, әр көлік стандартына нақты шектеулер қойып отыр. Қала мен штаттар экологиялық талапты бұзған кәсіпорындарды бірден жауып тастай алады. Көп жерде көмір жағатын электр станциялары біртіндеп жабылып, газға, жел энергиясына, күн энергиясына ауыстырылды.

2025 жылдың ақпаны бұған дейінгі антирейтингті тағы бір мәрте растады. Ластану деңгейі «өте жоғары» қалалардың тізімін Алматы бастап тұр. Тізімді Атырау, Қарағанды, Теміртау, Талғар және Сәтбаев қалалары жалғайды. Алматы таулармен қоршалған, бұл ауаның алмасуын шектеп, қаланың үстінде токсиндер мен лас қалдықтардың ұзақ тұрып қалуына әкеледі. Көктем мен күзде ғана емес, қыс мезгілінде, әсіресе қазан-ақпан айларында лас ауаның концентрациясы айтарлықтай жоғарылайды. Бұған қаладағы өнеркәсіп пен көліктің шығарындылары басты фактор болып отыр. Алматыдағы көлік тасымалы өте қарқынды екенін білеміз, жеке көліктердің көп болуы және жанармай сапасының төмендігі қаланың ауа сапасын күрт нашарлатып жібереді. Өнеркәсіптік кәсіпорындар, әсіресе шағын және ескі зауыттар, көмір жағу арқылы жұмыс істейтін жылыту жүйелері ауаға көптеген зиянды бөлшектер шығарады. Күзде және қыс басында тұрғындар мен кәсіпорындар жылу беру үшін қатты көмір мен отын қолданады, бұл шаң мен күкірт диоксидінің ауада көп шоғырлануына ықпал етеді. Оның үстіне елде экологиялық бақылау әлсіз. Қалада кейбір ауа сапасын өлшейтін станциялар бар, бірақ олардың деректері толық жарияланбайды және халыққа уақытылы ескерту жасалмайды. Мәселен, адамдар әлеуметтік желіде бас ауру, тыныс алу қиындықтары және аллергия белгілерін жиі жазып жатыр, бұл көпшіліктің қоршаған ортаның ластануы туралы хабардар емес екенін білдіреді. Өзім күнделікті өмірде тыныс жолдарын ластанған ауадан сақтайтын бетперде тағып жүремін. Әйтпесе жағдайым қиындап кетеді. Ең қорқыныштысы – жылдан-жылға ауаның ластануы салдарынан көз жұматындардың қарасы артып келеді», – дейді экобелсенді.

Ауа сапасын бақылайтын Air-kaz.org жобасының дерегінше, қыста Алматының төменгі бөлігіндегі аудандарда ауаның тәуліктегі ластану деңгейі текше метріне 400 микрограмнан асты. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен қалыпты деңгейден 15 есе көп. Экобелсенді мәселенің күрделілігі тек технологиялық шешімдермен шектелмейтінін алға тартты, азаматтық белсенділік – бәрі дерлік ауа сапасының жақсаруына әсер ететін әрекеттер.

«Атап өткім келетін тағы бір маңызды аспект – қоғамдық сананың төмендігі мен азаматтардың жеке жауапкершіліктің болмауы дер едім. Көпшілік тұрмыстық қалдықтарды дұрыс қолдана алмайды, қолданудан бөлек, дұрыс жіктеп, тиісті орынға апарып бермейді де, көлікке деген қызығушылықты да төмендетуге тырыспайды. Былайша айтқанда, халықтың экологиялық білім деңгейі төмен. Осы мәселені шешудің бір жолы – халықтың экологиялық сауатын арттыру. Мектептерде, университеттерде және қалалық ақпараттық науқандарда экологияның маңыздылығы, жеке түрлі әрекеттердің әсері туралы үнемі айту қажет. Алматыда атмосфераға жылына 189 мың тоннаға жуық зиянды қалдық бөлінеді. Оның 60 пайызы автокөліктерден, 27 пайызы өндіріс орындарынан, ал 11 пайызы жеке тұрғын үйлерден бөлінеді. Сондықтан ең әуелі экологиялық білім беру аса қажетті. Қалалық ландшафттың өзгеруі, яғни, қала кеңейіп, жасыл желектердің қысқаруы, ауа сапасының нашарлауына тікелей ықпал етіп отырғаны тағы бар. Бұрынғы жасыл алқаптар мен саябақтар жаңа құрылыс жобаларына кетті, ал көшелер мен тасжолдар арқылы өтетін жылу мен ауаның циркуляциясы бұзылды. Осы фактор қаланың «тыныс алуын» тежейді, тіпті ауа температурасы мен ылғалдылықтың табиғи циклін өзгертеді. Алматыдағы ауа сапасын жақсарту тек заң шығару немесе нормативтермен шектелмейді. Қаланың құрылысын, құрылымын жоспарлайтын мамандар мен экобелсенділер бірлесіп, тұрғындардың қаладағы қозғалысын, энергия тұтынуын және қалдық басқаруды өзгертуге бағытталған стратегияларды бірлесіп енгізуі керек. Мысалы, жылу беру көздерін жаңарту кезінде тек технологиялық жаңалықтарға сүйенбей, халықтың тұрмысын, әлеуметтік қолжетімділігін де ескеру қажет деп ойлаймын», – дейді белсенді.

Көп адам өзін «стреске» түстім деп ойлайды

Хош. Соңғы жылдары ауаның ластану проблемасы дүниежүзін алаңдатып отырған өзекті мәселеге айналды. Елімізде өнеркәсіп пен өңдеуші кәсіпорындар, жылу-энергия орталықтары және де көлік түрлерінің саны артқан сайын олардың ауа қабатына шығаратын улы газдары көбеюде. Ал мұндай құбылыстың салдарын елестетудің өзі қорқынышты. Келер ұрпақтың денсаулығы мен болашағын ойласаң, денең тітіркенеді. Себебі ішіп жатқан тамағымыз, өмір салтымызды былай қойғанда, ең қарапайымы, халық жұтып жатқан ауаның сонша ластануының соңы жақсылыққа әкелмесі анық. Дәрігер Нұрғазы Зинеденнің айтуынша, мұндай лас ауаны жұтып өмір сүретін халықтың денсаулығы да, ментал саулығы да жақсы болмайды. Себебі организм сырттан келетін токсиндермен күн сайын күресіп жүргендіктен, вирустарға, бактерияларға қарсы тұрар қуаты азаяды екен.

«Алматы сияқты қазаншұңқырда орналасқан қалада лас ауа кеңістікте тарамай, төменгі жаққа жиналып қалады. Сол «жиналған» ауа PM2.5 деп аталатын өте ұсақ бөлшектер, азот тотығы, күкірт қоспалары және күйе бөлшектерінен тұрады. Бұл бөлшектер біздің тыныс алу жолдарымызға кіріп қана қоймай, организмнің тереңіне өтіп, әбден сіңіп кетеді. Мәселен, PM2.5 бөлшектері бронхтардың ең ұсақ тармақтарына, яғни, альвеолаларға дейін жетеді. Альвеола деген өкпенің ең соңғы әрі кіші бөлшегі, дәл сол жерде газ алмасу жүреді, яғни, денеңе оттегі кіріп, көмірқышқыл газы шығарылады. Лас ауадағы бөлшектер осы альвеолалардың қабырғасына жабысып, қабыну тудырады. Негізі ағзада бір жер қабынса, бүкіл иммундық жүйені «оятатын» химиялық процестер тізбегі жүреді. Міне, осы тізбек біртіндеп созылмалы бронхитке, астманың асқынуына, өкпенің созылмалы обструктивті ауруына адамды біртіндеп жақындата береді. Ластанған ауа тек өкпеге ғана әсер етпейді. Бөлшектердің бір бөлігі альвеола арқылы қанға өтеді. Қанға түскен токсиндер мен ұсақ бөлшектер қан қысымының артуына, соның салдарынан қанның қоюлануына әсер етеді. Сондықтан лас ауа болған күндері, байқасақ, инфаркт, инсульт, гипертониялық криздер жиілеп кетеді.

Мені балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы қатты алаңдатады. Себебі олардың өкпесі әлі толық қалыптаспаған, альвеолалардың беткі аумағы ересектерге қарағанда кішкентай. Ұсақ бөлшектер олардың өкпесін әлдеқайда тез зақымдайды. Клиникада қыс мезгілінде пневмония, бронхиолит, жөтелмен қиналып келетін балалар саны үнемі көбейіп кететіні де сондықтан. Ластанған ауа иммунитетті әлсіретеді, себебі адам ағзасы үнемі қабыну жағдайында жүреді. Мұны түсінікті тілмен айтсақ, организм сырттан келетін токсиндермен күн сайын күресіп жүргендіктен, вирустарға, бактерияларға қарсы тұрар қуаты азаяды. Сол себепті Алматыда тұратын адам тұмауды ауыр өткеруі мүмкін, жиі шаршайды, басы ауырады, ұйқы сапасы төмендейді. Бұл белгілерді көп адам «стресс» деп ойлайды, ал, шын мәнінде, мұның бәрі оттегінің жетіспеуі мен зиянды бөлшектердің әсерінен болатын гипоксиядан туындайды», – дейді дәрігер.

Алматы қаласы 2028 жылға дейін атмосферадағы зиянды заттар көлемін екі есеге төмендетуді жоспарлап отыр. Алайда екі жылда «екі есеге төмендейді» дегенге сену де қиын, ал оған дейін халық саулығы қалай болмақ?!

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ