Мүмкіндігі шексіз шебер

Адам баласының аз ғұмырында тағдырдың беретін сыйы мен сынағы мол. Алдына қандай қиындық пен қасірет келсе де, сағын сындырмай, қайратты рухының арқасында өз арманына адалдық танытатындар кемде-кем.
Қоғамның қай саласына көз салсақ та, тағдыр талқысына түсіп, өмір мүмкіндігін шектеген кезде де, жанын кірлетпеген, рухын құлатпаған жандарды кездестіріп қаламыз. Жігері жасымаған қайратты жандардың қоғамның дамуына, елдің әлеуетіне араласып жүргені талай жанға үлгі әрі мотивация. Себебі соңғы кезде үп еткен желге бола депрессия мен стреске түсуге бейім жастардың қарасы көбейіп кеткені тағы бар. Ал біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз басына қандай қиындық түссе де, жақсылық жолынан таймай, арманына адалдық танытқан жан. Қазір кәсібін дөңгелетіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген азаматқа таң боласың. Шығысқазақстандық Абылайхан Асылбай бүгінде республикаға кеңінен танымал шебер. Қолөнерші жас кезінде екі аяғынан ауыр жарақат алып, мүгедек атанса да, қиындыққа мойымай келеді.
жігіт шағында құрылыста жүріп биіктен құлап, ауыр жарақат алады. Омыртқасына зақым келіп, жүруден қалады. Дәрігерлер болса, «енді аяққа тұра алмайсың» деп байлам жасаған. Бірақ ол бұл қиындыққа мойымайды.
«Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Жаңатұрмыс деген кішкентай ауылда туып-өстім. Әкем – ұста, нағашы атам – зергер болған. Өзім шеберлік жолға келуім де қызық. 1997 жылы құрылыста істеп жүріп, краннан құлап, бірінші топтағы мүгедек болып қалдым. Сол кезде «енді алдағы өмірім қалай болады, немен айналысамын» деген сұрақтар мазалады. Үш жыл бойы төсек тартып жаттым. Адамның үміті мен рухы ешқашан өлмейді екен, аяққа тұру үшін барымды салып, жаттығулар жасадым. Ақыры балдақпен жүре алатын дәрежеге жеттім. Қанда бар қасиет жібермейді екен, кейін әкем секілді шеберге айналдым. Бір күні теледидардан мықты қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлын көріп, өнеріне қызықтым. Содан осы кісіден тәлім алсам деген ой пайда болды. Үш жылдан кейін балдаққа тұрып жүре бастағанда қарындасымды ертіп, Алматыға бардым. 2000 жылы маусым айында Дәркембай Шоқпарұлымен таныстым. Ол маған шеберлік өнердің қыр-сырын үйретті, мен ұстазымның ең соңғы шәкірттерінің бірімін», – дейді шебер.
Осылайша, кейіпкеріміздің шеберлік жолға біржола бет бұруына өмірінде болған ауыр жағдай әсер етеді. Тағдырының қиындығын бақытқа айналдыра білген өжет жан – бүгінде бес баланың әкесі, он шақты немеренің сүйікті атасы әрі еліміздің түкпір-түкпірінде шәкірттері бар ұстаз. Қолөнерші қолға түскенді түгелдей кәдеге асырады, темірден түйін түйіп, ағаштан иін иеді. Тұрмыстық қалдықтарды да кәдеге жаратады.
«Жауынгерлердің сауыт-саймандарынан бастап әйелдердің ұлттық әшекейлерін, түрлі тұрмыстық заттарды жасаймын. Әртүрлі материалдарды қолданамын. Бірнеше мәрте батырдың киімін жасап көрдім. Бойлары екі метр, салмақтары 160-140 келі, денелі ірі азаматтарға төрт сауыт тоқып бердім. Күніне 10-12 сағат шеберханада жұмыс істеймін. Киногерлер мен музейлерден жиі тапсырыс түседі. Өмірге ас ішіп, аяқ босатуға келген жоқпыз ғой, қоғамды түзеп, үлес қоссам деймін. Жасаған дүниелеріміз елдің қажетіне жараса, артымызда із қалса, арманымыздың орындалғаны. Шәкірттеріме де үнемі осылай айтып жүремін», – дейді кейіпкеріміз.
Шеберді тағы бір рет өмірге әкеліп, екінші мәрте тынысын ашқан жалғыз нәрсе – осы өнері, сондықтан басты мақсаты – адамгершіліктен аттамай, саналы ғұмыр кешу, өнері арқылы халықтың батасын алу. Қолынан шыққан ұлттық бұйымдары осы күні Астана мен Алматыдағы мұражайларда жәдігерлер қатарын толықтырып тұр. Бақытын өнерден, еңбектен тапқан жандар біздің қоғамда қашан да бағалы.
Сәруар Бақберген