Мүмкіндігі шектеулі балалар да білім алуға құқылы
Күні кеше тағы бір оқу жылы басталып, оқушы мен ұстаз атаулы мектепке асықты. Білім мерекесі күнінде қолына кітабы мен дәптерін ұстаған сан мың оқушы мектеп табалдырығын аттады.
Дәл осы тұста мектеп қабырғасында білім алатын балалардан бөлек, ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім беру жүйесі қалай болып жатыр деген сұрақтың ойға оралуы заңды. Қазіргі таңда қоғамда болып жатқан әлеуметтік мәселелер: отбасылық, экологиялық, экономикалық дағдарыстар жүйке жүйелері бұзылған, психикалық ауытқулары бар әртүрлі жастағы балалардың көбеюіне әкеліп соғуда. Ел өмірінің қай кезеңіне көз жіберсек те, балалар тағдыры кімді болса да бейтарап қалдырмай, өзекті мәселенің бірі болғаны белгілі. Көппен бірге кітап ұстап, мектепке бармаса да, дүниеге келген әр бүлдіршін толыққанды білім алып, ұстаз алдын көруге құқылы. Осы орайда еліміздегі инклюзивті білім беру саласы мүмкіндігі шектеулі балалардың қатарынан қалмай, білім алып, тәрбиеленуіне жол ашады.
Әрбір адам сезуге және ойлауға қабілетті. Сәйкесінше, әр адам қарым-қатынасқа құқылы. Күллі адам құрбы-құрдастарының қолдауы мен достығын қажет етеді. Инклюзивті бағыт балаларға тәлім-тәрбие беріп, оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп қана қоймай, тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді. Әдетте, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға оқытудың басқаша түрі қолданылады – үйде оқыту, қашықтан оқыту, арнайы мектептер, жалпы білім беретін мектептердегі түзету сыныптары. Еліміздің бірқатар облыстары сынды Түркістан облысы да инклюзивті білім беру саласына соңғы жылдары ерекше ден қойып, баса назар аударып жүр. Түркістан облысы «Білім беруді дамыту» орталығы «Тәрбие және әлеуметтік психология» кафедрасының арнайы және инклюзивті білім беру әдіскері Мәдина Телжанқызының айтуынша, бүгінде облыс бойынша 9807 ерекше білім беруді қажет ететін бала бар.
«Инклюзивті білім беру барысы қазіргі таңда жалпы білім беретін сыныптардағы ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар мен арнайы сыныптар, арнайы білім беру орындары, арнайы мектепке дейінгі білім беру орындарының оқу әрекетіне енгізіліп отыр. Инклюзивті білім беру бүгінгі қоғамда ерекше маңызға ие, себебі ол барлық балалардың, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алу құқығын қамтамасыз етеді. Инклюзивті білім беру жүйесі балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оларды жалпы білім беру мекемелерінде оқытуды көздейді. Бұл процесс қоғамның адам құқықтарына деген құрметін, теңдік пен әділеттілікті насихаттайды. Инклюзивті білім беру қоғамның барлық мүшелері үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктердің негізі болып табылады. Ол балалардың дамуына, олардың қоғамда өз орнын табуына және болашақта өз әлеуетін толық іске асыруына мүмкіндік береді. Түркістан облысы аумағында да инклюзивті білім беруді жүзеге асыру және ерекше қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беру үдерісіне толық қосу бағытында бірқатар шаралар жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, елімізде инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған заңдар мен нормативтік актілер қабылданып, облысымызда бұл құжаттар негізінде арнайы бағдарламалар мен жоспарлар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Түркістан облысындағы мектептерде инклюзивті білім беру сыныптары ашылуда. Бұл сыныптар ерекше қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беру ортасына енгізуге бағытталған. Педагогтар мен мұғалімдерге инклюзивті білім беру саласында арнайы курстар мен тренингтер ұйымдастырылып, олардың біліктілігін арттыру шаралары қолға алынып жатыр», – дейді.
Сонымен қатар маман алғашында арнайы мамандар жеткіліксіз болып, жаңа білімнің қыр-сырын ұғыну, түсіну қиын болғанымен, қазіргі таңда арнайы маман-логопед, дефектолог, олигофренопедагог, әлеуметтік педагог, психолог мамандар қайта даярлаудан өтіп, сонымен бірге пән мұғалімдері қайта даярлау курстарынан өтіп, инклюзивтік білім беру бойынша жұмыс істеп жатқанын алға тартты. Қазіргі таңда әр маман өз жұмысының қыр-сырын біледі, ерекше балалармен кәсіби тұрғыда жұмыс істей алады.
Ал Түркістан облысы «Ордабасы» жалпы білім беретін мектебінің маманы Гүлбибі Амантайқызы инклюзивті білім берудің мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қалыпты балалармен бірге оқыту дейді. Яғни маманның айтуынша, адамның жынысына, дініне, шығу тегіне, әлеуметтік жағдайы мен физиологиялық жағдайына қарамастан тең құқылы жеке тұлға ретінде білім беру жүйесі.
«Жалпы орта білім беретін мектептерде үлгерімі төмен оқушылардың 50%-ы психикалық дамуы тежелген (ПДТ) балалар және аутизм, жүйке жүйесі бұзылған, ақыл-ой белсенділігі төмен балалар құрайды. Психикалық даму тежелісі (ПДТ) дегеніміз – ғылымда психика дамуының уақытша артта қалуы деп түсіндіріледі. Мұндай балалар мектепте және үй жағдайында ерекше қадағалауды қажет етеді. Бұл балалармен жұмыс істеу арнайы біліммен қатар, бұл балалармен жұмыс істеудің нақты жолдарын білуді, оларды танып-білумен қатар, оларға арнайы түзеу жұмыстарын ұйымдастырып, мұғалімге және ата-анаға бағыт-бағдар бере білу керек», –дейді.
Сәруар БАҚБЕРГЕН
Түркістан облысы