Мүмкіндігі шектеулі мәслихат – әкімнің қалтасындағы мөр

Билік жергілікті мәслихаттарға «өңір парламенті» деп айдар тағып жүр. Яғни әр деңгейдегі мәслихаттың жергілікті өзін-өзі басқаруда маңызы зор деп есептейді. Бірақ бұл пікірмен келісу қиын.
Көпшілік «өңір парламентін» былай қойып, нағыз парламенттің жұмысына да оң баға бермейді. Жұрт арасында Сенат – басы артық орган, ал Мәжіліс өз құзыреті мен қызметін дұрыс атқармайды деген пікір бар.
Жаңа Қазақстанның «күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» формуласы жүзеге аспай жатыр. Парламенттің ықпалы артқанын, үкіметтің есеп бергенін әлі көрген жоқпыз. Үкіметке сөзін өткізе алмайтынын, сауалына сырғытпа жауап алатынын мәжіліс депутаттарының өзі айтып жүр.
Осы тұста «түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» деген халық даналығын еске алуға мәжбүрміз. Жоғарыда қос палаталы парламентіміз үкіметтің шылауынан шыға алмай отырғанда, төмендегі мәслихаттардың жағдайын бағамдай беруге болатын шығар. Мәслихаттар әкім не айтса соны орындайтын, әкімдіктің құжаттарын заңдастырып беретін нотариус сияқты жұмыс істеп келе жатқаны жасырын емес. Қаттырақ айтқанда, мәслихат әкімнің қалтасында жүрген мөр сияқты, оны өзі қалаған шешімін бекітіп алу үшін ғана пайдаланады.
Халық жергілікті мәслихат жайлы ештеңе білмейді, қызметімен мүлде таныс емес. Өзі тұрып жатқан өңірдегі мәслихат депутаттарын көп көрмейді, олар не істейтінін, не үшін қажет екенін де білмейді. Біз бұл сөзді ойдан шығарып отырған жоқпыз. Алматы қаласы мен Алматы облысының бірнеше тұрғынмен сөйлесіп көріп, осындай қорытындыға келіп отырмыз. Бұл да билік «өңірлік парламент» деп әспеттеп жүрген мәслихаттың шынайы бет-бейнесін көрсетеді.
Мәслихаттар 30 жылдық мерейтойын тойлап жатыр
2024 жылы Қазақстанда мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толды. 1993 жылы «ҚР жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» заңы қабылданып, 1994 жылы өңірлік депутаттардың алғашқы сайлауы өткен. Содан бері жергілікті өкілді орган атқарушы органдармен сөз жүзінде тізе қоса жұмыс істеп келеді. Ал іс жүзінде әкімдіктің қолбаласы ғана. Өткен 30 жылда мәслихат депутаттары әкімнің жөнсіз шешіміне қарсы тұрып, райынан қайтарыпты дегенді естіген жоқпыз. Соған қарамастан, әр деңгейдегі мәслихаттар биік белесті бағындырғандай, 30 жылдық мерейтойын тойлап жатыр.
Мұндай мерекелік іс-шараларға бюджет қаржысы жұмсалғаны белгілі. Мысалы, Алматы қалалық мәслихат аппараты орден-медаль мен алғыс хат жасатуға біршама қаржы жұмсаған. Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәлімет бойынша, «Алматы қаласының Құрметті азаматы» төсбелгісі мен медалін дайындауға 8 442 857 теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ алғыс хат дайындауға 675 мың теңге бөлген.
Қалалық мәслихат аппаратының басшысы Мақсат Рахметов мінетін машинасынан да ақша аямайтын көрінеді. «Жүргізушісімен бірге жеңіл автомобильді жалға алуға» 20 647 023 теңге жұмсауға дайын. Мәслихаттағылар мұндай сомаға премиум-кластағы жеңіл автомобиль сатып алуға болатынын ескермеген сияқты, халықтың ақшасын аямай, жалға алуды жөн көріпті.
Сондай-ақ әр өңірдегі мәслихаттар 30 жылдық «шұғылалы» тарихын жазуға мол қаржы жұмсап, шекті тиражбен кітаптар шығарып жатыр. Ratel.kz сайты хабарлағандай, Астана қалалық мәслихат мұқабасында «30 ЖЫЛ. АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ МӘСЛИХАТЫ. МАСЛИХАТ ГОРОДА АСТАНЫ. 30 ЛЕТ» деген жазуы бар 270 дана кітап үшін 33 750 000 теңге жұмсаған. Осылайша, қымбат кітап шығару бәсекесінде елорда мәслихатының төрағасы Зейнұлқабден Табиғат бірінші орын алды.
Жетісу облысы «Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл» мерекесіне арналған кітап шығаруға 23 075 000 теңге жұмсаған. Тиражы – 660 дана. Кітаптың саны көп бола тұра неге Астанадан аз қаржы бөлген деп таңғалмаңыз. Гүлнар Тойлыбаева бастаған талдықорғандық депутаттар тым «қарапайымдылық» танытып, мерекелік кітапты әдеттегі қағазбен беттеген екен. Ал елордалықтар «жылтыраққа» қызығып, сапалы материал таңдапты.
Шығыс Қазақстан облысы мұндай кітапқа (300 дана) – 12 600 000 теңге, Қарағанды облысының мәслихаты – 10 000 000 теңге жұмсаған. Басқа облыстар «тарихи» кітапқа қанша қаржы бөлгені белгісіз, олар мемлекеттік сатып алу порталында жариялаған жоқ.
Мәслихаттың міндеті не, құзыреті қандай?
Мәслихат – жергілікті өкілді орган. Әр аудан, қала және облыстағы халық пен билік арасындағы көпір. Мәслихаттар туралы заңға сәйкес олардың бірнеше нақты функциясы бар. Бірақ мәслихат жұмысының формалды екенін, заң жүзіндегі жұмысын толық атқармай отырғанын ұмытпаған жөн.
Мәслихаттың ең маңызды қызметі – бюджет бөлу. Яғни жергілікті бюджет жобасын бақылап, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларды бекіту. Бірақ бюджетті әр басқарма өзі дайындап, депутаттардың алдына алып келеді. Депутаттар басынан бастап талқылауға қатыспағандықтан, бөлінген қаржы аз ба, көп пе білмейді де, әкімдік ұсынған жобаны мақұлдауға мәжбүр болады.
Депутаттар бұдан бөлек, өз өңірінің бас жоспарын бекіту, жер қатынастары мәселесін реттеу, экологияны қорғау, азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетумен «айналысады». Сондай-ақ заң бойынша мәслихаттың құзыретіне әкімдік қызметкерлерінің тізіміне келісу, жергілікті полиция басшысын бекіту және сенаторларды таңдау кіреді. Бұл құзыреттер де формалды екені белгілі. Әсіресе мәслихат депутаттары жоғары жақ ұсынған әкімнің немесе басқа қызметкердің кандидатурасына қарсы шыққан емес. Әрине, мәжіліс депутаттары да мұндай мінез таныта алмайды, президент ұсынған адам премьер-министр болады, «Аманат» ұсынған адам мәжіліс спикері болады, т.т. бола береді.
Көз алдау үшін аман тұрған орган
Мәслихат жұмысын қарапайым халық қана емес, президент те сынап, мәслихаттар жергілікті мемлекеттік басқару әрі жергілікті өзін-өзі басқару институты ретінде гибрид сипатқа ие болып отырғанын, сондықтан мәслихаттың өкілеттігін нақты белгілеу қажет екенін айтқан. Ал премьер-министр Олжас Бектенов былтыр маусым айында мәслихат депутаттарының өкілеттігі мен мәртебесін күшейтетін бастамаларды қолға алуға уәде берген. Бірақ Бектенов депутаттардың десін көтеретін жолды таппады ма екен, әлі үнсіз.
Сондай-ақ «Ақ жол» фракциясы үкіметке сауал жолдап, депутаттардың әкімге тәуелді екенін айтқан. «Әкімдіктер мәслихатқа толық үстемдік құрып отыр. Өйткені нақты билік атқарушы тармаққа тиесілі. Халық сайлаған депутатқа тағайындалған әкімнің үстемдік етуі демократиялық ұғымға сай келмейді. Сол үшін мәслихаттың әкімдікке тәуелділігін жою керек. Мәслихатқа кандидаттарды әкімдіктің келісімімен айқындауды тоқтату қажет. Депутаттарды әкім таңдамай, халық сайлауы қажет».
Әрине, депутаттардың айтқаны жақсы, оған қожайындары құлақ асса одан да жақсы, бірақ мәжілісмендердің мәслихатқа күлетін жайы жоқ. Өздері де үкіметтің айтқанынан шыға алмай отыр. «Ақ жол» төрағасы Азат Перуашев бірінші президент қызметінен кеткенде егіле жылап, екінші президент жанама сын айтқанда, дереу сөзінен танып, кешірім сұрап, тапырақтап кеткенін ешкім ұмытқан жоқ. Былайша айтқанда, «жыртық жамауға күліпті» деген бір кеп. Ендеше, «Ақ жол» депутаттары да, Бектенов те мәслихаттың мәртебесін дәл қазір көтере алмайды.
Саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, билік мәслихатты әкімдіктен тәуелсіз институт ретінде қайта құруға әлі дайын емес.
«Билік жергілікті жерде Кеңес сайлаймыз деп жүр. Егер бұл жүзеге асып, жергілікті өзін-өзі басқару орнайтын болса, мәслихаттың қажеті болмай қалады. Ол жүйе бойынша жергілікті тұрғындар бірнеше адамнан тұратын өзінің өкілдік органы – Кеңесті өздері сайлайды. Ал мәслихаттар территориялық деңгейдегі өкілді орган рөлін атқарады. Демек, Кеңес құрылса, мәслихаттың рөлі төмендейді немесе мүлде жоқ болады.
Бірақ Қазақстан қазір мұндай қадамға бармайды. Өйткені жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізсе, шынымен сайлау жәшіктерінен айырылып қалуы мүмкін. Билік бұдан қатты қорқады. Сол үшін мәслихатты жергілікті өзін-өзі басқару есебінде көрсеткісі келеді. Бірақ мәслихат тоталитарлық биліктің құрылымына жатады, оны өзін-өзі басқару деуге келмейді. Заң бойынша мәслихаттың әкімді орнынан алып тастауға құзыреті жетеді, дегенмен олар әкімдік дайындап берген жобаны бекітумен ғана айналысып отыр. Билік әкімді халықтың сайлауы – жергілікті өзін-өзі басқару деп түсіндіреді. Екіншіден, мәслихатты жергілікті өзін-өзі басқарудың формасы дейді. Бұл екеуі де өтірік. Екеуі де биліктің халықты алдайтын тәсілі деп есептеймін», – дейді сарапшы.
Саясаттанушының пікіріне қосымша айтсақ, бұл – биліктің халықты алдауы ғана емес, халықты алдадық деп өзін-өзі алдауы іспетті дүние.
Депутаттыққа құмарлықтың себебі қандай?
Қазір Қазақстанда 3 300-ден аса мәслихат депутаты бар. Ең қызығы, мәслихат төрағасы ғана мемлекеттен жалақы алады, ал қалған депутаттар тегін жұмыс істейді. Ендеше, ешқандай өкілеті, мәртебесі, тіпті жалақысы жоқ жұмысты істеуге адамдар неге құлшынады? Әдетте «сіз неге депутат болдыңыз» деген сұраққа көбі «адамдарға көмектесу үшін, қолымнан келгенше халықтың жағдайын жақсартуға өз үлесімді қосу үшін» деп, «банально» жауап береді. Шынымен солай ма?
Мұны мәслихат депутаттарының өзінен сұрап көргіміз келіп, бірнеше «халық қалаулысына» хабарластық. Арасында Алматы облыстық мәслихатының депутаты Абай Ноғайұлы Асылов (бас прокурор Берік Асыловтың туған інісі болуы мүмкін) мен Алматы қаласы мәслихатының депутаты Тимур Мэлсұлы Елеусізов (президенттіке үміткер болған Мэлс Елеусізовтің баласы болуы мүмкін) бар. Бірақ біз хабарласқан азаматтардың ешбірі жауап бермеді. Тіпті мәслихат сайтында көрсетілген нөмірлер қате сияқты, кейбір нөмірге мүлде бөтен адамдар жауап берді.
Жұрт арасында қалталы немесе елге танымал адамдар «депутат» деген атағы мен иммунитетіне қызығып, мәслихат сайлауына түседі деген әңгіме бар. Сондай-ақ мәслихат арқылы сенат депутаты болуға мүмкіндік туады. Өйткені облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаты өз арасынан 2 сенатор сайлайды.
Сондай-ақ мәслихатқа барып, әкімдікке жақын жүрген соң түрлі мемлекеттік тапсырысты, гранттарды, жер телімін алуға мүмкіндік тууы мүмкін. Мысалы, БАҚ-тан «Павлодар облысында мәслихат депутаты жайылым жерді жеке иелігіне алып алған», «Қостанайда мәслихат төрағасы мен депутат пара берді деген күдікке ілінді» деген сияқты ақпаратты көп көреміз. Яғни мәслихат депутаттардың біршамасы белгілі бір мүддені көздейтінін жоққа шығара алмаймыз. Көпшілік кей депутат белгілі топтың, кәсіпкерлердің мүддесін мәслихатта көтеріп, соған «қаламақы» алуы мүмкін деп топшылайды.
Жақында Алматы қалалық мәслихатының депутаты, кинорежиссер Еркін Рақышев бір сұхбатында қала әкімі Ерболат Досаев екі жылда мәслихат депутаттарының алдына екі-ақ рет келгенін айтты. Халық сайлаған депутаттар түгілі, халықтың өзіне есеп бермейтін, президентке ғана бағынатын Досаев сияқты әкімдер мүмкіндігі шектеулі мәслихатпен тең деңгейде жұмыс істейді дегенге сену... Расында күлкілі емес пе?!
Қуаныш Қаппас