Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:15, 08 Қазан 2024

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергілер азаяр емес

Мүмкіндігі шектеулі жандар
Фото: ашық дереккөз

Кез келген мемлекеттің құндылығы мен ізгілігі балалар мен қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қарым-қатынасымен айқындалады.

 Осы орайда елімізде жыл өткен сайын мүмкіндігі шектеулі ересектер мен балаларға арналған жобалар іске асып, түрлі сауықтыру орталықтары өз жұмысын бастауда. Елдің әр бөлігінде ерекше жандарға арналған жаңа мекемелердің бой көтеріп, әлеуметтік нысандардың артуы шын қуаныш. Осы жолда Түркістан облысы да біраз жұмыс атқарды. Бүгінде облыс көлемінде мүмкіндігі шектеулі жандарды емдеп, сауықтыру мақсатында ашылған бірқатар орталықтар бар. Сонымен қатар инклюзивті қоғам құруға бағытталған шаралар жиі жүзеге асып отырады. Атап айтсақ, ай басында «Кеңес» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы, дамуында қиындықтары бар балаларды кешенді сүйемелдеу моделінің авторы Майра Сүлеева Түркістан қаласына арнайы іссапармен келіп, №6 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы КММ-нің жұмыс барысымен танысқан еді. 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетуге бағытталған «Самғау» оңалту орталығы биыл тамыз айында ашылған еді. Бүгінде сауықтыру орталығы бір мезетте 200 адамға медициналық, педагогикалық еңбекке баулу бағыттарында қызмет көрсетуге қауқарлы. Мекеме директоры Гүлнұр Сауртаеваның сөзінше, 3 қабаттан тұратын заманауи бағыттағы оңалту мекеме толыққанды материалдық-техникалық базамен жабдықталған.

«Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергілер азаяр емес. Олар бүгінде медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту үшін көптеген қиындықтарға ұшырайтындарын айтып налиды. Біздің орталықтың басты міндеті – ерекше жағдайды қажет ететін жандарға ыңғайлы қоғам құру. Олардың қажетіне құлақ асып, өздерін жайлы сезінуге сәл де болсын жағдай жасау үшін барымызды салып жатырмыз. Басына қиын іс түскен жандар әдетте қолдауды, қоғамның көмегін қажет ететіні айтпай-ақ түсінікті. Осы жолда сауықтыру-оңалту орталықтарының маңызы жоғары. Штаттық режимге қазан айының соңында ауысамыз деп жоспарлап отырмыз. Алға қойған жоспарымыз көп. Күні кеше «Кеңес» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Майра Сүлеева орталықтың жұмыс барысымен танысып, ұжым мүшелеріне мүмкіндігі шектеулі азаматтардың игілігі үшін қызмет етуіне тілектестік білдіріп кетті. Саналы ғұмырын мүгедектігі бар азаматтардың сауығуы мен қолайлы жағдай жасауға арнаған білікті маманның маңызы жоғары. Әсіресе біз секілді жаңа нысандардың ұжымы тек мықты мамандардан тұрғаны жөн», – дейді.

Сонымен қатар «Кеңес» орталығының әдіскері, педагогика магистрі Татьяна Цифутина оңалту орталығының қызметкерлерімен тәжірибе алмасуға дайын екендігіне тоқталып кетті. Алматы қаласынан арнайы келген қонақтар сондай-ақ 50 орындық мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының құрылыс барысымен де танысып шықты. Орталықтың құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңына дейін аяқталып, 2025 жылдың I тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жаңа орталық ғимаратына Төле би ауданы Тасарық ауылында орналасқан тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін №4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы КММ-ні көшіру мәселесі алға қойылып отыр.

Сәруар БАҚБЕРГЕН

Түркістан облысы