Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 06 Қыркүйек 2024

Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы шектелмеуі тиіс

мүмкіндігі шектеулі
Фото: из открытых источников

Мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау саласындағы саясатты жетілдіру.

 Осылайша, олардың қоғамға толыққанды сіңісіп, басқалармен тең өмір сүруі, жұмыс істеуі және оқуы, қоғам өміріне еркін қатысуы, белгілі бір шешімдер қабылдауы үшін кедергілерді еңсеруге, жоюға бағытталуы керек. Өйткені ерекше қажеттіліктегі адамдарға қамқорлық көрсету – қоғам алдындағы парыз. Мемлекеттің қолдауы мен қоғам өкілдерінің қамқорлығына мұқтаж осынша жанға кедергісіз орта қалыптастырылып, оңалту жұмыстарына да ден қойылып келе жатқаны қуантады. Әсіресе тәнін ғана емес, жаны мен рухын да шыңдау үшін ерекше күтімді қажет ететін жандарды спортқа баулу шаралары жолға қойылып жатыр. Мысалы, соңғы 3 жылда спортпен және дене шынықтырумен айналысатын ерекше қажеттіліктері бар адамдардың саны 25,3%-ға өскені қуанарлық жайт. Мысалы, 2020 жылы 38 352 адам болса, 2023 жылдың басында бұл көрсеткіш 51 325 адамға жеткен. Бүгінде спортпен шұғылданатын ерекше қажеттіліктері бар адамдардың саны бойынша Қостанай облысы көш басында тұр. Өңірде ерекше қажеттіліктері бар 5687 адам спортпен тұрақты түрде айналысады. Одан кейін Шығыс Қазақстан облысы (4997 адам) және Астана қаласы (4514 адам) орналасқан. Үздік бестікті Түркістан (4298 адам) және Жамбыл (4 057 адам) облыстары түйіндейді.

Осы орайда Түркістан облысындағы ерекше жандарды спортқа баулу шаралары оң нәтижелер көрсетіп жатыр.

Мысалы, күні кеше Түркістан қаласында өткен ерекше жандар арасында спорт түрлерінен ашық біріншілік – осы сөзімнің айғағы. Спорт шарасына 80-ге жуық азамат қатысып, дойбы, тоғызқұмалақ, шахмат пен қол күресінен сайысқа түскен еді. Шараның мақсаты – ерекше қажеттілігі бар азаматтарды спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстанып, қоғамдық белсенді өмір сүруге тарту. Жиында сөз алған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қ.Мұсағалиев спорт сайысына қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі.

«Әдетте, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамнан сырт қалып жататынын жиі байқаймыз. Мұның бір себебі – оларға қажетті орта құрып, қамқорлық, қолдау көрсетудегі кемшіліктерден болса керек. Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қамтамасыз ету және оларды қорғау мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты саналады. Қолдауға мұқтаж топтардың мәселелерін шешу қай кезде де бірінші кезектегі өзекті проблемалардың қатарында. Еліміз 2015 жылы Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқы ғы туралы конвенцияны ратификациялаған болатын. Дәл осылай мұндай топқа жататын адамдардың экономикалық, азаматтық, әлеуметтік және мәдени құқығын өзге жандармен бірге толық жүзеге асыру бойынша әлемдік стандартты іске асыру міндеттемелерін қабыл еттік. Ата Заң мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған бұл сайыс – әр спортшының өз шеберлігін көрсетуге мүмкіндік береді. Сіздердің жарысқа қатысуға үлкен белсенділік танытып отырғандарыңызға өте қуаныштымын. Баршаңызға сәттілік тілеймін», – деді Қ. Қабдырұлы.

Жарыс қорытындысында командалық есепте Орталық командасы 1-орынды иеленсе, 2-орынды Түркістан командасы, 3-орынды Батыс командасы еншіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер түрлі марапаттарға ие болды.

Сәруар БАҚБЕРГЕН

Түркістан облысы