Мүмкіндігі шектеулі жандардың оңалту орталықтарындағы өмірі
Кез келген мемлекеттің құндылығы мен ізгілігі балалар мен қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қарым-қатынасымен айқындала түседі.
Осы орайда елімізде жыл өткен сайын мүмкіндігі шектеулі ересектер мен балаларға арналған жобалар іске асып, түрлі сауықтыру орталықтары жұмыс жасап жатыр.
Бұл тұрғыда Түркістан облысы да тең қоғам қалыптастыру жолында әлеуметтік жобаларды іске асыруда. Ерте мүгедектіктің алдын алу мақсатында Сарыағаш ауданының Қапланбек ауылында ашылған «Қамқорлық» оңалту орталығы – осының бір мысалы. Жалпы Түркістан облысы бойынша мұндай балаларға төрт облыстық оңалту орталығы және екі «Қамқорлық» оңалту орталығы қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда қоғамда болып жатқан әлеуметтік мәселелер: отбасылық, экологиялық, экономикалық дағдарыстар жүйке жүйелері бұзылған, психикалық ауытқулары бар әр үрлі жастағы балалардың көбеюіне әкеліп соғуда. Ел өмірінің қай кезеңіне көз жіберсек те, балалар тағдыры кімді болса да бейтарап қалдырмай, өзекті мәселенің бірі болғаны белгілі. Жалпы облыс көлемінде мүгедектік бойынша 10 576 бала есепте тұрған болса, оның алты мыңға жуығын жүйке ауруларына ұшыраған балалар құрайды. Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев бүгінде елімізде ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту, қоғамға бейімдеу мемлекет алдында тұрған келелі мәселенің бірі дейді.
«Бүгінде елімізде ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту, қоғамға бейімдеу мемлекет алдында тұрған келелі мәселенің бірі. Ашылғанына әлі бір жылға толмаған Сарыағаш ауданындағы осы оңалту орталығының бүгінде жұмысы қарқынды. Орталық Сарыағаш, Жетісай, Мақтаарал, Қазығұрт және Келес аудандарынан үш мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуды қамтиды. Оңалту орталығын ашу – мүмкіндігі шектеулі баланың әлеуметтік-психикалық және физикалық дамуына бағытталған маңызды қадам. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев қор арқылы Түркістан облысында 18 қайырымдылық жобасы жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. Ауыр сырқаттары бар 39 науқас үшін қымбат тұратын дәрі-дәрмектерге 1,9 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ қор облыстың медициналық мекемелеріне заманауи жабдықтарды енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Өңірде ерте араласу орталығы алғаш рет «Қамқорлық» бастамасымен 2020 жылдың желтоқсанында ашылды. Оңалтуға екі айдан төрт жасқа дейінгі және 11 айдан 30 күнге дейінгі балалар қабылданады. Биыл Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы МҚМ базасында «Қамқорлық» ерте араласу орталығын ашу жоспарланған болатын. Облыс әкімдігі бірыңғай тұжырымдамаға сәйкес ғимарат бөліп, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жобаның басты әріптестері – «Қазақстан халқына» ҚҚ және Samruk-Kazyna Trust қоғамдық қоры. Орталық үшін 124,6 млн теңгеге жабдық, жиһаз және тұрмыстық техника әкелінді», – дейді.
Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, қоғамға бейімдеуге, сонымен бірге педагогикалық-психологиялық жәрдем беруге баса мән беріледі. Бірақ ерекше жандарды оңалту және оларға жан-жақты көмек көрсетумен айналысатын орталықтардың жұмысы көпшіліктің назарынан тыс қалып жататыны рас. Орталық әдіскері Айжан Жаппарова орталықта жылына барлығы 1760 балаға медициналық қызмет көрсету жоспарда екенін алға тартты.
«Ерте араласу орталығы аудандық аурухананың базасында орналасқан. Мұнда жыл сайын нейро-ортопедиялық аурулары бар және олардың пайда болу қаупі бар үш жасқа дейінгі 600 бала қабылданады. Оңалту көмегі тегін әрі диагностикалық аудиологиялық тексеруден өтіп, мидың жұмысын тексеруге болады.
Әр бала 21 күн сайын оңалтудан өтеді және балалар невропатолог, реабилитолог, неонатолог, физиотерапевт, логопед және дефектологтың бақылауында. Емдеу жаттығу залы мен механотерапияға арналған жабдық орнатылған. Атап айтқанда, иппотерапияға арналған S-rider Sky тренажері, «Атлант» нейро-ортопедиялық пневматикалық костюмі, «Мультистенедер Дженкс» тренажері, жаяу жүруге арналған тренажер, аяқ-қол тренажері, позициялық жүйе, Монтесориді дамытатын жинақ, серуендеуге арналған платформа, ойын терапиясы жинағы бар. Орталықтың мақсаты – нейро-ортопедиялық бұзылыстары бар балалар мен жасөспірімдерге кешенді медициналық-әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсету. Бес жасқа дейінгі балаларды ерте оңалту басталды. Жылдық жоспар бойынша орталық тәулік бойы 340 пациентті, күндізгі стационарда – 420 пациентті қабылдауға дайын», – дейді.
Сәруар БАҚБЕРГЕН
Түркістан облысы