Мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созу – тең қоғам қалыптастырудың кепілі
Қоғамның қай саласына көз салсақ та тағдыр талқысына түсіп, өмір мүмкіндігін шектеген кезде де, жанын кірлетпеген, рухы биік жандарды кездестіріп қаламыз. Ерекше жандар үшін Қазақстан кедергісіз кеңістікке айналғалы қашан.
Өмірге құштар адамдардың қоғамнан тыс қалмауына соңғы уақытта мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлініп келеді. Оларды қоғамға бейімдеу үшін өткеріліп жатқан шаруа қарқынды. Әсіресе тең қоғам қалыптастыру жолында ерекше жандарға қолын созып, көмек беріп жүрген жаны жайсаң жандар көп. Түркістан облысындағы «Жігерлі жүрек» мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігі сөзіме анық мысал. 2009 жылы Ербол Мырзабайұлының бастамасымен құрылып, жұмысын бастаған бірлестік бүгінге дейін жұмысын жалғастырып келеді. Төрағасы Ербол Мырзабайұлы дәрігер ретінде қызмет атқарып жүріп, мүмкіндігі шектеулі жандармен жиі араласуы бірлестікті ашуына түрткі болғанын алға тартты.
«Қазіргі таңда қоғамдық бірлестік әлеуметтік салада өз қызметін атқарып жатыр. Атап айтсақ, Түркістан облысы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету дағдарыс орталығы мен 18 жасқа дейінгі тірек қимыл аппараты бұзылған мүмкіндігі шектеулі жандарға күтім жасайтын бөлімшелер бар. Бүгінде бірлестік құрамында отыздан аса қызметкерлер жұмыс жасайды. Өзім дәрігер ретінде тағдыры талайлы, әрқилы адамдармен жиі пікір алмасамын. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірінде орын алатын кедергілерді естіп, көріп, неге қол ұшын созбасқа деген ой туды. Бірлестіктің алдына қойған негізгі мақсат – қоғамда әлеуметтік осал топтарға және өмірі қиын жағдайға тап болған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету», – дейді.
Мүмкіндігі шектелсе де, адамның ойы мен санасын, қабілетін шектей алмасың анық. Оларға көмек көрсетіп, қол ұшын созу – тең қоғам қалыптастыру жолындағы ізгі әрекет. Мысалы, «Жігерлі жүрек» мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ағымдағы жылдың Наурыз мейрамы қарсаңында Түркістан қаласында сексенге жуық мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың ата-аналарының қатысуымен мерекелік концерттік іс-шара ұйымдастырылған. Шарада балалар өз өнерлерін көрсетіп, бірлестік тарапынан сыйлықтарға ие болды. Балалардың бақыты – көңілге медет. Осы сипаттағы шаралардың жиі болуы ерекше балалардың қабілетін шыңдап, бақытын еселерін және ата-аналардың да көңіліне медет боларын Ербол Мырзабайұлы алға тартты.
«Маусым айында бірлестік қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі жандар ата-аналарымен бірге Отырар ауданы Арыстан бап кесенесіне зиярат етуге экскурсия ұйымдастырылды. Сонымен бірге жыл сайын Жаңа жыл мерекесіне орай ұйымдастырылатын мерекелік концерттік іс-шараға Түркістан және Сауран ауданы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандар мен ата-аналары шақырылып, мерекелік бағдарлама шеңберінде балалар өз өнерлерін көрсетеді. Балаларға аз ғана бақыт сыйлау үшін Аяз ата мен Ақша қар, түрлі анимациялық персонаждар мерекелік концертке қатысып, көңілдері көтеріледі, кейін балаларды марапаттаймыз. Іс-шара соңында барлық мүмкіндігі шектеулі жандарға бірлестік тарапынан сыйлықтар береміз», – дейді бірлестік төрағасы.
Кез келген мемлекеттің құндылығы мен ізгілігінің бір белгісі балалар мен қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қарым-қатынасы болса керек. Осы орайда елімізде жыл өткен сайын мүмкіндігі шектеулі ересектер мен балаларға арналған жобалар іске асып жатқанын алға тартып кетсек болады.
Ерекше қажеттілігі немесе мүгедектігі бар азаматтарды қолдау, оларға көмек көрсету, қолайлы орта жасауға тырысу демократиялық елге тән құбылыс. Азаматтардың қандай да бір жағдайларға, күйге, дертке немесе қажеттілікке тап болуы қай заманда да кездесіп жатады. Ал мұндайда мемлекет өз азаматтарын барынша қорғап, әлеуметтік көмек беріп, жүріп-тұратын ортадан бастап, оқу, білім алу, жұмыс істеуге дейінгі жүйені ыңғайластырып, бейімдейді. Қоғам баршаға тең болу керек деген ұстанымның астында дәл осы ерекше қажеттілігі бар жандарға көмек көрсету де жатыр. Қазіргі таңда Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен «Жігерлі жүрек» қоғамдық бірлестік арасында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде келісімшарт жасалып, түрлі әлеуметтік салада жұмыстар атқарылып жатыр. Осы жайында Ербол Мырзабайұлы: «Қазіргі таңда мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топтар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көптеген жеңілдіктер мен қолдаулар жасалып жатыр. Атап айтқанда, мүгедектік бойынша атаулы әлеуметтік көмектер, жұмыссыздық бойынша жәрдемақылар және өз кәсібін жүргізем деген мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы қайтарымсыз гранттар қарастырылуда. Қоғамдық бірлестік тарапынан арнайы заңгер және әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттар аталмыш мәселелер бойынша көмекке жүгінген азаматтарға кеңес беріп, жол көрсетіп отырады», – дейді Ербол Мырзабайұлы.
Сәруар БАҚБЕРГЕН
Түркістан облысы