Мұнай бағасының өскенінен халыққа келіп-кетер пайда бар ма?
Әлемдік нарықта Brent маркалы мұнайдың бағасы 2008 жылдан бері алғаш рет барреліне 130 доллардан асты.
30 жылда мемлекеттің бюджетке түсетін негізгі кірісі шикізат оның ішінде мұнай сатудан түсетін табыс қана. Мемлекеттік қазынаның жыртығын жамайтын «қара алтын» құны сәл қымбаттаса, малақайымызды аспанға атып қуанатымыз рас. Бірақ қазіргі гоесаяси жағдайда құдай қосқан көршіміздің шикізатынан Еуропа мен АҚШ сынды алпауыт импорттаушылар бас тартып жатыр. Ресеймен мұнай құбыры бір Қазақстанға бұл жағдайдың зияны тиіп кетпей ме? Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың сөзіне қарағанда, қазіргі жағдайды пайдаланып, Қазақстан Ресейге тәуелсіз мұнай құбырын салып алу туралы шешім қабылдауға құлықсызбыз. Оған қатысты түйіткілді мәселелер бар. «Бұл өте күрделі мәселе. Себебі Каспийдің өзі бірегей су қоймасы, мұнда экология мәселелері туындайды. Оны шешпейінше, басқа елдермен келіспей, қандай да бір мұнай құбырын сала алмаймыз»,– деді энергетика министрі.
Ресей санкциясы Қазақстанға әсер етпеуі тиіс
Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты Ұлыбритания биылғы жылдың соңына қарай Ресей мұнайы мен мұнай өнімдерінің импортын тоқтатады. Ал таяуда Джо Байден АҚШ Ресей Федерациясынан энергия импортына тыйым салатынын айтты. Бірақ АҚШ қаржы министрлігі Ресейден мұнай импорттауға салынған тыйымның Қазақстаннан келетін мұнайға қатысы жоқ екенін түсіндірді. «Инфрақұрылым (мұнай құбыры) ортақ болуы мүмкін, бірақ әр мұнайдың өзіндік шығу тегі бар. Соны ескере келе санкция Қазақстанға әсер етпеуі керек», – дейді АҚШ энергетика министрі.
Былтырғы көрсеткіш бойынша Еуро одаққа тасымалданатын шикі мұнайдың 27%, газдың 45% үлесі Ресейге тиесілі екен. Ал Норвегия, Қазақстан және АҚШ-қа шикі мұнайдың небәрі 8%, газ импортының Норвегияға 23%, Алжирге 12%, АҚШ-қа 6%, Катарға 5% тиесілі. Бұған қоса, америкалық компаниялар қазақстандық мұнайдың 1/3 бөлігін яғни, 25 млн тонна өндіреді, бірақ АҚШ қазақстандық мұнайдың тек 1,4%-ы, жылына 1 млн тоннаға жетпейтін көлемін импорттайды.
Байқағанымыздай, Ресей әлемдік шикі мұнай экспортында «үлкен ойыншының» бірі. Ол нарықтан оқшауланатын болса, шикізат тапшылығы туындайды, баға қымбаттайды. Оның дәлелі, жақында Еуропадағы газдың биржалық бағасы 1000 текше метрі үшін 2400 доллардан асып, тарихтағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Экономист Мақсат Сералының айтуынша, АҚШ Ресей мұнайынсыз өмір сүре алады. Себебі, әлем бойынша Америкада ғана ашық мұнай көздері сақталған. Ал Еуропа әсіресе газ мәселесіне келгенде санкция салуға асықпай отыр. Өйткені Ресей болмаса, газсыз қалатын түрі бар.
Қазақстанға мұнайды Қытайға сатқан тиімді
Ресми статистика бойынша 2021 жылы Қазақстан мұнайының ең көп бөлігі Италияға сатылған. Бұл барлық көрсеткіштің 27,3%-ы. Жалпы қазақ жерінен шығатын қара алтын 25 елге экспортталады екен. Оның ішінде Румынияға ең төмен бағамен сатылса, Қытай мен Оңтүстік Кореяға ең қымбат бағада саудаланады. Былтыр Қазақстан 85,88 млн тонна мұнай өндірсе оның 65,6 млн тонна мұнайы экспортталды. Белгілі болғандай, шамамен 5 млн тонна «қара алтын» мұнай өндіруші компаниялардың технологиялық шығындарына (авария, құбырларға ойып салу, желілік құбырларды, резервуарларды толтыру) кетеді екен. Жасыратыны жоқ, қазақстандық мұнайдың барлығы дерлік Ресей арқылы экспортталады. Мұнай экспортының үш негізгі бағыты бар. Ең негізгісі Каспий мұнай құбыры консорциумы. Оның қуаттылығы 2021 жылы 67 млн теңгеге дейін жеткен, бұл бағытта 53 млн тонна мұнай экспортталды. Бұл барлық сыртқа шығарылған мұнайдың 79%-ы. КҚК негізгі акционерлері Ресей (31%), Қазақсан (21%) және Chevron (15%). Екінші бағыт – Атырау-Самара мұнай құбыры. Оның қуаттылығы – 17,5 млн теңгені құрайды, өткен жылы 12 млн тонна мұнай экспортталды. Бұл барлық экспорттың 18 пайызы. Акционері – «Транснефть». Үшінші бағыт – Қазақстан-Қытай құбыры. 2019 жылдан бастап осы бағыт бойынша экспортталатын мұнай көлемі 1 млн тоннаға шамалас. Барлық экспорттың 1пайызына да жетпейді. Акцияларының 50 пайызы Қазақстанға және 50 пайызы Қытайға тиесілі. Қалған 2 млн тонна мұнай, яғни, экспорттың 3 пайызы Ақтау порты арқылы жөнелтіледі.
Мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, қазір дүниежүзілік мұнай саласында біздің мұнайдың тағдыры қыл үстінде тұр. Себебі біз жылына орта есеппен 90 млн тонна өндірсек, соның 57 млн тоннасын, яғни 3/2-сі Еуропа елдеріне тасымалданады. 17 млн тонна өзіміздің ішкі нарықты, қалғаны Қытай және басқа да елдерді қамтамасыз етуге жіберіледі екен.
«Еуропаға тасымалданатын мұнай Атырау-Самара және «Каспий Құбыр Консорциумы» арқылы тасымалдануда. Олар Ресейдің шекарасы арқылы өткізіліп жатыр. Бұл жерде мәселе құбырда емес, ең сорақысы Ресейден Еуропаға жіберілген мұнай Қазақстандық болып шықпайды, ол Ресей мұнайы болып тасымалданады. Ол жақта біздің танкерлеріміз де жоқ, біз оны Ресейден жалға алып отырмыз», – деді Рашид Жақсылықов.
Десе де, осы тұста Қазақстанның мұнайы өтпей қалуы мүмкін деген күдіктің бары да рас. Бірақ бір қуантарлық нәрсе еліміздегі инвесторлардың басым бөлігі – Еуропадан. Инвесторлар бұл тығырықтан шығудың үш жолын ғана көріп отыр. Біріншісі, соғыс болып жатқан жерде бейбітшіліктің орнауы. Екіншісі, инвесторлар өз елдерінің басшыларына жағдайды барынша түсіндіріп, Қазақстанға жасыл дәліз ашу жолдарын қарастырып жатыр. Үшіншісі, Қазақстанның техникалық мүмкіндігін пайдалану.
«Бірақ бізде паром жоқ. Бұл бойынша біз ұсыныс жасадық, яғни өндіріс жұмысын азайтып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп алған жөн. Өйткені пандемияға байланысты жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Егер Қазақстанның өз мүмкіндігін арттырсақ, біз Ресейге тәуелділіктен босаймыз», – дейді Р.Жақсылықов. Әлемдік мұнай экспортында Қазақстан үлесі 1,5 пайызды ғана. Мамандар Каспий теңізін пайдалана отырып, Ақтау арқылы Баку-Джейхан (Түркия) құбырын пайдалану амалы қарастырылып жатыр. «Ол арқылы біз аз да болса, 7 млн мұнайды тасымалдап бере аламыз. Күні кеше ғана осы мәселені екі оператормен талқыладық. Егер тағы да күш салатын болсақ, 12 млн тоннаға дейін ұлғайтуға болады. Бірақ әрине, 90 млн тоннаның қасында 12 млн деген түкке тұрмайтын көрсеткіш», – деді Рашид Жақсылықов.
Қазіргі жағдайды ескеріп, мұнай бағасының қымбаттағанын Қазақстан тиімді пайдалану керек екенін айтады экономист Өмірбек Байгелді.
«Ресей Қазақстанмен одақтастықты пайдаланып, біз арқылы шетелге өз өнімдерін шығаруы мүмкін. Бұндай алдауға ұрынып қалмау керек. Себебі, біздің экономика санкцияны көтермейді. Ресей өз пайдасын көздеп бізді жығып беруі де ғажап емес. Ресей құбыры арқылы өтетін біздің мұнайды көрші ел тарапы тоқтатып тастайды деп алаңдауға негіз жоқ. Өйткені, ол құбырдың бос тұрғанынан Ресейге пайда жоқ. Керісінше, олар үшін бұл пайда көзі болады», – дейді Ө. Байгелді.
Мұнайдың арқасында ұлттық қор 2 трлн теңгеге артады
Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, мұнай бағасының өсуі Қазақстан экономикасына оңтайлы әсерін тигізеді.
«Ресейге қатысты Ирандағы жағдай қайталанып отыр. Ресей әлемде үлкен орны бар мұнай ойыншысы еді. Енді әлем бойынша шикізатқа тапшылық туындап, салдарынан баға қымбаттап жатыр. Алдымен, төлем балансында импорт пен экспорттауда бізде айырмашылық болатын. Бұл тапшылық минус 6 млрд долларға дейін жеткен кезі болды. Бұл теңгемізге айтарлықтай қысым жасайды. Біздің өзге елдерден сатып алатын тауарларымыздың үлесі экспорттан әлдеқайда көп болды. Енді бұл көрсеткіш жақсарады. Тіпті жазға қарай теңге құны артуы мүмкін деген болжам бар. Белгілі бір дәрежеде Қазақстанның ЖІӨ-де өсім болады. Мұнайдан түсетін салықтық түсімдер де ұлғаяды», – дейді Мақсат Халық.
Оның айтуынша Ұлттық қордың түсімі мұнай бағасының өсуі есебінен 2 трлн теңгеге артады. Енді осы қаражатты халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмсау мәселесі аса маңызды болмақ.
Бұған қоса мұнайды сату арқылы Қазақстанға келетін доллардың үлесін арттырады. Бұл халықтың өмір сүруіне қалай әсер етеді?
«Бюджетке түсетін түсімнің артуы ұлттық жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыруға жұмсалады. Оның ішінде – халықтың табысын арттыру, айлығын көтеруге басымдық беріледі», – дейді экономист Мақсат Сералы.