Мұнай қымбаттаған заман
Еліміздегі ең ірі мұнай компанияларының бірі «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ шығыннан көз аша алмай отыр-мыс.
Жұмыскерлеріне берген уәжі осындай.
Сонау 90-шы жылдардан бастап Қызылорда облысында мұнай өңдеу жұмыстарын жасап келе жатқан бай компания қарамағындағы жұмысшыларының еңбекақысын 50 пайызға көтеруге дәрмені жетпей жатыр. Кеше ғана «Қуат-АмлонМұнай» мен «АйДан-Мұнай» компаниясы жұмысшыларының айлығын 50 пайызға көтерсе, петролық мұнайшылар басшылықтан еңбектері еленбегеніне қапалы. Осыған орай ел президентіне үндеу жариялап, мәселемізді шешіп берсе екен деп отыр.
«Біз Қызылорда облысы «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ мұнай компаниясының ұжымы 2007 жылғы 12 қаңтардағы 221-заңының 1-тармағы 4-пунктінде көрсетілген конституциялық құқықтарымызды пайдалана отырып, Ата заңымыздың гаранты Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа үндеуімізді жолдаймыз. Президент мырза, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы жалақы көтеру мәселесі соңғы 3 жылда шешілмей келеді. Осыған дейін жұмысшылар атынан компания басшылығына 3 жыл ішінде 2 ұжымдық хат жолданған болатын. Алайда басшылық тарапы қойылған талаптарды ескермей, қанағаттанарлық іс-шара атқарудың орнына әр түрлі ойға сыйымсыз сылтауларды айтып, түрлі психологиялық қысым көрсетіп, өзекті мәселенің түпкі шешімін көрсетпей келеді. Сондықтан біздің ұжымға құлақ асып, жалақымызды кем дегенде 50 пайызға өсіруіне ықпал етуіңізді талап етеміз!», – делінген үндеуде.
– Осының алдындағы президентке жасаған үндеуімізден кейін компания 1500 қызметкердің айлығын 15 пайызға көтеру жөнінде ішкі бұйрық шығарды. Ал біздің басты талабымыз тағы ескерусіз қалды. Бұл жалақы еліміздегі гиперинфляцияға қарсы тұра алмайды. Тапқан табысымыз еңбегімізге мүлдем сай емес, – дейді «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның 4-разрядты операторы Аман Нәбиев.
Мұнайшылар компания басшылығының инфляцияны сөз ете беретінін айтады.
– Техникалық қауіпсіздікті сақтағаны үшін, көлденең шығын болмағаны үшін әр операторға кезінде 20 мың теңгеден берді. Пандемия кезінде оны 8 ай тоқтатып тастады. Біз оған мақұл дедік. Айлық көтерер уақыт келгенде сол 20 мыңды қосып, 20 пайызды шығара салды. Өзіміздің бұрынғы ақшамыз ғой ол. Мәселен, «ПетроҚазақстан» компаниясы Қазақстанға келген ірі инвестор компаниялардың ондығына кіреді. Сөйтіп отырып «біз шығындамыз, жағдайымыз келмейді, мүмкіндік жоқ» дейді. Бұл қалай сонда, мүмкін емес қой, – дейді компания қызметкері Айтмағанбет Жаңабаев.
Бұл мәселеге мұнай компаниясының әкімшілігі шығындарын сөз етіп, 2020 жыл «ПетроҚазақстан» үшін оңай болмағанын айтады.
– 2020 жылға жалпы бірыңғай кіріс жыл бойына 600 млн болды. 18,5 млрд қаржыны «Қазгермұнайдан» дивиденд ретінде алдық. Мұны жалпы пайдаға қосқанның өзінде минусымыз 2 млрд 600 млн деп отырмыз. Бұл тәуелсіз аудитордың тексерген нәтижесі. 2021 жылғы аудиторлық нәтиже 31 наурызда шығады. Биыл алдын ала болжам бойынша 19,8 млрд-пен пайдаға шығуымыз керек. Бірақ оның 11,8 млрд «Қазгермұнайдың» дивиденті. «Петроның» өзі таза 8 млрд-пен шығып тұр бір жылға. Бұл 18 млн доллар шамасы. Ол акционерлердің бір жылда жұмыс істеп тапқан пайдасы. Оның 33 пайызы «ҚазМұнайГазға» кетеді, қалғаны СНПС-ке кетеді – дейді «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ бас бухгалтері Қуаныш Әжібеков.
Осылайша мұнайдан түскен қаржы екі акционерге бөлініп берілмек. Басқарма төрағасының еңбек ресурстары жөніндегі орынбасары Суфия Даминова болса жұмысшыларға 30 пайыздан артық жалақыға қосымшадан үміт күтпеңіздер деп отыр. Елу пайыз қосымшаны тек акционерлер шешеді дейді. Ал мұнайшылар келіспейтіндерін айтуда. Күннің ыстығы мен суығында кен орнында нәпақыларын тауып отырған олар соңғы 6 жылда мұнай өндіру жоспарын жүз пайызға орындап келеміз, сол себепті еңбегіміз лайықты бағаланса екен дейді.