Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:40, 13 Сәуір 2023

Мұнай зауыты қайта іске қосылды

None
None

Соңғы күндері Шымкент қаласында сұйытылған газ тапшылығы байқалуда. Кейбір газ құю бекеттерінде ол мүлдем жоқ болса, кейбірінде шектеулі көлемде сатылуда.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың айтуынша, мегаполисте сұйытылған газ саудасымен 224 станциясы бар 29 компания айналысады. Бүгінде соның ішінде 8 компанияға қарасты 76 станцияда газ бар және тұтынушыларға еркін сатылып жатыр. Ал 6 компанияға қарасты 55 газ станциясында талонмен босатылса, басқа бекеттерде газ жоқ.

Ресми мәліметке сүйенсек, тапшылықтың туындауына Шымкент қаласында газбен жұмыс істейтін көліктердің көбеюі себеп болған. Былтыр сәуір айында Шымкентте осындай көліктердің саны 47 мыңды құраған екен. 2023 жылдың ақпан айында сұйытылған газбен жүретін көліктердің саны 51 300-ге жеткен. Ал Шымкент қаласына бөлінген квота айына 6 500 тонна күйінде қалып отыр.

Осыған орай, Шымкент қаласының әкімдігі Энергетика министрлігіне қосымша 1 мың тонна сұйытылған газ бөлу туралы өтінім жолдаған. Әзірге 360 тонна қосымша сұйытылған газ бөлініп, ол Павлодар зауытынан шығып, Шымкентке қарай тасымалдануда.

8 сәуірде жөндеуден өтуі үшін жұмысын уақытша тоқтатқан Шымкент мұнай өңдеу зауыты қайта іске қосылды. Мамандардың айтуынша, осыдан кейін сұйытылған газ тапшылығы жойылады.

Жоспарлы жөндеу жұмыстарынан кейін қайта іске қосылған Шымкент мұнай өңдеу зауыты тәулігіне 17 700 тонна мұнайды өңдеп, өнімнің барлығын ішкі нарыққа шығарып жатыр.

–Шымкент мұнай өңдеу зауытында 15 наурыз бен 8 сәуір аралығында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы мерзім аралығында отандық нарықта дизель отыны мен сұйытылған газ тапшылығы байқалды. Жағдайды ескере отырып, зауыттағы жөндеу жұмыстарын барынша жылдам жүргізуге күш салдық. Осылайша, белгіленген мерзімнен 1 күн бұрын жұмысты аяқтап шықтық. Қазір зауыт толық қуаттылығымен жұмыс істеп тұр, тәулігіне 17 700 тонна мұнай өңделуде, – деді ақпарат құралдарына берген сұхбатында «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС-ның техникалық директоры Бақыт Ерегенов.

Кәсіпорында қазір тәулігіне 6 200 тонна – бензин, 5 600 тонна – дизель отыны, 1 150 тонна – авиакеросин және 820 тонна сұйытылған газ шығарылады. Жалпы, зауытта сәуір айының соңына дейін 366 мың тонна мұнай өңдеу жоспарланып отыр. Бұл елдегі жанар-жағармай және сұйытылған газ тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге Шымкент қалалық әкімдігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы жолдауында тапсырылған «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына байланысты бірқатар жұмыстарды қолға алды. Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан инженерлік инфрақұрылым желілеріне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Оның қорытындысына қарағанда, «КазТрансГаз Аймақ» АҚ-ына тиесілі 898,9 шақырым табиғи газ құбыры жаңғырту үшін 28,2 миллиард теңге қажет. Бұл Шымкент қаласындағы газ құбырларының тозу деңгейін 12 пайызға төмендетеді.

Ал «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і 1 902,1 шақырым электр желісін жаңартуы тиіс. Ол үшін 31,4 миллиард теңге инвестиция тартылуы керек. Бұл электр желілерінің тозу деңгейін 20 пайызға төмендетеді. Сондай-ақ «Қуатжылуорталық-3» 19,8 шақырымдық жылу жүйесін жаңғыртуға 3,2 миллиард теңге инвестиция сала отырып, тозу деңгейін 15 пайызға төмендете алады.

Қаланы ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Су ресурстары Маркетинг» ЖШС-і де 83 шақырым су құбырын жаңғыртуға – 2,5 миллиард теңге, 18 шақырым су бұру жүйесін жаңғыртуға – 29,8 миллиард теңге инвестиция салуы қажет. Нәтижесінде ауыз су жүйесінің тозу деңгейі 21 пайызға төмендейді.

Осы міндеттерді орындау мақсатында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен бірлесе отырып тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Тегтер: