Мұнайлы Қазақстанда электр энергиясы неге тапшы?
«Қазақстан бір өзіне әбден жетіп-артылатындай кең көлемде электр қуатын өндіреді.
Бұрын электр энергиясының тапшылығы деген мәселе дәл бұлай туындамаушы еді ғой. Солтүстіктегі Екібастұз ГРЭС-і бар, оңтүстікке тартылған электр желісі бар. Қысқасы, бізде энергия тапшылығы деген жоқ еді. Ал енді не боп қалды дейсіз бе, біреу электр қуатын көп мөлшерде тұтына бастаған сияқты», – дейді сарапшы Қазбек Бейсебаев YouTube-тегі ZonaKZ интернет-газетінің каналына берген сұхбатында.
– Рас, соңғы уақытта бізде сонша көп энергия тұтына қояды деген ешбір алып өндірістер іске қосылған жоқ. «Бәленің бәрі майнингтен келіп отыр» дейді мамандар. Қазақстанда біреулер отырып алып, майнинг үшін электр қуатын аяусыз тұтынып жатыр. «Ол кім?» дегенде, ешкім түк білмегендей бола қалады. Жарықты ажырату арқылы оны кімнің, қай жерде тұтынып отырғанын білуге болмай ма, сонда? Электр энергиямыз өздігінен жоғалып кетпейді, біреу анық алып отыр. Ал біздің билік «білмейміз» дейді. Әй, барыңдар да, тексеріңдер! Бұл жерде бас қатыратын түк те жоқ деп ойлаймын. Ал жарайды делік. Біреуге шынымен көп тоқ тұтыну керек-ақ делік. Бірақ одан бізге, халыққа, Қазақстанның қарапайым азаматтарына тиіп жатқан қандай пайда бар? Еш пайда жоқ! Сол себепті билік өтірік жынды бола қалғанын доғарып, бірдеңе қылуы керек. Бірақ дейміз, Қазақстанның электр жарығын аждаһадай жұтып жатқандардың мұны биліктің келісімінсіз жасап отырғанына да ешкім сенбейді. Өзара келісім болғаны сөзсіз. Өзіміздің мол энергиямыз бола тұра, соған зар болып, оны да сырттан аламыз. Әлгі орыстың мақалы бар еді ғой, «Өзінің етігі жоқ етікші» деген. Қазақстан қазір тура сондай кейіпте отыр.
Қосымша электр қуатын Ресейден сатып алу шарасының уақытша екені түсінікті. Ертең ол да жоқ болса, несіне сеніп отыр билік? Қазақстанда жоқ «жасыл» технологияларға сене ме? «Болашақтың энергиясы» деген дардай атаумен 2017 жылы дүркіретіп ЭКСПО өткіздік. Сол кезде шулап еді ғой, ойбай, энергияның жаңа технологияларын дөңгелетеміз деп… Ал, қайда? Электр қуаты жетпей жатыр ғой елде? «Жасыл энергия» технологиялары дегеніміз далбаса боп шықты. Біз өз өнімдерімізді негізінен басқа елдерге, айталық Еуропаға экспорттаймыз. Олар болса енді көмірсутек салығын салайын деп отыр. Бұл дегеніңіз – көмір жағу арқылы өндірілген өнім атаулының бәріне салық салынады деген сөз. Біздің билік «жасыл» технология туралы көп сөйлейді, ал Астанамыз әлі күнге дейін кешегі күннің отынын – көмір жағып отыр.
«Көлеңкелі майнингпен айналысатындарды табыңдар» деп президент тапсырма берді. Мұны үкімет пен құқық қорғау органдары өмірінде бірінші рет естіп тұрғандай ақымақтың кейпіне енеді. Электр энергиясын біреулер шектен тыс пайдаланып жатқанын бұрын білмей, енді ғана байқағандай боп қалады, президент айтқаннан кейін. Немесе биліктің өзі өтірік айтады. Көлеңкелі майнингтің Қазақстанда өздігінен пайда болуы мүмкін емес. Мәселен, бір пәтердің ішінде болып жатқан ірі оқиғаны үйдегі отағасы білмей қалуы мүмкін бе? Мысалы, балалар закладка арқылы есірткіге қол жеткізіп, оны қолданады, ал полиция ондайды білмейміз деп иығын бір көтеріп қояды. Полиция мен билік аспанға қарайды-дағы, аяғының астындағыны байқағысы келмейді.
Биыл табиғи газдың бағасы былтырғыдан алты есеге қымбаттады, әлемдік мұнай бағасының көтерілуімен қатар, Қазақстанда өндірілетін мұнайдың бағасы 65 пайызға қымбаттады. Бірақ Қазақстанда ұстаған дүниеңнің бәрі қымбаттап барады. Өйткені бәрін сырттан тасимыз. Біз өзіміз өндіретін тауарлардың бағасын өзіміз реттей алар едік. Ал ондаймыз кәнеки? Біз Мәскеудің басты тауар импорттаушысымыз. Мысалы, мұнайды өзіміз шығарады екенбіз, ендеше бензин неге Қазақстанда өмірі арзандамайды? Кеше ғана авиациялық керосин таусыла жаздап, Қазақстандағы ұшақтар ұшуын тоқтатуға сәл қалды. Біздің экономика, қаржы министрлігі, Ұлттық банк болсын, бәрінің айтатыны – бағаның қымбаттауына біз емес кінәлі, шетелдегі біреу, сырттағы бір факторлар мен конъюнктуралар деп шыға келеді. Әйтеуір, олар судан ақ, сүттен таза, өлсе де мойындамайды. Қазақстанның барлық проблемасына біздің осындай қолынан түк келмейтін шала менеджерлеріміз кінәлі еді, шындығында.
2010 жылы экс-президент өзінің кезекті жолдауында 2017 жылы Қазақстандағы азық-түліктің 80 пайызы қазақстандық өнім болады деген-ді. Ал қазір дүкенге кіріңізші, отандық өнімнің үлесі қандай екенін көресіз. Басқасын айтпай-ақ қояйын, менің әйелім сүт-айран, ет пен май үшін арнайы қырғыз тағамдарының дүкеніне барады. Өйткені сол сапалы және арзан болып тұр. Алматыда «Белорус өнімдері» деген дүкен қаптай бастады. Жарайды, Еуразиялық одаққа кіріп алған екенбіз, енді біз де сол еуразиялық одақтастарымызға бірдеңе ұсынуымыз, құрығанда азық-түлігімізді сатуымыз керек еді ғой? Бірақ бұл арада біздің мақтанатын түгіміз жоқ. Бірер жыл бұрын біздің билік экономиканы әртараптандыру туралы тоқтамай зарлап еді. 2014 жылдың желтоқсанында экс-президент телекөпір кезінде Қазақстанға өнімді терең өңдеумен айналысатын бес трансұлттық компанияны тарту туралы тапсырма берді. Ал, ол да қайда? Мұнайды қалай сатып келдік, әлі солай сатып қана келеміз. Шикі мұнайды сыртқа сатып, оның ақшасына сырттан долларға тұтынушылық тауардың бәрін сатып алып отырмыз әлі. Қазақстанда картоп біткен кезде бізге Египет пен Пәкістаннан картоп жеткізілетін болды. Картоп деген банан емес қой! Сақтайтын жағдайы жасалған қойма салсаң болды емес пе? Бірақ біздің билікке оңайы – жоқ нәрсені шетелден сатып ала салу.
Ойпырмай, Нидерландыдан пәленбай миллионға инвестиция тарттық деп бөседі. Шындығында, ол ақшаның иесі нидерландық компания немесе Нидерланды азаматтары емес, өтірік нидерландылық боп жүрген баяғы қазақ жемқорлары еді. Жасыратын түгі жоқ. Ал енді Қазақстанда араб инвесторлары пайда болды дегендері рас, енді. Былтыр премьер-министр Біріккен Араб Әмірліктеріне барып, шамамен 6 миллиард долларға келісімдерге қол қойды. Бір ай бұрын тағы барып, тағы 6 миллиард долларға келісімдерге қол қойып келді. Бірақ бұл арада да үлкен сұрақ туындайды. Араб Әмірліктері Қазақстанға бүйрегі сонша бұра қалатын екі туып бір қалғанымыз ба еді? Шындығында, Қазақстанға ең жиі келгіштейтін де, біздің билік те жиі барғыштайтын елдердің бірі – осы Біріккен Араб Әмірліктері. Біздің «тұңғышымыздың» да ең жиі баратын жері – Әмірліктер елі. Сөйтсек, сол арабтар да біздің кейбір су электр стансаларымызды сатып алып, қалғандарын да сатып алуға қызығушылық білдіріп отыр. Осы әңгіме электр энергиясынан басталып еді ғой. Сұрақ көп, қысқасы.
Қазақстанға ақшасын салған инвестор бұл елден еселенген пайда немесе басқа да құнды бірдеңе суырып алуды ғана көздейді. Қытайға кезінде инвесторлар аямай ақша салды, өйткені онда жұмыс күші арзан болды. Қазақстанға келетін инвесторлар негізінен шикізат секторына кіретін. Ол сала қазір бос емес. Енді қалғаны – энергетика секторы. Олар экономикамыздың мұнай мен газдан кейін қалған келесі бір ірі кесегін, келесі майлы жілігіне жармасуда. Кетіп қалған мұнайды қойшы, әуежайың шетелдіктердің қолына кетті. Су электр стансаларын бере салды. Қазақ халқына пайдасын тигізе алатын, жұмыс істейтін, табыс әкелетін дені сау кәсіпорындарды шетелдіктерге неге береді? Түсінбеймін. Қысқасы, билік халықтың несібесін, ел мен жердің байлығын сатып жатыр және ендігі түгел сатуға таяп қалды. Сонда өзіміздің ертеңгі ұрпағымызға не қалдырамыз?
Біз ұлттық әл-ауқат қорымызда қанша ақша бар екенін білмейміз. Бізде цифрландыру жүріп жатыр, бұл жағдайда электр энергиясы аса маңызды стратегиялық ресурсқа айналады. Оны мемлекет өз уысында ұстауы керек емес пе? Ал біздің биліктің соны сатып жіберуге деген құлшынысы ешқандай ақыл-ойға сыймайды. Билік ертең болатын анау-мынаудан қорқып, бәрін сатып құртуға асығыс сияқты. Сату деген бір бөлек, бірақ сол дүниеңді сатып алғысы келетін кім екені одан маңызды мәселе емес пе еді? Қазақ халқының байлығын сату арқылы билік Қазақстанды құлдыққа беріп кетейін деп отырған жоқ па? Кеше қазақ пен ұйғыр қырқысты, билік оны сырттан біреу арандатты дейді. Қазақстанның билігі өз халқына сыртын бермей, халықтың жай-күйі мен болашағын ойлауы керек, – деп түйіндейді ол өз сөзін.