Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:15, 05 Наурыз 2022

Мұнайшылар жеңді!

None
None

Қызылордада шетелдік біріккен компанияларда жұмыс істейтін жергілікті жұмысшылар айлықтарына жиі шағымданатын.

Өйткені, жұмысшылар мен шетелдік мамандар жалақысының көлемінің алшақтығы жер мен көктей боп келді. Жуырда осы проблеманың шешімі табылды.

Өңіріміздегі мұнай компанияларының вахталық жұмысшылары ұжымдық еңбек дауларында жалақыларын 50 пайызға көтеру туралы талап қойды. Алайда талаптары былтырдан бері жауапсыз қалғандықтан мәселе аяқсыз қалған еді.

Осыған орай жергілікті билік түйткілді зерттеп, тиісті мекеме органдармен тығыз жұмыс жасап, кеңесіп,  мұнай компанияларындағы еңбек дауын тарқату мақсатында аймақта шұғыл комиссия құрды. Комиссия мүшелерінің қатысуымен болған  келісім үстелінде жұмыс беруші компания басшылығына нақты шешімді қажет ететін ұсыныстар берді. Көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан осы мәселеде тараптарды екі жақты ортақ бір келісімге келуге шақырды.

Облыс әкімі соңғы бірнеше жылда мұнай компанияларының жұмыскерлері арасында жалақыны арттыру мәселесі жиі көтеріліп келетінін атап, бұл істе тиімді шешім шығару қажет екенін алға тартты.

«Өзге де мұнай компанияларымен салыстырмалы тұрғыда қарайтын болсақ, сіздерде жалақы мөлшері төмен. Бұл қызметкерлер арасында әлеуметтік шиеліністі туғызады. Сондықтан өз жұмысшыларыңыздың талабын ескере отырып, оңтайлы шешім қабылдауларыңыз қажет. Себебі осы кезеңге дейін әкімдік тарапынан да бірнеше рет кездесулер өткізіліп, түсіндірмелер жүргізілді. Ал тиімді шешімді қабылдауда сіздердің тараптан нақты нәтижелер байқалмайды», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Осы уақытқа дейін жұмысшыларының талабына назар аудармаған  мұнай компанияларына осындай оң шешім қабылдау үшін, көлтектемей, батыл ұсыныс айтатын, Инвесторлар туралы Заң, Еңбек қатынастарын реттейтін ҚР Заңдарын есіне түсеретін, қазақ еңбеккерлерінің де мүддесі бар екенін  алға тартатын беделді билік өкілдері керек болған еді.

Облыс әкімдігі мен аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің табанды жұмысының арқасында, бұған дейін берген уәдесінде тұрмай, жалақы көтеруден бас тартып келген  «Қуат Амлон Мұнай» компаниясы бұл жолы   жалақыны елу пайызға көтеретінін мәлімдеді. Нәтижесінде, қазір талаптары қанағаттандырылған жұмыскерлер жұмыстарына кірісіп кетті.

Дәл осындай талаппен жүзеге асқан «Айдан-Мұнай» компаниясындағы еңбек дауының да шешілгенін ескерсек, жүздеген мұнайшылардың 50 пайызға көтерілген жалақысы – аймақтың әлеуметтік ахуалына оң әсерін берері сөзсіз.

Тегтер: