Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:34, 08 Қыркүйек 2021

Мұнарлы мұнара

None
None

Есімі ел-жұртқа белгілі болмаса да, дәулет жағынан дөйдің бірегейі, мансабы жоғарыда, қазіргі халық қалаулысы ретінде мінберден анда-санда бар екенін білдіріп бірдеңке деп қоятын Қоңқай көкеммен сұхбаттасып отырмын.

—  Көке, —  дедім қызмет қылып үремкесіне арағын құйып, — бір кездері арақты «барым да, бағым да» деп отырушы едіңіз… — деп, тілшілігіме басып сұрақты төтесінен тарттым.

— Енді ше! Ойбай-ау, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары осымен осылып өттім емес пе! Айналайын арақ, түп атасы спирт қой, қойымды қоздатып, төлімді төрге оздырған… Пай-пай, сол заман-ай! Бір бөтелке таза спирттен бақандай бес шиша арақ шығушы еді… Несін айтайын, соны кәсіп еттім, арақ арқалап ауыл-аймақты шиырладым. Ойпыр-ай, не нәрсенің де қат кезі, бес не алты шиша араққа қойын айырбастағандар да болды. Жиын-терім кезінде бір бөтелкең бір мөшек кәртөшкіні алып ұратын… — деп көкем сол бір кезін кезіп арқа-жарқа болғанында:

— Қазіргі «мұнарлы мұнараңызды» естігім келеді, — деп қалдым.

— Шынымды айтсам, бұл бір ойда жоқ тірлік болды, — деп алдыда ағыл-тегіл ағытылды.  —  Қала шетіндегі осы бір қараусыз қалған мұнара түбінде көлік күтіп тұрғанмын. Бір бейбақ келіп: «Мен кәзір мына мұнара үстіне шығамын. Ал сен әзірше мына ақшаны ал да, мына мекенжайларға «Мұнараның ұшар басында адам тұр, ол аз уақытта мұнара басынан құлап өлмекші деп хабарла» дегені. Бергені қомақты, нем кетіп барады, айтқан мекенжайға хабарласып едім, сәлден кейін асай-мүсейін арқалап екі-үш телевидение, артынан милиция, сатысын сүйретіп өрт сөндіруші, жедел жәрдем дейсің бе, лезде қарақұрым елім топырлап-ақ қалғаны.

     Сөйтсем, әлгім жұпыны киінген, сақал-мұртты жіберген елімізге атышулы оппозициядағы ағамыз екен. Ойпыр-ай, төбеде тапжылмай түске дейін отырды-ау!

 Теледидар түсіріп, шетелдікі де араласқан ба… Не керек, милиция айнала қоршап, келіп-жеткен ресми өкіл айқайлағышпен мұнара басындағы көкеммен тілдесіп жатып ақыры түс ауа түсіріп алды.

 Көкем аяғы жерге түскен бойда мені құшақтаған болып: «Жарадың! Хабарласып тұр», – деп, қалтама қолын сүңгіткендей болды. Шеткері шығып қарасам, телефон нөмірі мен қомақты сый-сияпат сүңгітіпті.

 Содан кешкілік телеарна атаулы әлгі «мұнара» оқиғасын одыраңдатсын келіп… Көкемнің мені құшақтаған сәті сәтті түсіріліпті.

Содан ел-жұртым хабарлассын келіп… Екі-үш газет, тағы сондай теле-радио келіп менен сұхбат алсын кеп… Көкемнің бергенінен басқасын бүкпесіз айтып бердім.

Содан бір күні әлгі көкем хабарласып: «Өткендегі жерде боласың ба, басқалар барады, беретінін алып қызмет қылсаң», – дейді. Ойланбастан орнымда болдым.

Бұл жолғым қомақты болып, ойда-жоқта ойға берілмесім бар ма… Он ойланып, жүз толғанып, әлгі көкемнен ақыл-кеңес алған болып, не керек, әлгі мұнараны қақ ортасына алып, сол төңіректі жекешелендіріп алдым. Ісім ілгері жылжысын келіп...

Бітіретінім — тапсырыс алу, тілегін тап-тұйнақтай ету. Сөйтіп, мұнарам «мұнайлы» болып, бизнесім асып-төгілсін келіп...

 Қыза-қыза келіп мұнарамның төбесіне өзім де шығып, көкейімдегіні көл-көсір көсілтіп, әсіресе осы тірлігімді көре алмаушыларды тықсыртып та алдым.

Аз күнде мұнарам мұнартып, төбесіне шықпаса да, ел-жұртым төңірегіне топталып алып өкіметке наразылығын паш етіп жатады. Менің міндетім баяғы… бір күндік кәсібім айыма алаңдамауыма жетеді.

 Жекеменшігім емес пе, айлар өте алаңымды кеңейтіп, мұнара баспалдағын оңдап, түп астына қабырға тұрғызып, офис те жасап алдым.

 Қарауылым бар, екі-үш көмекшім бар, өзім тек болар іспен келісімшартқа ғана барамын.

  Не керек, барым да, бағым да мұнара болып, соның арқасында қазіргі жеткен жерімді білесің, — деп кідіргенінде:

— Алдағы арман-мақсатыңыз? — деп, соңғы қарабайыр сұрағымды қойып едім:

— Бұрынғы мұнара ескілеу де ергежейлілеу. Амандық болса, сол мұнараның  жетілген түрін тұрғызбақпын. Асты офис, сәл жоғарыда Баспасөз орталығы орналасып, төңірегіне ғимарат тұрғызып, жекеменшік медиахолдинг құрмақпын. Соған өзің басшы болып келсең қайтеді? — деді.

Тегтер: