Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:30

Мұнай бағасы 13%-ға дейін шарықтады

мұнай
Фото: из открытых источников

Дүйсенбі, 2 наурыз күні әлемдік мұнай нарығы сауданы айтарлықтай өсіммен бастады.

Бағаның күрт қымбаттауына 28 ақпанда басталған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы және Ислам Республикасының жауап соққылары себеп болды.

Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың мамыр айына арналған фьючерстері 13,04 пайызға өсіп, барреліне 82,37 долларға дейін жетті. Сауда деректеріне сәйкес, бұл көрсеткіш Астана уақыты бойынша сағат 04:00-дегі ең жоғары деңгей болып отыр.

Сарапшылардың айтуынша, Ормуз бұғазындағы танкерлерге жасалған шабуылдар да нарықтағы алаңдаушылықты күшейтті. Ормуз бұғазы — әлемдік мұнай тасымалының маңызды стратегиялық нүктесі. Бұл аймақтағы кез келген әскери шиеленіс мұнай жеткізіліміне қауіп төндіріп, бағаның өсуіне тікелей әсер етеді.

Айта кетейік, соңғы рет Brent мұнайы барреліне 82 доллардан жоғары деңгейде 2025 жылдың 16 қаңтарында саудаланған болатын. Осылайша, бір жылдан астам уақыттан бері алғаш рет мұнай бағасы осындай көрсеткішке жетіп отыр.

Нарық қатысушылары геосаяси ахуалдың одан әрі қалай өрбитінін жіті бақылауда. Егер Таяу Шығыстағы қақтығыс ушыға түссе, сарапшылар мұнай бағасының тағы да өсуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Тегтер: