«Мұнай дәуірінің соңы көріне бастады»: Қазақстанға қауіп бар ма?

Алмас Чукин мұнай бағасының құлдырауы Қазақстанға қалай әсер ететінін айтты.
Соңғы күндері әлемдік нарықта мұнай бағасы соңғы төрт жылдағы ең төменгі деңгейге түсті. Бұл жағдай Қазақстан үшін қаншалықты қауіпті? Осы мәселеге қатысты танымал қазақстандық экономист Алмас Чүкін Facebook парақшасында өз пікірін білдірді.
Чукиннің айтуынша, мұнай бағасының төмендеуіне басты себеп — ОПЕК ұйымының саясаты. Мұнай экспорттаушы елдер альянсы маусым айында өндірісті тағы 411 мың баррельге арттыруға келіскен. Ал ұйымның бейресми көшбасшысы — Сауд Арабиясы нарықты арзан мұнаймен әдейі толтырып, бағаның ұзақ уақыт төмен болуына дайын екенін көрсеткен.
Сарапшы атап өткендей, Қазақстан мен Ирак секілді бірқатар елдердің өндіріс көлемі бойынша алған міндеттемелерін орындай алмауы Сауд Арабиясының тарапынан қатаң реакция тудырған.
— Қазақстанның ОПЕК+ келісіміне ықпал етіп, мұнай бағасының жаһандық құлдырауына себепкер болғаны туралы жазбаларды оқығанда, таңғалдым. Біздің өндіріс көлеміміз аса үлкен емес қой. Мұндай баға ауытқулары бірінші рет болып тұрған жоқ. Осы орайда, мұнай бағасының бюджетке әсеріне талдау жасап жатқан едім, — дейді Алмас.
Экономистің айтуынша, бүгінде ОПЕК+ құрамындағы 11 елдің тек сегізі ғана өндірісті қысқарту бойынша міндеттемелерді орындайды. Мұнай өндірісі мен экспорт екі бөлек дүние: кейбір елдер — АҚШ пен Ресей секілді — өндірген мұнайын ішкі нарықта тұтынады. Басқалары оны мұнай химиясына бағыттайды, ол есепке кірмейді. Ал Қазақстан секілді елдер өндірген мұнайдың басым бөлігін шетелге сатады.
Сарапшы бұл сөзін Теңізшевройлдың сәуір айындағы көрсеткішімен нақтылайды: тәулігіне екі миллион баррель өндірілген, бұл — әлемдік өндірістің шамамен 2 пайызы. Ал ОПЕК-тің үлесі — шамамен 40 пайыз. Осылайша, Қазақстанның мұнай өндірісі картель үшін маңызды факторға айналып отыр.
Экономист Алмас Чүкін ОПЕК+ ұйымының жуырда барлық қатысушы елдер үшін өндірістік квотаны 130 мың баррельге арттыру жөнінде мәлімдегенін еске салды. Алайда Сауд Арабиясының шыдамы таусылып, бұл көрсеткіш үш есеге көтерілген.
«Жақсы баға болмаса да, нарықтағы үлесті көбейту керек деген ұстаныммен әрекет етіп отыр. Біз әлі де келісімге адал екенімізді айтып келеміз, бірақ шын мәнінде шетелдік өндірушілерді бақылауға қауқарсызбыз. Мысалы, ТШО мен NCOC сияқты алып жобаларды тоқтата алмаймыз, ал отандық компанияларды қысқарту — өте ауыр соққы. Нағыз цугцванг жағдайы», - дейді сарапшы.
Оның пікірінше, ОПЕК+ келісімі ыдырауға таяу. Ал Қазақстан үшін бұл жағдай әзірге күрт өзгеріс әкелмейтін секілді: мұнай бағасы 15–20 % төмендегенімен, өндіріс көлемі 15–17 % артқан. Нәтижесінде табыс бұрынғы деңгейде қалуы мүмкін.
Алайда ол мұнай дәуірінің аяқталып келе жатқанын атап өтіп, Қазақстан экономикасын жылдам әртараптандыру қажет екенін ескертті