Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

Мұнай экспорты: Алпауыттармен алысудың ақыры

мұнай
Фото: из открытых источников

Қазақстан осы айда мұнай экспортын едәуір қысқартпақ. Анығын айтқанда, соңғы уақыттары көп сөз болған әйгілі Каспий құбыры концорциумы (КҚК) арқылы жөнелтілетін қара алтын көлемін 70%-ға азайтпақ.

 Мұның себебін айтсақ, энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, OPEC+ ұйымы аясындағы міндеттемелерін орындағалы отыр. Бұл экспортты азайту себебінің негізгі ресми нұсқасы. Алайда сала сарапшылары топшылаған тағы бір жайттарға назар аударуға тура келеді. 

Қазақстан үшін OPEC+ кім?

КҚК арқылы жөнелтілетін мұнайдың осынша азаятыны апта бұрын жарияланды. Оны еліміздің энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов мәлімдеп, аталған халықаралық ұйым алдындағы міндеттемелерін орындау үшін Қазақстан тарапының осындай қадамға баратынын айтқан. Артынша вице-министрдің сөзін министрдің өзі де растап, сол үшін керек болса әкімшілік мүмкіндіктерін қолдануға дейін баратынын білдірді.

Мәселенің жай-жапсарын түсіндірген министрлік біздің ел ақпанда мұнайды артығымен өндіріп қойғанын айтады. Себебі Теңіз кен орнындағы өндіріс ауқымын ұлғайту жобасын сынап көру үшін жерастынан біршама артық мұнай шығарып қойғанбыз. Айталық, OPEC+ ақпанда біздің елдің еншісіне күніне орташа көрсеткіш ретінде 1,5 млн баррель жазып берген. Алайда әлгі жағдайларға байланысты бір күндік орташа көрсеткіш 279 мың баррельге артып кеткен. Енді соның қайтарымын беру керек.

Мұнай саласы сарапшыларының бірі Нұрлан Жұмағұловтың сөзінше, министрлік өндірісті екі ірі кеніштің қайсының есебінен қысқартатынын нақты айтпай отыр. Сөз болып отырған қысқарту көлемін есептеп қарағанда, Қашағанды түгелдей, оған қоса, Теңіз кенішін жартылай тоқтатуға тура келеді. Себебі аталған құбыр арқылы мұнай айдау көлемін 70%-ға азайту дегеніңіз орташа күндік өндірісті 60% төмендету деген сөз. Соған қарағанда, қысқарту көлемін барынша Қашағанға сала берген жөн. Өйткені оның бюджетке баратын салық түсімі де, Ұлттық қорға баратын пайдасы да ТШО-ға қарағанда кем.

Бірақ «ҚазМұнайГаз» ҰК басшысы Асхат Хасеновтің өткен бір жолы ютуб-арналардың біріне берген сұхбатында айтқан сөзі бар. Қазақстан аталған ұйымға мүше болғанымен, оның бар талабын орындауға міндетті емес. Себебі біз OPEC-тің өзіне мүше емеспіз. Тек OPEC+ ұйымына ғана кіреміз. Оның мәнісі, бұған мүше болғандар ұйым талаптарын ерікті түрде ғана орындайды. Қазақстан бұл жағдайда әлемдік мұнай бағасының барынша қымбат болғанын қалағандықтан ғана сол талаптарға қосылып келеді. Тек бұл жолы ешбір жағдайға қарамастан, министрлік мұнай өндірісі көлемін азайту талабын қалай да орындауға кіріскелі отыр.

Сайып келгенде, Сәтқалиев бастаған министрлік үшін парсы елдерінің сөзі өтімді болғаны ма? Біздің билік сонша неге ұйым талабына берік бола қалды? Бар мүддесі әлемдік мұнай бағасының қымбаттауына үлес қосу ғана ма?

Алпауыт компаниялармен тартыстың салқыны

Осы жерде айта кетерлік екінші мәселе бар. Қазақстан билігі біздің жерден қара алтын сорып жатқан алпауыт компаниялар арасында қырғиқабақ қарым-қатынас басталғалы біршама уақыт өтті. Оның алды Атыраудағы 2022 жылғы экологиялық тексерістен басталған. Атырау облысы экология департаменті Қашаған кен орнында экологиялық стандарттар бұзылды деп қорытынды шығарды. Онда кеніш аумағында рұқсат етілген 773 мың тонна күкірт қалдығы нормасы 1 млн тоннаға, яғни 1,7 млн тоннаға дейін артып кеткенін анықтаған. Осының негізінде NCOC компаниясына 5 млрд доллар айыппұл салынды.

Сол айыппұлға байланысты компания мен Қазақстан билігі әлі күнге бір тоқтамға келе алмай жүр. Әуелде NCOC Астанада апелляцияға беріп көрген. Онысынан түк шықпай, шешім сол күйі қалдырылды. Сот жолымен күресу нәтиже бермесін түсінсе керек, одан соң ұжымдық компания әлеуметтік салаға алдағы екі жыл ішінде қосымша 110 млн доллар инвестиция құюға ниеттенді. Бірақ одан да қайыр жоқ сияқты. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бұл мәселе бойынша да министрлік тарапынан ештеңе айта алмайтынын мәлімдеп, тек сот шешімі бойынша тиісті төлемақыны күтіп отырғанын жеткізген.

Газетіміздің өткен санында халықаралық мұнай құбырына жасалған дрондар шабуылы жайында жазып, соның себебі ретінде мұнай саласының белгілі сарапшысы Олжас Байділдиновтің соны пікірін ұсынғанбыз. Оның ойынша, Қазақстанның Қашаған мен Қарашығанақ кеніштеріндегі өнімді бөлу келісіміне қатысты реттеу шаралары батыс елдеріне ұнамай қалуы мүмкін. КҚК мұнай құбырына дрондардың соғылуы соның салдарынан туындауы да мүмкін екенін айтқан. Мұндай пайымға келу себебі, Қазақстан әлгі реттеу шараларының қорытындысы бойынша NCOC пен KPO компанияларының үстінен білдіріп отырған шағымы 150 млрд доллардан асады.

Оның үстіне, экологиялық айыппұл көлемі тағы бар. Осыған қатысты өткен бірер күндікте батыс елдері компанияларының екі бірдей шағымы қанағаттандырылғаны жайында ақпарат тарады. Шағым түсірген компаниялардың ішінде Eni, Shell, ExxonMobil мен TotalEnergies бар. Шын мәнінде, екі жағдайда да айыппұлды ешкім қайтарып тастап жатқан жоқ. Бар болғаны, біріншісінде сот ісі түбегейлі, аяғына жетпейінше айыппұл өндіруді тоқтата тұру көзделген. Екінші жағдайда мұнай табысындағы Қазақстан үлесінің қаншалық екенін энергетика министрлігі болмаса, салық органдарымыз тексере алмайды. Себебі келісімшартта министрлік қана көрсетілген.

Қашаған кен орнын игеріп отырған 7 бірдей акционер бар. Олар: «ҚазМұнайГаз» (16,88%), «Эни» (16,81%), «Шелл» (16,81%), «ЭксонМобил» (16,81%), «ТотальЭнерджис» (16,81%), ҚҰМК (8,33%) және «ИНПЕКС Лтд» (7,56%). Осылардың ішінде біржары сотқа шағымданып жүргенімен, шындығында салық органдарына тексертпеу шағымы қайсынан шығып отырғаны белгісіз.

Экспорт азайса, нарықтың күні не болады?

Өткенде болған дрондар шабуылынан кейін КҚК-ға аса бір зақым келмегені жайында жазғанбыз. Әзірге сала өкілдері де, сарапшылар да одан өзге еш мәлімет бермеді. Дегенмен Қазақстанның мұнай экспортын азайтуына осы жағдай себеп болса, жағдай тіпті қиын деген сөз. Бірақ бұл нұсқаны қоя тұрып, мұнай өндірісін азайтудың математикалық есебін түгендеп болсақ, енді оның нарқымызға қандай әсері болады деген заңды сұрақ туады.

Қара алтын экспорты ел бюджетінің орасан бөлігін алып отырғаны хақ. Одан қалды, Ұлттық қорға түсіп жатқан пайдалы қазбалар ішінде де мұнайдың орны бөлек. Сондықтан да теңге курсына қауіп төнері белгілі. Ұлттық банктің ақпан қорытындысы бойынша жариялаған деректеріне қарағанда, теңге бір айда долларға қарағанда нығайып, 499 теңге межесін көрсеткен. Оған әсер еткен факторларға қарасақ, Ұлттық банк республикалық бюджетке жіберілетін трансферттер үшін Ұлттық қордан қаңтарда 850 млн доллар сатса, ақпанда 600 млн доллар ғана саудалаған. Бірақ интервенция жасалмаған. Одан бөлек, квазисектордың мойындарына алған міндеттемесі бойынша 274 млн доллар нарыққа шығарғаны бар. Соның бәрін қосқанда, қаңтарда нарыққа 1,6 млрд доллар шығарылса, өткен айда 1,1 млрд доллар ғана болған.

Былай қарағанда, төл ақшамыз Ұлттық банктің аса бір араласуынсыз-ақ АҚШ валютасына қарағанда біршама қауқар көрсеткен. Доллар курсы 500-ден асып жығылғанда бір дүрліккен ел үшін бұл бір көңіл тыныштандырарлық жайт еді. Алайда энергетика министрлігінің соңғы жаңалығы енді ел ішін қайта бір сілкіп алатындай болып тұр. Өйткені, доллар курсынан бөлек, елдегі баға нарығы құбыла бастаған. Инфляцияның соңғы айларда біртіндеп қарқын ала бастағанынан қауіптенген Ұлттық банк соңғы шешімінде базалық мөлшерлеме бойынша саясатын қатаңдатып, біршама көтеріп жіберді. Демек, Бас банк ел ішінде бағаның қымбаттап бара жатқанын мойындап отыр.

Сарапшылардың сөзінше, мұнай экспортының азаюынан алдағы уақытта Ұлттық қорға да, бюджетке де түсім азайып, бұл әлбетте нарыққа өз әсерін тигізбей қоймайды. Бұл – бір десек, екіншіден, экспорт табысымыздың азаюынан нарыққа валюта сату көлемі де кемиді деген сөз. Бұл доллар курсын қымбаттатып жатса, таңғалмаймыз. Қалай дегенде де, әлемдік нарық дүрмегінен қалмай, ілесіп отыру ма, әлде билік пен алпауыт компаниялар арасындағы алауыздық па, әйтеуір жоғарыда жүріп жатқан беймәлім құбылыстардың ақыры жақсы хабар бермей тұр. Соның бәрі қараша халыққа табысының құнсызданып, нан мен сүттің қымбаттауы болып тиетіні қиын.

Ербол Тұрымбет

Тегтер: