Мұнай жолы: құбырдан туннельге дейін

Бүгінде қолда бар мұнайды ұқсату, өнімді шикі күйінше экспорттай бермей ең соңғы дайын өнімге дейін айналдыру тетігін меңгеру туралы жиі айтыла бастады. Бір қарағанда Қазақстан да мұнай химиясын дамытуға, мұнай газ саласын жаңғыртуға қатысты бірнеше жобаларды қолға алған.
Тіпті энергетика министрлігі аталмыш саланы дамыту мақсатында 2023–2074 жылдарға дейінгі стратегиялық дамыту жоспарын құрып тастаған. Алайда отандық сарапшылар энергетика министрлігі, қаржы және ұлттық экономика министрліктері бір ауқымды мәселенің шешімін таппай отырғанын айтады. Ол – елдегі мұнай контрабандасы.
Қазір Қазақстан бюджетін бірден-бір толықтырушы болып отырған мұнайға ұрылар қырғидай тиюде. Әсіресе шекаралас аймақтарда мұнай өнімдерін сатушы делдалдардың дәурені жүріп тұр. Мұнай ұрлығына қатысты еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі қазынаға миллиондап емес, миллиардтап шығын әкелген талай қылмысты әшкерелеген.
Біздегі мұнай мен мұнай өнімдері ұрлығына көрші елдер тарапынан болатын сұраныс түрткі екен. Себебі Қазақстанмен шектесіп жатқан біраз елдерде мұнай өнімдерінің бағасы қымбат. Мәселен, жанар-жағармай түрін алсақ, Қазақстанда АИ-92 жанар-жағармайының бір литрі 205 теңге болса, Ресейде – 288 теңге. Қырғызстанда – 385, Өзбекстанда – 489 теңге. Сол тәрізді дизель отынының бір литрі Қазақстанда – 295 теңдеген болса, Ресейде – 55, Қырғызстанда – 427, Өзбекстанда – 528 теңге тұрады. Міне, осындай айырмашылықты білетін көрші елдердің тұрғындары бастапқыда шекаралас аймақтардан мұнай өнімі түрлерін сатып алып, өз елдеріне апарып сатумен айналысқан. Бұл үрдістен біздің экономикамыз шығынға ұшырап қана қоймай, шекаралас аймақтарда өнім тапшылығы туындады. Сондықтан Қазақстан үкіметі мұнай өнімдерін сыртқа тасымалдауға шектеу қоюға мәжбүр болды. Бірақ осы шектеуді айналып өтушілер де табылыпты.
Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан–Ресей шекарасында жалпы көлемі 13 650 литрді құрайтын 103 заңсыз әрекеттің, ал өзбек шекарасында көлемі 11 135 литр болатын 68 заңсыз әрекеттің жолы кесілген. Заңсыз әрекетті жасағандардан 3,7 млн теңге айыппұл өндіріліп алынған. Бұл өнімді көлікпен заңсыз тасымалдаған деректер. Ал жалпы мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты 2024 жылы 21 қылмыстық іс қозғалыпты. Олар бойынша ұрланған қара алтынның көлемі 3,5 тоннаны құрайды. Құны 900 млн теңгеден асады. Былтыр жыл соңында Түркістан облысында Өзбекстан мен Қазақстан азаматтары мұнайды заңсыз айдаумен айналысқаны белгілі болды. Бұған қатысты қылмыстық топты құрықтауға екі мемлекеттің құзырлы органдары қатысқан. Нәтижесінде мұнай өнімдерін контрабандалауға арналған туннель жойылған. Бұл заңсыздықты әшкерелеу барысында бір топ адамның қазақ-өзбек шекарасында ұзындығы 450 метрлік туннель салғаны, осы туннель арқылы күн сайын көлемі 5-7 тонна жанар-жағармай материалдарын контрабандалық жолмен шығарып отырғаны анықталды.
Бұл былтырғы жылғы дерек болса, биыл жыл басында Қызылорда облысында мұнай өнімдерін ұрлаумен айналысқан тағы бір қылмыстық топ ұсталды. Құзырлы органдар 20-дан астам тінту жүргізу барысында 25 тоннадан астам ұрланған мұнай өнімдерін тәркілеген. Қылмыстық топ бюджетке 200 млн теңгеден астам шығын келтірген. 12 адам ұсталып, оның 9-ы уақытша тергеу изоляторына қамалды.
Жалпы, мұнайды және мұнай өнімдерін құбыр арқылы ұрлау фактілері бұған дейін де анықталған. Мәселен, 2021 жылдың соңында қылмыстық топтың Жамбыл облысы Меркі ауданынан Қырғызстанға тартқан жасырын пластикалық мұнай құбыры табылды. Ең қиыны, мұндай құбырлармен қанша мұнайдың сыртқа заңсыз айдалғанын анықтау мүмкін емес көрінеді. Сондай-ақ мұнай өндірісі жолға қойылған өңірлер – Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында да мұнай ұрлығы кеңінен етек алған. Олардың ішінде құрығы ұзын – ұйымдасқан қылмыстық топтар 2017 жылы ұсталғаны әлі есімізде. Сол жылы ҰҚК мен ІІМ қызметкерлері кең көлемді арнайы операция барысында Қызылорда тұрғыны Ғалымжан Жүнісов және Ғалымжан Күшекбаев бастаған 21 адамнан тұратын мұнай ұрлаушы ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерін құрықтады. Оларға екі кен орнынан (Жыланды қыр) және екі мұнай айдаушы құбырды (Тұзкөл-Құмкөл) тесіп, заңсыз пайда тапты деген айып тағылды. Сотта мемлекетке келген залал көлемі 25,8 млн теңге деп көрсетілді. Ұрланған мұнайдың басым бөлігі Қырғызстанға өткен. Мұнай ұрлығына қатысты тағы бір аты шулы іс спортшы Еркін Ізбасарға немесе «Ағайынды төртеу» ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты. Оған қатысты 2016 жылдың желтоқсан айында қылмыстық іс қозғалып, мұнай ұрлау, қылмыстық топ құру, рейдерлік жолмен бизнесті тартып алу баптары бойынша айып тағылды. Сот оны 12 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркіледі. Аталған іс бойынша 26 адам сотқа тартылды. Тергеу мәліметтері бойынша, 2015 жылдың маусым және қыркүйек аралығында қылмыстық топ «Сағыз Петролеумге» тиесілі Қағанай кен орнынан 530 тонна мұнай ұрлаған. Одан бөлек, әр жылдары бұл қылмыстық топ Мұлғаржар ауданындағы Синельниковский, Байғанин ауданындағы Ащыкөл және Қаратөбе кеніштеріне де қол сұққандары айтылады.
Тізе берсек, мұнай ұрлығы сонау 2008 жылдан бастап өрши бастаған. Өкінішке қарай, нақты жүйелі жобаның жоқтығынан әлі күнге дейін мұндай контрабандамен айналысуға тосқауыл бола алмай отырмыз. Ұсталғаны осындай болғанда, ұсталмағаны қаншама!
Қазақ мұнайы нарығынан айырылып жатыр
Мұнай-газ саласының қайраткері, Меңдеш Салиховтың сөзіне сүйенсек, мұндай көлеңкелі схемалармен күресу үшін, біріншіден, мұнай мен газды есепке алудың ашық жүйесін құру керек. Трансшекаралық отын сатылымына бақылауды күшейту қажет.
«Қазақстан осыған дейін мұнайын өткізіп келген кейбір нарықтан айырылып қалды. Биыл жыл басында Қытай (82 пайыз) мен Сингапур (74 пайыз) Қазақстан мұнайын тұтынуды қысқартты. Сондай-ақ Оңтүстік Корея, Үндістан, Ұлыбритания қазақ мұнайын алмайтын болды. Қазақ мұнайына қазір Мысыр, Багам, Испания, Болгария, Әзербайжан сұранысын арттырды. Дегенмен жоғарыдағы нарықтардан айырылу біздің пайданы кемітеді. Оның үстіне қазір мұнай бағасы төмендеп жатыр. Мұндай кезде мұнай контрабандасын бақылай алмау үлкен кемшілік. Көптеген елдер қазір тонна-тонна мұнайды ұрлатпақ түгілі, мұнайды өңдеп, одан өзіндік кластер құрып жатыр. Бізге де мұнайдан әртүрлі өнім алып, нарықты кеңейту керек. Сол кезде ғана біз мұнай контрабандасына тосқауыл қоя аламыз. Нарықтан ұрыларды ысырып, олардың орнына сауатты кәсіби инвесторлар келуі керек. Үкімет оларға алдымен елдің мүддесіне жұмыс істейтіндей талаптар қою керек. Қазіргі мұнай саласында жүрген шетелдік акционерлердің көбіне үкімет талап та қоя алмайды. Қазір ОПЕК+ елдері «мұнай өндірудің көлемін арттырамыз» деп отыр. Ал ол көлем өссе мұнай бағасы одан әрі құлдырайды. Ондайда не істейміз? Осының барлығын министрлік ашық айтып, есеп беріп отыруы керек», – дейді Меңдеш Салихов.
Өз кезегімізде біз де энергетика министрлігінен осы сауалдарға жауап алғымыз келген. Е-Өтініш платформасы арқылы аталмыш ведомствоға сауал жолдағанбыз. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің атына жолдаған сауалымыз әдеттегідей қолдан-қолға өтіп, министрлікке қарасты Мұнай өндіру және ірі жобаларды дамыту басқармасының бас сарапшысы Гүлбану Дюсюпова жауап беріпті. Дюсюпованың бізге жолдаған жауабынан ұққанымыз, Қазақстан ОПЕК+ елдерімен келісім бойынша мамыр айында мұнай өндірудің аз көлемін ұсынады. Сондай-ақ шетелдік акционерлерге мұнай өндіру келісімін сақтау бойынша келіссөздер жүргізілген. Ал акционерлерге мықтап талап қоюға қатысты сауалымызға министрлік өкілі олармен келісімшарт мерзімі 2041 жылға дейін жасалғанын, сол мерзім аяқталғаннан кейін барып келісімшарттарды қайта қарап, жобаларды одан әрі іске асыру мәселесі қаралатынын айтыпты.
Демек 2041 жылға дейін мұнай саласында жүрген шетелдік алпауыттарға сөзімізді өткізу қиын болғаны. Министрліктің жіберген жауабына қанағаттанбағандықтан біз Е-Өтініш платформасы арқылы аталмыш ведомствоға қайта сауал жолдауға мәжбүр болдық. Онда мұнай өндіру мен мұнай химиясын дамытудан бөлек, министрліктің мұнай контрабандасына тосқауыл қоюдың қандай жолдарын іздестіріп жатқанын білгіміз келді. Енді осы сауалдардың жауабын күтеміз.
Экономист-ғалым Бейсенбек Зиябековтің сөзіне сүйенсек, қазір әлем елдері мұнайды ұрлатып, контрабандаға жол беріп отырмайды. Дамыған елдер тіпті мұнайдан, одан алынатын синтетикалық талшықтарға дейін ұқсатып, меңгеріп алған. Мысалы, Италия синтетикалық талшықтарды алудың ең шеберіне айналған. Олар сапалы италиялық маталарға осы мұнайдан алынған талшықтарды қосады. Мұндай маталарды әлемнің дизайнерлері таласа алады.
«Негізінде мұнай арзандаса да одан алынатын синтетикалық талшықтар арзандамайды. Осыны білген елдер мұнайдан өнім алып жанталасып жатыр. Ал біз әлі де қымбат мұнайдан үміттіміз. Қымбат мұнайдың дәурені өтті. Өткен сәуір айында ғана Халықаралық валюта қорының жариялаған болжамы мұнай өндіруші елдерді орнынан қозғап жіберді. Қордың зерттеуіне сәйкес, 2040 жылдардың басында қара алтынның бір баррелі 15 долларға дейін төмендеуі мүмкін. ХВҚ өз болжамында осы кезеңдерде әлемнің көптеген елдері электромобильдерге көшіп, әлемдік мұнай тұтынысының 40 пайыздан астамын құрайтын отын жағатын қозғалтқыштағы автомобильдерден жаппай бас тартатынын айтады. ХВҚ мәліметтері бойынша экономикасын дер кезінде әртараптандырып үлгермеген елдер осы кезеңде ұзаққа созылатын ауыр дағдарысқа тап болуы ықтимал. Орташа алғанда, мұндай мемлекеттердің кірістері мен тұтынысын қалпына келтіруге кем дегенде 20 жыл кетуі мүмкін», – дейді экономист.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ