Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:15

Мұнайшылар зары Нәлібаевтың құлағына жетер ме екен?

мұнайшылар
Мұнайшылар наразылығы. Фото: aqmeshit-zhastary.kz

Қызылорда облысында мұнайшылар наразылық білдірді. Кен орындарында аянбай қызмет етіп, денсаулығымызға айтарлықтай зиян келтірдік деген мамандар 5 пайыздық міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы заң бойынша төленуін талап етеді.

Мұнайшылардың айтуынша, аталмыш өтемақы 2014 жылдан бастап төленуі қажет екен, алайда кәсіпорын басшылары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті бұйрығын 2022 жылдан бастап қана орындап келеді. Шенеуніктер болса, мұнайшылар мәселесін шешуде қауқарсыз болып отыр.

Сыр өңірі еліміз бойынша мұнайлы өлкелердің қатарында. Соңғы жылдары аймақта қара алтын өндіру көлемі біршама азайғаны рас. Дегенмен бұл улы газбен тыныстап, денсаулықтарын зақымдап жүрген жұмысшылардың мәселесіне бейжай қарауға себеп емес. Бүгінде кен өндірісінің мамандары әділдік іздеп, талай табалдырықты тоздырып жүр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2014 жылғы бұйрығына сәйкес, 5 пайыздық міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы заң бойынша төленуін сұрайды.

Құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып, әділеттілік талап етіп жүрген мұнайшылар – Қызылордадағы «Айдан-Мұнай», «Дос инжиниринг ЛТД» және «Ордастрой Сервис» компаниясының қызметкерлері. Аталмыш мекеме басшыларымен тілдесіп, сөйлесу мүмкін болмады. Ашық ақпарат көздерінде жарияланған телефон нөмірлеріне хабарласқан едік, алайда жауап беретіндер табылмады.

Мұнай компанияларынан ешқандай жауап болмаған соң «Жас Алаш» мұнайшылардың талап-арызын тыңдап, жұмысшылармен тілдесіп көрді. «Мен «Айдан-Мұнай» компаниясында 22 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Осы уақыт ішінде өндірісте адал еңбек еттім. Бірақ қазір денсаулығым сыр берді. Түрлі химиялық қоспалармен жұмыс жасаймыз. Бүгінде құлағымның естуі нашарлаған, бел омыртқам да мазамды қашырады. Біз заң бойынша өзімізге тиесілі өтемақыны сұрап отырмыз. Кәсіпорын бізге 5 пайыздық жарнаны 2022 жылдан бастап төлеп жатыр. Алдыңғы жылдардағы өтемақыны төлеуге құлықсыз. Мәселеге құзырлы мекемелердің араласуы қажет», – дейді қызылордалық мұнайшы Әлішер Нұрымбетов.

Әділдік іздеп жүрген мұнайшылар компания басшыларынан үміттерін үзгенін жасырмайды. Сол себепті олар ендігі кезекте құзырлы мекеме басшылары мәселеге араласып, өндіріс кезінде денсаулықтарына келген зиян үшін төленетін өтемақы проблемасын шешіп беруді талап етеді.

«Өткен жылдан бастап зиянды өндірісте жұмыс істейтін азаматтар 55 жаста зейнетке шыға алады. Бірақ біз мұндай игілікке қол жеткізе алмай отырмыз. Өйткені бізге 5 пайызды міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы аударылмай отыр. Қарап отырсаңыз, мұнайшылардың көбісінің денсаулығы сыр берген. Әр айдың 15 күнінде кен орнында боламыз, кейде тіпті толық бір ай жұмыс жасайтын да кездеріміз болады. Өзіміз еңбек ететін компания басшылары жанайқайымызға құлақ асып отырған жоқ», – дейді мұнайшы Асқар Якудаев.

Қазіргі таңда мұнайшылар құзырлы органдарға арыз жазып, заң аясында мәселенің шешілуін талап етуде. Аталмыш жағдайдан Қызылорда облыстық еңбек инспекциясы да хабардар.

«Аймағымызда 5 пайыздық міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасына қатысты мәселе көтеріліп жатыр, біз мұнайшылардың жағдайынан хабардармыз. Жұмысшылардың арыз-талаптары тіркеуге алынып, облыстық кірістер басқармасына жолданды. Қазіргі таңда арызданған кісілерге өтемақының төлену-төленбеуі кірістер басқармасындағы арнайы тізім бойынша қорытынды жасалынбақ», – деді Қызылорда облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы Болат Досымов.

Соңғы жылдары Қызылорда облысында 5 пайыздық міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасына қатысты мәселе ушығып тұр. Өткен жылы облыстық фтизиопульмонология орталығының қызметкерлері бас көтеріп, үлкен дау-дамай болған еді. Денсаулықтарына аса зиян келетін медицина саласының мамандары зейнетке шыға алмай, іс сотта қаралды. Нәтижесінде шағымданушыларға заңды өтемақылары толықтай төленді. Енді, міне, қызылордалық мұнайшылар да сотқа жүгінуді көздеп отыр.

«Заң бойынша денсаулыққа аса зиянды өндірісте, денсаулық сақтау мекемелерінде жұмыс жасайтын қызметкерлердің пайдасына 5 пайыздық міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы төленуі тиіс. Бірақ кейбір мекемелер аттестациядан өтпегеннен немесе құжаттардың талапқа сай рәсімделмеуінен аталмыш өтемақы төленбей келген. Қазір біз мұнайшылардың шағымы негізінде жұмыс жасап жатырмыз. Егер сот оң шешім шығарса, кен өндірісінде жұмыс жасаған мамандар 55 жасында зейнетке шыға алады. Бұл қарапайым жұмысшыларға үлкен қолдау болары сөзсіз», – дейді заңгер Мәди Наят.

Қазақта «арқалағаны алтын, жегені жантақ» дейтін сөз бар. Тиесілі өтемақысын ала алмай жүрген қызылордалық мұнайшылар мен медицина саласының мамандарының зарын естігенде ойымызға осы сөз оралды. Мұнда медицина саласының мамандары мен мұнайшылар жейтін «жантаққа да» зар болып отырған жоқ. Әдетте «халықшыл, еңбекшіл» деп көп мақталатын облыс әкімі Н.Нәлібаевтың құлағына қарапайым жұмысшылардың зар, мұңы жетер ме екен?!

Айнұр Төлешова

Қызылорда облысы

Тегтер: