Жетібай жұмысшыларының талабы, ҚазМұнайГаз-дың жауабы
![ҚазМұнайГаз](/static/img/image.jpg)
Маңғыстаудағы Жетібай кентінде «West Oil Software» компаниясының жұмысшылары 4 күннен бері ереуілге шығып жатыр.
Олар 3 талап қойған, талаптары орындалмайынша ешқайда кетпейміз деп мәлімдеген. Жұмысшылар аталмыш компанияны «ҚазМұнайГаз» қарамағына қайтаруды, еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін енгізуді және техникаларды жаңартып беруді талап етеді. 11 желтоқсанда Маңғыстау облысы Қарақиян ауданының соты бұл ереуілді заңсыз деп таныды.
Жұмысшылардың бұл талаптарына қатысты жауапты тарап бірнеше мәлімдеме жасады. Олар негізінен компания қызметкерлерінің талаптарын толықтай орындау мүмкін емес дегенге келеді. Сонда жұмысшылар талаптарының жайы не болады? «Жас Алаш» компания өкіліне хабарласып, қазіргі жағдай туралы сұрады. ҚазМұнайГаз сервис департементінің директоры Жасұлан Балуановтың айтуынша, екі тарап 2018 жылы алдын ала келісімге келген.
«2018 жылы ҚазМұнайГаз «5/50» бағдарламасы бойынша жұмысшыларға өтемақы төледі. Екі тарап келісімге келген. ҚазМұнайГаз 4,5 мың адамға өтемақы төлеп қана қоймай WOS жеке компаниясына жұмысқа тұрғызды. Қазір 11 млн теңге төленді деп айтып жатыр ғой. Сол кездегі доллар бағамы бойынша орташа есеппен әр адамға 30 мың доллар берілді. 3 жылдан кейін жұмысшылар «жалақыны өсіріңдер» деген талап қойды. Сол кезде 36 пайызға жалақылары өсті. 2022 жылы тағы да 30 пайызға жалақылары артты. 2023 жылы инфляцияны да ескердік. Қазір таңда ҚазМұнайГаз қызметкерлерімен салыстырғанда WOS қызметкерлері олардың 75-80 пайыз жалақысын алып отыр, - дейді ҚазМұнайГаз сервис департементінің директоры.
Балуанов жұмысшылардың ҚазМұнайГаз-ға еншілес компания құрамына кіру талабы туралы да айтты. Оның айтуынша, мұндай жағдайда басқа жұмысқа тұрғысы келген, кезекте тұрған адамдардың құқығы тапталады. Сонымен бірге басқа да жекеменшік компаниялар осындай талап қоя бастайды. Ал ҚазМұнайГаз барлық кәсіпорынды қармағына ала алмайды. Ал, қызметкерлердің екінші талабы – еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін енгізу туралы:
«Егер біз олардың талабын орындап еңбекақы төлеудің біріңғай жүйесіне кіргізетін болсақ, басқа да жекеменшік компаниялар осындай талап қояды. Қала берді WOS қызметкерлері «5/50» бойынша өтемақы алған. Ала отырып осындай талап қойып жатыр. Басқа жекеменшік компаниялар өтемақы алмаған. Олардың өкілдері ертең «бізді де алыңдар, бізге өтемақы да төлеген жоқсыңдар» деп айтады емес пе?» - дейді компания өкілі.
Ал үшінші талап техника жаңарту бойынша ҚазМұнайГаз WOS қызметкерлерінің талабын орындайды. Алдағы жылға жоспар енгізілген, көліктерге тапсырыс беріліп те қойған. 3 жыл ішінде 202 дана техниканы жаңарту бағдарламасы әзірленген.
«Техника жаңарту бойынша алдын ала бағдарлама дайындағанбыз. WOS қызметкерлерінің жағдайы жақсы, өзі сияқты, Қаламқас-Газ, Мобил-Сервис, BBG-Group жұмысшыларымен салыстырғанда жалақылары 40-50 пайызға жоғары. Жоспар бойынша 2024 жылы 70 техника сатып алынады. Зауытпен келістік, алғашқы 26 техниканы құрастыру басталды», - дейді Балуанов.
Ереуілге шығып жатқан «West Oil Software» ЖШС (WOS) жұмысшылары. Бұл компания «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның екі кен орнында тасымалдау қызметін көрсетеді. WOS ҚазМұнайГаз-ға еншілес емес, «Oil Transport Corporation» ЖШС мердігерлік компаниясы. WOS аталған компанияның тасымалдау бойынша тапсырысын орындайды. «Ойл Транспорт Корпорейшэн» WOS-пен 2027 жылға дейін келісімшартқа отырған. WOS қызметкерлерінің басым бөлігі бұрын ҚазМұнайГаз-ға еншілес қызмет көрсету ұйымдарында жұмыс істеген. 2018 жылы олар «5/50» бағдарламасы арқылы жұмыс берушімен еңбек келісімшартын бұзған. Бағдарлама бойынша жұмыстан шыққан қызметкер 5 жылдық жалақысының 50 пайызын алдын ала алған (орташа есеппен әр қызметкерге шамамен 11 миллион теңгені өтемақы төленіпті).
Бұған дейін WOS жұмысшылары мен кәсіподақ өкілдері «Oil Transport Corporation» ЖШС (ОТК, ҚМГ еншілес кәсіпорны) және ҚМГ басшылығы аталған мәселе бойынша кездескен. Бірлескен отырыста көлік техникасын жаңарту талаптары орындалатыны айтылған. Ал жұмысшылардың еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін енгізу туралы талаптары қабылданбайтыны мәлім болған. Содан кейін екі жақ жиналыстың тиісті хаттамасына қол қойған.
Жетібай мұнайшылары қол қойған «5/50» бағдарламасы қандай құжат?
Бұл жүйені ҚМГ компанияның еңбек күшін оңтайландыру мақсатында қолға алған. 2017 жылдың сәуір айында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «Oil Services Company» ЖШС, «Oil Construction Company» ЖШС, «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС, «Мұнайтелеком» ЖШС және «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС мұнай-сервистік кәсіпорындарында «Тараптардың келісімі бойынша қызметкерлермен еңбек шартын мерзімінен бұрын бұзу туралы ережені» бекітті.
Жоғарыда айтқанымыздай, бағдарлама аясында мұнай-сервистік мекемелердің жұмыскерлеріне 5 жылдық еңбекақысының 50%-ы мөлшерінде өтемақы төленді. Жұмыскерлер 5/50 бағдарламасына ерікті түрде қатысты. Соған орай еңбек шартын бұзу туралы келісімде жұмысшыларды кейін ҚМГ мұнай-сервистік компанияларының штатына қайта қабылдау қарастырылмаған.
«WOS жұмысшыларының кейбірі кезінде «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС-да жұмыс істеген. 2018 жылы оңтайландыру кезінде олар өз еркімен «5/50» бағдарламасы бойынша басқа жұмысқа кетті. «Маңғыстаумұнайгаз» болсын, «Өзенмұнайгаз» болсын бәрінде өте көп адам жұмыс істейді. Сол үшін «ҚазМұнайГаз» өкілдері «5/50» бағдарламасын ұсынды. Бағдарлама аясында оңтайландыруға келіскен жұмысшылар белгіленген көлемде қаржы алды», - дейді мұнай саласы маманы Нұрлан Жұмағұлов.
Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, Бірыңғай еңбекақы жүйесіне «ҚазМұнайГаз» және оның еншілес компаниялары кіреді. «West Oil Software» ЖШС жеке компания, сол үшін олар бұл жүйеге қосылмайды.
«Бұл жүйеде болса, инфляцияға орай жыл сайын жалақысы өсіп отырады, түрлі сыйақы, әлеуметтік көмектер бар. Осының бәрін есептегенде жалақы орта есеппен миллион теңге мөлшерінде болады», - деп түсіндірді Жұмағұлов.
WOS жұмысшыларының наразылығына байланысты «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС күніне шамамен 25 миллион теңге шығын көріп отырғандарын мәлімдеді. «ҚазМұнайГаз» компаниясы «West Oil Software» ЖШС қызметкерлерін еңбек тәртібін бұзбауға, жөнсіз талап қоймауға және еңбек міндеттерін орындауға шақырып жатыр.