Мұрат Бақтиярұлы, сенат депутаты: Біз фашистік емес, құқықтық мемлекетпіз
Қаңтар оқиғасы қалай туды, неге соған жеттік? Отыз жылда қандай мемлекет құрдық?
Қай жерден қандай кемшілік жібердік? Бұл сұрақ барлық қазақты ойландырады. Бәріміз адамбыз. Отыз жыл дегеніміз адам өмірімен салыстырғанда, өте көп уақыт. Тәуелсіздік алғанда, туған бала орда бұзатын отыз жасқа толды қазір. Шынын айту керек, отыз жылдың ішінде көптеген кемшілік жіберіп алдық. Мысалы, билік өкілдері, атқарушы орган, үкімет, президент әкімшілігі, парламент, бәрінен кемшілік кетті. Кемшіліктің түбірін қазсаң, сонау ауылдан басталады. Ауыл әкімінің ауданға берген өтірік есебі, халықтың жағдайы туралы берген өтірік статистикасынан басталады. Осы өтіріктер бір-бірімен сабақтасып, ауыл – ауданға, аудан – облысқа, облыс – үкіметке өтірік есеп берумен отыз жыл өткіздік.
Сол қалың өтіріктер халық тұрмысының төмендеуіне, жұмыссыздықтың белең алуына, азық-түліктің қымбаттауына, халық күнкөрісінің төмендеуіне әкеліп соқты. Тіпті, халықты билікке сенбеуіне дейін жеткізді. Отыз жылда байлар мен кедейлердің арасы тым алшақтап кетті, жемқорлық ғарыштық жылдамдықпен дамыды, шағын және орта бизнес тұралады. Осының бәрі қағаз жүзінде ғана дамыды. Мұндай келеңсіздіктер қарапайым халықты ашындырды. Бұл кеше ғана болған жоқ, соңғы 15 жылдың көлемінде басталған дүниелер. Қаңтар оқиғасына әкеліп соққан себептердің бір парасы, міне, осылар. Енді халықты мұндай қасіретке жеткізбеудің жалғыз жолы – халықтың әл-ауқатын көтеру, кедейліктен құтқару ғана. Басқа жол жоқ.
Бейбіт күнде 227 азаматымыздан айырылып қалу – қасірет. Оның ішінде – қарапайым азаматтар, балалар, әйелдер, қарт адамдар да болды. Өте өкінішті. Халықтың бейбіт митингіге шығуға құқығы бар. Азамат ретінде халықтың өз талап-тілегін білдіруге құқықты екенін ашық айта аламын. Бірақ бұл жерде үшінші күш қосылып кетті. Оны біреулер әдейі ұйымдастырды ма? Ол жағын құзырлы органдар анықтай жатар.
Қаңтар қасіретіне біржақты баға беру қате. Өйткені, мемлекеттік ғимараттар өртенді. Мемлекеттің мал-мүлкіне материалдық шығын келді. Кәсіпкерлердің дүкендері тоналды. Олар да тақырға отырып қалды. Олардың қандай жазығы бар? Қирату мен бүлдіру болған екен, оған заң бойынша жаза қолданылады. Бүлдірген азаматтар жазасын алады. Оны ешкім ақтай алмайды. Бірақ халыққа қарсы күш қолданылмау керек пе еді? Біз де қазір қарапайым халық сияқты мұның байыбына бара алмай отырмыз. Бәріне уақыт емші. Бәрі анықталады. Кінәлілер жазасын алады. Оққа ұшқан бейбіт халық ақталады.
Халық неге шықты алаңға? Жоқшылықтан, кедейліктен қиналды. Ондай азаматтар жапа шекпеуі керек. Митингіге шыққан адамның бәрі кінәлі емес. Сондықтан уақыты келгенде, қаңтар оқиғасына, алдымен, құқықтық, содан кейін саяси баға міндетті түрде беріледі. Ешкімнің күмәні болмасын!
Қазақстанда бірінші кезекте адам құқығы, бостандығы қорғалуы керек. Конституцияда солай жазылған. Талдықорғанда тергеу кезінде азаматтарға қиянат жасалып жатқаны туралы айтылуда. Оны әлеуметтік желіден көріп отырмыз. Күйеулерін іздеген келіншектердің, баласын іздеген ата-аналардың жанайқайын тыңдасаң, тергеу кезінде азаматтар азапталып жатқанына көзің жетеді. «Аяусыз ұрып-соғып жатыр», дейді әлемжелідегілер. Бірақ қазір Талдықорғанға құқық қорғаушылар, қоғамдық комиссиялар барып, жағдайды өз көздерімен көріп жатыр. Менің өз пайымыма сүйеніп айтар болсам, тергеу барысында полицейлер адамға қолданылмайтын азаптау жасап жатқаны рас. Оған күн сайын көзім жетуде. Мейлі, олар қылмыс жасаған шығар. Бірақ азаматтарды олай қинауға болмайды. Адамға үтік басып, азаптау деген шектен шығу. Біз фашистік мемлекет емеспіз, құқықтық мемлекетпіз. Адамды азаптауға, ұрып-соғуға болмайды. Прокуратура жұмыс жасап жатыр. Тергеудегі заңсыздықтар дәлелденсе, тергеушілердің өзіне қылмыстық іс қозғалу керек. Алдағы уақытта тергеуді асыра орындаған азаматтардың аты-жөндері де жариялануы мүмкін.
Қазақстан отыз жылда түк жасамады деп қу шөппен ауыз сүртуге болмайды. Жасалған жол, зауыт, өндіріс орындары бәрі тұр. Ешкім көтеріп кеткен жоқ. Президент бағдарламалары, реформалары жүйелі түрде жасалып жатыр. «Самұрық қазына» – мемлекет ішіндегі мемлекет болған. Оны реформалау оңай шаруа емес. Біз – 1993-94 жылдан бері тек шикізатпен ғана өмір сүріп келдік. Мұнайға байланысты құжаттарды қайта қарау қажет. Жылына қанша мұнай өндіріледі, қаншасы шетелге сатылады, одан қанша салық түседі, ішкі өнім қанша деген сұрақтардың біреуін білмейміз. Сондықтан мұнай саласындағы кіріс-шығыстың бәрі қайта қаралуы қажет. Шағын және орта бизнеске дұрыс реформа керек. Шағын және орта бизнес дамымай, мемлекет өркендемейді. Біздегі шағын және орта бизнес алып-сатумен ғана шектеліп отыр. Олай болмайды. Өндіріс болуы қажет.
Қазақстанды дамытпай отырған бір жегіқұрт – сыбайлас жемқорлық. Бұл індетті құртпай, біз Қазақстанды өркендете алмаймыз. Мемлекеттің тұрақты, бай-қуатты болғаны бәріміздің арманымыз! Бай-қуатты елде мұндай қасірет болмайды.
Жазып алған,
Жарас Кемелжан