Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:11, 05 Шілде 2022

Мұрат Сәрсенбаев: Мақсатымыз – қалдықсыз жұмыс істеу

None
None

Халықтың аузында «Берекелі Бесарық» атанып кеткен ауылдың бүгінде бірлігін кіргізіп, ырысын арттырып отырған, туған жерінің туын жоғары ұстап, ауылға өркениет әкелген, табысын тайқазанда тасытқан ағайынды Мұрат, Марат, Дәулет Сәрсенбаевтардың еңбегі екенін ел жақсы біледі.

  Осы орайда «Абай-Дәулет» ЖШС басшысы, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Мұрат Сәрсенбаевпен аз кем сұхбаттасқан едік.

– Марат мырза, берекелі «Бесарық» жерін түлету ісі неден басталды?

– Негізі ел аузында бұрыннан «берекелі Бесарық» деген сөз қалған ғой. Бесарық ауылы өткен ғасырдың 50 жылдары Жаңа тұрмыс, Тасарық, Огородник, Победа атты елді мекендерді біріктіргеннен құрылып, алғашқыда жыр алыбы Жамбыл Жа­баевтың атымен аталған. Ауыл тарихының бастауы ретінде ауыл іргесіндегі Бұ­хартөбені айтуға болады.Ауыл тұрғындарының айтуынша, бір байдың «Мая» атты інгені ботасы аяқтанған соң еліне қашып кетеді. Ағыны қатты Сырдың суынан үркіген бота суға түспей табандап тұрып алған екен. Ботасынан айырылған «Мая» аруана мойнын қайта-қайта бұрып, амалсыз еліне тартады. Сол інген қашқан соқпақ жол кейін «Мая жолы» деп аталып кетеді. Сыр қазақтары осы жолмен Өзбекстандағы Бұхара, Хиуа, Үшқұдыққа үйір-үйір мал пұлдау үшін сапарға аттанар алдында қазіргі Бесарық ауылының іргесіндегі құм төбеге жиналған. Аталған төбе кейін «Бұхар төбе» аталып кеткен. Қазір төбе біршама шөккен. Дегенмен сол берекеті сақталып отыр.

Сырдария ауданының «Бесарық» ауылы бүгінде әлеуеті зор, ауыл шаруашылығы жан-жақты жанданған, берекесі мен мерекесі жарасқан «түгін тартсаң, май шыққан» жерге айналып отыр. «Абай-Даулет» ЖШС көпсалалы ауыл шаруашылығы компаниясы клас­терлік экономика бағытын ұстанып келеді. Компанияның негізгі бағыты – Сыр жерінде бұрын­нан қалыптасқан күріш өндірісі болғанымен, ол шаруашылықты әр­тарап­тандырған серпінді серіктестік. Дегенмен ісіміз онымен шектелмей, «Абай-Дәулет» ЖШС алдағы уақытта күріш сабанынан гранула түріндегі отын жасауды жоспарлап отыр. Қызуы жағынан көмірден кем болмайтын күріш сабанынан жасалған гранула түріндегі отын жасауды қолға алар болса, біріншіден, ауылдарда жаңа жұмыс орындары ашылар еді. Екіншіден, қымбат бағамен келетін көмірдің орнын арзан өніммен алмастыруға болады. Үшіншіден, сексеуіл, жыңғыл және басқа да ағаштарды бей-берекет пайдалану азайып, қоршаған ортаның сақталуына септігі тимек. Төртіншіден, топырақтың құнарлығы бұзылмай, ауа да ластанбайды. Бұрын жарамсыз зат саналатын күріш сабаны осылайша пайдаға асатын болады. Бұл – қалдықсыз жұмыс істеу тәсілі дер едім.

– Қай істі қолға алсаңыздар да дөңгеленіп жүре береді. Мұның сыры неде?

– Істің көзін табудан шығар. «Абай-Дәулет» ЖШС Қызылорда қаласындағы неше жыл бойы қараусыз қалған зауытты күрделі жөндеуден өткізіп, іске қосты. Алғашында 7-8 адам жұмыс жасайтын зауыт жұмысшыларының саны бүгінде 80-ге жеткен. Жұмыс бар жерде, жарамсыз қалдықтың шығатыны белгілі. Қазіргі уақытта күріш егетін мекемелер егіс алқабында қалған масақ пен күріш сабанын өртеп жібереді, басқа жолын қарастырмайды. Бірақ оның үлкен зияны бар, ең бастысы, топырақ құрамындағы органикалық минералдар жоғалады. Ал біз айтып отырған бұл зауыттың жұмыс үдерісі қалдықсыз жұмыс істеуге негізделген. Күріш саласы зауытқа түскеннен бастап бірінші қауызынан тазартылып, содан кейін ақтауға алынады. Ақталған күріштің өзі бірнеше електен өткізіліп, майдалары бөлек екшеледі. Одан әрі дайын болған өнім жуылып, кептіріліп барып қапталады. 

Ал, күріш қауызы қайда кетеді? Ол өңделмеген күйінде жарамсыз болып табылады. Қара жерге тастаса шірімейді, қауыз күйінде оны мал жей алмайды. Сондықтан серіктестік басшылары күріш қауызын кәдеге асырудың жолдарын іздеп, шет елдік тәжірибелерді зерттеді. Австралия мен Жаңа Зеландияда күріш қалдықтары қосылған құрама жемнің жоғары бағаланатынын білді. Мұндай жем жеген мал ағза ауруларына ұшырамайды екен. Бұрын арпа, сұлы, бидай және басқа да дақылдар қосылған жем малға ауырлық қылып, көтере алмай, малдың өлім-жітіміне жол берілген кездер де ұшырасқан. Ал, күріш құрама жемін пайдаланғалы мал шығыны 70-80 процентке дейін азайыпты. Жемге қосу үшін күріш қауызын қатты қысыммен майдалау керек. Кәсіпорын шетелден осындай жұмысты атқаратын арнайы аппарат алдыртып, бұрын пайдаланылмай келген күріш қауызын пайдаға асырып отыр. Осылайша қалдықсыз жұмыс істеуді мақсат етіп отырмыз.  

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деп жатамыз. Сіздер бет бұрғалы бұл өңірде қандай өзгерістер орын алды?

– «Абай-Дәулет» бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігін басты орынға қойған. Ауыл аллеясын абаттандыру жұ­мыстарына 9 млн теңгедей қаржы жұмсалды.

Мәдениет үйіне көмек беру жұ­мыс­­тарына 2 млн 590 мың теңге бөлінді.

Әкімшілік ғимаратын әсемдеп, көше бойындағы көрнекіліктерді орналастыруға  6 млн теңгеге жуық ақша шықты. Балабақша ғимараты жөнделіп, 2 млн теңгеден астам қаржыға балаларға ұлттық киім алынды. Сондай-ақ олардың жазғы демалыс лагерінде тынығуына жағдай жасалды. Бұларға қоса Сырдария, Қармақ­шы аудандарында көркейту-көгал­дан­дыру ісін қолға алып, тұрғын­дардың тұрмыс жағдайына баса көңіл бөлді.

Қазір халық та ауылға айналуда. Қызылорда қаласындағы «Зияткер» мектебінің ағылшын және физика, математика пән мұғалімдері ауыл мектебіне аптасына үш мәрте келіп, сабақ өткізеді. Сондай-ақ «Бесарық» ауылынан таэквондо дайындық секциясы жұмыс істейді. Ауыл балалары арасынан бірнеше дүркін Қазақстанның және халықаралық турнирлердің чемпиондары шықты. Ауылға білім деңгейі жоғары, жасөспірімдермен жұмыс жасай алатын, бірақ жұмысқа орналаса алмай жүрген жаттықтырушылар шақырылды. Ауылда бір ғана дзюдо күресімен 60-тан аса жасөспірім айналысады. Олар бұл жұмысы үшін тұрақты жалақы алады, спорт жарыстарына бару мәселесі де серіктестік тарапынан шешілген. Бұл спорт түрінен де Азия чемпио­ны шықты, 40-қа жуық жас спорт шеберлігіне үміткер атағын қорғады. Ауылдың барынша көркеюіне атсалысып жатырмыз.

Баяғыда жұрттың қаладан көретін фонтандары қазір ауыл ортасында тұр. Көкке шапшып, ауаның тозаңын тазалайтын бұл затты «субұрқақ» деп жүрміз. Субұрқақ – ауыл сәні, көңіл көзінің қуанышы, қолдан жайқалтқан гүлдерді шомылдырып тұрғандай сұлу көрініске кезігесіз. «Абай-Дәулет» ауылды көркей­тудің барлық шарасын жасады. 7 гектар жер қоршалып, 5 гектарына тамшылатып суғару тәсілімен алма сұрыптары орналастырылды. Жерге түскен жеміс бейнетпен шығады емес пе, ауа-райының салқындығынан көктемде сол алманың жартысынан көбі көктемей, тағы 2 мың түп отырғызылды. Қызылордадағы «Ана бақыты» аллеясының көшірмесін ауылға әкеліп жасап қойды. Жаздың күні ауыл қариялары әңгімелесіп, балалар асыр салып ойнау үшін осы көрікті жерге келеді. 

Сонадайдан сұлуланып көрінетін мәдениет үйінің өзі қандай?! «Бесарықтық» әжелер ансамблінің ғажап әуенін тамашалайсыз ба, олардың ағылшын тілінде ән салғанын естігенде таңданбай кетпейсіз!  

– Ауылда басқа ауыл шаруашылығының дамуы қалай?

— Бұл ауыл қазақтың атакәсібін қайта қолға алып, төрт түлік өргізіп, өнімін өзінен артылдырып отыр. Кеңес үкіметі кезінде Бесарық 48 мың бас қой өсірген сов­хоз еді. Бүкіл ауылды жұмыспен қамти отырып, малдық азықты шаруашылықтың өзі егетін. Еңбек емген азаматтарымыз барда «ол күн қайда» деп отыруымыз қисынсыз. Оның үстіне үкіметіміз ауыл шаруашылығын қолдап, көмек қолын созып отыр емес пе? 2016 жылы «Абай-Дәулет» Қазығұрттан 700 бас аналық, 700 бас тұсақ, 700 бас ұрғашы қозы және 20 бас қошқар алдырды. Сол қойды өсірген серіктестік еңбеккерлері 5 мың 500 басқа жеткізді. Сонымен бірге серіктестік 10 мың бас қой бордақылау алаңы мен жылына 250 тонна қозы етін өндіретін кешен салды. Түйенің сүті өте дәмді, әрі дертке шипа, шұбат десе тілімізден сөл шұбатылатыны бар. «Бесарықта» бұл жұмыс та жолға қойыл­ған. Бүгінгі таңда шаруа­шылықта 59 бас аруана бар, оның 40-ы сауында тұр. Түйеге соншалық күтімнің қажеті не, майлық-сулығы бір дегендей төзімді жан­уар ғой деп қарауға болмайды. Олай ойласаңыз, жануардың ізіне түсіп, жоқ іздеп кетесіз. Сондықтан жем-суына, жайылымына қатты мән беріледі. Жұрт шұбатын 500-600 теңгеден үй мен қораның арасынан алып кетеді. Бесарық биыл 586 гектар жерге «янтарь» күріш сұрпын егіп, орақ маусымын аяқтап келеді. Ауа-райы жақсы болып тұрса, орташа өнімді 80 центнерге де жеткіземіз.

— Кәсіптеріңізді заманауи қондырғылармен қамту ісі қалай жүргізілуде?

— Өткен жылы егіске қажетті 1 МаcDon жаткасы, 1 Claas Lexion, 1 john Beere комбайны және 2 КамАЗ жүк көлігі тіркемесімен алынған болатын. Мұндай су жаңа техникалар жан-жақты, өз ісінің жанашырына сеніп тапсырылады. Сондай бесаспап механизатордың бірі – Әлімжан Өтепов, ол көктемде трактормен тұқым сепсе, жазда пресс басып, күзде комбайнға ауысады. Былтыр серіктестік қауынның «Мырзашөл» атты сұрпынан 20 гектар егіп, 700 тоннадай өнім түсірген, биыл еңбекші жұртқа 50 гектар жер ашып беріп, қауын мен картоп егіп алуына барынша жағдай тудырды. Жоңышқа шөбі бойынша да жоғары өнім алынды. 700 гектар жер 3 рет орылды. 

Тегтер: