Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:10

Мусин бір жылда «Қазақтелекомның» қалтасын, қазақтың жүйкесін жұқартты

Мусин
Фото: Жас Алаш коллаж

Кезінде Қазақстанның ғаламтор жылдамдығын Токиодан басып оздырған «мақтаншақ» экс-министр Бағдат Мусин қазір еліміздегі ең ірі телекоммуникациялық компания «Қазақтелеком» АҚ-ны басқарып отыр.

 Ол министр болған кезде елдегі интернет желісіне, байланыс нарығына шаң жуытпайтын. «Цифрлы Қазақстан» жобасы туралы небір сиқырлы сөздер айтып, таңдай қақтыратын. Ал мәжілісте байланыс нарығының жалғыз ұлттық операторы «Қазақтелекомға» қатысты сын айтылып, экс-министрге бұл компанияның жұмысын қадағалау, бақылау керектігі айтыла қалса, Мусин «Қазақтелеком менің қолымда емес, әйтпесе мәселесін бір-ақ күнде шешер едім» деп те сытылып кететін. 

Сөйткен «Қазақтелеком» былтырдан бері Бағдат Мусиннің қолында. Ол компанияны басқаруға тағайындала салып енді елдегі интернет жылдамдығын бес есеге көбейтем, байланыс инфрақұрылымын жетілдіріп, халықаралық жобаларды жүзеге асырам деді. Алайда былтырғы есепке көз жүгіртсек, 2024 жылы «Қазақтелекомның» барлық жағынан ұтылғанын байқаймыз. Былтыр компанияның табысы нашарлаған. Активтер мен меншікті капиталдың да табысы төмендеген. Былтыр компания 77,2 млрд теңге таза пайда көріпті. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 26 пайызға аз. Активтердің табысы 7,04 деңгейінен 4,7 пайызға дейін құлаған. Меншікті капиталдың рентабельділігі 12,99 пайыздан 9,03 пайызға дейін түскен. Осылайша мақтаншақ Мусиннің «Қазақтелекомға» барғандағы бір жылы мақтанарлықтай емес. Ол өзі айтқандай, компанияның мәселесін бір күнде «шешіп» тастай алмапты. Салалық мамандар биыл бұл компанияның жағдайы одан әрі жаман бола түседі деп болжайды. Себебі былтыр компания өзіне жыл сайын 50 млрд теңге пайда әкеліп отырған Altel және Теле2 ұялы байланыс операторын арабтарға сатып жіберген. Осының нәтижесінде «Қазақтелеком» өзіне жыл сайын түсетін пайдадан қағылды.

Былтыр «Қазақтелеком» Altel-Tele2 брендтеріне иелік ететін «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясын катарлық PIH Communication LLC компаниясына сатқан болатын. Сатылымда номиналды баға 1,1 миллиард долларға бағаланды. Бірақ осы қаржының біраз бөлігі шартты сыйақыдан тұрды. Бұл саудада «Қазақтелеком» арабтардан 700 млн доллар пайда көрді. Ол теңгеге шаққанда шамамен 370 млрд теңге. Аталмыш брендтерді сатып алған соң катарлық компания алды да, Altel мен Tele2 бойынша мобильді тарифтерді бірден көтеріп тастады. Сала мамандары жекеменшікке өткен «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС биыл кемінде 100 миллиард теңге таза пайдаға шығуы мүмкін екенін айтады. Егер катарлық компания менеджментті жолға қойып, тарифтерді осылай қымбат ұстайтын болса, 3-4 жылдың ішінде өз инвестицияларын ақтап алады. Ал дәл осы кезде «Қазақтелекомның» табысы жылына 50 миллиард теңгеге кеміп жатыр.

Советтен қалған сымды пайдаланып отырып Токионы армандау

Аналитик талдау және сараптау орталығының маманы, қаржыгер Арман Мусин мұндай менеджментпен компанияның табысы жуырда өспейтінін, үкіметке бұл компанияның жұмысын қатаң бақылауға алу керектігін, бюджетте дефицит кезінде, елдегі ең ірі ұлттық компанияның қазынаға табыс әкелудің орнынан түк пайда әкелмей отыруы үлкен сын екенін айтады.

«Қазақтелеком» үшін 2022 жыл тарихи сәт болды. Ол жылы үкімет экс-президент Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыдан ұлттық компанияның 28,2 пайыз акциясын алып, ол акцияларды қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік мүлік пен жекешелендіру комитетіне берді. Акциялардың қалған бөлігі «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі. Сөйтіп акциялар Сатыбалдыдан алынып, бұл саланы 14 жыл тапжылмай басқарған төраға Қуанышбек Есекеев орнынан кетті. Осындай жаңалықтар болып жатқаннан кейін енді бұл салаға жаңадан инвесторлар келеді. Салада жекелеген монополия орнамайды. Нарықта ойыншылар көбейеді деп күттік. Компанияның акциялары ІРО-ға орналастырылып, сауда қызады деп ойладық. Негізінде «Қазақтелекомның» акцияларын ІРО-ға шығару (қор нарығы арқылы көпшілікке сату) үшін «Самұрық-Қазына» қоры 2018-2021 жылдардан бастап дайындалды. Сол үшін аталмыш қор шетелдік кеңесшілерге 1,3 млрд теңгедей қаражат та аударған. Бірақ ол жылдары ІРО-ға компанияның акциялары шықпады. Шетелдік кеңесшілерге берілген миллиардтар далаға кетті. Биыл қаңтар айында «Қазақтелекомның» биржадағы артықшылыққа ие акциялары 33 пайызға құлдырады. Бір акцияның бағасы 41,1 мың теңгеден 27,5 мың теңгеге дейін түсті. 2023-2024 жылдары да компанияның биржадағы саудасы қыза қоймады. Осыдан барып оның табысы төмендеді.

Бұл компанияның бұдан да басқа ішкі проблемалары да аз емес. Кезінде қабылданған бұрыс шешімдер бірнеше жыл бойы алдымыздан шығып отыратын болады. Мысалы, «Қазақтелекомда» өте қымбат бағаға шетелден кеңесшілер шақыру, оларға жұмыс істемейтін стратегиялық құжаттар жазғызу орын алып келді. Бұл әдет ұлттық компанияда қазірдің өзінде бар. Басшылары миллиондап жалақы алып, қарапайым жұмысшыларына 60-120 мың теңге аралығында жалақы төлейтін үрдіс те осы компанияда болды. Былтыр 1 млн тұтынушының әлі күнге дейін байланыс желісін пайдалануда сонау Советтік кезеңнен қалған мыс сымдарды пайдаланып жүргені айтылды. Енді жаңадан келген басшы Мусин сол мыс сымдарды оптикалық талшықты сымдарға айналдыру керек, сонда интернет сапасы артады деп шешті. Ақиқатында, бұл компания әбден жұмыс істемеуге дағдыланып алған. Бақылаудың жоқтығы саланы осынша тоздырды. Негізінде бұл салаларға өте қомақты қаражаттар бөлінді. Бірақ сауатты менеджмент болмағандықтан, сала құлдырап барады», – дейді қаржыгер.

Деректерге жүгінсек, «Қазақтелеком» өзінің ұялы байланыс желісін дамытуға соңғы үш жылда 220 млрд теңге инвестиция құйыпты. Тиісінше компанияның шығыны да соңғы үш жылда 37 пайызға өскен. Бұдан бөлек, «Қолжетімді интернет» жобасына 2023-2027 жылдар аралығында 1 трлн 32 млрд теңге жұмсалуы керек. Ұлттық жоба аясында республика¬лық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту үшін цифр¬лық инфрақұрылым салу жос¬пар¬лан¬ған. Жоба барысында 487 антен¬на-діңгек құрылысын орнату жос¬парланып отыр. Бұл 17 мың шақырым автожолды мобильді интернетпен қам¬ту¬ға мүмкіндік береді. Бұл жобаны цифрлық даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және өзге де ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырады.

«Қазақтелеком» ұсыныс айтпайды

АҚШ-та білім алған ІТ-ағартушы Елдос Еркебайдың сөзіне сүйенсек, осыншама қаражат бөлініп жатса да, Қазақстан интернет сапасы бойынша 220 елдің ішінде 155 орында тұр. Елімізде мобильді байланыссыз отырған 1 300 елді мекен бар.

«Негізінде, «Қазақтелеком» биыл Қазақстан бойынша 7 мыңнан астам 5G станцияларын орнатып бітуі керек болған. Осы жоспарды еске алсақ, биылдан бастап тұтынушыларына сапалы қызмет ұсына бастаған компанияның табысы да екі еселенуі керек болатын. Алайда қазір бір Алматыдан 10 шақырым ұзап шықсақ бітті, 4G істемей қалады. Әрқайсымызда екі-екіден SIM карта бар дегеннің өзінде байланыс ұстамай есіміз шығады. Бізде талшықты оптикалық желі ірі қалаларда ғана тұр. Қалған аймақтарда ол жайлы сөз ете алмаймыз. Қытайды мысалға алайық. Біздің Зайсан, Марқакөл, Нарынқол, Мақаншы маңында Қытайдың ұялы байланыс операторлары жұмыс істейді. Ресейге жақын орналасқан ауылдарда сол елдің ұялы байланысы жұмыс істеп тұр. Қазақстанда 50-ге жуық шекара маңында орналасқан ауыл бар. Шекарада орналасқан ауылдарда шетелдік ұялы байланыс операторының жұмыс істеп тұруы үлкен сын. Елдегі ең ірі ұлттық байланыс операторы ретінде «Қазақтелеком» осы мәселені шешуге үкіметке ұсыныстар айтуы керек қой. Бірақ ұсыныс айтылмайды. Себебі «Қазақтелеком» тек қана тарифтерді өсіру арқылы күн көріп кетті. Компания төлем сервистерін іске қосу, интернет-телевидениемен айналысу, ойын-сауықтық қосымшалар жасаумен әуестеніп жүр. Тұтынушыны жылдамдығы жоғары интернетпен қамту мәселесі шешілмей жатыр. Бізде секундына 300 Мбит жылдамдық болады деп уәде етіледі, бірақ ол жылдамдық секундына 40-50 Мбит болады.

Былтыр катарлық инвесторларға байланыс операторларын саттық. Олар да тек тарифтерді өсірумен қалталарын қалыңдатқысы келеді. Бірақ мұндай жағдайда нарықтық бәсекелестік туралы айта алмаймыз. Біздегі инфрақұрылымның 90 пайызын жаңарту керек. Білесіздер, компанияның біраз акциясына иелік еткен Қайрат Сатыбалды компаниядан кеткенмен, проблемалар қалды. Мұны мойындау керек. Мәселен, дамыған елдер радиостанциялар тізбегінен тұратын радиорелейкалардан әлдеқашан бас тартып, оптикалық талшықты желілермен жұмыс істеп жатыр. Ал бізге мұны енгізу уайым. Оған қыруар қаражат қажет. Сондықтан нақ қазір «Қазақтелекомның» пайдаға шығып, табысқа жұмыс істеуі екіталай. Миллиардтаған инвестициялар құйылса да, компанияның шығыны өсіп отырғанының бір себебі – инфрақұрылым ескірген. Бұған компанияның басқа да әкімшілік шығындары қосылғаннан кейін компания қайдан табысқа кенелсін», – дейді ІТ сарапшы Елдос Еркебай.

 «Қазақтелеком» үшін жағдайды тура осылай қалдыра салу қаржылық жағынан тиімді болса да, телекоммуникация саласын жетілдіру қазіргі заманның басты талабы. Оған жауап бере алмаса компанияның барынан жоғы. Сондықтан енді ұлттық компанияны қадағалайтын үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры қор нарығында «Қазақтелеком» акцияларының саудасын қыздырып, нарыққа басқа инвесторларды тартуға кірісуі керек. Қазіргі таңда тіркелген байланыс нарығында «Қазақтелекомның» үлесі 80 пайыздан асса, ұялы байланыс нарығында 60 пайызды құрап отыр. Бұған дейін бәсекелестік атымен болмаған ортада ойына келгенін істеген ұлттық компанияны ендігі жерде Мусиннің құр мақтаны құтқара алмайды.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ