Мүсін мен құстар. М.Аникушин мен Н.Далбайдың шеберлік сабақтастығы
Қала көшелерімен серуендеп келе жатып, Мұқағали Мақатаев ескерткішінің маңына жиналған құстарға көзім түсті.
Шаһар тыныштығында мызғымас мүсінге қонақтаған құстардың қауырсын сусылы бірден көңілімді аулады. Құстар маған тастың суық бедерін жұмсартып, оған жан бітіру үшін мүсінге арнайы қонақтағандай әсер қалдырды. Олар мүсінмен үнсіз тілдесіп, ақынның өшпес жыры мен табиғаттың мәңгілік әуенін біріктіріп тұрғандай еді.
Кенет, бұл ерекше әсерді Санкт-Петербургтегі Александр Пушкинге қойылған мүсіннен көргенім есіме түсті... Ескерткіштің маңында түсірілген фотоларды байыптап қарасаңыз, сіз де ақынның айналасында үнемі құстар ұшып-қонып жүргенін байқайсыз. Ақынның денесі магнит секілді, құстарды еріксіз тартып тұрған. Құстар бірде ақынның қолына, бірде басына қона қалады. Мұндайда олар тізбектеле арнайы композиция құрып, туындының құрамдас бір элементіндей көрінеді. Мүсін мен құстардың үйлесімділігі, оларды тіпті бөліп қарауға да болмайтындай әсер қалдырады. Дәл осы көрініс ақын жүрегін бүгінгі күнмен байланыстыратын ерекше әрі өте әдемі құбылыс секілді. Себебі құстар бұл құбылысқа сиқырлы леп беріп, тас мүсінді тіпті тірі адамға айналдырғандай.
Пушкинге арналған биіктігі 4,5 метрлік бұл ескерткіш Санкт-Петербург қаласындағы Орыс мұражайына қарама-қарсы алаңға орнатылған. Тұғырда тұрған ақын басын жоғары көтеріп, оң қолын шетке лақтырып, шығармашылық эмоционалды кейпінде сомдалған. Мүсінші бұл жұмысында динамикалық қозғалысты ақынның образын толық ашу мақсатында қолданып, Пушкиннің поэтикалық бейнесін әсерлі етіп сомдаған.
Пушкин ескерткіштің құрылу тарихы 1936 жылы КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің ақынның 100 жылдығына орай ескерткіш тұрғызу туралы шешім қабылдауынан басталды. Бір жылдан кейін Бүкілодақтық үздік жоба байқауы жарияланып, соғыстан кейін 1947-жылы мүсіншілер арасында жаңа жарыс ұйымдастырылып, онда өнер академиясының жас түлегі М.Аникушин жеңіске жетеді. Мүсінші ақынның бейнесін жасауға бірнеше жылын арнап, кейіпкердің шынайылығы мен «ақын» образын ашуға барынша тырысады. Осылайша, 1957-жылы ескерткіш дайын болып, Санкт-Петербург қаласындағы Өнер алаңына орнатылады.
Орыс мүсін өнерінің классигі атанған, монументалист М.Аникушин – адам болмысының нәзік тұстарын пластикалық тілмен жеткізуді мақсат еткен шебер. Ол Санкт-Петербургтегі танымал Өнер академиясын бітіріп, сол кездегі орыс және еуропалық мүсін дестүрлерін терең игерген. М.Аникушин үшін мүсінші міндеті – материалдың шынайы болмысын аша отырып, оның ішіндегі сұлулықты әлемге паш ету. Мүсін жайлы оның өзі: «Мен қарапайымдылықты және күтпеген жерден туындаған сұлулықты қолдаймын» деген. Сондықтан болар, Пушкин бейнесін сомдағанда, ол ұлы ақынның қарапайым бейнесі арқылы жан әлемін тасқа көшіріп, оны тек тарихи тұлға емес, мәңгілік поэзияның символы ретінде көрсете алды.
Енді Мұқағалидің мүсініне оралсақ, бұл мүсіннің авторы – Нұрлан Далбай. Мұқағалидың бейнесін дәл осы мүсіншінің жасауы кездейсоқтық болмаса керек. Қазақ мүсін өнерінің көрнекті өкілі Нұрлан Далбай біз айтып өткен М.Аникушиннің шәкірті ретінде, Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет институтын аяқтаған. Бұл оқу орны оның жұмыс жасау тәсіліне терең әсер етіп, классикалық және академиялық негізді ұлттық өнермен үйлестіруге мүмкіндік берді.
Осы орайда Қазақстандағы бейнелеу өнері мектептері мен мүсіншілердің шығармашылығы XIX ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан орыс көркемсурет мектебінің дәстүрлерінен әсер алғанын айта кеткен жөн. Себебі көркемдік білім тарихының бастауында Қазақстан өзінің әдістемелік негіздерін Ресейден алды. Алайда бұл дәстүрлер жаңа дәуір идеяларына бейімделіп, орыс өнер мектебінің ерекшеліктерін сіңіру арқылы жаңа қазақ өнер мектептерінің қалыптасуына әкелді. Ресей мен Қазақстанның ұлттық және кәсіби мәдениеттерінің өзара байланысының арқасында көптеген кәсіби мүсіншілер туындады. Солардың бірі – тынымсыз ізденіс пен үлкен еңбегінің нәтижесінде өнер әлемінде өзіндік орнын тауып, қазақ мүсін өнерінде аты алтын әріппен жазылған Н.Далбайды айтсақ болады. Оның туындылары ұзақ уақыт бойы тарихи байланыста болған екі елдің мәдениеті мен дәстүрінің модернизациялану процесіндегі синтезіне айналды.
Нұрлан Далбай – еліміздегі көптеген тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштердің авторы. Нұрлан Далбайдың мүсіндік шығармашылығы қазақ мәдениеті мен тарихындағы тұлғалардың болмысын ашып, олардың өмірлік философиясын тасқа қашауға бағытталған. Далбайдың қолынан шыққан маңызды монументалды мүсіндердің қатарында Әбілхан Қастеевтің (Алматы), Бауыржан Момышұлының (Алматы) және Талғат Бигелдиновтің (Астана) мүсіндері бар.
Н.Далбай мүсіндеген Мұқағали дәл Пушкиндей символдық және романтикалық кейіпке ие болды. Қиын тағдыры мен болмысы мүсіндегі отырысында түйінделген қазақ ақынының бұл ескерткіші Алматы қаласында Мұқағалидың 70 жылдығынан кейін 2002 жылы 16-желтоқсанда қойылған. Мүсінге мұқият қараған адам ақынның ойлы отырысы мен ішкі күйзелісін сезініп, екі иығына түскен салмақты көтере білген тұлғаның бейнесін қапысыз аңғарады.
Мұқағалидың тас мүсініндегі сабырлы отырысы мен ішкі күйзелісін сездіретін нәзік иірімдер – қазақ ақынының жаны мен тағдырының күрделілігін танытады. Бұл бейне көрерменге жұмбақ үнсіздікті жеткізіп, поэзия мен шынайы өмірдің шектескен сәттерін бейнелейді.
А.Аникушин сомдаған Пушкин – поэзияға құштар көңілдің толқынысын, шығармашылық пен еркіндікті білдіретін романтикалық кейіп болса, Нұрлан Далбайдың Мұқағалиы – қазақ поэзиясының шексіз кеңістігіндегі тұлға, қиын тағдырдың күрделілігін қамтыған бейне. Пушкиннің серпінді бейнесі мен Мұқағалидың сабырлы мүсіні – бұл шығармашылықтың екі қыры: бірі – толқындана көтерілсе, екіншісі – терең тыныштықта тербеледі. Бірақ екеуінің де маңайында құстар қалықтап, өлең мен өмірді, өткен мен бүгінді байланыстырады да тұрады...
Мұқағалидың өлеңдері де құстармен байланысып жатады. Ақын жырларында құс – еркіндіктің, арманның, сағыныштың және жан тыныштығының метафорасындай. «Әттең, шіркін, құс болып жаралмадым» деп, ақын шынайы бостандыққа деген терең сағынышын жеткізеді. Бұл тек физикалық еркіндікке емес, шығармашылық пен рухани еркіндікке деген аңсардың көрінісі. Мұқағали үшін құс бейнесі – адамның өз табиғаты мен болмысын толық ашу, өмірдің шектеулерінен асып, шексіздікке ұмтылу деген сөз.
Менде бір аппақ арман бар,
Ақ жырым – аппақ құстарым, –
дейді тағы бірде Мұқағали.
Шынында да құстардың қанат қаққаны, тамылжыта салған әндері, қонған жеріне де, ұшқан көгіне де көрік береді. А.Пушкин де құстарды жырына қосқан. Ол өзінің жарқын, шығармашылық жемісті өмірінің бірнеше жылдарын табиғаты көркем және орманы құстарға толы Псков губерниясының Михайловка ауылында өткізген. Михайловкіде ол «неге дүниеге келгенін» түсінді және табиғаттың шынайы жомарттығын, оның шексіздігін, «Мәңгілік жарқыраған сұлулығын» түйсінді. Өзінің «Торғай» («Птичка») атты өлеңінде еркіндік тақырыбын былай баяндап:
Жүрсем де шалғай жат жерде,
Ел ғұрпы естен қалмайды;
Сауықты жарқын көктемде
Босаттым тордан торғайды.
Көншімей көңлім мен неге
Айтайын хаққа ағаттық;
Мен де бір тірі пендеге
Бергенім жоқ па азаттық! – (аударған – Қ.Шаңғытбаев) деп түйіндеп, сондай-ақ «Цығандар» поэмасында
«Үнін тыңдап тәңірінің,
Сілкінеді ән шырқап», – (аударған – Т. Жароков) деп құстарды Жаратушымен байланыстырады.
Ақындардан бөлек, құстардың суретшілер шығармашылығындағы рөлі де қызық, туындыларға беретін тылсымы да терең. Орыстың атақты суретшісі И.Левитан өзінің пейзаждарында құстардың суретін салмаған. Суретшінің картиналарына құстарды неге қоспағаны туралы еріксіз түрлі ойларға тізгін ұстатасың. «Құстар – біздің досымыз» атты кітабында ақын Есенғали Раушанов Левитан шығармашылығы туралы: «Ойымызды таратып айту үшін мысалға атақты «Алтын күзді» алайық. Шалғынына әлі шалғы түспеген, балғынына әлі табан тимеген тоғайдағы ақ қайыңдардың арасында күзгі шалғында еркін қыдырып жүр, өз тоғайына өзі би, өзі қожа, содан болар, рұқсатсыз келген мына бір қара көлеңкелерді оңаша орманнан түре қуып шыққысы келеді. Қара көлеңкелер болса, бұдан былайғы жерде бұл мекенге біз иеміз дегендей, айылын жимайды. Мұнда да тартыс. Ал енді осы сұлулыққа кенеттен құстарды қосыңызшы – бүкіл назарыңыз шуаққа да, көлеңкеге де емес, суретшінің көңіл күйіне де емес, қос қанатты періштелерге ауып кетері анық. Өйткені Құстар Құдай Тағала жаратқан жанды-жансыз мақұлықтар арасындағы адам баласының ынта-ықыласын өзіне бірден тартатын, яки адамға ең жақын тіршілік иесі. Жақын болатыны –- ол да адам сияқты азаттықты, бостандықты, қозғалысты сүйеді. Демек, ұлы суретшінің өз пейзаждарына құстарды қоспағаны мақұл болған. Әйтпесе ешқашан қайталанбайтын, ешкімге ұқсамайтын мынандай жауһар шығармалардың өнер ордасындағы орны ойсырап тұрар еді» деп, құстардың жұмбақ табиғатының туындыға әсері туралы жазған еді.
Осындай көзге көрінбейтін тек көкірек көзімен сезінуге болатын тылсым байланыстарды тани білу және оны тас бейнеде жеткізу – мүсіншінің ой тереңдігі мен шеберлігін айқындайды. Аникушин мен Далбай – ұстаз бен шәкірт қана емес, орыс пен қазақ мәдениетінің арасындағы рухани байланыс іспетті. Олар мүсіндеген Пушкин мен Мұқағали бейнелері – екі халықтың поэзиядағы еркіндікке ұмтылысын көркем түрде көрсетсе, мүсінге қонған қанатты қонақтардың қозғалысы өнердің байқаусыз туындайтын сұлулығынан сыр шертсе керек.
«Суретші мен мүсінші екеуі де ақын, бірақ соңғысы ешқашан шаржға бармайды. Мүсін әзіл-қалжыңға, күлкіге шыдаммен қарамайды. Мәрмәр күлмейді» деп Дени Дидроның айтқанындай, құдіретті мүсін өнері қаталдығымен және табиғи үнсіздігімен ерекшеленеді. Міне, сол үнсіздікпен, жұмбақ бір тыныштықпен тұрған мүсіндерге құстар әуес. Бір жерден ұшып екінші жерге жыпырлап қонған құстардың қозғалысындағы хаостың ішінен табиғаттың тамаша композициясы туындап, музыка естіледі, мүсіндерге жан біткендей болады.
Осылайша, қала архитектурасының ансамблімен жарасымдылық тапқан құстар мүсінші мен мүсін арасын көрінбейтін жіптермен байланыстырады. Қалалардағы тарихи ескерткіштер арқылы өткен өмір мен бүгінгі күнді жалғастыратын «көпір» ретінде тылсыммен қызмет атқаратын құстар, барлық ұлы жаратылыстар секілді әлі де жұмбақ әлем болып қала беретіндей көрінеді...
Санжар Сырғабаев