Мұстафа Шоқайдың мүсіні неге ескерілмей қалды?
«Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін емес» деп кеткен түркі халқының ардақтысы Мұстафа Шоқайдың 130 жылдығына арнап былтыр туған ауылында аллея салынды.
Бірақ аты бар да, заты жоқ демалыс орнында ұлт зиялысының ескерткіші тұратын мәрмәр тас бос тұр. «Қызылорда қаласында бар ескерткіш туған ауылында неге жоқ?» деген жалғыз ой келушілерді мазалайтыны белгілі.
Күре жолдың бойындағы аллея алыстан көзге қораш көрінеді. Кіреберіс маңдайшасына Мұстафа Шоқайдың есімінен бөлек, көрнекі еш нәрсе жоқ. Ал төрдегі ескерткіштің орны бос тұр. Осы нысанды салуға мемлекеттен 50 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Сорақысы сол – Алаш қайраткерінің бюстін жасау жобаға енбей қалыпты. Осы масқараны ұят көрген Мұстафа Шоқай ұрпақтары мүсінді қаладан тауып, аллеяға орнатқан. Бірақ әкімшілік құжаты жоқ деген сылтаумен алып тастаған. Бүгінде ол бюст ұрпағының шаңырағында тұр.
– Аудан әкімдігі алынсын депті. Әрі-бері болмағаннан кейін жаратпағасын, «құжаты жоқ» деген соң, есігімнің алдыма әкеп қойдым. Бабамның дүниесін далаға тастамаймын ғой, енді, – дейді Шоқайдан тараған бесінші буын өкілі Еркінбай Ерғалиев.
Мұстафа Шоқай аллеясының эскизін осыдан төрт жыл бұрын Шиелі аудандық құрылыс бөлімі әзірлепті. Нысан былтыр жобаға сәйкес қабылданып та қойған. Енді «Алаш ардақтысының мүсінін жасатуға биыл қайтадан ұсыныс берілді» дейді ауыл әкімі.
– Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі арқылы қазір жұмыстар жасалып жатыр. Ескерткіштің бірінші жобасына қаржы сұрап отыр. Әрі қарай жұмыстар жасалады, – деді Мұстафа Шоқай ауылдық округінің әкімі Кәжденбек Маматов.
Ұлы тұлғаның есімін ардақтау – ұрпақтың парызы. Тек ұлыларымызды ұлықтаймыз деп, осылай ұятқа тағы қалып жүрмесек болар еді.
Шиелі ауданындағы Жаңатұрмыс ауылына жаңа мектептің қажеттілігін ауыл тұрғындары көптен бері айтып келеді. Ауылдағы білім ұясы сонау 1960 жылдары салынған. Сол уақыттары бала санына шақтап салынғасын бүгінгі заманда ескі ғимарат оқушыларға тарлық етіп келеді. Оқушылар қуықтай сыныптарда сығылысып білім алады. «Мұнда балаларға заман талабына сай білім беруге ешқандай мүмкіндік жоқ» дейді ұстаздар.
– Бұл мектепте біршама проблема бар. Оқушылар бөлініп оқиды. Сынып саны жетіспейді. Одан бөлек, асхана, денешынықтыру пәнін өткізуге спортзал да жоқ, – дейді №207 орта мектеп директоры Мұрат Көпешбай.
Іргетасы мүжіліп, шөгіп, тозып бара жатқан көне мектепте 250-ге жуық бала оқиды. Ауылда халық саны артып келеді. Ал оқушылар әзер сыйып отыр. Осы мәселені көтерген тұрғындар жергілікті биліктен елді мекенге жаңа мектеп салып беруді сұрайды.
– Бұл мектеп менің бала кезімде көптің көмегімен салынып еді. Қазіргі заман талабына сай келмейді. Балаларымызды заманауи мектепте оқытсақ деп армандап жүрміз, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ергеш Бекпенбетов.
Аудан әкімдігі Жаңатұрмыстағы мектептің жай-күйінен хабардар. Былтыр тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізіпті, жоба дайын, бірақ қаражат енді бөлінбек екен.
– Жаңатұрмыс ауылдық округіне 250 орындық жаңа мектеп салу үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттар және мемлекеттік сараптамалық қорытындысы алынып, осы құрылыс жұмыстарына қаржы бөліну үшін бюджетке өтінім берілді, – деді Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов.
Биыл облыста жаңадан жеті мектеп бой көтереді деп жоспарлануда. Бірақ бұл тізімге Жаңатұрмыс ауылы енбеген. Яғни заман талабына сай білім ордасын салу келер жылдың еншісіне қалды деген сөз.