Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 08 Тамыз 2024

Мұз сарайының хикаясына нүкте қойылды

Мұз сарай
Фото: ашық дереккөз

Еліміздің әр өңірінде баяғыда заңды-заңсыз жолдармен жекенің қолына өтіп кеткен нысандар аз емес.

Әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жаппай жекешелендіру және одан кейінгі кездегі кейбір шенділердің орынсыз әрекеттері мемлекетке біршама шығын әкелгені рас. Солардың салдарын жойып, жеке қолға өткен мүлікті мемлекет меншігіне қайтарумен қазіргі билік айналысуда.

Мұндай жұмыстар Шымкент қаласында да қарқынды жүріп жатыр. Мысалы, біз бұған дейін «Кең баба» этносаябағы деп аталатын ерекше орынның ел игілігіне қайтарылуға жақын екенін жазған едік. 1999 жылы жеке қолға өткен тарихи нысынды заңды жолмен мемлекет меншігіне алу үшін шымкенттік шенділер тынбай жұмыс істеп жатыр.

Үшінші мегаполис басшылары жақында тағы бір ақжолтай ақпаратты жариялады. Осыдан бірер жыл бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып, қоғам арасында дау тудырған Шымкенттің Спорт сарайы мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы алдымен қала әкімі Ғ.Сыздықбеков хабарлады.

«Қала жанашырлары Мұз сарайының тағдырына алаңдаулы. Бұл мегаполистегі қысқы спорт түрімен шұғылданатын жалғыз орын.

Қазіргі таңда қала әкімдігі бірқатар нысанды мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті жұмыс жүргізіп жатыр. Олардың қатарында Мұз сарайының ғимараты да бар. Ғимарат осыдан жеті жыл бұрын «Мұнай Құрылыс Сервис» ЖШС-на 128 миллион теңгеге сатылған. Жалпы сол кездегі нысанды бағалау құны 996 миллион теңге болған. Жеңімпазбен шарт жасалған, алайда келісімде нысанның бейінін сақтау көрсетілмеген.

Қала прокуратурасы тексеру жүргізіп, мемлекеттік мүддеге қайшы ұйымдастырылған аукцион барысында бірқатар заңбұзушылық анықтады. Қадағалау органы Шымкент қаласының ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына мемлекеттің үлесін сатып алу келісімшартын жарамсыз деп тану туралы талап-арыз жолдады. Сот шешімімен қалалық прокуратураның арызы қанағаттандырылды. Осылайша, Мұз сарайы мемлекет меншігіне қайтарылды», – деп жазды мегаполис басшысы.

Кейін, 30 шілдеде Шымкент қаласының прокуратурасы мәлімдеме жасап, нысанның мемлекетке қалай қайтарылғанын түсіндірді. Шымкенттегі Спорт сарайын (қазіргі Мұз сарайы) жеке меншіктен шығару жөніндегі талап-арызды қала прокуратурасы жазыпты.

Талап-арызға сай Шымкент қаласындағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27 мамырдағы шешімі бойынша жекешелендіру нәтижесі жойылды. Қазір сот шешімі заңды күшіне енді.

«2017 жылы Шымкент Спорт сарайы ЖШС-ның 67,09 пайыз үлесі жекешелендіріліп, нарықтағы құнынан (1 миллиард теңге) сегіз есе аз сомаға сатылғаны анықталды.

Сондай-ақ Спорт сарайын сатып алған ұйым жекешелендіру рәсіміне заңсыз жіберілген және жарғылық құжаттарға сәйкес спорт саласындағы қызметтермен айналысуға құқығы жоқ болғандықтан аукционға қатысушы ретінде тіркелуге құқығы болмаған.

Объектіні жекешелендіру кезінде мемлекет мүлкін қоғам игілігіне тиімді пайдалану қағидасына сәйкес басқаруды міндеттейтін «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы заңының нормалары бұзылған. Сондай-ақ 5 жыл ішінде мемлекет Спорт сарайының үй-жайларын жалға алуға 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсаған», – деп хабарлады прокурорлар.

Бұл мәселе жайлы «Жас Алаш» газеті былтыр қарашада арнайы мақала жазған. Қаладағы ең ірі спорт нысанын аукционға шығаратын кезде жергілікті шенеуніктер «ұстап тұру – шығын. Жылына 40 млн минусқа кетеміз» деп ақталған. Олар коммуналдық қызмет тарифі өсіп кеткендіктен, Мұз сарайын ұстап тұру қып-қызыл шығын екенін айтып жүрді.

2007 жылы салынған спорт нысанының алғашқы бағасы 996 944 000 теңге деп белгіленген. Бірақ үшінші рет аукционға шығарғанда 67 пайыз үлесі 128 миллион теңгеге ғана сатылған. Сатып алған «Мұнай Құрылыс Сервис» ЖШС. Мұз айдынының қалған 33 пайызына «Саут-Ойл» ЖШС иелік етті. Ең қызығы, бұл екі компанияның да иесі бір адам екені белгілі болды.

Ең қызығы, 2017 жылы коммуналдық қызмет тарифі жоғары, жылына 40 миллион теңге төлейміз деп Мұз сарайын сатып жіберген жергілікті билік 2016-2023 жыл аралығында олимпиадалық резервті дайындайтын жасөспірімдер мектебінің балалары жаттығу өткізу үшін бір миллиард теңгеге жуық ақшаға жалға алып отырыпты. Яғни сарайды 128 миллионға сатып, бір миллиард теңгеге қайта жалға алған.

Бұл ақпаратты Шымкент қаласының прокуратурасы да растап отыр. Сарайдың нарықтағы құнынан сегіз есе арзанға сатылғанын да, оны қайта жалға алуға бір миллиард теңге жұмсалғанын да ресми органдар хабарлаған. Демек, бұл мемлекет үшін өте тиімсіз болғаны анық.

Араға жеті жыл уақыт салып, ірі спорт нысаны мемлекет меншігіне қайтарылып отыр. Шымкент қаласы әкімдігінің бұл жұмысы мақтауға тұрарлық. Оның үстіне қазіргі қала билігінің қолдауымен мемлекетке қайтарылған нысан бұл ғана емес. Сөз басында «Кең баба» этносаябағы туралы айтқан едік. Жақында екінші саябақ ел игілігіне қайтарылды.

Жақында апелляциялық сот ұзаққа созылған дауға нүкте қойып, 15 жыл бойы жекеменшікке жалға берілген «Қиял әлемі» технопаркі қайтадан коммуналдық меншікке өтті. Бұған нысанды жалға алған кәсіпкердің келісімшартта көрсетілген міндеттемені орындамауы себеп болды.

Жер телімі 2009 жылы балаларға арналған ойын-сауық орталығын салу мақсатында жергілікті кәсіпкерге жалға берілген. Оның үстіне келісімшартта саябақта қандай да бір күрделі құрылыс жүргізуге тыйым салынған. Бірақ саябақта уәде етілген ойын алаңы салынбағаны өз алдына, мұнда сауда алаңы, дүкен, қоғамдық тамақтану орны сияқты 8 нысан бой көтерген.

Қалалық жер ресурстарын басқару департаменті осы кемшіліктерді анықтап, жалға беру шартын жарамсыз деп тану жөнінде сотқа шағым түсірді. Сот талап-арызды қанағаттандырып, саябақ мемлекет меншігіне қайтарылып отыр.

«Саябақ аумағындағы жер телімі өз мақсатында пайдаланылмаған. Сондықтан мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа талап-арыз берілді. Ал сот шешімімен департаменттің талап-арызы толығымен қанағаттандырылды. Апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды», – деді қалалық жер ресурстарын басқару департаменті құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы Дархан Мұхамедиев.

Еламан Өмірхан

Шымкент қаласы

Тегтер: