Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:56, 04 Сәуір 2024

Музыка терапиясы - уайым мен қорқыныш емі

п
Фото: из открытых источников

Алматы қаласындағы «Мұзбалақ» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін қызмет көрсетеді. 

Мұнда қажеттілігі бар, алайда оны анықтайтын құжаты жоқ жəне өмірлік қиын жағдайда перзенттері ауруға шалдыққан ата-аналар да көмек ала алады.

Бұл орталықтың басшысы Армангүл Болатжанқызыныңда тағдыры өзгеше.  Кейіпкеріміз өзі туралы жəне қазіргі жұмысы жөнінде былай дейді:

«Менің тағдырым ерекше, өзгелерге ұқсамайды. Анам мені дүниеге əкеліп жатқан кезде өмірден озған. 4 əпкемді жəне мені əкеміз 11 жасыма дейін тəрбиелеп өсірді. Бірақ көп ұзамай əкемізден де көз жазып қалдық. Одан кейін əртүрлі оқуларды оқыдым. Үнемі менің алдымда балаларға көмектесу деген үлкен бір миссия тұрды. Өз басымнан өтіп, өмірімде кездескен қиындықтарды басқа ерекше қажеттілікті талап ететін мүмкіндігі шектеулі балалар көрмесе екен деген мақсаттан туған жоба еді. Əдетте мүмкіндігі шектеулі балаларды дəл осындай орталықтарға апарғыңыз келсе, қаражат жағы қиындық тудырады. Кейде тіпті диагнозың келмейді деп бас тартады. Ал қазір мен басқарып отырған орталықта мұндай шектеулер жоқ. Балаларға арналған орталықты ашу туралы 2019 жылы шешімге келдім. Алайда елімізде орнаған карантиндік режимнің салдарынан уақыты кейінге шегерілді. Өзім де 1-топтағы мүмкіндігі шектеулі жан болғандықтан, ылғи біреуге көмектескім, басқа жандарды қолдағым келеді. Өзіммен тағдырлас, ерекше тəрбиені қажет ететін балаларды тəрбиелеп отырған атааналардың мəселесі менің əкемнің де басынан өтті. Баладан бұрын, алдымен ата-анаға психологиялық көмек керек. Кейде, тіпті оларға жай ғана отырып əңгімелесу жетіспейді. Осыған дейін бірнеше орталықта қызмет атқарғандықтан, ата-аналармен де, балалармен де тығыз қарым-қатынаста болдым. Отбасындағы санқилы жағдайды, мəселелерді көре отырып іштей орталық ашу керек деген ой түйдім. Уақыт өте келе, алға қойған мақсатыма адалдық танытып, орталық ашуға толық бекіндім. 2020 жылы ақпан айында орталық өз жұмысын бастады.

Өзіңе таңсық дүниеге алғаш кіріскенде ішіңде қорқыныштың болуы заңды құбылыс. Менің де санамда сан мың сауал тұрды. «Қолыңнан келе ме?», «Мұндай орталықтар көп», «Əлі жассың» деген сөздерге, қорқыныш пен сенімсіздікке қарамастан, осы іске бел буып, кірісіп кеттім. Ешкім орталық ашуды маған үйреткен емес. Орталық ашу барысында құжаттарын заңды тұрғыда реттеу үшін талай уақытым кетті. Қыс, көктем, ыстық пен суыққа қарамастан, басынан аяғына дейін өзім еңбек еттім. Кей күндері баспалдақтан балдақпен өте алмай, құлап жатқан кездерім де болды. Алғаш ашылған уақытта тек қуықтай бөлме ғана бұйырып, бірнеше маман сол жерде балалармен кезектесе жұмыс істейтін едік. Сəйкесінше, үйірмелер саны да азғантай, тек сурет салу, ұсақ моторика, вокал, актерлік шеберлік сынды үйірмелер ғана қолжетімді болды. Массаж, логопед мамандары орталықта жұмыс істемеді». Армангүл Болатжанқызы балаларға арнап «Музыкалық терапия» үйірмесін ойлап тапқан. Шетелде кең өрістеген үйірменің бұл түрі біздің елімізде əлі дами қоймаған.

Музыка арқылы баланың санасындағы қорқыныш пен уайымнан арылып, агрессияны жеңуге септігін тигізеді. Ерекше күтімді қажет ететін балалардың ішінде, əдетте, өнердің бір түрі бұғып жатады. Оның қабілетін ашу, дамыту арқылы талай шыңды бағындыруға болады дейді. Орталық басшысы кейін тұрақты демеуші табылып, орталыққа арнап ғимарат сатып алып бергенін алға тартты. «2022 жылдың жаз айларында тұрақты демеуші тауып, өз ғимаратымызға қол жеткіздік. Бірнеше рет мемлекеттен көмек сұрап көрдім. Бірақ өкінішке қарай, ашылған күннен бүгінге дейін үкімет тарапынан ешқандай көмек, қаржы бөлінбеді. Жоба ұсынып, тендер ұтатын байқауларға талай мəрте қатысып көрдім, алайда бұл байқауларда, əдетте, кімнің құрығы ұзын, сол жеңіске жетеді. Шынын айтқанда, əлі күнге жеңімпазды таныс пен тамыр анықтайды.

Қазіргі таңда орталықты тек бір демеуші ғана қаржыландырып отыр. Сонымен қатар қазіргі таңда жұмыспен қамту орталығымен келісімшарт орнатылған. Сол келісімшарт арқылы «Жастар практикасы» бағдарламасымен жастарды жұмысқа қабылдаймыз, қызметкерлерге жалақы төленеді.

Айта кететін тағы бір жайт – біздің орталықтағы қызметкерлердің жартысы мүмкіндігі шектеулі жандар. Əртүрлі үйірмелерден өзіммен тағдырлас жандар сабақ береді. Тағдырлас адамдар бір-бірін жақсы түсінеді, сабыры мен шыдамы басым болады. Балаларды өнер мен білімге баулу мақсатында да баланың қолынан келмегенін үйретеді, осы арқылы бала жүрегіне жол табады. Біз үшін жұмысқа орналасу да оңай шаруа емес, кейде жай ғана табалдырық пен баспалдақтан өтудің өзі айтарлықтай мəселе тудыратыны бар», – дейді. «Мұзбалақ» қоғамдық мүгедектер бірлестігі балаларды үйірмелермен қамтамасыз етіп қана қоймай, ай сайын жиырма отбасыны азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, жаз айларында балаларды Қапшағай су қоймасының жағажайларына, демалыс күндері кинотеатр мен ойын алаңдарына апарады.

Мүмкіндігі шектеулі балалардың, ең алдымен, ата-анасына үлкен стресс түседі дейді Армангүл. Сондықтан орталық апта сайын ата-аналарға арнап психологиялық тренингтер өткізеді. Орталықта психолог, логопед мамандарының қызметі бар, сонымен бірге би, вокал, қолөнер, сурет үйірмелері қолжетімді. Балаларды жан-жақты дамыту, өмір жолында кездескен кедергілерге мойымау мақсатында жұмыс істеп жатқан мамандардың мақсаты – қоғамға пайдалы болу, ерекше балалардың күтіміне көмек көрсету. Армангүл Болатжанқызы ерекше балалар ортаға бейімделіп, өз қатарластарының ортасына сіңісіп кете алмай, қоғаммен байланыс орнатуында көптеген кедергілер болатыны рас. Бұл кедергілерді жеңу жолында ең басты əсер ететін тұлға – баланың ата-анасы дейді. «Орталықта психолог маманы ата-аналармен жұмыс істейді. Ең қуаныштысы, психолог маманы біздің орталықта тегін, ерікті ретінде қызмет атқарып жүр. Ерекше балалар дүниеге келген кезде ата-аналар үлкен стреске душар болады, нені қалай істеу керегін білмейді. Сол үшін баламен дұрыс қарым-қатынас жасау үшін ата-ананы тəрбиелеген жөн, алдымен. Оның үстіне қазіргі таңда аутизмге шалдыққан балалардың саны күн санап артып келеді. Күні-түні əке мен шеше жан бағу үшін жұмыста жүргенде, бала телефонға тəуелді боп қалады. Бұл жағдай арқылы біз өз баламызды қолдан аутист қылып жатырмыз. Қандай да бір диагноз қойылған жағдайда ата-аналар балаларын қоғаммен араластырғысы келмейді. Соның салдарынан бала далаға шықпайды, қатарлас балалармен бірге жүріп ойнай алмайды. Бұның басты себебі – баланы қорғау мақсатында деп ойлағанымызбен, баланы социумға үйрету керек. Əрине, айтуға оңай. Десек те, дені сау балалар ерекше балаларды көріп өскені жөн. Біздің қоғамда инклюзивті мəдениет ақсап тұр. Менің бала кезімде көшеге шығып, қоғамдық орындарға жиі бас сұға бермейтін едім. Бұрын мүгедектерге арналған арбада отыратын адам тек мешіттің алдынан қайыр сұрап жүреді деген таптаурын көзқарас қалыптасқан. Толерантты қоғам енді-енді жетіліп келе жатыр. Ерекше балаларды жарыққа шығару арқылы қоғамды тəрбиелей аламыз. Ұжымдық бейсанаға адамдардың əртүрлі, адам тағдырының əртүрлі болатынын ұғындыра аламыз. Бүгінгі нарық заманында массаж, логопед сынды қызметтердің бағасы қатардағы ата-ана үшін қолжетімсіз, өте қымбат. Мамандардың көмегіне барлық ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Табыстары бəріне жетпеуі мүмкін. Сондықтан біз барлық процедураларды тегін жасаймыз. Ал кей отбасында бір емес, бірнеше баланың мүмкіндігі шектеулі болуы мүмкін. Осы жағдайда ата-ана мен балаларды қолдау мақсатында əртүрлі көмек береміз.

Орталықтың көмегіне жүгінетін балалардың саны жыл сайын артып келеді. Өткен жылғы есеп бойынша тоқсаннан астам бала орталық жұмысының көмегіне жүгінген. Оның ішінде үйден шыға алмай, төсек тартып жатқан балалар да кездеседі. Бұл балаларға басқаша көмек көрсетіледі. Мысалы, азық-түлік апарып береміз, материалдық жағынан көмек көрсетеміз. Біздің орталыққа негізі 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар қамтылады, бірақ кейінгі уақытта 18 жастан асқан балалар да келіп жатыр. Сондықтан жасы үлкен, 20 жасқа дейінгі балаларды да қабылдай береміз деп шештік. Басқа орталықтар да денсаулық жағдайына, диагнозына байланысты есігін аша қоймайды. Мұндай орталық саны көп болғанымен, сапасы аз. Осы жағдайда бала қайда барады? Сау балалар секілді олар таңнан кешке дейін білім алуға қауқарлы емес. Оларға бөлек қатынас, мейірім керек.

Шын мəнінде, біздің олардан үйренеріміз көп. Қайсар жүрек пен табандылықтың негізгі көзі ерекше балаларда жатыр. Мысалы, орталыққа Бектияр есімді ерекше бала келіп тұрады. Мінезі де, білімі де еріксіз таңдай қақтырып, сүйсіндіреді. Ағылшын тіліне судай. Біз одан ағылшын тілін үйреніп жүрміз», – дейді күліп.

А.Болатжанқызының мөлдір сырын тыңдап отырып, өзіңнің босаңдығыңа еріксіз ұяласың. Ал ерекше қажеттілігі бар шебердің қайратты рухына сүйсінесің. Бақытын өнерден, еңбектен тапқан жандар біздің қоғамда қашан да бағалы. Бүгінде болмашы сынаққа сынып, стреске бейім тұратын жастарға қатысты Армангүл былай дейді:

«Қазіргі жастар оңай жолды іздейді, арманына қол сілтей салады. Адам адасайын десе, қолына шырақ ұстап жүріп, тал түсте де адасады. Адасу үшін əлдекімнің азғыруы мен арамдығы қажет емес. Арманмақсаттан айырылып, ой мен қиялың тыр жалаңаштанған тұста, өз болмысыңды өзің жерлейсің. 11 жасымда тұл жетім қалғанда ұққаным, өмірде оңай ештеңе жоқ əрі бəрі өткінші. Сенің қолыңда барың – бүгінің жəне адамгершілік қасиеттерің. Көшеге шықсаң, 50 теңгесін қолына ұстап жүгіріп келе жатқан адамдарды көргенде, ішің ашиды. Өкініштісі, адамдар өзіне ұқсамаған адамды өлтіруге, жерлеуге асығады. Кей адамдар мүгедек болса да, Құдайға шағынбайды. Жан дүниесі тап-таза, биік, парасатты. Солардың қасында рухани мүгедектігіңе ұяласың».

Сəруар Бақберген

Фото: dknews.kz